Сейсенбі, 11 Қараша 2025
Білгенге маржан 135 0 пікір 11 Қараша, 2025 сағат 14:34

Қазақтардағы арық ақсақалы

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Қазақтардағы арық ақсақалы, мұрап және тоғаншы ұғымдарының мәні мен қызметі

Кеңестік тарихнамада қазақ қоғамының «көшпелі ғұмыры» кеңінен қарастырылып, қазақ даласындағы отырықшы мәдениет екінші деңгейдегі тақырыптар қатарына ығыстырылды. Еліміздегі 1991 жылдан кейін тарих, археология, этнография салаларында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан территориясында отырықшы мәдениеттің іздері кеңінен қарастырылды. Бұл зерттеулер, өз кезегінде, қазақ даласында көшпелілер қоғамымен қатар, отырықшы мәдениеттің қарқынды дамығандығын көрсетті. Ал, отырықшы қоғамның негізгі шаруашылық діңгегі болып табылатын егіншілік – қазақ даласының ірі өзендері ареалында дамыды. Атап айтқанда, Ертіс, Сырдария, Іле, Талас, Шу сынды т.б. өзендердің бойында егіншіліктің алғышарттары ерте темір дәуірінде қалыптасқан. Кейіннен түрлі саяси, шаруашылық-экономикалық себептерге байланысты кей өңірлерде егіншілік өз маңызын жойды. Бірақ, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде кей уақыттарда тоқырауға ұшырағанымен, егін шаруашылығы жойылған жоқ.

Жалпы қазақтарда егіншіліктің суалмалы (лимандық / тәлімі) және суармалы түрлі болды. Алайда, негізінен өзендерден, көлдерден арық тартуға негізделген суармалы егіншілікке басымдық берілді. Өйткені, Қазақстанның оңтүстік өңірлері табиғаты жаңбыр аз түсетін құрғақ континетке жатады. Ал, егіншілік арнайы суарылғанда ғана жақсы нәтиже беретіндігі даусыз. Егінді сумен бас арық, арық, кіші арық, жап, салма сынды т.б. түрлі көлемдегі біртұтас суландыру жүйесі қамтамасыз етті. Сондай-ақ, аталмыш арық түрлеріне салынатын шығыр, қарабура, түкірткі, тарнау сынды ирригациялық құрылғылар суландыру жүйесінің функциясы күрделі болғандығын көрсетеді. Осындай күрделі суландыру жүйесін әрдайым дұрыс қалпында ұстау және егіншілерге суды шығынсыз һәм уақытылы қамтамасыз ету мен суды бөлудің тәртіп реттілігін қадағалаудың өзіндік қиындығы болды. Ұзақ жылдардағы халықтық тәжірибе негізінде осы бағыттағы күрделі жұмысты үйлестіріп отыратын және басқаратын арнайы мамандардың қызметі қалыптасты. Бұл ретте, қазақтарда арық қазу, суды бөліп пайдалану, қазу-тазалау жұмыстарын жүйелеп ұйымдастыратын арық ақсақалы мен мұрап сынды халықтық басқару қызметін атап өтуге болады. Дәстүрлі ортада институционалдық мәні бар аталмыш суды пайдаланудың дәстүрлі жүйесі отырықшы қоғамның ұжымдаса еңбек етуін қамтамасыз етті. ХІХ ғ. 60-жылдарынан бастап Түркістан өлкесінде патшалық Ресей үкіметі өзінің әскери-саяси билігін мықтап орнатқаннан кейін жергілікті билікке ықпал ету тетіктерін арттырып, оның ішінде өңірдің суландыру жүйесін басқару ісін де назардан тыс қалдырған жоқ.

Шаруашылық жүйесі егіншілікке негізделген отырықшы қоғамда бас арық, арық, бөгет, тоған, жап тәрізді түрлі суландыру жүйелерінің техникалық жай-күйін және суды бөлуді үйлестіретін арық ақсақалы, мұрап, тоғаншы, шыбықшы т.б. сынды функционалдық ұғымдар болды. Аталмыш ұғымдардың ішіндегі ең көнесі, әрі отырықшы халықтарда кең таралған атау мұрап жөнінде Н.Д. Оңдасыновтың «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігінде»: «Мир+аб жер, егін суаратын, судың дұрыс пайдалануын бақылайтын кісі (су бастығы, су ақсақалы)» (Оңдасынов, 1958: 258), – деп берілген. Сонымен қатар, кейбір еңбектерде мұрап сөзі араб тілінен шыққан деген де пікір бар.

