Ғабиден
Бұл, ұмытпасам, 1996 жылдың мамыр не маусым айы еді. Қазақстан Жазушылар одағының кезекті сиезі Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында өтіп жатты. Біз сиезге қатысқан жоқпыз. Біз сиезді сыртынан тамашаладық.
Мұндай хәлде ғимарат ішіндегі ақ жағалы ағаларды мазалау ретсіз деп шешкен болуымыз керек. Бір топ қалам ұстаған үлкен-кіші, замандастар опера театрдың қарсы бетіндегі «Алматы» қонақ үйінің бір шетінде әжүк-күжік боп өз бетімізше тойлап жаттық. Түс әлетінде Жамбыл жақтан суық хабар жетті. Белгілі қаламгер Мұрат Сыздықов осы сиезге келе жатып жол апатынан қайтыс болыпты. Көңіліміз қатты қобалжып қалды. Жақсы азамат еді... Аракідік сиезден де хабар жетіп тұрды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығына Нұрлан Оразалин, ал орынбасарлығына Темірхан Медетбек пен Ғабиден Құлахметов сайланыпты. Нұрлан ағамен Темірхан ағаның жырын жатқа білеміз ғой, бірақ ол кезде Ғабиден ағаның атын естігенім болмаса, өзін жыға танымайтын едім. Десе де ішіліп жатқан шарап қой, ағалардан аянар неміз бар?! Аты аталған ағалардың жаңа лауазымының құрметіне бірнеше қайталана тілек айтылып үздіксіз тост көтерілді. Әрине, өңкей ақынның ортасы мұндайда мүшәйраға айналары бек түсінікті. Не бір ғажайып жырлар, әдебиет айналасындағы тылсым әңгіме арнасына сыймай, асау толқындай көбік шашады. Осы үрдіс кешке дейін бір тынбады. Біз де тынбадық...
Ертесіне азанда тәтті ұйқының құшағында жатқан мені «Әй, әкеңнің үйінде жатсың ба!» деген қатқыл дауыс оятып жіберді. Көзімді ашсам, бірер мәрте түрлі әдеби жиында көріп, тіпті қол алысып амандасып жүрген, бірақ атын білмейтін қырықтың қырқасындағы дидары нарттай кең иықты жігіт ағасы жүзіме төне қарап түсін суытып тұр екен. Мен диванда жатқан қалпымда ойланбастан «Ия, әкемнің үйінде жатырмын!» дедім. Мұндай жауапты күтпеген әлгі кісі «Сен, кімсің өзі?!» деді одан сайын төне түсіп. «Мен Маралтаймын!» дедім. Даусымның соншалықты салтанатты шыққанына таңданғам жоқ. Ол кісінің түсі бірден жылыды. «Сен өзің кімсің?» дедім. «Мен Ғабиден ағаңмын ғой» деді әлгі кісі. Сол уақытта «Ғабиден ағоуу!» деп жатқан орнымнан атып тұрып секіріп кеп мойнына мініп алдым. «Ағоу, біз сізді жудық қой» дедім, екі аяғыммен белінен, екі қолыммен мойнынан қапсыра құшақтап тұрған қалпымда. Ғабиден аға селкілдеп күлді. «Қалай жудыңдар?» деді. «Осылай!» деп шарап мүңкіп тұрған аузымды «Үү-һ»деп бетіне үрлеп жібердім. Ғабиден аға тыжырынып бетін ала қашты. Бірақ ашуланған жоқ. «Аға, тағы да жуайық» дедім. Ғабиден аға мені жәйлап жерге түсірді де, «Аяқ киіміңді ки» деді. Оның көзі менің аяқ киіміме енді түсті. Жүзі бірден нарт қызыл түске енді. Ол кісінің түрі әлде неге ренжігенде, әлде бір ұятты әрекетке куә болғанда және ащы судан азырақ ұрттағанда осындай ерекше түске боялатынына кейін жүре келе қанықтық қой. Аяқ киімім аяқ жағымда тұрған әбден тозығы жеткен, сыдырмасы жүрмейтін қыстық етік еді. Ғабиден аға соны көріп абдырап қалды. Қазір етік киетін уақыт емес... «Ия, жуамыз!, - деді Ғабиден аға. - Бірақ, қазір бірінші дүкенге барамыз. Саған әдемі туфли аламыз. Содан кейін жақсылап жуамыз», - деді. Және дәл солай жасады. Ғабиден ағаның Жазушылар одағы хатшылығының орынбасарлығына сайланған алғашқы күні осылай өтті. Ол күні ол кісі қайтып жұмысқа барды ма, бармады ма, білмеймін. Мен ертесіне азанда «әкемнің үйіндегі» өз орнымда шыттай жаңа киіммен оянғаным есімде. «Менің әкемнің үйі» - ол - Қазақстан Жазушылар одағы дейтін қасиетті қара шаңырақ болатын. Бұл қасиетті қара шаңырақ, шын мәнінде де, менің рухани аталарымның көзі, бізге қалған асыл аманаты еді...
