Жексенбі, 23 Тамыз 2026
Білгенге маржан 4100 0 пікір 21 Тамыз, 2026 сағат 14:17

Ең бай аймақ ең кедей өңірге қалай айналды?

Сурет: pinterest.com сайтынан алынды.

Бүгінде Африка — ғаламшардағы ең дамымаған құрлық. Бұрын олай болған жоқ, бұл жағдайдың өзіндік себептері бар. Отарлаушылар бірнеше жүз жыл ішінде ең бай аймақты ең кедей өңірге қалай айналдырды? Неліктен басқа еуропалық колониялар мұндай тағдырды құшпады? Африка, Америка және тағдыры жеңілірек болған Азия арасындағы негізгі айырмашылық неде? Бұл Африканың соры ма, әлде біреудің саудаланған арам есебі ме?

Құрлықтың солтүстік бөлігі еуропалықтарға Рим дәуірінен бері таныс еді. Дегенмен, араб жаулап алуларына дейін ешкім Сахараның ішкі бөлігіне өтуге батылы бармады. Нәтижесінде Синай түбегінен Испанияға дейінгі бүкіл жағалау VII–VIII ғасырларда Араб халифатының бақылауына өтіп, мұсылман аймағына айналды.

Халифат құлаған соң жергілікті билеушілер дербестік алды. Арабтар шөлге шегініп, көшпелі бәдәуи тайпаларын құрады. Олар саудамен және исламды құрлықтың ішкі бөлігіне таратумен айналысты. Түрік экспансиясы да бұл көріністі қатты өзгерте қоймады. Алжир, Тунис, Триполитания және Египеттің өзіндік саяси өмірі болды, ал османдықтар Марокконы бағындыра алмады. Ғасырлар бойы аймақтың басты мәселесі бүкіл Жерорта теңізін үрейде ұстаған бербер қарақшылары болды.

Батыс Африка кезінде алтын, тұз және құл саудасымен байыған тәуелсіз империя еді. XV ғасырға қарай ол ерте орта ғасырларға тән бірнеше жүз шағын княздіктерге бөлініп кетті. Еуропалықтар солармен сауда жасады. Гвинея шығанағының жағалауында одан да шағын сұлтандықтар мен қала-мемлекеттер орналасты.

Шығыс Африкада, Египеттің оңтүстігінде Судан орналасқан еді. Ол да кезінде Египет сияқты ұлы империя болған, бірақ араб жаулап алуларынан кейін шағын ислам мемлекеттеріне ыдырады. Бүгін сену қиын болғанымен, бұл аймақ та кезінде орасан бай өңір саналатын. Оның оңтүстік жағалауында піл сүйегі, дәмдеуіштер мен құл саудасы гүлденді. Аймақтағы негізгі қарым-қатынас тілі суахили болды.

Африкадағы жалғыз христиан мемлекеті — Абиссиния (қазіргі Эфиопия) еді. Жергілікті билеуші әулет Риммен тұстас христиандықты қабылдаған және олар өз тегін Сүлеймен патшадан таратады. Орталық Африкадағы басты мемлекет Конго болды. Бұл — еуропалықтар XV ғасырдың соңында алғаш байланыс орнатқан Африка мемлекеттерінің бірі. Конгоның айналасында шағын патшалықтар бытырап жатты және олар құл аулайтын алаңға айналды.

Оңтүстікте, Калахари мен Намиб шөлдерінің арғы жағында бушмендер өмір сүрді. Олар қоршаған шөлді аймақтарға байланысты сыртқы әлемнен оқшауланып, Тас дәуірінің тұрмыс салтын сақтап қалған жалғыз халық еді.

Ұзақ уақыт бойы бұл құрлық отарлау нысаны ретінде ешкімді қызықтырмады. XV ғасырда Константинополь құлағаннан кейін, Еуропа Азияға апаратын негізгі сауда жолдарынан ажырап қалды. Содан кейін Үндістанға апаратын балама теңіз жолдарын іздеу басталды. Бұл істе испандықтар мен португалдықтар пионер болды. Христофор Колумб Батысқа жүзіп, Америкаға тап болса, португалдықтар Африканы айналып өтуге тырысты. Олар Конгомен және басқа да африкалық мемлекеттермен сауда байланысын орнатып, батыс жағалаудағы аралдарды иемденді. Шығыс Африкада да бекіністер салды. Бастапқыда еуропалықтар құрлықтың ішіне енуді жоспарламады, оларға тек Үндістанға баратын транзиттік пункттер мен жергілікті сауда қажет еді.