Л.Мейердің еңбегінде араб тілінде «мир» – патша, «об» – су деген сөздердің бірігуінен туындаған сөз деп келтірілген (Мейер Л. Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами Генерального штаба. Киргизская степь Оренбургского ведомства. СПб.: Тип. Веймара и Персона, 1865. С. 103.). Дәл осындай ой Е.Смирновтың еңбегінде де кездеседі (Смирнов Е. Сырь-Дарьинская область. Описание, составленное по официальным источникам. СПб.: Тип. М.М. Стасюлевича, 1887. С. 104). Мұндағы екі автор тарапынан да бірдей келтірілген пікір тілдік тұрғыдан да, тарихи үдерістер тұрғысынан да ешқандай қисынға келмейді. Өйткені, араб тілінде су сөзі «об» емес, шын мәнінде «ма'» деп қолданылады (Баранов, 1994: 735). Осының өзі-ақ мұрап арабтың сөзі еместігін білдіреді. Шындығында, «об» сөзі парсы тілінде су деген мағына береді (Рубинчик, 1-том, 1970: 31). Ал, «мироб» сөзінің алғашқы буыны «мир» патша мағынасын беретін «äмир» сөзінің қысқарған түрі. Яғни, «мир» және «об» сөздерінің бірігуінен парсы тіліндегі «мироб» сөзі туындаған (Рубинчик, 2-том, 1970: 588). Мұны ежелгі Иран жерінде суды бөлуші адамның «мироб» деп аталғандығы нақтылай түседі. Парсылардағы (ирандықтар) аталмыш мұрап қызметі функциональдық тұрғыдан біз қарастырып отырған кезеңдегі (ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басы) Орта Азия халықтарындағы мұраптармен бірдей болғанымен, институциональдық тұрғыда мүлдем кереғар болды. Өйткені, парсылардағы мұраптарды қауым мүшелері таңдауымен емес, арнайы патша тарапынан тағайындалған. Мұндай мұраптық қызмет атадан балаға мұрагерлік жолмен берілген. Сондықтан, олар билеуші таптың өкілі ретінде ірі жер иелерінің мүдделерін қорғаған. Бұл өз кезегінде шағын жерге ие қарапайым шаруалардың егіндерінің құлдырауына (әсіресе, суы аз құрғақ өлкелерде) әкеліп отырған (Фамили, 1967: 131). Сонымен қатар, парсылардың атамекені Қосөзен аралығы ежелден егіншіліктің отаны болғандығы да «мұрап» сөзінің Орта Азия елдеріне парсы тілінен енгеніне күмән тудырмасы анық.

Суландыру жүйесіндегі келесі бір ұғым «тоғаншы» атауы жергілікті Сыр бойы қазақтарының қолданысындағы тоған сөзінен келіп шыққан. Дегенмен, О. Нақысбеков 1955–1963 жж. аралығында ел ішінен жинақтаған материалдары негізінде жазылған «Жергілікті халық тіліндегі арық-атыз түрлеріне байланысты қолданылып жүрген сөздер жайында» атты мақаласында тоған сөзінің екі түрлі мағынада қолданылатындығына тоқталады. Нақтырақ айтқанда, жергілікті тұрғындар Алматы, Жамбыл және Шымкент (қазіргі Түркістан облысы) облыстарының тұрғындары кеңдігі екі-үш метрдей болатын үлкен арық, ал Қызылорда облысының халқы суға салынған бөгет мағынасында қолданады (Нақысбеков, 1965: 169-170). Демек, қарастырып отырған Сыр бойы қазақтарында тоғаншы деп бас арықтардың бастауын Сырдариядан алатын тұсқа қойылатын судың көлемін реттеуші бөгеттердің қызметін бақылаушы адамды атайды. Бұл пікірімізді, Е.Смирновтың төмендегі сипаттамасы нақтылай түседі: «Кейбір үлкен каналдардың суқабылдағыш немесе су таратқыш тұсындағы бөгеттерді салу кезінде тас, қамыс, шыбық және топырақты қолданғандықтан үнемі бақылауды талап етеді. Сондықтан осындай бөгеттерді бұзылудан сақтаумен қатар, арық ақсақалының бағыты бойынша суды реттеп отыратын тоғаншы қызметі де ескерілген. Яғни, тоғаншы бөгеттің биіктігін көтеру, енін ұзарту, каналдың басын бөгеу немесе суды ағызу сынды жұмыстарды жүргізу арқылы суды реттеп отырды (түпнұсқадан аударған – Н.Д.)» (Смирнов, 1887: 108). Сонымен қатар, тоғаншыны арық ақсақалының өзі таңдай алады (Шахназаров, 1908: 92). Бұл, әрине, арық ақсақалының суландыру жүйесінің жұмысын толыққанды қадағалауға берілген «тетік» деуге болады.

