Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2024
Әдебиет 2743 0 пікір 3 Мамыр, 2023 сағат 13:02

Ғабиден (Соңы)

Басы: Ғабиден

Жалғасы: Ғабиден

Жалғасы: Ғабиден

ҒАБИДЕН - 13

Ғабиден аға Жазушылар одағының руxани шырақшысы болды. Әр жыл сайын 8 наурызда өмірден озып кеткен қаламгер ағалардың үйіндегі жеңгелерімізге арнап дастарxан жаятын. Сый-сияпатын жасап, құшақтарын гүлге толтыратын. Біз де бір жағында жүріп өлеңімізді оқушы едік. Көңілі жарым жеңгелеріміз мұндайда бір мәз болып марқайып қалатын-ды... Ғабиден аға қасында жүрген қызметкерлерін ешқашан назардан тыс тастамайтын. Кешке жұмыстан қайтарда базар немесе дүкенге кірсе, қасындағы шофері Ерланға да, Жазушылар одағының қатардағы жұмысшысы Тілеужан ағаға да, маған да өзіне қандай азық-түлік алса, дәл солай жасақталған  бір-бір  қапшықты арқалатып жіберетін. Ғабиден аға әңгімешіл еді. Ол кісі бос әңгіме айтпайтын. Кейде Мәскеуде әдебиет институтында оқып жүрген кезіндегі қызықтарын айтады. Сол жылдары ол Мәскеудегі Әдебиет институтына Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген дарынды ақын Қуанған Жұмақановты бір айға Қазақстанға «ұрлап» алып келіпті. Кеңестің заңы қатал. Басқа мемлекеттен келген адамды басқа мемлекетке жібермейді екен. Ғабиден аға соның ретін тапқан ғой. Қазақстанға әкеп Алматыда он күн, Үржарда он күн елді аралатып, демалдырып мауқын бастырыпты. Роллан Сейсенбаев, Ұлықбек Есдәулет сияқты қазақтың айбоздарымен танысып-білісіп дәмдес болыпты. Қуанған сол әсерден ұзақ уақыт шыға алмай жүрді дейді. Кейін еліміз тәуелсіздік алған соң Қуанған ағаның баласы Қазақстанға көшіп келіпті.

Қайбір жылы Жазушылар одағы жас қаламгерлердің республикалық форумын өткізді. Қазақстанның әр қиырынан келген жастар Алматы қаласында екі күн бойы жыр оқып, әдебиет айналасындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Сол сияқты тағы да басқа нәрселерді ортаға салады...Шалқыма көңіл, шалт мінез жастыққа тән. Жастар армансыз тойлады. Екі күндік іс-шараны ,,жан қалауымен,, төрт-бес күнге созып алған жас перілерге өкпе жүре ме? Олар орналасқан ,,Алматы,, қонақ үйі қай бір арзан қонақ үй дейсіз? Сол артық шығынның бәрін Ғабиден аға өз қалтасымен көтерді. Сондағы жас перілер бүгінгі қазақ әдебиетінің белгілі өкіліне айналып үлгерді. Ғабиден аға бекер шашылмапты. Ол ұлт әдебиетінің болашағына қызмет еткенін білген жоқ дейсіз бе?!

