Сәрсенбі, 9 Қазан 2024
Әдебиет 3513 3 пікір 26 Мамыр, 2023 сағат 13:08

Таңжарықты ең алғаш танушылар кім?

Жақында «Казинформ» (20 сәуір 2023 ж.) халықаралық ақпарт агенттігінде жас ғалым Еркінжан Сіләмханұлының «Таңжарық Жолдыұлының алғашқы жинағы және бізге белгісіз суреті» деген шағын мақаласы жарық көрді. Мұндай тосын жаңалықты оқымай аттап кету мүмкін емес қой. Мақаланы басынан аяғына дейін ынта қойып оқып шықтым. Ең қызығы бұл мақаланың әлеуметтік желіде жариялануы, Т.Жолдыұлының дүниеге келгендігінің 120 жылдығына орай ұйымдастырылған «Таңжарық Жолдыұлы: Шынжаңдағы ұлттар ағарту мен жаңғыру қозғалысының тарихи маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтуімен тұспа-тұс келуінде жатса керек.

(1 сурет)

Таңжарықтың «Алғашқы жинақ» кітабы туралы не білесіз?

Автор мақаласында аталған кітаптан мынадай деректер келтіреді: «1948 жылы ақынның алғашқы жинағы Құлжа қаласындағы «Ерікті халық баспасынан» басылып шықты. Кітапты жауапты шығарушы Құрманәлі Оспанов» деп жазылған. Кітаптағы ішкі мұқаба бетінде: Алғашқы жинақ. Ақын Таңжарық Жолдыұлының өлеңдері. Бұл жинақ марқұм Таңжарық ақынның қайтыс болғанына бір жыл толу қарсаңында халықтың тілегі бойынша басылды» деп жазылған редакция ескертпесінде, «жинаққа ақын өлеңдерінің бұрын «Төңкеріс таңы», газеті мен «Білім арнасы» журналында шыққандары ғана алынды» деп көрсетілген. Алғашқы жинаққа ақынның 17 өлеңі кірген, жалпы 79 бет».

Шыны керек, Т.Жолдыұлының «Алғашқы жинақ» кітабы туралы толық деректі алғаш оқуым, оған дейін бірен-саран Таңжарық танушылардың мақаласынан жинақтың 1948 жылы шыққаны айтылады, бірақ бұл жинақты кім құрастырғаны, оған Таңжарықтың қанша өлеңі кіргені туралы толық мәлімет айтылмайды. Мақала авторы Е.Сіләмханұлына хабарласып, оның бұл жаңалығымен құттықтадым. Әрі бұл жинақтың түпнұсқасын қайдан тапқанын сұрағанымда ол:

(2 сурет. 1-2 суреттер Таңжарық ақынның Алғашқы жинағының мұқабасы мен соның ішкі бетіне басылған ақынның суреті.)

«Аға, бұл кітап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек қорлар бөлімінде ғалым Тұрсын Жұртпайдың жеке қорында сақталған. Мен аталған ғылыми орталықта бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін. Биыл ақын Т.Жолдыұлының 120 жылдық мерейтойына орай мақала жазғым келіп, бұл кітапты аттай қалап сұрап алдым. Бұл кітаппен бірге Үш аймақ көтерілісшілері басшыларының бірі, генарал-майор Дәлелхан Сүгірбайұлының «Алтайдың күрес үстіндегі тарихи оқиғаларынан шолу және жол естеліктері» (1948 жылы 10-қыркүйектегі ұлы халық жиынында сөйлеген баяндасмасының тексті)  деген кітабын да бірге қосып алдым. Бұл кітап «Ерікті Алтай» газеті баспасынан 1948 жылы Алтайда жарық көріпті», –  деді.

– Енді осы екі кітапты кириллицаға аударып, бір кітап қып шығару керек қой.

– Әрине, ол ойда бар. Екі кітаптың материалдарын текстологиялық сараптама, талдаулар жасатып, кітаптың беттерін суретке түсіріп, екі кітапты біріктіріп бір кітап қып шығару алдағы күннің еншісінде.

– Демек, ақын Таңжарықтың «Алғашқы жинақ» атты кітабының шығуына мұрындық болған ақын Құрманәлі Оспанұлы болыпты ғой.

– Солай деп айтуға болады. Жинақтың «Алғы сөзін» Құрманәлі Оспанұлы жазыпты. «Алғы сөздің» көлемі екі жарым беттен асады.