Суландыру жүйесін реттеу функциясын атқарушы тұлғалардың ішіндегі ең жоғарғы сатысындағы қызмет түрі арық ақсақалы болып табылады. Суын бірнеше ауыл пайдаланатындай үлкен каналға бірнеше мұрап таңдалып, ал олардың бірлесе жұмыс істеуін дұрыс үйлестіру үшін мұрапбасы немесе арық ақсақалы тағайындалады. Оған бүкіл мұраптардың басшысы ретінде жоғары басқару мен маңызды мәселелерді шешу міндеті жүктеледі (Смирнов, 1887: 108). Арық ақсақалы негізінен суландыру жүйесінің техникалық жай-күйін бақылауға алады. Бас арықтар мен өзге де суландыру жүйесі түрлерінің ақауларын қалпына келтіру, оларды тазалау сынды жауапкершілігі жоғары, халықты ұйымдастыруды талап ететін күрделі жұмыстар арық ақсақалдарының міндетіне кіреді (Александров, 1919: 21).

Суландыру жүйесін ұйымдастырушы тұлғалар қызметінің функциялық ерекшеліктері мен еңбек бөлінісі жөнінде Л. Мейер төмендегідей мағлұмат келтіреді: «мұраптар егіншілерге арықтағы суды бөлумен, шыбықшы болса арық қазу, тазарту сынды жұмыстарды қадағалаумен айналысты. Ал, ақсақал бүкіл арықтардың жүйелі түрде халыққа қызмет етуіне басшылық еткендіктен, қарамағындағы арықтар мен бөгеттер оның есімімен аталатын болған (түпнұсқадан аударған – Н.Д.)» (Мейер, 1965: 103).

Жергілікті халық арық ақсақалын үш жылға сайлағаннан кейін, сайлау нәтижесі ретінде оны Әскери Губернатор арнайы бекіткен. Ал, мұраптарды арық ақсақалы тағайындаған. Мұраптар арық қазу кезінде негізінен өмірлік немесе атадан балаға мұра болған тәжірибеге сүйеніп отырған. Арнайы техникалық білімі болмағанымен дұрыс ойлау, зеректік және көз мөлшерімен жұмыс істеуді меңгерген (Дингельштедт, 1893: 200).

Суға қатысты даулы мәселелер көбіне тез арада және әділ шешім қабылдауды талап еткендіктен, мұраптардың араласуымен лезде шешілген. Мұндай мәселелер көбінесе су бөлу кезінде туындайды. Ал, егін суару кезек күттірмейтін мәселе болғандықтан, кейінге қалдыруға болмайтын еді. Өйткені, уақытында суарылмаған егіннің шығымы да аз болатыны даусыз. Ал, жергілікті өңірде шешімін таппаған үлкен даулы мәселелер мен түсініспеушіліктер кейде уездік әкімшілікке дейін жетіп отырған (Дингельштедт, 1893: 376-377).