Ғабиден аға бір ықыласы ауған адамнан басы жерге тигенше айнымайтын. Ол өзінің кластасы, жақын досы Жұмагелдінің бауыры Азаматты да керемет жақсы көрді. Азаматтың орындауындағы әндерді ерекше құрметтейтін. Ғабиден ағамен бірге Азаматтың талай әнін бірге тыңдағанбыз. Сол әндердің ішінде Мұқағалидың өлеңіне жазылған Тұрсынғазы Раxимовтың «Аягөз ару» әнін жиі орындататын. Азамат студент кезінде Ғабиден ағаның үйінде тұрды. Кейін Ғабиден ағаға айтпай жатақxанаға ауысып кеткен кезінде Ғабиден аға Азаматқа қатты ренжіген еді. Азаматтың да серілігі бір басына жетеді. Азекең екеуміз де Алматы қаласының түнгі көшелерінде талай мәрте ажалмен нағашымыздай ойнаған кездеріміз аз емес. 1999 жылы Ғабиден аға консерваторияның концерт залында Алаштың айбозы Жәнібек Кәрменовтің 60 жылдық мерейтойын жасады. Ғабиден аға бұл кешке тиянақты дайындалды. Маған Жәнібек Кәрменовке арнап өлең жазуға тапсырма берді. Соңынан Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде дүрілдетіп дастарxан жайды. Консерваториядағы кешті жүргізу Бекболат Тілеуxанға жүктелді. Осы кеште Азамат та ән айтуға тиісті болған. Алайда, қандай да бір себептермен бағдарламадан сызылып қалады. Мұны естіген Ғабиден ағамыз « Егер Азамат ән айтпайтын болса, онда басқа әншілер де ән айтпайды» деп қатаң ұйғарым жасайды. Ғабиден ағаның осы талабынан кейін Азамат бірден саxнаға көтерілді. Мен де Жәнібек ағаға жазған жырымды оқыдым.

Азамат дегеннен шығады, Ғабиден аға мен Жұмагелді аға 1990 жылдары «Азамат» деген газет шығарған екен. Ғабиден аға сол кездегі қиындықтарды үнемі айтып отыратын. «Сол жылдары Алматы қалалық Қазақ тілі қоғамын құратын болдық. Жұмагелді ағаларың күндіз-түні қасымда болды. Қазақ тілі қоғамы отыратын баспана табу қиынға соқты. Бір күні Алматы қалалық жоспарлау бөлімінің басшысына баспана сұрап бардық. Бекет деген Ақтөбе жақтың азаматы екен. Біздің мақсатымызбен танысқан соң бірден бізге көмектесуге ниет білдірді. Бойында қазақ қаны тулап тұрған жігіт екен. Ол сол жерде отырып сұмдық бір әңгіме айтты. Бұл желтоқсан көтерілісі кезінде болған оқиға екен. «Біздің негізгі қоймамыз Боралдайда орналасқан болатын. Қойма басшысы xабарласқан соң барсам, тау-тау ғып темір кесінділерін үйіп қойыпты. Көтеріліске шыққан жастарға қарсы қару ретінде пайдаланбақ сияқты. «Бізге жоғарыдан бұйрық беріп жасатты. Ең сұмдығы мына жақта» деп, қойманың түкпіріндегі бөлмеге алып барды. Мен есікті ашқанда көрген көрінісімнен тілім байланып қалды. Менің көз алдымда жиырма шақты қазақтың жап-жас қаракөз қыздары анадан жаңа туғандай тыр-жалаңаш, жалаң аяқ қорланған, зорланған қалпында, бет-ауызы мен денесі көкала торғайдай боп бір-біріне тығылып үрпиісіп тұр екен. Мен қорлықтан жылап жібердім... Сол қыздардың бәрін дос-жарандарыма хабарласып, киім-кешек алдырып, үстерін бүтіндеп үйді-үйлеріне тараттым деген еді»,- деп Ғабиден аға да осы әңгімені айтып болар-болмастан екі иығы селкілдеп, иегі кемсеңдеп  жанары жасқа толып кетті...

ҒАБИДЕН – 14

Ғабиден ағаның кабинетіндегі кезекті бір бас қосу еді. «Парламент» шынысын орталап қалғанбыз. Ол кісі сөйлеп, мен өлең оқып отырмын. Бір кезде «Аға, өлең оқыңызшы» дедім. Сол кезде Ғабиден аға маған бүкіл денесімен қопарыла бұрылып көзіме қарады. «Сен бала, не, менің прозамды оқымайсың ба? Бірақ, сен оны қайдан түсінесің...» деді. Бұл сөз менің намысымды қамшылады. Бірдеңе айтпақ боп оқтала беріп едім, Ғабиден аға өз мақамымен өлең бастап кетті:

Ұласып жаз жауынға, қыс дауылға,
Сәл ертерек наурыз қар түсті ауылға.
Онда мына ескі жұрт ел болатын,
Изен, қурай өспейтін қыстауында.