ҒАБИДЕН - 2
Ғабиден аға туралы айту маған қиын. Қиын болатын себебі мен бұл тақырыпқа бару үшін өзімнің де өткен өміріме барлау жасауға мәжбүрмін. Ғабиден ағаның болмысын ашатын деталдардың көбі менің тағдырымдағы алмағайып сәттермен тығыз байланысты. Дегенмен мен қаузайтын әңгіме мені көрген, бірге жүрген замандастарыма таңсық емес. Мен Ғабиден ағадан қыруар құрмет, өлшеусіз ізет көрдім. Ол жылдар ,,балапан басына, тұрымтай тұсына,, дейтіндей кез еді ғой. Баратын жер, басатын тау қалмаған тұста мен Жазушылар одағын паналадым. Жазушылар одағын өз құжырамдай еркін тұтындым. Одақтың ғимараты ғана емес, ол кезде одақтың ішіндегі адамдарда да ғажайып мейірім бар болатын. Сол мейірімді адамның бірегейі Ғабиден аға еді. Біз сол кезде қоғамға өгейлігімізді, сұраусыз жастық шағымыздың бодауын ішімдіктен қайырдық. Қоғам бассыз салт аттыдай қайда бет аларын бағамдай алмай тұрғанда, біз бәрібір өз темірқазығымыздан айныған жоқпыз. Ол темірқазық - қазақтың қасиетті қара өлеңіне деген адалдық! Өлең үшін өмірімізді отқа салдық. Мұндай өлара кезеңнің көзтүрткі күйзелісі тұтас бір буын, яғни ,,алтынкөпірліктердің,, басына түскен ортақ нәубет болды. Ол тұста жиі-жиі айықтырғышқа түсіп тұру сөкет құбылыс боп есептелмейтін. Айықтырғышқа түскен адамды сұрауы бар, іздеуі бар адамдар келіп, айыппұлын төлеп шығарып алып кетеді. Ал, біз сияқты көгенкөздерді милицияның арнайы көлігімен айыппұлдың қаражатын тауып бергенше қаланы аралатып алып жүреді. Олар, қалай болғанда да, айықтырғышқа бір түнеп шыққан жамбаспұлыңды қайтармай тынбайды. Туыстарыңа апарады, таныстарыңа апарады, әйтеуір алады. Егер, айыппұлды ол күні ала алмас, қайта апарып қамайды. Екінші күні екі күннің айыппұлын төлеуге тура келеді. Екі күн бойы аш бұратылып жатуың мүмкін. Енді, мұндайда қалайда ақша ала алатын жерге өзің бастап баруға мәжбүрсің. Осындай кезекті ,,жарнаны,, төлеу үшін Жазушылар одағына баруға амалсыз тура келді. Одақта маңдай тіреп барар жалғыз адам - Ғабиден аға. Ұят та болса, амал жоқ... Милицияның арнайы көлігі дәл одақтың алдына келіп сиренасын бірақ өшірді. Екі милиция екі жағымнан қолтықтап, құдды бір кісі өлтірген қылмыскерді әкеле жатқан сияқты ,,сән-салтанатпен,, Жазушылар одағына кірдік. Бірден Ғабиден ағаның кабинетіне бардық. Ғабиден аға мына жағдайды көріп орнынан атып тұрды. ,,Аманшылық па, не тірлік?,, деді. Милициялар жағдайды түсіндірді. ,,Бұл біздің өте талантты ақынымыз еді,, - деп Ғабиден аға мені ақтай бастап еді ана милиция да сөзуар пәле екен ,, Біз мұны өте талантты алқаш ретінде ғана танимыз,, - деп періп қалды. Ғабиден аға қып-қызыл боп кетті. Маған қарап зілсіз ғана ,, Сволш!,, деді. Мен ыржидым. Милицияларға қарап айыппұлдың көлемін сұрады. Қоңырау басып Ибада апайды шақырды. Ибада апай Жазушылар одағының буxгалтері. Ибада апайға айыппұлдың екі есе көлеміндей ақша алдырды да, жартысын милицияларға, жартысын менің қолыма ұстатты. ,,Оған неге ақша бересіз,, - деп милициялар шыр ете қалды. Ғабиден аға: ,, Ол бас жазуы керек!,, - деді...