Егер, бір арықпен суғарып отыратын бес егінші өз жерлерін суландыру үшін кім бірінші суарады деп  өзара бәстеседі, осы мәселені шешу үшін өздерінің мұрабына жүгініп отырады. Кезектегі соңғы егінші даулы жердің мәселесінің шешімін үнемі сұрап отырған. Нақты негіз болмағандықтан, бұл мәселенің шешімі табылмай, жеребе тастауға мәжбүр болатын еді. Бәстескендердің әрбірі ұзындығы 1/2 вершокты (Орыстың көне ұзындық өлшем бірлігі. 1 вершок шамамен 4,4 см-ге тең) құрайтын таяқшаны алып, оны кертеді. Таяқшадағы кертіктердің саны бірден беске дейін болған. Содан кейін таяқшалардың барлығын мұрапқа берген. Ал, мұрап болса таяқшаларды құмға немесе жерге қойған. Содан кейін оларды жақын маңдағы ауылға шақырып, шамамен 10 жастағы балаға әлгі жердегі немесе құмдағы таяқшаларды бір-бірден алып, мұрапқа ұсыну керектігін түсіндірген. Егер, бала бірінші үш кертігі бар ағашты алса, онда әлгі таяқтың егесі бірінші кезекке ие болса, содан кейінгі алынған  бір кертігі бар екінші таяқша екінші кезекті білдіріп отырған. Осылайша, кезек мәселесін шеше алған (Дингельштедт, 1893: 333).

Сыр бойы және Түркістан өңірі халықтарына ортақ әдеттік құқық жүйесіне негізделген суды пайдалану бойынша қауым мүшелері ұстанатын төмендегідей ережелер қалыптасқан:

– егінін суарғысы келетін әрбір қауым мүшесі арықты сумен қамту және суландыру жүйесін тиісті тәртіпте ұстау жөніндегі барлық жұмыстарға қатысуы керек;

– барлық дақылдарды суаруға су жетіспесе, су бірдей бөлінуі қажет;

– жеребе бойынша әрбір қауым мүшесіне кезек белгіленуі тиіс;

– су тапшылығы кезінде, ең алдымен, суды арықтың төменгі жағындағы жер иелері, содан кейін жоғары тұсындағылар суаруға міндетті;

– суды кезексіз пайдалану немесе артығымен суару құпталмайтын іс болып табылады және айып салынады (Шахназаров, 1908: 91-92).

Түркістан генерал-губернаторының жобасы болған «Арық ақсақалы» мен «Мұрап» қызметтік белгілері Әскери министрдің ұсынысымен 1896 жылғы 2 желтоқсандағы Мемлекеттік кеңестің арнайы жарлығымен бекітілді. Аталмыш белгілер 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін соғылып, арық ақсақалдары мен мұраптарға беріліп келді (Мельник, Можейко, 1993: 116).

Жиырма жылдан аса қысқа уақыттық қолданыста болса да аталмыш қызметтік белгілер өзгеріске ұшырады. Алғашында дөңгелек және бадамгүл пішіндегі белгілердің беткі жағына (аверс) Түркістан өңірінің гербі соғылды (сурет). Белгінің иесі не қызмет атқаратынын (арық ақсақалы немесе мұрап), кімге және оған кім бағынатын түсінуі үшін қызметтік атау орыс және араб тілдерінде жазылды. Артқы жағына (реверс) соғылған жылы ІІ Николайдың вензелі4 түсірілді. Кейіннен бұл белгілер бұрынғыдан да жеңілдетіліп, Түркістан өлкесінің елтаңбасының орнына лауазым атымен алдыңғы жағында: «Жетісу өңірі» деген жазу пайда болды, ал артқы жағында – жазуы жоқ аймақтың елтаңбасы бар. Мұрап пен арық ақсақалы қызметтік белгілері ақ металға соғылған алғашқы «ауылдық» белгілер болғанын атап өткен жөн (Мельник, Можейко, 1993: 116).

Мұраптарға берілген медаль жөнінде Ә.Ж. Ахантаева өзінің диссертациялық зерттеуінде өте құнды мәлімет келтіреді. Автордың мәліметінше, Сыр бойы қазақтарының арасында беделі жоғары болған мұрап Нұртаза Қоспамбетұлы темір жол құрылысы кезінде дарияға қойылатын көпірдің орнын анықтап көрсеткені үшін Николай ІІ-нің қолынан «мираб» деген медаль алып, шекпен киген екен (Ахантаева, 2008: 65). Бірақ, бұл дәстүрлі қазақ қоғамындағы әсірелеудің нәтижесі деуге болады. Өйткені, патшалық кезеңде «мираб» деген медальдың түрі болмаған. Ал, шын мәнінде Нұртаза Қоспамбетұлына берілген медаль емес, «мираб» қызметтік белгісі болуы бек мүмкін.