Қойлы ауылда құрт қайнап, айран ұйып.
Күнмен бірге құлайтын сайға киік.
Аңыратып көмейден ән боздатсаң,
Желігуші ек жел буын тайға мініп.

Қалса-дағы сол күнгі мұң ескіріп,
Балдақтардың сықыры жүр естіліп.
Ақша алғанда әкесіз жетімдерге
Үш теңгеден жүруші ең үлестіріп.

Үкілеп ап талшыбық ағаш атын,
Сен келетін жолды аңдып, бел асатын,
Ауылдың бар баласы құшағыңа
Бір-бір сүңгіп шығуға таласатын.

Күні бойы жүрсең де қамыс баулап,
Бойға қайрат бергендей ауыр салмақ.
Күнді салып балуан иығыңа,
Жолда келе жатушы ең кәрі солдат.

Жолығысып, ал бірде табыспай жол,
Жатса-дағы...
жақын бол, алыстай бол,
Кешегінің белгісі көңілде екен,
Көз алдымнан кеткен жоқ Қонысбай шал...

Ғабиден ағаның шығармасын оқысам, ішім ұлиды. Әр шығармасы көңіліңді өксікке бөлеп, өкінішке байлайды. Әлде бір нәрсе өзегіңнен суырылып кеткендей қамсаусыз халде қаласың. Әр сөйлемнің қапталында Құдай қарап тұрғандай...

«Серінің соңғы сәлемі» , «Ердің сыны» және «Үйірі жоқ көкжал» Мен Ғабиден ағаның осынау үш шығармасын жазушы болмысының үш ұстыны ретінде танимын. «Серінің соңғы сәлеміндегі» Семей түрмесінде жатып Уәзипа сияқты асылзатына Қайықбай бала арқылы сәлем жолдаған Байкенже сері. Қобыз арқалаған Қайықбай баланы түрме бастығымен карта ойнап ұтып алуы... Шындап келгенде, бұл жерде сотталған Қайықбай бала емес, қазақтың қара қобызы еді. Байкенже сері қазақтың қара қобызына ара түскен-ді.

« Байкенже, Шерубай, Қараша үшеуі аппақ көйлек, дамбал киіпті. Сақал мұртын бастырып, қол, аяғының тырнағын алдырыпты. Түлеген сұңқардай тап-таза.

- Құрулы талқыға кез болдық. Бұл дүниеден татар дәміміз таусылғанға ұқсайды. Қайықбай, қалқам, қобызыңды қолыңа алшы, -  деді Байкенже».

«- Қайықбай, қалқам, - деп Байкенже шарт жүгінді. - Сен бүгін елге қайтасың. Бір аманатым бар. Қордаланған көңілдің қызыл шоқтай жылтыраған құпия дерті еді. Семіз Найман еліндегі Атанбай мырзаның Уәзипа атты келіні бар. Соған сәлем айт. Жастықтың желігімен көңіліне қаяу түсірсем, кешсін. Ұйқысыз түні, күлкісіз күні болған шығар. Мойныма қарыз қылмасын».

Құдай-оу, сәлден кейін жаназасын тірідей оқытып, сәлден кейін атылайын деп отырған адам болмысының соншалықты күрделі жаратылысына таң қалмасқа шараң жоқ. Мұндай болмыс жер әлемде тек қазақ баласына ғана тән шығар. Нағыз сері ғана осындай үрзада сезімін үкілеп өте алар. Байкенже сері соңғы сөзін, соңғы сәлемін жүрегінің төрінде мәңгіге тұрып қалған, жастықтың салтанатымен жүріп «саздауыт жер» басып қалған Уәзипа сұлудан қобыз тілінде кешу сұрайды. Уәзипаның пәктігінің алдында бас иеді...

« Қазақтың ең соңғы серісі ғой, Байкенже... Тіпті, қыз оятуға келгенде де өзгелер сияқты шөккен түйенің арасымен бұқпантайламай, ауыл иттерін абалатып, тік келіп, тік қайтушы еді...»