Тағы бірде Қазақстан Жазушылар одағының жыл қорытындысы өтіп жатқанда, Ғабиден аға кезексіз жарыссөзге шығып, қалтасынан менің ,,Ай-Нұр,, деген кішкентай ғана пышақ қырындай кітабымды суырып алып ,, Әй, баяндамашылар, сендер неге мына ақын туралы айтпайсыңдар? Неге мына жас ақынның жырларын оқымайсыңдар?,, - деп назын айтады. Сол кезде залдан ,, Ғабиден-ау, ол сенің бұл сөзіңді естісе ішіп кетеді ғой,, деген дауыс шығады. Сонда Ғабиден аға: ,, Мен оған жаңа ғана мың теңге бердім, ол қазір онсыз да ішіп жатқан шығар. Мынадай тауқыметті тағдыр кешіп, мынадай өлең жазған ақын өліп қалмауы үшін ішіп тұрғаны дұрыс,, - депті, жарықтық...
ҒАБИДЕН - 3
Іш қазандай қайнайды. Не жұмыс жоқ, не баспана жоқ. Қатын екі бастан жоқ. Бір қалыпты өмір ағысымен қызмет істеп, отбасын құрып, күн кешіп жатқан адамдар бақытты ғой. Күні бойғы тірлігім одаққа кіріп-шыққан қаламгер ағалармен әңгіме дүкен құрып, әңгіме аяғы ,,жазылмаған дәстүрмен,, аяқталуы әдетке айналып кеткен. Сондай сұрқай күндердің бірінде ішімдегі наламды шығарғым кеп Жазушылар одағының мәрмәр колоннасын быдым-быдым жұдырығыммен түйгіштеп жатқам. Қарасам, қасыма Ғабиден аға кеп қапты. ,,Әй, боксер, қорған!,, - деді. Секундтың бөлшегіндей мезетте үш соққы иектен, қолтық пен бауырдан жанып өтті. Тәлтіректеп кеттім. Бірақ, абырой болғанда құлағам жоқ. ,,Ұстазың кім?,, - деді. Дауысында мысқыл бар. Әшейінде ,,Мұстафа Өзтүрік өз беліндегі қара белбеуін өз қолымен беліме байлаған,, деп мақтанатын ғазиз басым Мұстафа ағаның атын атауға арландым. Ғабиден аға бұдан бұрын сөз арасында Мәскеудегі Горький атындағы әдеби институтта оқып жүріп шығыс жекпе-жек өнерімен шұғылданғанын және кикбокстен де әжептәуір жетістігі барын айтып қалғаны есімде. Мына шапшаң, көз ілеспес әбжіл қимылынан кейін сөзі негізсіз емес екеніне иландым. Әйтпесе біз де Ай қарап жүргеміз жоқ! Мұстафа Өзтүрік Тараз қаласында ашқан алғашқы таэквонда мектебіне бекер кіріп-шықпасақ керек-ті. Кешегі көше кезген есер шақта көлемі Берік сияқты ( Берік Жүсіпов ) жігіттерді жалғыз соққымен ,,алға қарай құлатайын ба, артқа қарай құлатайын ба?,, деп ермек үшін теректей сұлатып кететін дойырлық Ғабиден ағаға келгенде жүрмей қалды. Ғабиден ағаның бұл әрекеті маған ,,Есіңді жи, еңсеңді түсірме, жинақы бол!,, деген ескертуі деп қабылдадым.
