Еліміздегі орыс тілді БАҚ-тың ойлағаны не?..
Менің бір байқағаным, біздің еліміздегі бюджеттен ондаған емес, жүздеген миллион теңге қаржыны қорқытып алатын орыс тілді баспасөз Ресейдің тәуелсіз Украинаға қарсы жасаған озбырлық соғысы жайлы тіпті де тіс жармайтын көрінеді.
Мен, мәселен, өзім тұратын Қостанай облысындағы осындай ақпарат құралдарынан Ресейдің агрессиясын айыптайтын бірде-бір сараптамалық мақаланы кездестірген емеспін.
Ал енді бұл өңірдің бізге үнемі зәрін шашатын, осы жерге үнемі көз алартатын бұл көршімізбен шекараласатындығымызды ескерсек, мен мұны ақпараттық қауіпсіздігімізге төнген үлкен қатер дер едім. Өйткені орыстардың өздері айтқандай «Үндемегендік -келіскендіктің белгісі» екендігін ешкім де жоққа шығара қоймас. Осыдан кейін біз еліміздің терістік өңірлерінде сепарастистердің өздерін еркін сезінетіндігіне несіне таң қаламыз?
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, бұл Ресейге деген мұндай көзқарас облыстық бюджеттерден бір асайтын, онымен тұрмай республикалық бюджетке де молынан қол салатын республикалық баспасөзден бастау алып жатқан секілді.
Мәселен, атынан ат үркетін дейтіндей, біздің билік онымен ерекше санасатын, таралымы өзге газеттерді он орап алатын «Время» газеті айрықша үлгі көрсетіп келеді. Осында бізге ақыл айтудан ешкімге дес бермейтін екі данышпан бар. Бірі - өзін еліміздегі аса білгір экономист санайтын Петр Свойк та, екіншісі өзін елде жоқ политолог санайтын Данияр Әшімбаев деген мықты.
Біріншісі өткендегі бір сұхбатында қазақтар түгел орыс тілді екендін, сондықтан да олар дүниежүзіне жаман аты шыққан «орыс әлемінің» бір бөлшегі болып саналатындығын айтып, айды аспанға бір-ақ, шығарды.
Ал Данияр деген қазақтан шыққан санаулы ғана «сұңғыла саясаткер» Тоқаевтың Мәскеудегі әскери шеруге барғандығын ақтаймын деп тыраштанғаны соншалық, Ресейдің Украинаға деген басқыншылық саясатын ашықтан-ашық ақтап алуға дейін барған әрекетін байқамай қалды. Бұл көріпкелдің топшылауына қарағанда Ресейдің бұлай істеуіне украиындықтардың өздері кінәлі екен. Ресейге ұнамайтын саясат жүргізіп, билікті ұлтшылдарға беріп қойыпты. Енді сазайын өздері тартсын. Қысқасы, біздің саясаткер-сымағымыз Ресей телеарналарынан күн сайын көрермендердің миын улап, Путиннің зұлымдық әрекетін ақтап алу жолындағы сан түрлі өтірік-өсегі мен жаптым жаласын сол қалпымен қайталаған.
Ал бір қызығы, осындай арандатушыларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» болмай отырғандығы таң қалдырады. Әлде біз шынымен Ресейдің бір губерниясына айналып бара жатырмыз ба? Әйтпесе, «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» дегенге саятын саясатты қалай түсінуге болады? Жалпы қожа бар ма, бұл елде?
Айтпақшы, осы күні кеше ғана әлемжеліден осы жылдың 3-12 мамыр аралығында «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» атты Қазақстанның барлық облыстарын қамтыған еліміздегі қоғамдық пікірді сараптаған үлкен бір сараптама шығыпты. Мұның нәтижесін DEMOSCOPE бюросы жария еткен.
Енді оған көз жіберген адамның жағасын ұстары сөзсіз. Осы сауаламаға қатысқандардың Ресей мен Украина соғысында басқыншыларды қорғағандар Украинаны қорғағандардан әлдеқайда көп. Біріншісі 33 пайыз болса, екіншісі 28 пайызға әрең жеткен. Сондай-ақ бұл жерде «осы соғыста Ресей жеңеді» дегендер де басым түскен. Мұны аз десеңіз, осындағы «Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Бұған көзқарасыңыз қалай?» деген сұраққа «қолдаймын» дегендер 13 пайызды ғана құраса, қолдамайтындар 20 пайыздан асып түсіпті. Сондай-ақ сасаткерлердің ішінде Путинді біздің Президент Тоқаев пен Түркия Президенті Ердоғаннан кейін үшінші орынға қойған. Зеленский мен Байден секілділер одан төменгі жақта.
Бұл қызығы. Ал шыжығы мынада. Осы сауалнамаға қатысқандардың 70 пайыздан астамы қазақтар да, қазақша жауап бергендер 60 пайызға жуық. Нәтижесі мынадай болып отыр. Енді қорытындысын өздеріңіз жасай бересіздер.
Жайберген Болатов
Abai.kz