Ғабиден ағаның барша кейіпкерлері осы тақілеттес. Тірі ойлайды, тірі жүреді. Олар сені жатырқамайды. Сен де оларды жатырқамайсың. Ғабиден екі алаңда қатар ойнаған жоқ. Ғабиден аға жалғыз өмір, жалқы тағдыр кешті. Ол қалам ұстағанда оң қолы жүрегінің тұсында тұрды. Ол қаламмен жазған жоқ.

«Ердің сынында»  Айкүміс, Серкебай мен Шамның үштік одағы:

«Дүнияда әр кім жүрер кең болған соң,
Мен жүрмін кең дүнияда сен болған соң» деген қағидатта ғұмыр сүрді. Айкүмістің ықыласы Серкебайда, Серкебай бидің пейілі Шамда... Уақытымен келмеген сезім құрғыр кімге опа беріп еді..?

« - Сәке, Сәке деймін, есіңді жиып, өзіңе-өзің келші. Сәке, міне, Шамды алып келдім.

Серкебайдың еріндері жыбыр-жыбыр етті.

- Шам?

- Ия, ия. Шам міне алдыңда тұр. Сенбесең қарашы.

Төбе би мойын бұрғанда, қалшиып тұрған үшеудің төбе құйқалары шымырлап, есікке қарай шегіншектеді. Еті қып-қызыл боп қанталаған Серікбайдың тамырлары жарылып кеткендей: оты сөнген қос қарашықтың ұясына қан ұйыпты.

- Апа! - деп, шыңғырған Шамның құлындағы даусы құлаққа жетті.

- Мына жындысы кім?

- Сәке, - деді Айкүміс жалбарынып, байғұс баланы үрейлендіргенің не? Шам ғой, бұл, Шамың ғой.

- Шам? Ш-шаам...

Кекештеніп тұтыққан Серкебай әлде нені ойына түсіре алмай қиналып, бет-ауызы жыбырлап, басы қалтаң-қалтаң етіп қоя берді:

- М-м-менің Шамым сөнген... сөнген... сөнген...»
Үстел үстіндегі жарығы өлеусіреп жанған шамға қайта үңілген Серкебай айналасындағыларды іле-шала ұмытып та үлгерген...

О, ғардуна фани!!!

ҒАБИДЕН – 15

«Үйірі жоқ көкжалды» оқыған сайын бас кейіпкер Балтакескеннің болмысынан Ғабиден ағаны көремін. Жүрегі бар адам жылап отырып оқитын шығарма осы «Үйірі жоқ көкжал!»  Әсіресе Шолақ көкжалдың анасынан айырылып жетім қалған бөлтірік кезі жанардан жас домалатады. Қасқыр баласын Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтыматовтаң кейін жүрегімен танып, қасқыр болмысына соншалықты терең бойлай алған осы Ғабиден ағамыз... Балтакескен де жалғыз, Шолақ көкжал да жалғыз жортады. Ғабиден аға да қоғамдық орында көптің арасында жүргенімен, ол да жалғыз еді. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дейтін деңгейдегі жалғыздықты еншілеген-ді. Дүниенің к...тін көріп қойған-ды! Мен осы сәтте Ғабиден аға мүлде жалғыз екенін, жалғыз дара  көкжал екенін сезіндім. Талай жылдар өткенде Ғабиден аға туралы «Қызыл бөрі» деген өлең жазатынымды білгем жоқ.

Ғабиден аға Қонаев көшесі мен Қабанбай көшесінің қиылысындағы әсем субұрқақты алаңда қоларбамен немересін серуендетіп жүр екен. Түс ауып кеткен кез еді. Үстінде спорт костюмі. Мен келіп амандасқан сәтте тоқтап сигаретін тұтатты. Жағдай сұрастық. Мен бұл сәтте Ғабиден ағаны ақырғы рет көріп тұрғанымды сезбедім.