Сурет. Түркістан генерал-губернаторлығындағы мұраптың қызметтік белгісі.

Суландыру жүйесін басқару және ұйымдастыру барысында ең бірінші ретте егістікке су бөлу мен оның реттік кезегін сақтау маңызды мәселе болып табылады. Яғни, арықтың бойындағы егіншілерге суды өз кезегімен уақытында бөліп беру. Бұл мәселе негізінен мұраптардың жауапкершілігіне жүктелген. Өз кезегінде арықтың басына жақын орналасқан егіншілер бірінші кезекте су алатындығы қисынды, әрі даусыз. Осы орайда «Әкең мұрап болса да су басынан орын ал», «Ханның қасында болғанша, судың басында бол» деген халықтық тәмсілдердің қалыптасуының негізсіз еместігін байқауға болады.

Егіншілер қауымындағы екінші мәселе – егін маусымы аяқталғаннан кейін, арықтарды тазарту жұмыстары болды. Бұл іске арық ақсақалы мен қатар мұраптар да атсалысып отырған. Мұндай жұмыстарда аталмыш жандардың ұйымдастырушылық қыры көрініс табады. Мұраптар мен арық ақсақалының талабы бойынша, өздері тұтынатын арықты тазарту жұмыстарына әр шаңырақ жұмысқа еңбек күшін шығаруға міндеттеліп отырған. Жұмысқа тартылған әрбір жан өзімен бірге кетпен ала келетін болған. Бұл сол кезеңдегі арық тазарту жұмысына тартылатын шамамен 100-ден 1000-ға дейінгі адамның барлығын еңбек құралымен қамтамасыз ету мүмкін болмағандықтан туындаған жағдай еді. Кей уақыттарда арыққа күрделі жұмыстарды жүргізу кезінде бұдан 2-3 есе көп еңбек күші қажет болған.

Ең күрделі әрі жауапкершілікті талап ететін үшінші міндет – ол жаңадан арық қазу немесе ұзарту, тоған бекіту, қарабура, сипай сынды гидротехникалық құрылғылар орнату. Осындай үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыстар арық ақсақалының тікелей жауапкершілігіне жүктелген. Алдын ала жұмыс барысы, жұмыс күшінің саны, оларға төленетін ақысы есептеліп жоғары басшылықтан рұқсат алынатын. Арық қазу барысында халықтық тәжірибе негізгі рөл атқарды. Яғни, арық ақсақалы арық арнасының бағытын көз мөлшерімен бағамдап анықтайды. Жаңадан тартылған арық негізінен ұйымдастырушы адамның, қаржылай қолдау білдірген тұлғаның есімімен немесе қазуға қатысқан рудың атауымен аталған. Арық тазарту жұмыстары жыл сайын жүргізіліп отырған. Себебі, екі-үш жыл тазартылмаған арықтың арнасы бекітіліп, су көлемі азайып, қолданыстан шығып отырған. Ал, арықтың бітелуі отырықшы қоғамның тіршілік көзі – егіннің құлдырауына әкелетін еді. Сондықтан, суландыру жүйесін басқаратын арық ақсақалы мен мұраптар егіншілер қауымында жоғары құрметке ие болды.

Суландыру жүйесін басқару және үйлестіру бойынша атқаратын жандарды арық ақсақалы, тоғаншы, шыбықшы, сырықшы сынды атаулар болғанымен, ең көнесі және барлығын біріктіруші ұғым мұрап болды. Суландыру жүйесін басқару институты отырықшы қоғамда егіншіліктің дамуына ықпал етуші қоғамдық қызметтің түрі болды. Өйткені, егінді суару үдерісі мол өнім алудың кепілі болып табылады. Ал, осы егінді суару барысында арықтан судың дұрыс бөлінуін қамтамасыз ету мұраптардың жауапкершілігіне жүктелді. Осының өзі-ақ шаруашылық жүйесі егіншілікке негізделген отырықшы қоғамда мұраптардың беделі жоғары болғандығын көрсетеді. Осындай жан-жақты жүйеленген бақылаудың арқасында арықтардың арнасы бекітілмейтін. Егіншілерге су жетпей қалатын жағдайлар сирек орын алатын. Бұл мұраптар мен арық ақсақалының суландыру жүйесінің дұрыс жұмыс жасауын жіті қадағалап отырғандығының нәтижесі еді. Арықтардың қандай да бір жерін су жырып кеткен жағдайда дер кезінде халықты жинап қалпына келтіретін. Қазақ ауыз әдебиетінде «Су патшасы мұрап, түн патшасы шырақ», «Жақсы мұраптың соңынан су ереді, жаман мұраптың соңынан шу ереді» сынды мақалдардың қалыптасуынан халық арасында мұраптардың әлеуметтік-шаруашылық орнының жоғары болғандығының көрінісі ретінде бағамдауға болады.

