Думан Мұхаммедкәрімге жаңа айып тағылды
Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімге жаңа айып тағылды. Бұл туралы Азаттық жазды.
Бұл туралы 9 маусымда Азаттыққа журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады. Айтуынша, Думан Мұхамедкәрімге "террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша айып тағылған.
"Бізде жаңа ғана 258-бап бойынша қозғалған іс аясында жауап алынды. Думан қорғануға құқығы бар куә ретінде сұрақтарға жауап берді. Іс Әблязовпен болған сұхбатқа қатысты. Өзге ақпарат айта алмаймын", - деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.
Думан Мұхаммедкәрім 28 мамырда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 25 тәулікке қамалған. Изоляторда сот шешіміне қарсылық білдіріп, аштық жариялаған. "
10 күннен бері тек су ішіп жатыр. Бүгін жауап алуға келгенде екінші қабатқа әрең көтерілді. Өте әлсіз. Арықтап кеткен. Күші жоқ" , - деді адвокат.
*Сурет Азаттықтан алынды.
Abai.kz