Берік аға ( авт. Берік Шахан ) ызбандады. «Маралтай-ау, Ғабиден ағаң кетіп қапты» деді. Мен жайбарақат «Қашан келеді екен?» дегем. Берік ағамның шабына шоқ түскендей ыршып кетті. «Әй, сен өзі не айтып тұрсың, өлген адам келе ме екен?!» деді. Мен сонда ғана барып Ғабиден ағадан айырылып қалғанымды бірақ білдім. Мен ауылға кеткен шығар деп ойлағам ғой. Ғабиден аға шынымен де ауылына кетіпті. Өзінің туған жері, туған ауылы мәңгі бауырына алыпты асыл перзентін, ардагер ұлын. Жалған дүниенің сағаты сарт етіп тоқтағанда адамзаттық уақыт белгісі 2006 жылдың 23 тамызын көрсетіп тұрған. Жалған дүниедегі Найман асылы Жанғұлы Орыс Медеттен тарайтын Садықұлы Ғабиденнің құм сағатын Жаратушы ием бізбен ақылдаспай кері төңкеріп қойды. Дәл осы Ғабиден ағаның ажалына Алладан бұрын адам баласы араласқан сияқты болады да тұрады. Әйтпесе, қызыл бөрінің атан жүрегі кенеттен кілт тоқтар ма?! Анығын бір Алла біледі...

Біздің қолдан не келеді? Тек қана баяғы Құнанбайдың қазасын естірткен Тұрап ақын сияқты:

Құнан өлді Құранның тақтасындай,
Қасиетті Қағбаның қақпасындай.
Құнан кетсе алдынан жарылқасын,
Алтын қалды артында ат басындай! – деп көңілімізді жұбатқансыймыз. Ғабиден ағаның артында алтындай ұл-қыздары қалды. Жыры мен сөзі, дархан болмысы қалды.

Ғабиден аға дүние салған соң бертін келе түсіме кірді. Ғабиден аға бөрі боп кеткен екен деймін. Жәй бөрі емес, терісі қызыл алтындай құлпырған қызыл бөріні әуелем босағадан кіріп келе жатқанын көрдім. Содан соң бір қарасам  төрімде жатыр. Біздің үйдің іші өзінше бір жұлдызды  әлем екен деймін. Қияқтанып қызыл Ай туыпты. Айға қарап қызыл бөрі ауық-ауық ішін тартып ұлиды. Бірдеме айтқысы келетіндей. Мынау Ғабиден аға ғой деп қоям. Түсімді жорығам жоқ. Жорытқам жоқ...

Тұрсаң солай болмас па төріме кеп,
Нені сідет етейін, нені медет.
Ұлып-ұлып қоямын көкке қарап,
Қызыл Айды қып-қызыл бөрі ме деп?
Қызыл қасқыр еді ол, қызыл бөрі
Бөлтірігі мен едім ізіндегі...
Мәрт мінезін кетті ол маған беріп,
Серт секілді семсердің жүзіндегі.
Бөрілігің үшін де тақты кінә,
Күйе жағып, күл шашып ақтығыңа.
Иттер сеніп үрсе, егер, иесіне,
Сен Тәңірдің иландың хақтығына.
Жалғыз жүрдің сүрлеу сап иір-иір,
Ғұмыр кештің шет қонып, қиыр-қиыр.
Жазылмапты алайда маңдайыңа,
Қорқаулардай топ құрау үйір-үйір.
Арман деген таусылмас пендеде көп,
Сенде де жоқ сол үйір, менде де жоқ.
Шәуілдесе шұбырған шибөрілер,
Өте шықтың қасынан көрмеген боп.
«Еу» десін бе, білмеймін «беу» десін бе,
Қалар бәрі уақыттың зердесінде.
Сен де кеттің жалғаннан
Қорқаулардың
Дәретіңді сындырып кеудесіне.
Қызыл қасқыр сен едің, қызыл бөрі
Бөлтірің мен едім ізіңдегі...

( жалғасы жоқ! )

Маралтай Райымбекұлы

Abai.kz

0 пікір