Әдебиеттер:

Александров Н.Н. Земледелие в Сыр-Дарьинской области. Описание приемов земледелия преимущественно Ташкентского хлопкового и сухоземледельческого района // Туркестанское сельское хозяйство за 1916–1918 гг. Ч. 1. Общие приемы земледелия. Ташкент. 1919. С. 1–247.

Ахантаева Ә.Ж. Сыр өңірі қазақтарының дәстүрлі жер шаруашылығы: тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғ. ортасы мен ХХ ғ. басындағы деректер бойынша). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дəрежесін алу үшін ұсынылған диссертациясының қолжазбасы. Ғылыми жетекшілері С.Е. Әжіғали, А.У. Тоқтабай. Алматы, 2008. 164 б.

Баранов Х.К. Арабско-русский словарь. Ташкент: Камалак, 1994. 912 с.

Дингельштедт Н.А. Опыт изучения ирригации Туркестанского края. Сыр-Дарьинская область. СПб. : Тип. Министерства Путей Сообщения, 1893. 366 с.

Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 14-том / Құраст.: М.Малбақов, Қ. Есенова, Б.Хинаят және т.б. ­Алматы: «Арыс» баспасы, 2014. ­Т–Ұ. 800 б.

Қазақ мақал-мәтелдері / Құраст. М. Аққозин. Алматы: Қазақстан, 1990. 288 б. (қазақ, орыс тілдерінде).

Қартаева Т.Е. Сыр өңірі қазақтары: тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). Екі томдық. 2-том. Алматы: Қазақ университеті, 2014. 325 б.

ҚР ОМА. 124 қор. 1 тізбе. 20 іс. 72 п.

ҚР ОМА. 124 қор. 1 тізбе. 20 іс. 72-80 пп.

ҚР ОМА. 232 қор. 1 тізбе. 29-в іс. 345 п.

ҚР ОМА. 232 қор. 1 тізбе. 29-в іс. 79 п.

М-в Н. Ирригационные работы в Казалинском уезде // Туркестанский сборник. 1880. Т. 247. С. 145-148.

Мейер Л. Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами Генерального штаба. Киргизская степь Оренбургского ведомства. СПб.: Тип. Веймара и Персона, 1865. 288 с.

Мельник Г.К., Можейко И.В. Должностные знаки Российской империи. М.: «Хронос», 1993. 288 с.

Нақысбеков О. Жергілікті халық тіліндегі арық-атыз түрлеріне байланысты қолданылып жүрген сөздер жайында // Қазақ диалектологиясы. 1-шығуы. Алматы, 1965. 160–179-бб.

Обзор Сыр-Дарьинской области за 1908 г. Издание Сыр-Дарьинского Областного Статистического Комитета. Ташкент: Типо-литография В.М. Ильина, 1909. 69 с. + приложение І-ХХХ.

Оңдасынов Н.Д. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. ­Алматы: Қазақстан, 1974. 384 б.

Рубинчик Ю.А. Персидско-русский словарь. 1-том. М.: Русский язык, 1970. 783 с.

Рубинчик Ю.А. Персидско-русский словарь. 2-том. М.: Русский язык, 1970. 790 с.

Смирнов Е. Сырь-Дарьинская область. Описание, составленное по официальным источникам. СПб.: Тип. М.М. Стасюлевича, 1887. 343 с.

Фамили А.А. Ирригационное строительство в Иране // Водные ресурсы и водохозяйственные проблемы стран Азии. М.: Наука, 1967. С. 129–141.

Шахназаров А.И. Сельское хозяйство Туркестанского края. СПб., 1908. 512 с.

Нұрлыбек Айдарбекұлы Досымбетов,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір