Каспий жағалауында итбалықтар қырылып жатыр
6 мамыр күні Каспий теңізі жағалауынан 15 итбалық және 4 бекіре балығының өлексесі табылды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«6 мамыр күні жергілікті уақыт сағат 19:00 шамасында түскен ақпаратқа сәйкес, Жайық – Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары мониторинг жүргізу барысында Түпқараған ауданы Баутино ауылы тұсындағы Каспий теңізі жағалауынан 15 итбалық пен 4 бекіре балығының өлексесін тапты.
Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті итбалықтар табылған жерден су мен ауа сынамаларын алды. Табылған теңіз жануарлары ұшаларының ыдырау деңгейі жоғарғы дәрежеде болғандықтан, оқиға себебін анықтау үшін гистологиялық сынама алу мүмкін болмады», - делінген Балық шаруашылығы комитетінің Facebook-парақшасында жарияланған хабарламада.
Мәлім болғандай, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның шеңберінде жануарлардың өліміне себеп болған мән-жайлар анықталады. Балық шаруалшылығы комитеті таратқан ақпаратқа сай, инспекция қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, былтыр да Каспий теңізінде жаппай итбалық қырылған болатын. Ол оқиғаға қатысты зерттеу жүргізген Балық шаруашылығы комитеті қорытындыны биыл шығарды. Ведомство ақпаратына қарағанда, итбалықтардың қырылуына пневмония себеп болған.
Abai.kz