Батыс жағалау негізінен құлдарды ұсынды. Еуропалықтар адам саудасының орасан зор пайда әкелетінін түсінген соң, бұл бизнес қарқынды дамыды.

XV ғасырдан кейін бұл аймаққа Голландия да көз тіге бастады. Нидерланды Португалиямен ықпал ету аймағы үшін күрескенімен, португалдықтар басым түсті. Голландтардың қолында тек Кейптаун қалды. Сол жерге алғашқы еуропалық қоныстанушылар келіп, жер игере бастады. Олар протестанттық қауымдастықтар құрып, өздерінің африкаанс тілін қалыптастырды. Бұл қоныстанушылар Африканы жаңа үйіміз деп санағанымен, жергілікті халықты адам құрлы көрмеді. Олар құнарлы жерлерді басып алып, бушмендерді шөлге қарай ығыстырды. Екінші жағынан, оларды банту және зулу тайпалары да қыспаққа алды.

Кейін отарлау процесіне Ұлыбритания мен Франция қосылды. Олар да Батыс Африканы тек арзан құл еңбегінің көзі ретінде қарастырды.

XVIII ғасырда жағдай өзгерді: Ұлыбритания Солтүстік Америкадағы колонияларынан айырылды, ал Наполеон Нидерландыны басып алды. Англия Францияны Африкадағы бай жерлерден ығыстырды. XIX ғасырға қарай құлдық жойылғаннан кейін, Еуропадағы өнеркәсіптік төңкеріске байланысты ресурстарға деген қажеттілік шұғыл артты. Урбанизация мен өндіріс бұрын-сонды болмаған қарқынмен өсті, бірақ шикізат тапшы еді.

Бұл кезде Осман империясы мен мұсылман әлемі бұрынғы ықпалынан айырылып, сауда жолдары толығымен еуропалықтардың бақылауына өтті. Үндістан толық бағындырылды, Қытай да әлсіреді. Осы кезде Еуропа назарын Африкаға аударды. Құрлық Еуропа өнеркәсібінің шикізат базасына айналды.

Африкадан алтын мен гауһардың орасан зор қоры табылды. Суэц каналы салынғаннан кейін Ұлыбритания Египетті басып алды. Француздар мен ағылшындар Африканы өзара бөліске салды. Индустрияландыру үшін каучук, мұнай, көмір және пальма майы қажет болды, ал Африка бұл ресурстардың көзіне айналды.

Бұған қоса, Еуропада ұлтшылдық пен «әлеуметтік дарвинизм» идеялары белең алды. Еуропалықтар өздерін «жоғары нәсіл» деп санап, жергілікті халықтарға «өркениет әкелуді» сылтау етті. Колониялар елдің беделі мен қуатының символына айналды. XIX ғасырдың аяғында Африканы жанталаса отарлау ("Африка үшін талас") басталды.

Келесі екі онжылдық Африка үшін кері қайтусыз нүкте болды. Құрлық еуропалық державалар арасында бөлшектелді. Жергілікті көтерілістер аяусыз басып-нышталды. XX ғасырдың басында Африка толығымен Еуропаға тәуелді аймаққа айналды. Кейбір өңірлерде геноцид орын алып, концлагерьлер салынды, жергілікті халықтың орнын ақ қоныстанушылар басты.

Бүгінде Африка елдерінің көбі — тек шикізат жеткізуші өңірлер. Статистикаға сәйкес, әрбір екінші африкалық кедейлік шегінен төмен өмір сүреді, ал әлемдегі безгектен болатын өлім-жітімнің 90%-ы осы құрлыққа тиесілі.

Адамзат өркениетінің бесігі болған Африка неліктен мұндай күйге түсті? Бұған тек еуропалық отарлаушыларды кінәлау толық сәйкес келмейді, мұнда кешенді факторлар әсер етті. Шөлдермен бөлінген кең аумақтар мен оларда өмір сүрген тайпалар өзара өте оқшау еді. Біртұтас қуатты империялардың болмауы, тайпааралық араздық пен бытыраңқылық еуропалықтардың "бөліп ал да, билей бер" (Divide et impera) қағидасын еш қарсылықсыз жүзеге асыруына жағдай жасап берді.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

0 пікір