Бір күні одаққа келсем, бүкіл одақ мені іздеп жатыр екен. Нүкеш Бәдіғұлов ағай жедел түрде Құлаxметовке баруым керек екенін, мені күтіп отырғанын айтты. Кіріп келсем, Ғабиден аға ерекше көңілді екен. Амандаспастан бірден: ,,Үйіңе барып киініп кел, сағат екіде президент қабылдайды. Бүгін саған президенттің стипендиясы тапсырылады,, - деді. Мен қуана алмадым. Менің аузымнан алғашқы шыққан сөз ,, Аға, үйі жоқ адамда киім бола ма?!,, болды. Ғабиден ағаның жүзі бірден алаулап шыға келді. ,,Сволыш!,, деді зілсіз. Даусында аяныш па, әйтеуір бір дәрменсіз рең байқалды. Пиджагының қалтасына қол салды. Портмонесін алып бір мыңдықтан бес мың теңге ұсынды. Мен базарға тарттым. Үш мыңға костюм-шалбар, бес жүз теңгеге туфли, сақал қырғыш және бір бөтелке шарапты жанқалтаға сүңгіттім. «Кісі көркі шүберек» деген ып-рас. Үсті-басым дұрысталып-ақ қалды. Басты да ,,дұрыстап,, алғам. Костюм қытайлық. Сәл қалыңдау. Бірақ маған жарап тұр. Аяғымдағы үйге киетін сүйретпе, тізесі шығып кеткен трико мен түсі оңып кеткен терсіңді футболка базардың қоқыс жәшігінде қалды. Әжетxанаға кіріп сақал-мұртты сыпырып тастадым. Жанқалтамда аузы кәзитпен тығындалған жарты шөлмек шарабым бар, сағат екіде президенттің резиденциясына шауып келдім. Келсем, ішке қарай президентпен кездесетін құрметті қонақтарды тексеріп өткізіп жатыр екен. Арнаулы аппарат орнатылған аймақтан үш мәрте қайталап өткізді. Үшінші жолы қалтаңыздағы затты шығарыңыз деп өтініш білдірді. Мен қалтамдағы аузы кәзитпен тығындалған жарты бөтелке шарапты суырып алғанда, сол маңайда тұрған зиялылар күтпеген көрніске үрпиісіп қалды. Араларында Алтынбек аға да бар еді. (авт. Алтынбек Сәрсенбаев) Алтынбек аға екі қолы екі қалтасында шалқайып тұрып қарқылдап күлді. Күліп тұрып иегімен ымдап ,,Әй, қайтарып беріңдер!,, дегендей болды. Министрдің қолдауына арқаланып кеткен мен кинодағы Бекежан құсап құтыдағы шараптың тығынын тісіммен жұлып ап ,,ап,, деп атып жібердім де, шалқалап тұрып шарап толы құтыны алқымыма ағыза-тамыза бірақ сарқып күзетші жігіттердің қолына ұстата салдым...
Жалғасы бар...
Маралтай Райымбекұлы
Abai.kz