Интернет алаяқтардың елге келтірген шығыны - 3 млрд теңгеден асты
Жыл басынан бері республикада 4 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы баспасөз мәслихатында ІІМ криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай мәлім етті.
«Қоғамды цифрландырудың қаншалықты маңызды екенін бәріміз білеміз. Қазір онлайн-режимде мемлекеттік, сондай-ақ банктік және өзге де қызметтерді алуға болады. Өкінішке орай мұны қылмыскерлер, атап айтқанда алаяқтар да белсенді қолданады. Осы жылдың үш айында 4 мыңнан аса интернет-алаяқтық тіркелді. Алаяқтардың әрекеті салдарынан азаматтарға 3 млрд теңгеден астам шығын келді», - деді орталық бастығы.
Оның сөзінше, интернет-алаяқтықтың ең көп тараған тәсілі – онлайн сауда. Ол үшін белгілі сауда алаңдарының сайттарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнамалар орналастырылады.
«Алаяқтар тауардың немесе қызметтің төмен бағасын көрсетіп, алдын ала төлемді немесе толық төлемді сұрайды. Биыл осындай 2 мыңнан аса қылмыс тіркелді», - деді Ж. Сүйінбай.
Abai.kz