Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 1060 0 пікір 19 Мамыр, 2023 сағат 15:06

Жат ағымның жетегінде кетпеу үшін не істеу керек?

Адамзат қоғамындағы маңызды әлеуметтік-мәдени саланың бірі – дін десек, діни сауаттылық пен діни танымды үнемі дамытып отыру маңызды міндет. Әсіресе, барлық ақпарат ғаламторда тоғысқан заманда дін туралы ақпаратты сауатты тұтыну керек. Қоғамның негізгі күші жастардың деструктивті ағымның жетегінде кетпеуіне мүмкіндік туғызу бүгінгі күннің басты талабы.

Өзекті мәселеге айналып отырған жат ағымдар қоғамның тұтастығына қауіп төндіруде. Деструктивті ағымдар ежелден халқымыз ұстанып келген дәстүрлі ислам құндылықтарын теріске шығарып, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызға кереғар пікірді қалыптастырады. Өкінішке орай, дәстүрлі дінді жат ағыммен шатастырғандар жалған сенімнің артынан еріп кетуде. Жат ағымның жетекшілері көбінесе, тұрмысы нашар әлеуметтік топтан шыққан көпшілікті иектейді. Олардың алдында өздерін нағыз жанашыр, діндар ретінде көрсетеді. Қарапайым халықты артынан ерту үшін оның сеніміне селкеу түсіріп, ата-бабасы ұстанған салт-дәстүрден жерітіп, отбасына, еліне, жеріне қарсы қояды. Сондай-ақ жат ағымда кеткендер мемлекеттің заңын мойындамайды, сыйламайды, отансүйгіштік, ұлтжандылық деген қасиетті сезімдерді аяққа таптайды. Теріс сенімге әлі ой-өресі қалыптаспаған, өмірге деген көзқарасы тұрақталмаған жастар еріп кетіп жатады. Олар жат ағымдардың қандай айла-шарғымен өздерінің арам ойларын жүзеге асырып жатқанын білмейді. Жат сенімді ұйымдардың кесірінен айрандай ұйыған талай отбасының шаңырағы ортасына түсіп, талай ата-ана зар жылап қалып жатыр.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы азаматтар білуге тиіс бірнеше ескертпені атап көрсетеді:

Деструктивті ағамыдар қоғамға іріткі салып, отбасылық құндылықтар мен адам денсаулығына қауіп төндіреді. Олар қазақ ұлтының және еліміздегі басқа ұлттардың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне қарсы шығады. Мәдениетін жоққа санайды. Мемлекеттік мерекелер мен атаулы мейрамдарды, сондай-ақ беташар, тұсау кесу, сәлем салу, жеті нан тарату, әруақтарға құран бағыштау сияқты дәстүрлерді мойындамайды. Зайырлы мемлекет заңдарына мойынсұнбайды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді. Қазақстандағы басым көпшілік ұстанатын Ханафи мазһабын мойындамайды. Мұсылман мемлекеттердің және Орталық Азиядағы діни мектептердің білімін жоққа шағарады. Исламның дәстүрлі жолында жүрген мұсылмандардың сенімін күпірлікк балайды. Өзге дінді ұстанушылар мен дін ұстанбайтындарға түсіністік танытпайды. Музыка, балет, суретшілік сияқты өнер түрлері мен заманауи өнер түрлеріне өшпенділікпен қарайды. Әскерге бару, орта білім алу сияқты бекітілген міндеттерді орындаудан бас тартады. Медициналық ем-домнан бас тартады. Сонымен қоса, вакцина салдыру, трансплантация, қан құю сияқты медициналық процедуралардан түбегейді бас тартады.

Жат ағымның жетегінде кеткендердің ұстанымынан осы аталғандарды байқаймыз. Бірақ олар ешқашан өз ілімдеріне күманданбайды, тіпті белсенді түрде жүрген жерінің бәрінде насихаттап жүреді. Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. Осы ретте айта кетейік, деструктивті ағымдар тек ислам дінін жамылып, өз ниеттерін жүзеге асырмайды, жат ағымның протестандық және шығыстық түрлері де бар. Ең қызығы жат ағымдардың өз көздеген мақсаты болады. Қаражат табу, геосаяси мақсат немесе иделологияны тарату.

Исламтанушы Тұрапбай Ақтөре жат ағымға ергендерді халықтың құқығын тең дәрежелі ететін Қазақстан Республикасының заңына, бірлікке шақыратын ата-баба ұстанған ислам дінімізге, өткенімізге, ата-бабамызға құрмет көрсетуге, ізеттілікке шақыратын дәстүрімізге керағар көзқарасы арқылы танып білуге болатынын айтады.

«Бұл үш дүние халықты ауызбіршілікке үндейді. Егер діни сенім осыларды жоққа шығаратын болса, ол деструктивті ағымдағы адам болғаны. Ал дәстүрлі дін дегеніміз – ата-бабамыздан келе жатқан ауызбіршілікке, бауырмалдыққа, мейірімділікке, яғни ислам дінінің ішіндегі негізгі құндылықтарын шынайы көрсете білген, біздің дәстүрімізбен, қазақилығымызбен біте қайнасқан дін»,-деді исламтанушы.

Бүгінде елімізде тыйым салынған жат ағымдардың тізімі ғаламторда бар. Бірақ теріс сенім вирус сияқты, қай жер сол жерден соғады. Сондықтаан оған қарсы қолданатын антивакцина әрдайым болуы керек. Бұл дегеніміз – елге дұрыс ақпарат жеткізу. Жат ағымды насихаттаушылардың айтып жүргендері өтірік екенін түсіндіру. Әрбір азамат өзін рухани жетілдіремін, діни білімімді арттырамын десе, ақпаратқа сүзгі жасай білуі керек.

Сенімді дереккөздерден білім алып, өзінің критикалық ойын дамытқаны абзал. Дінді арнайы мешіттерден үйренсе, діни білімі дұрыс бағытта қалыптаспақ.

Қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитетіне қарасты kazislam.kz порталы, azan.kz, ummet.kz, muslim.kz, mazhab.kz, sunna.kz т.б. отызға жуық діни сайт жұмыс істеп тұр.  «Мұнара» газеті, «Иман» журналы, «Хикмет» телерадио студиясы бар. Діни құндылықтарды осындай сенімді көздерден үйрену керек.

Елімізде жат ағымдардың алдын-алу мақсатында көптеген жұмыстар атқарыып келеді. Биыл ҚМДБ-ның жанынан Діни оңалту бөлімі, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі ашылды. «E-Мүфтият» жобасы да жұмысын бастады. Сондай-ақ республиканың ір өңірінде өкілдіктер деңгейінде, қала, аудан деңгейінде де жұмыстар атқарылуда. Діни ақпарат беру орталығы тәулік бойы істейді.  33-30-30 нөмері арқылы адамдар діни мәселелерге байланысты сұрақтарына жауап ала алады.

Сурет: ғаламтордан

Abai.kz

0 пікір