Бұл елеулі жаңалықты бөлісу үшін кезінде Іле қазақ автономиялы облыстық Оқу-ағарту мекемесінің саяси бөлімін басқарған, қазір зейнеткер,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сламхат Сейтқамызаұлына телефон шалдым. Сламхат аға Еркінжан Сіләмханұлының бұл мақаласын оқымағанын, алайда демократ, сыншыл, реалист ақын Т.Жолдыұлы мен Үш аймақ үкіметі басшыларының бірі, ұлттық армия қолбасшысының бірінші орынбасары, кейін Алтай аймағының генарал губернаторы және Денсаулық сақтау министрі қызметін қоса атқарған ірі саяси тұлға Дәлелхан Сүгірбайұлының кітабының табылуы қазақ руханияты мен тарихына қосылған үлкен олжа дей келіп: «Әлімжан, мен  әйгілі ақын, қоғам қайраткері Құрманәлі Оспанұлымен өте ертеден таныспын. 1982 жылы тамыз айында Алтайдың Нарын жайлауында Алтай аймағының ақындар айтысы өтті. Осы айтысқа ақын Қ.Оспанұлы мен ақын Құмарбек Сақарин жұбайларын ертіп екеуі бірге келді. Сол кезде екі ақынмен жақын танысып, екі-үш күн бірге болдым. Әредікте бірге суретке түсіп, естелік қалдырдық. Сол сурет менің жеке мұрағатымда әлі сақтаулы. Кейін Үрімжіге қызмет бабымен барғанымда Қ.Оспанұлының үйінде болдым. Екеуара әңгімелесіп отырып Құрманәлі ағадан ақын Таңжарықтың «Алғашқы жинақ» атты кітабын құрастырып, оның баспадан шығуына өзінің мұрындық болғанын Құлжадағы зиялылардан естігенімді айтқанымда, Құрекең: «Інім, оның рас. 1946 жылы Гоминдаң үкіметі мен Үш аймақ төңкерістік үкіметінің арасында он бір тармақты бітіп жасалып, Шынжаң түрмелеріндегі саяси тұтқындарды тұтасымен босату ұйғарылады да, солардың қатарында ақын Таңжарық та босатылып Құлжаға оралады. Үш аймақ үкіметі Таңжарықты салтанатпен қарсы алып, қызметін қайта қалпына келтіреді. Бірақ Таңжарық ел-жұртын қатты сағынғанын, туған жері Күнеске барып қызмет істегісі келетінен айтты. Тәкеңнің өтініші бойынша үкімет оған Күнес ауданының жер-су бөлімін басқаруды жүктейді. Алты жыл түрмде жатып, қараңғы зынданның зардабын, азабын әбден тартқан ақынға өкпе дерті жабысқан екен, 1947 жылы маусым айында ел-жұртымен амандасып ел аралап жүргенде, өкпеден шаншу тиіп оңала алмай, 44 жасында қайтыс болады. Ардақты ақыны қайтыс болғаннан кейін, елі оны ауыр қайғымен жоқтады. Мен басшылық еткен газет редакциясына ақынды жоқтаған өлең, мақалалар мен ақын өлеңдерін жинақ қып шығару туралы өтініш хаттар көп түсті. Халықтың өтініші бойынша Таңжарықтың бұрынғы және кейінгі жариялаған өлеңдерін жинастырып, алғы сөзін жазып, Таңжарықтың жылдық асына үлгіртіп «Алғашқы жинақ» кітабын басып шығардық. Бұл өте ұзақ әңгіме. Ең бастысы кейін Тәкеңе ие болып, оның өмірі мен шығармаларын зерттейтіндер табылды ғой. Мен соған қуандым. Мен арада солақай саясаттың ызғарына ұрынып, жиырма жылдай қызметтен шеттетілдім. Кейін саясат оңалып, елге жылымық орнай бастағанда барып қызметке қайта оралдым. Менің істейтін шаруаларым көп болды, Тәкеңе қайта мойын бұруға мүмкіндігім болмады. Ең бастысы Тәкеңнің аруағы разы болсын!», – деп қысқа қайырғаны әлі есімде».

(3 сурет. Дәлелхан Сүгірбайұлының кітабы)

Ұазақ жыл қазақ әдебиетті пәнінің мұғалімі болған, мәдениеттанушы, этнограф Әбділ Тәуекелұлымен де анда-санда телефон арқылы әңгімелесіп тұратыным бар. Ол кісі: «Соңғы жылдары Шынжаңдағы Таңжарықтанушылар ақын, қоғам қайраткері, Құрманәлі Оспанұлы Т.Жолдыұлының өлеңдерін жинап, «Алғашқы жинақ» атты кітабын 1948 жылы шығарғанын кейінгі кезде жазып жүр. Бірақ бұл жинақтың қанша бет екені, Таңжарықтың қанша өлеңі кіргені туралы нақтылы мәлімет айтылмайды. Соған қарағанда ол жақта бұл кітаптың түпнұсқасы жоқ секілді. Одан кейін бір айта кетер жәйіт, жазушы Қажығұмар Шабданұлы бас редактор болған, әдеби, саяси, қоғамдық «Одақ» журналының 1951 жылғы 5-, 6-, 7-, 8-санына «Марқұм Таңжарық өлеңдерінен» деген тақырыппен ақынның «Түрме халі», «Көңілім қалды торықты» деген толғауы мен өлеңдерін сикілмен жариялапты. Мәдениет төңкерісіндегі аласапыран кезінде жұлмаланып, жыртылып жүріп біреулер арқылы менің қолыма түсіп еді. Сол нөмірлерін әлі сақтап жүрмін », – деді. Содан ол «Одақ» журналында 1951 жылы жарияланған Таңжарық ақынның өлеңдерін суретке түсіріп, маған жіберіп берді.

Е.Сіләмханұлының аталған мақаласында: «Ақын еліне оралғаннан кейін, мен жеті жыл абақтыда жатып шаршадым. Ең болмаса бір жыл кіндік қаным төгілген жерімде еркін жүріп дем алып алайын. Одан кейін пақырда дәсімия (материал) көп. Жата-жастана жазармын, деді де, бірен-сарандаған болмаса қаурт бір нәрсе жазбай жүрді (Алғашқы жинақ. 3-бет)», деп жазады ақынның «Алғашқы жинағын» құрастырушы Құрманәлі Оспанов, жинақтың «Ақын Таңжарықтың өмірбаяны жайында» деген алғы сөзінде». Ал «Нұрқыдыр Медетбекұлының ақын өліміне арнап жазған «Атың қалды тарихта» атты жоқтауында:

«Әлемді жарық қылар шам жарығы,

Халықтың кетті арадан Таңжарығы.

Ерекше өнерлерің мол-ақ еді,

Байқайтын арттағы мен алдағыны...» (Алғашқы жинақ, 5-бет), – деп жоқтаса, Т.Берікбаев «Ақынның рухына» деген өлеңінде:

«Шынайы тұлпар шаршамас,

Қанша ұзақ шапқанмен.

Өзеннің суы таусылмас,

Қаншалық көп аққанмен.

Ел сүйген ер өлмейді,

Қара жер бетін жапқанмен.

Көңілден шыққан күміс сөз,

Кірлемес күйе жаққанмен...», – деп ақынға өз бағасын береді (Алғашқы жинақ. 4-бет)».

Қарап отырсаңыз Қ.Оспанұлының ақын С.Сейтқамызаұылына айтқан әмгімесі мен Е.Сіләмханұылының мақаласындағы «Алғашқы жинақ» атты кітаптың алғы сөзінде айтылған деректен онша алшақ емес.

Сол себепті Таңжарықты ең алғаш дәріптеуді қолға алғандар мен Таңжарықтың елге белгісіз суреті туралы біз де өз әлімізше ізденіс жасап көруді жөн санадық.

«Алғашқы жинақты» құрастырушының аты-жөні неге аталмады?

«Ақынның өлеңдері 1930 жылдың орта шенінен соң баспа көре бастайды. 1946 жылы Үш аймаққа оралған кезде Үш аймақ жағынан шығарылатын «Алға» газеті ақынның бір қыдыру өлеңін жариялайды. Ақын қайтыс болған соң – 1948 жылы «Алғашқы жинақ» атты шағын өлеңдер жинағы басылып, таратылады. ШҰАР Жазушылар одағының 1957 жылы ашылған жиынының алды-артында ақынның бірнеше шығармасы газет-журналдарда жарық көреді» (Оразанбай Егеубаев. Алғы сөз. Таңжарық таңдамалы шығармалар». 1-том, 6-7-б. Үрімжі).

«Үш аймақ үкіметі ақынға газеттен арнаулы бет бергізіп, аза білдірді. 1948 жылы «Алғашқы жинақ» атты өлеңдер жинағын баспадан шығарды. 1957 жылы ШҰАР жазушылар конференциясында ақынды ерекше атап, оны «Қазіргі заманғы қытай қазақ әдебиетіне негіз салушы ақынның бірі» деп бағалайды. Іле-шала газет-журналдарда ақынның өлеңдері жарияланды. Таңжарық туралы жазылған әралуан мақалаларда жарияланады» (А.Кіршібаев. «Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер», 2-кітап, 715-б. Үрімжі).

Ақын Т.Жолдыұлының туғанына 100 жыл толуына байланысты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан шыққан «Таңжарық тағылымы» атты кітапқа енген зерттеу мақалаларын ақтарып отырып, Т.Жолдыұлының «Алғашқы жинақ» туралы мына авторлардың мақаласынан кезіктірдім. Мәселен, «Ақын арманда кетті. Еркіндікте ұзақ өмір сүре алмады. 1947 жылы 6 тамыз күні туған ауылы Күнестегі Шапқыдан топырақ бұйырып, дүниеден өтті. Алайда ақынның үні өшкен жоқ. 1948 жылы қайтыс болғанының жылдығына арналып, «Алғашқы жинақ» кітабы халықтың қолына тиді. Кейін ұзақ жыл ақын шығармалары қақпай көріп, ауызға алынбады. Соңғы он бес-жиырма жылдан бері ақын үні қайта жаңғырды» (Құрманбай Толыбаев. Ақын тағдыры. «Таңжарық тағылымы» 55-б.).

«Алдымен өзім бала жастан жаттап алған шағын өлеңдермен «Бөрі мен Бөрібасар», «Молда мен бақсы» дастандарын қағазға түсірдім. Содан кейін Алматыға келіп Жағда Бабалықов ағамның 1948 жылы ақын қазасының бір жылдығына арнап Құлжа қаласында басылып шыққан шағын «Алғашқы жинақ» деген өлеңдер жинағын алып, екі тәулік тапжылмай отырып көшіріп алдым. Ол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ақын мұрасы түгелімен қолыма түскендей-ақ мәз болғаным әлі есімде. Құрманбай Толыбаев ағамыздың архивінен Құлжа мен Алтай қаласында шығып тұрған газеттерде жарияланған бірқанша өлеңдерінің қиындысын алған болатынмын» (Әлімғазы Дәулетхан. Алаштың ардагер ақыны. «Таңжарық тағылымы». 120-б.).

«...Ақынның бала-шағасына стипендия тағайындау, өлеңдерін баспадан кітап қып шығару жөніндегі үкімет қаулысы жарияланды. Қаулыға сай 1948 жылы Құлжада «Алғашқы жинақ» атты өлеңдер жинағы жарық көрді» (Шара Таңжарыққызы. Әкем туралы есімде қалғандар. «Таңжарық тағылымы», 212-б.).

«Ақын көз жұмғаннан кейін, бір жылдан соң (1948 ж.) «Алғашқы жинақ» деп аталатын тұңғыш кітабы жарық көрді. «Жинаққа ақын өлеңдерінің «Төңкеріс таңы» газеті мен «Білім арнасы» журналына шыққандары ғана берілді» деп ескерту берілген. Алғы сөзін қоғам қайреткері, ақын Құрманәлі Оспанұлы жазған» (Дукен Мәсімханұлы. Таң жарық – Таңжарық. «Таңжарық тағылымы», 92-б.).

Жоғарыда біз дерек келтірген авторлар О.Егеубаев, А.Кіршібаев, Қ.Толыбаев, Ә.Дәулетхан, Ш.Таңжарыққызы ақын Таңжарықтың «Алғашқы жинақ» кітабы 1948 жылы шыққанын айтқанымен, бірақ бұл кітапты кімнің құрастырғаны, алғы сөзін кімнің жазғаны, кітапқа ақынның қанша өлеңі, қанша толғауы кіргені туралы нақты мәлімет айтылмайды. Тек қана Д.Мәсімханұлының мақаласында кітапты құрастырған автор туралы бір ауыз сөз бар.

Басқа авторларды білмедім, бірақ «Алғашқы жинақ» атты кітапты Жағда Бабалықов ағасынан сұрап алып, екі тәулік тапжылмай отырып түгел көшіріп алған тарихшы Әлімғазы Дәулетхан ағамыздың бұл кітапты құрастырып, алғы сөзін жазған Құрманәлі Оспанұлын айтамай, жазбай кеткенін қалай түсінуге болады?!

«Таңжарық тағылымы» атты бұл кітапқа Таңжарықтанушы, жазушы  О.Егеубаевтың көлемді зерттеу мақаласына «Таңжарықтану» деген атпен арнаулы бөлім берілген. Өкінішке орай, бұл еңбекте Т.Жолдыұлының «Алғашқы жинақ» кітабы туралы бір ауыз сөз айтылмайды.

Ал тарихшы Жұмамұрат Шәмші: «Таңжарықтың көзі тірісінде бір де бір кітабы жарық көрмеді. Алғашқы кітабы ақын көз жұмғаннан кейін, бір жылдан соң көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Құрманәлі Оспанұлының құрастыруымен «Алғашқы жинақ» деген атпен ақынның жылын беру тұсында 1948 жылы ғана шықты. Алайда Қытайдағы «Мәдениет төңкерісі» кезеңінде халық сүйіспеншілігіне бөленген ақынның кітабын шығару былай тұрсын, есімі естен шығарылып, шығармалары қараңғы бөлмелерге жасырылды. Ал кеңестік дәуірде қалың көпшілік оның шығармаларынан бейхабар еді. Дей тұрғанмен Таңжарық өлеңдерін аз көлемде болса да шағын әдеби орта білді. Ақын есімі қазақ оқырмандарына алғаш рет классик жазушы Сәбит Мұқановтың 1956 жылы Қытайға барған сапарының негізінде жазылған «Алыптың адымдары» кітабы арқылы танылды» (Жұмамұрат Шәмші. Таңжарық тағдыры. «Қазақ үні» газеті сайты. 30 мамыр, 2013 ж.) деп нақтылы, тұжырымды зерттеуін оқып өз басым риза болдым.

Ақын Таңжарықты зерттеу, оны жұртқа насихаттау сол заманның өзінде қолға алған ұлт зиялылары – Құрманәлі Оспанұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Халық Оспанұлы, Тоққожа Әбділдаұлы, Бұқара Тышқанбаев, Дәулеткелді Байболатов, Шарғын Алғазыұлы, Естеу Нүсіпбеков, Нұрсапа Жанболатов, Тілеужан Сақалов, Омарғазы Айтанұлы, Мәлік Бірімжанұлы, Мәлік Шипан, Оразанбай Егеубаев, т.б. лардың болғаны анық.

Ақын Шарғын Таңжарық ақынды өте жоғары бағалаған  

Ақын Таңжарық Үрімжі түрмесінен шығып Ілеге келгенін естіген ақын Шарғын Алғазыұлы былай толғапты:

«Іленің келдің бе аман Таңжарығы,

Жететін аспан көкке заңғар үні.

Айдалып Үрімжіге кеткеніңде,

Шайнадым аузыма сап бармағымды.

Күн күліп, жер құлпырып, ел жайнады,

Қарашы шолып, досым, жан-жағыңды.

Талқының кезеңіне шыққаныңда,

Төгіпсің ел мен жерге арманыңды.

Туысың, ел мен жерің, бала-шағаң,

Бәтидей көрдің бе аман жан жарыңды.

Жеті жыл жаттың жауыз зынданында,

Шаян мен шақты сені жыланыда.

Азаптың жан қинаған көрдің бәрін,

Ілініп жауыз, қанқор тырнағына». Текес, 1946 жыл. (Ш.Алғазыұлы. «Шығармалары», Алматы. 38-б.).

Ақын Шарғын досы Таңжарық ақын туралы жазған естелігі табылды. Бұл Шарғын Ақынның баласы Тілеухан Шарғынұлының жеке мұрағатында сақталып келген. Ақын Шарғынның туғанына 120 жыл толуына байланысты Тілеухан ағамен сухбат жүгізгенде Шарғын ақынның бұл естелігін жазып алдым. Естелік ақын Таңжарық қайтыс болғаннан кейін жазылғаны анық. Естелік былай баяндалады:

«Жан күйер жақының, жан сүйенер азамат, асыл дос, аяулы адамдар қайтыс болса оның жарқын бейнесі еш қашан шықпай көз алдыңнан көшкен елдей тізбектеліп өтеді. Мысалы, кешегі Абай, бүгінгі Жамбыл, Мұхтар, Сәбиттердің асыл мұрасы, үлгі-өнегесі, өздері өлсе де сөздері бізбен бірге. Қазақта ақын-жазушылар баршылық. Небір жүйрік шешен майталмандар, аузынан бал, қолынан май тамған ғылым иелері көп. Олардың үлгілері де ұрпақтарымызға мұра.

«Ақын-жазушы адам жанының инженері» дейді, бұл білімдінің дана сөзі. Менің айтайын дегенім: Таңжарық Жолдыұлы туралы оның тарихын айтпай-ақ мен Таңжарықтың тың, жарқын бейнесі, ақындық дарыны жөнінде айтайын. Ол көңілі көктем, көркі жаз, сөзі өктем, жасынан жайнап шыққан асыл сөздің қазынасы еді. Тәкең еш адамды жатсынбайтын ақ пейілді адал жан еді.

Ол жасынан кедейшіліктің кедергісіне қарамай жауыз жауларына өзінің отты сөздерімен жауап берген, батыр ақын.

Ол қайнап жатқан феодальдық дәуірде өзінің ақындық дарынын отты жүрегімен «Таңжарық» деген атқа ие болған. Таңжарық аты елге кең таралған Таңжарық өлеңдері халық сүйіп оқитын халықтың қалаулысы десек асыра айтқандық емес. Мен Таңжарықпен жасымнан жолдас болып, тату-тәтті өмір сүргенбіз. Оның көп өлеңі ел аузында, кітабына жазылмағы көп. Тәкеңде такапарлық, менмендік жоқ. Қарапайым жылы сөзді адам еді. Отырған үйінде өлеңін жазып беріп кететін еді. Ол сықақ сөзге де шебер еді. Мысалы, «Молда мен бақсының төбелесі», «Айттырған әйелін айтқаны» тағы көптеген өлеңдері бар. Тәкеңде «Нүктібектің ат жарысы», «Елмен амандасу», «Кілітшіге», «Қойдыммен айтыс», «Қытайдың қинауы» деген өлеңдері елге мәлім. Тәкең Шынжаңдағы қазақтардың бостандық жолындағы жалынды күрескер табанды ақын еді. Қытай қарақшыларының сойқанды содырларының қылмысынан көп қорлық көрді. Түрмеге жатқанында да қаламын тастамай жалынды өлеңдерін жазып жүрген.

Таңжарық ауыр жағдайда да өзінің шығармасын жазып, халыққа түсінікті етіп, озық үлгісімен халыққа жағымды еді. Ой-пікірін, үміт-арманын, ел үшін арнаған. Қанаушы таптың жиіркенішті істерін әшкерілей отырып көрсетті. Мысалы, жас кезінде Алпысбай деген ақылақшының үйіне барады. Өзінің жақын ағасының жалғыз атын ұстатып алған екен. Соны атын сұрайын деп барса, Алпысбай: «Әкелші айбалтамды басын шабайын», – депті. Сонда Тәкең ұшып тұрып былай деген екен:

«Ұмтылма ақылақшы балтаңды алып,

Орныңнан ұшып тұрдың балтаңды алып.

Көрінгенді балтаңмен соққыласаң,

Қаласың ауыр бір күн арқандалып.

Қаңғыртып Еркін байды еңіреттің,

Айттырған қалыңдығы  Шолпанды алып.

Жалғыз атын кедейдің тартып жесең,

Ақыретте тастайды итке қолқаңды алып».

Ақын Шарғынның «Мен Таңжарықпен жасымнан жолдас болып, тату-тәтті өмір сүргенбіз» деп жазғанынан-ақ олардың тонның ішкі бауындай дос болғанын дәлелдейді. Қос ақын бір-біріне өлеңмен хат жазысып тұрғаны анық.

Таңжарық шығармаларын жинау, зерттеу кезеңі қашан басталды?

Ақын Таңжарықтың өмірі мен өнер жолын, барлық шығармаларын жинау, зерттеу жұмысы 1957 жылы бірлі-екілі жазылған, зерттелген мақалаларды есепке алмағанда, шын мәнінде 1978 жылы Қытай коммунистік партиясы ХІ кезеккті құрылтайы, ІІІ жалпы мәжілісінен кейін басталғаны анық. Бұл тұста Шынжаңдағы мәдениет пен әдебиет саласынның көрінекті өкілдері түгел аттанысқа келіп ақын шығармаларын жинау, зерттеу жұмысына кіріседі. 1985 жылы Іле қазақ автономиялы облысы құрылғандығының отыз жылдық торқалы тойына орай Шынжаң халық баспасынан «Таңжарық таңдамалы шығармаларының» І,ІІ кітабы, 1995 жылы ІІІ кітабы басылып шығады. «Ақын қолжазбасының алғашқы нұсқалары дер кезінде баспа көрмей, көшірме арқылы және біреуден-біреу жаттау арқылы таралғандықтан, қолдан-қолға, ауыздан-ауызға ауысу барысында түрлі-түрлі өзгезгерістерге ұшыраған. Бірқыдыру өлеңдерде мұндай өзгерістер сөзден, жолдан асып, шумақ, өлең құрлысына дейін шарпыған. Таңжарық Жолдыұлының «Таңдамалы» шығармаларын реттеп, құрастыру осы себептерге байланысты да оңайға түспеді. ШҰАР Әдебиет-көркемөнер бірлестігі мен Шынжаң халық баспасы, Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтарынан және Бұратала, Санжы облыстары мен Шиңхай, Гансу өлкелеріндегі қазақ ұлты қоныстанған өңірлерден келген Таңжарық шығармаларын реттеп, көп болғанда жиырма үш нұсқаны, аз болғанда бірнеше нұсқаны өзара салыстыру арқылы өлшемді қалпын тауып, өз стилін сақтауға ұмтылды. Әлі де зерттей түсуге тиісті көптеген өлең, дастандар ІІІ томның жүгі болып қалды» (Баспадан. Таңжарық таңдамалы шығармалары. І кітап, 1-б. Үрімжі).

«Шыңжаң Жазушылар одағының қазақ әдебиеті секциясында атақты ақындар Құрманәлі Оспанұлы, Омарғазы Айтанұлы, зерттеуші ғалымдар Оразанбай Егеубаев, Қасымхан Уатқанұлы, Ғалым Қанапияұлы қатарлы арнаулы топ ақын творчествосын жинап-зерттеу жұмысымен айналысуда. Солардың ішінде Таңжарық творчествосын зерттеуде жемісті еңбек етіп жүрген Оразанбай Егеубаевты ерекше атап өткен жөн. Ол өзінің «Таңжарық Жолдыұлы жөнінде жалпылық зерттеу» деген монографиялық еңбегінде ақынның өмірі мен творчествосына жан-жақты талдау жасаған.» (Ш.Сариев . «Қытай қазақ ақыны Таңжарық Жолдыұлы». bilim.all сайты. 10 сәуір, 2002 ж.).

Қазақстанда Т.Жолдыұлының алғашқы жинағын жазушы, әдебиеттанушы Тілеужан Сақалов құрастырып, оның алғы сөзін жазушы Бұқара Тышқанбаевқа жаздырып «Аспан-тау» атты жинағын шығарады. «Біздің елімізде «Таңжарық Жолдыұлының 1974 жылы «Жазушы» баспасынан «Аспан-тау, 1992 жылы «Таңжарық Жолдыұлы шығармалары» деген жинақтары басылып шығады. Солардың екеуінің де құрастырушыларының бірі, баспаға әзірлеуші Тілеужан Сақалов болатын. Ол соңғы кітапқа көлемді алғы сөз жазған. Бұл еңбек Тілеужан зертеуінің ең маңызды, ең өзекті, ең ауқымды бөлімі. Мұнда ол Шығыс Түркістанның атақты классик ақындарының өлеңдерін, дастандарын, жанрлық, тақырыптық, көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты зерделеген» (Рахманқұл Бердібаев. Тілеужан және оның «Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» «Қазақ әдебиеті» газеті, 28 тамыз2015 ж.).

Демек, Қазақстанда ақын Таңжарықтың өмірі мен шығармаларын зерттеу және оны насиқаттауда жазушы, әдебиеттанушы Т.Сақаловтың еңбегі зор деп айтуға толық хақымыз бар. Ол Көдек Маралбай, Таңжарық Жолдыұлы, Шарғын Алғазы секілді дүлділ ақындардың өмірі мен жасампаздығы туралы зерттеулер жасап «Таңжарық ақын және Шығыс Түркістан  қазақтары әдебиетінің тарихы» деген зерттеу еңбегін жазғаны белгілі. Т.Сақаловтың  «Жұлдыз» журналының 1975 жылғы №8  санында жарық көрген «Түрмеде туған жырлар» деген мақаласы Таңжарық Жолдыұлына арналған.

Т.Сақалов кандидаттық диссертациясын жазып, оны қорғайтын кезде қос империяның салқыны тиіп, аяқсыз қалады. Зерттеуші Т.Сақаловтың жары Бөпен Жексебаеваның журналист Жексан Алпартегіне берген субатында: «Тілеужан Сақаловтың  1968 жылы Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін сырттай  үздік бітіріп, «Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» деген тақырыптағы дипломдық жұмысы да бар екен. Дипломға жетекшілік еткен   белгілі әдебиетші ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев болыпты. Ғалым диплом жұмысын жоғары бағалап, оны ғылыми-зерттеу ісімен жалғастыруды құп көрген. Бұл жөнінде «Таңжарық ақын және Шығыс Түркістан  қазақтары әдебиетінің тарихы» деген  тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауға жетекші болған ғалым Бейсенбай Кенжебаев екені жөнінде дерек те кездесті. Ғылыми еңбек үлкен үш бөлімде жоспарланыпты. «Тілеужан ғылыми жұмысына зор шабытпен кірісіп аяқтайды. Алайда осы жылдары Қытай мен КСРО  арасында  біраз жағдайлар  болды және жетекшісі Б.Кенжебаевтың қайтыс болуына байланысты кандидаттық жұмысы қорғалмай қалды. Ғылыми атаққа біртабан жақын қалғанда ағаң оның соңына түспеді», – дейді апай» (Шығыс Түркістан әдебиетін тұңғыш зерттеуші. «Жас Алаш» газеті, 25 ақпан, 2021 ж.).

Таңжарықтың «Алғашқы жинақ» кітабына басылған суреті

Енді Т.Жолдыұлының «Алғашқы жинақ» кітабында басылған ақынның  фото суретіне тоқатала кетейік. Жас ғалым Е.Сіләмханұлы «Таңжарық Жолдыұлының алғашқы жинағы және бізге белгісіз суреті» атты мақаласында: «Біздің назарымызды аударғаны осы жинақтың ішкі мұқабасына басылған ақынның суреті. Суреттің астына «марқұм Таңжарық Жолдыұлы» деп жазылған. Берілген суретте ақынның бейнесі қазіргі күнде кең тараған, басында шылапасы бар суреттен гөрі басқаша. Бұнда басында тақиясы бар бейнесі берілген. Жинақтың 1948 жылы шыққанын ескерсек бұл суреттің ақын бейнесінен тым алшақ еместігі белгілі» деп жазады.

Менің білуімше бұл ақын Таңжарықтың Үрімжі түрмесінен шығып келіп, Күнес ауданында Жер-су мекемісінің басшысы болып істеп жүргенде түскен суреті болу мүмкін. Сурет анық болғанымен, ол кездің баспа техникасының нашарлығынан сурет өте сапасыз басылған. Мен осы суретті Құлжадағы Іле педагогикалық институтының әдебиет факултетінде оқып жүргенде көргенмін. Қайдан көрдіңіз дейсіз ғой? Кәдімгі институт кітапханасынан көргем. Біздің иниститутқа 1980 жылдардан бастап, Қазақстанда шығатын «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Денсаулық» және басқа мерзімді басылымдар Бейжің айналып келіп тұрды. «Қазақ Совет энциклопедиясының» оншақты-томы да сол кезде болған. Соның 10-томынның 550-бетінде ақын Т.Жолдыұлы туралы жазылған қысқаша мәлімет беріліп, Таңжарықтың осы суреті басылған.

Сол кезде Қытайға белгілі суретші, ауылдас ағам Әбдімәжіт Ертуған ұлы Таңжарықтың осы суретін негіз етіп, «Менің арманым» деген тақырыппен майлы бояу суретін салған болатын. Суретші Ә.Ертуғанұлы 2005 жылы Қазақстанға туысшылап келгенде ол кісімен кездесіп сухбаттасқан едім. Сол кезде Әбдімәжіт аға: «Әлімжан, өзің білесің Таңжарықтың бұл суретін  «Қазақ Совет энциклопедиясында» басылған (3-4) фота суретін негіз етіп 1983-84 жыдары алғашқы жобасын сыздым. Кейін осы суретті фотоға түсіріп, оны үлкейтіп шығарып алып Іле педагогикалық институындағы қарт педагог, Таңжарықтың құрдасы, руласы, ауылдасы Әсейін Жақсылықұлына көрсетейін деп үйіне арнайы бардым. Аман-сәлемнен кейін іздеп келген бұйымтайымды айтып, суреттегі адамның кім екенін айтпай ол кісіге көрсетім. Ол кісі бірден танып, «Мынау әлгі жынды ғой», – деді. «Жындыңыз кім?» – деп едім, ол кісі: «Бұл Таңжарықтың суреті ғой, недеген ұқсатып салғансың», – деді. Ол 1946 жылы түрмеден  шығып Құлжаға келгеннен кейін арбамен Күнеске кетіп бара жатқанда Жамантыд кездесіп едік. Дәл осы суреттегі бейнесі әлі есімде, мұрты бар болатын», – деп көзіне жас алды Әсейін ақсақал. Бұл суреттің Таңжарықтың суреті екеніне көзім жеткеннен кейін 2001 жылы бұл суретті дамытып, идея қосып қайта салып шықтым. Суретшілер де ақын, жазушылар секілді туындысына көркем образ береді ғой. Қаламгерлердің қаруы қалам мен көркем тіл болса, біздің қаруымыз қылқалам мен бояу, образды ой», – деп еді.

(3-4-5 суреттер. Мақалада айтылған Таңжарық суретіне қатысты суреттер. Суретті салған Әбдімәжіт Ертуғанұлы)

Осы мақаламды жазып отырып әлеуметтік желі арқылы Құлжа қаласында тұратын суретші Ә.Ертуғанұлымен әлемметтік желі арқылы хабарласып, – Сіз салған Таңжарықтың суретіне ұқсайтын сурет 1948 жылы шыққан ақынның «Алғашқы жинақ» кітабына басылған екен, – деп, кітапта жарияланған суреттің көшірмесін жібердім. Суретші бұрын маған айтқан сөзінің тағы бір рет дәлелденгеніне қуанып, қазір қолданыста жүрген Таңжарықтың шылапалы суреті туралы былай деді: «Таңжарықтың шылапа киіп түскен суретін менің әріптес ағам Аман Абзалбекұлы ертеректе салған болатын. Бұл сурет Таңжарықтың 25-27 жас аралығы болса керек. Соңғы кезде әлеуметтік желіде кең таралып жүрген ақынның отбасымен түскен суреті бар. Онда ақын Таңжарық шылапа киіп отыр. Суретші осы суретін негіз етіп салғаны анық. Қазір бүкіл баспасөз осы суретін пайдаланып жүр. Жұрт та осы суретке бауыр басып қалған секілді. Ал мен салған сурет  Таңжарықтың 40-жастан асып кемеліне келіп, ақындық өнері қалыптасып, отты жырларын бұрқыратып жазып жүрген кезі. Баспасөзде бұл сурет көп басылмағандықтан, ел менің суретіме жатырқай қарайтын көрінеді. Таңжарықтың түрінің осындай болғанына күмән келтіретін секілді. Бірақ ақының қайсы десе, ақынның бұл суреттін мақтанып отырып көрсетуге болады ғой. Сенің бұл жаңалығың менің мерейімді тағы бір асырып жеберді», – деді.

2005 жылы наурыз айы болатын, мен ол кезде еларлық «Қазақ елі» газетінде тілші болып жұмыс істейтінмін. Газетке наурыз мерекесі туралы матриал жазу немесе біреуге жаздыру міндеті маған жүктелді. Содан жаузушы Құрманбай Толыбаев ағамның үйіне телефон шалып, бұйымтайымды айттым. Қ.Толыбаев мақала жазып беруге келісті, «екі-үш күннен кейін үйге келіп алып кетесің ғой», – деді. Межелі уақыт толғанда ағам айтқан мекенжайға бардым. Ағам екі асатаяқты  қолтықтап алыпты, ағамның бір бұты жоқ, Шошып кеттім. Аман-сәлемнен соң, өзінің басынан өткен оқиғаны айтып берді. Сөйсек, ағаның аяғы айықпас дертке шалдыққан соң дәрігерлер ота жасап санынан төмен кесіп тастапты. Сол кезде Т.Жолдыұлының осы фото суретін Құрманбай ағаның кітап сөресінен көріп едім. Ол кісіден Таңжарықтың бұл суретін қайдан алғаны туралы сұрағанымда, «Құлжада «Іле газетінде» істеп жүрген кезде алғанмын, менің фота албомымда сақталып келді», – деді.

(6 сурет. Мақалада айтылған Құрманәлі Оспанұлы (ортада). Арғы шетінде тұрған ақын Құмарбек Сақарин, ал бергі шетінде тұрған мақалада айтылған ақын Сламхат Сейтқамызаұлы. 1982 жылы Алтай аймағының Нарын жайлауы)

Мақаламызда сөз болып жатқан Құрманәлі Оспанұлы кім?

Құрманәлі Оспанұлы Қытай қазақ әдебиеті мен баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Қ.Оспанұлы 1924 жылы желтоқсанда Қазақстанның Алматы облысы, Кеген ауданының Тоғызбұлақ деген жерінде дүниеге келген. 1930 жылы басталған ашаршылықтың себебінен ол отбасымен бірге Қытайдың Іле өңіріне көшіп барып, Құлжа маңындағы Хұдияр жүз ауылының Құмыл қыстағына келіп қоныстанады. Құрманәлі 1934 жылдан 1936 жылға дейін ауыл молдаларынан ескіше оқып хат танығаннан кейін, 1936 жылы қарашадан 1939 жылдың соңына дейін жаңаша мектепті оқып үздік бітіреді. 1939 жылдың соңынан 1941 жылдың шілде айына дейін Құлжа қаласының Жария мектебінде 5-6-сыныпты оқып бітіреді. 1941 жылы тамыздан 1943 жылға дейін Ұлттар гименазиясын жоғары нәтижемен бітіреді де, жолдамамен Нылқы ауданына мұғалім болып барады. Білікті жас мұғалім көп ұзамай Нылқыдағы Жартоған метебінің директоры болады.

Ол 14-15 жасынан қазақтың лиро-эпостық жырлары «Қозы Көрпеш-Баян», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Күше қыз», «Мақпал қыз» т.б. жырларын оқып жаттап алады. Бала кезінде айтыс өлеңдерге де қызығып, әйгілі айтыс ақындарының шешен әрі тартымды сөз шеберлігін үйреніп, айтысқа да түседі. Жергілікті шонжарлардың халық бұқарасына жасаған зұлымдығын бала жастан көріп өскен ақын, халықтың еркідікті аңсаған арман-тілегін ақындық сезіммен шебер өреді. Ол халықтың бостандығы мен азаттығы жолына батыл ізденіс жасап, Гоминдаңның зұлымдығына батыл қарсы шығады. Нылқыда тұтанып, Құлжада лаулаған Үш аймақ ұлт-азттық көтерілісін қолдап, оған белсенді араласады. «Бұл мезгілде ақын қаламын қару ете сермеп 1945 жылы ақпанда «Күтемін» атты тұңғыш семсерімен оқырманмен бет көрісті.  Содан бастап «Гүлім едің», «Ес еркіндеп», «Күле тұр», «Арайлап азаттықтың алтын таңы» қатарылы саяси-әлеуметтік және көңіл күй лирикаларын жазып, сол кездегі «Төңкеріс таңы» газеті мен «Одақ» атты әдеби журналда жариялап жүрді» (А.Кіршібаев. Құрманәлі Оспанның өмірі мен шығармалары. «Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер», 2-кітап, 869-бет. Үрімжі).

«Үш аймақ төңкерісі» кезінде ұлттық үкімет жағынан шығарылған «Төңкеріс таңы» газетінің жауапты редакторы, бөлім бастығы болған. 1948 жылы Шынжаңда «Бейбітшілік пен демократияны қорғау одағы» құрылып, оның орган гезеті «Алға», әдеби журнал «Одақ» шыққанда «Алға» гезетінінің жауаптысы болады. Жаңа Қытай билігі орнағаннан кейін, 1949 жылдан 1950 жылға дейін «Іле газеті» мекемесінің қазақ редакциясында, 1951 жылдан 1954 жылға дейін Шынжаң өлкелік халық үкіметінің орынбасар басшысы, 1954 жылдан 1956 жылға дейін Іле аймағының орынбасар уәлиі (әкімі), партия комитетінің тұрақты жорасы болады. 1958 жылдан 1963 жылға дейін Іле қазақ овтономиялы облысының әкімі болады. Солақай саясаттың ықпалымен 1963 жылдан 1977 жылға дейін қызметінен шететіліп, арнаулы бақылауда алынады. Елге жылымық келіп, заман оңалғанда атақ-абройы қалпына келеді. 1979 жылдан 1990 жылға дейін ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің орынбасар төрағасы, ШҰАР халық құрылтайынның (маслихатының) жорасы, орынбасар меңгерушісі қатарлы міндеттерді атқарады. Соңғы өмірін зейнеткерлік сапармен өткізіп, 1999 жылы бақилық болады» (Жиырмасыншы ғасыр Қытай қазақ жазушылары. 133-б. Үрімжі).

Қ.Оспанұлы 1950 жылы «Күркешеден күллі әлемге» атты поэмасын жазып, қазақ бұқарасының қоғамдық орнын күркешеден күллі әлемге жария етеді. Ақынның соған дейінгі өмір жолы да осы толғауындағыдай еді. Ол қойшының күйкі күркешесінен поэзия әлеміне қарай қанат қағады. Ақын дүниежүзі бейбітшілігін қорғаудың Полшада өткізілген ІІ жиналысына қатнасады. Осыдан бастап ақынның ойлы да, образды алуан тақырыптағы көркем лиркалары әкімшілік қызметтің әредігінде жарияланып тұрады.

1958 жылы ақын Қ.Оспанұлы Тәшкентте ашылған Азия, Африка жазушыларының құрылтайына, 1960 жылы Қытай Әдебиет-көркемөнершілерінің ІІІ кезекті құрылтайына қатнасады, Осы жиналыста ол мемлекеттік жазушылар одағының Қытай ауыз әдебиет қоғамының жоралығына сайланады. Қ.Оспанұлы ақындық биігіне қанат қаққан кезінде солақай саясаттың қақпайына ұшырап, араға он неше жыл салып барып әдебиет шебіне қайта оралады. Осы тұста «Айна бұлақ», «Не бердім» секілді  ойнақы да, отты толғаулары мен сұлу лиркаларын арт-артынан ағытады.

Белгілі сыншы, баспагер Асан Әбеуұлы құрастырған кітапта Қ.Оспанұлының өмірі мен жасампаздығы туралы жазылған мақалада: «Құрманәлі Оспанұлының жарым ғасырдан астам уақытқы жасампаздық сапарында мыңға жуық өлең-жыр, онға жуық баллада, дастан жазып жариялайды. Бүгінгі күнде ақынның: «Шаттық жырлары» (Ұлттар баспасы. 1957 ж.), «Алуан әуендер» (Іле халық баспасы. 1988 ж.), «Тияншан жырлары» (Ұлттар баспасы. 1980 ж.), «Меруеттер» (Халық баспасы. 1981 ж.), «Жылдар ізі» (Ұлттар баспасы. 1983 ж.) қатарлы жыр жинақтары ілгерінді-кейінді баспадан шықты. Әдебиеттің жанкүйер жақыны болған қаламгер өзге қаламгерлермен бірлесіп, «Салиқа-Сәмен» операсын жазумен бірге, рухани, тарихи құны бар көптеген естелік, эсселер жазған. Бұл жақтан «Үш майдан» (Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1991 ж.), «Шіркін бұраң дүние-ай» (Шынжаң халық баспасы. 1999 ж.) естелік, эссе кітаптары жарыққа шықты. «Қыз бейіті», «Таудағы дадүй» атты саханалық шығармалары бар. Оның өлеңдері ханзу, ұйғыр, қырғыз тілдерінде, орыс, түрік қатарлы шетелдерге аударылған. Еліміз іші сыртына танылған лирік ақын.

Ол Қытай Жазушылар одағының, Шынжаң Жазушылар қоғамының мүшесі, «Ұлттар әдебиеті» журналы редакция алқасының мүшесі болған. Оның өлеңдерінде ой мен сезім, көрініс пен көңіл күй, реалдық пен арман тоғысып жатады. Айталық, «Оның өңі мен түсі» дәуір шындығы мен қоғамдық болымысты бейнелеудегі автор жасампаздығындағы үлгілердің бірі. Осы баллада мемлекеттік аз санды ұлттардың үздік шығармаларын бағалауда бірінші дәрежелі сыйлық алған. Ал, ақын шығармаларына ұлтымыздың ішінен және өзге ұлттардан берген баға аз емес» («Жиырмасыншы ғасыр Қытай қазақ жазушылары», 134-б. Үрімжі) деген деп жазылған.

Демек, Қ.Оспанұлы ерте есейіп, ерте атқа мініп, әдебиеттің де биліктің де тізгінін қатар ұстаған қоғам қайраткері. Сол себептенде ақын Т.Жолдыұлының қазасының бір жылдығына байланысты ақынның өлеңдерін жинап, кітап қып шығаруға оның қарым-қабілеті, толық мүмкіндігі боланы анық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, ақын Таңжарықтың «Алғашқы жинақ» атты кітабы табылып, бүгінге дейін бізге беймәлім, күңгірт қырларының бетін ашып берді. Осы арқылы біраз тарихи дерекке қаныққандай болдық.

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

3 пікір