Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 2318 3 пікір 13 Маусым, 2023 сағат 13:09

Өрт пен дерт

Неге апат қайталанбайды деген кепілдік жоқ?

Абай облысындағы өртке президент те, қоғам да өз бағасын беріп жатыр. Әлемдегі осы күнгі ең алапат өрт боп, рекордтық деңгейге жеткен бұл апаттың себебін тура әрі нақты анықтау қиын болар: табиғи факторлар ма, әлде салғырттық па, әлде қолдан жасалған қылмыс па, оны тергеу органдары анықтай жатар.

Мен өрт саласының маманы емеспін, сондықтан бас жаққа барыспай-ақ қояйын. Менікі – билік пен қоғамның реакциясын бағалау ғана.

Біріншіден, біз – өкімет те, жұртшылық та - ақсақ қой секілдіміз: түстен кейін ғана маңыраймыз! Болуы ықтимал табиғи не қолдан жасалған апаттардың алдын-алу деген бізде мүлдем жоқ! Жүйеде жүйелі жұмыс жоқ! Өрт, жарылыс, су тасқыны секілді катаклизмдермен бар күшті салып күресеміз де, оларды болдырмаудың амалын қарастырмаймыз! Абай облысындағы трагедияның ең басты себебі осы деп білемін! Жаман айтпай, жақсы жоқ, ең сорақысы сол: төтенше жағдай саласының мамандары ертең елдің қай жерінде тағы да не бұрқ ете қалатынын алдын-ала болжап айта алмайды!

Екіншіден, мамандардың айтуынша, осы саланы қаржыландырудың деңгейі сын көтермейді екен. Жоғары жалақы, тиісті әлеуметтік пакет болмаса, жақсы мамандар осынау қиын, тәуекелге толы, арнайы білім мен дайындықты қажет ететін, адам өміріне қауіпті салаға қызметке бара қоя ма? Қазіргі бюджеттің тоны да келте: басын жапса, аяғы ашылатынын, аяғын жапса басы, ашылатынын бәріміз білеміз. Сол себепті бұл саланы қаржыландыру бір күнде еселеніп, ендігәрі өрт болмайды деп те айта алмаймыз.

Қоғам пікіріне келсек, әрине, 14 адамның өмірін жалмаған сұмдық апатқа жол берген нақты шенділерді жауапқа тарту керек деген талаптарға түсіністікпен қарау керек. Бірақ, жүйелі түрде өзгеріс болмай, бір адамды орнынан алып, екіншісін сол орынға қойғанмен жағдай жақсара қоя ма? Оның үстіне, біздің заңнамада әртүрлі деңгейдегі жауапты шенеуніктердің жеке бас жауапкершілігі туралы жазылған ба? Ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі органдардың функциялары нақты түрде анықталып, ара-жігі ажыратылған ба? Мысалы, Экология министрлігіне орман қоры, ТЖМ құзырына кадрлар, техника қараса, облыс әкімдігі не үшін жауап береді? Осындай апаттар болуы ықтималдығы мен өршу бағыттары мен жылдамдығын алдын-ала болжау кімнің құзырында?

Әрине, шенділердің жауапсыздығы, біліктілігі мен кәсіби деңгейінің төмендігін сынау орынды. Мекемедегі техника да ескі-құсқы екенін енді біліп жатқандаймыз. Сонымен қатар, соңғы кезде «төтенше жағдай қызметтері пәленше деген жерде оқу-жаттығу өткізді», «олардың мамандары мен техникасы кез келген төтенше жағдайға сақадай сай» деген ақпаратты жиі естіп жүрміз бе? Ол жағын да ойластырған жөн болар.

Қыза-қыза келіп, өрт секілді тілсіз жаудан тек қана таза саяси қорытынды шығарып, «бұның бәрі елдегі саяси жүйенің авторитарлық сипатынан болып тұр» дегендермен де толығымен келісе салу қиын: демократиясы қарыштап дамып келе жатқан елдерде де бұдан да өткен жойқын апаттар орын алып тұрады.

Ел басына күн туған кезде алдын-ала жоспарлаған шетел сапарына бармай, қиналып жатқан жұртымен кездесіп, қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, елден кешірім сұраған президенттің қадамы, сөзсіз, адамгершілік пен саяси тұрғыдан алғанда құптарлық іс. Осындай қиын-қыстау сәтте ел өз басшысын көргісі келеді, оның келуінің өзі – адамдарға зор моральдық қолдау.

Алайда,  президент келді екен деп, өрт өздігінен сөне қоймайды. Керісінше, облыстың барлық құрылымдары мемлекет басшысының сапарын дайындауға кірісіп кетеді. Сол жағы да тағы бар екенін мойындайық.

Баяғы жартас – сол жартас: Жаңа Қазақстан ескі Қазақстан тұсындағы мемлекеттік машинаны «қолмен басқару» дертінен арыла қоймаған сияқты. Әйтпесе, кез келген түйткілді мәселені шешуге міндетті түрде президент араласуы керек пе?! Дұрыс жүйеде әр деңгейдегі орган өз жұмысымен айналысуы тиіс!

Әрине, Семейдегі кездесу кезінде президенттің жанында тұрған жас министр қарындасымыздың көзіне жас алып, жылап тұруы әлеуметтік желілерде жылдам әрі көптеп тарап, нағыз хит болып кетті.

Ол неге жылады?

Әкесі, ұлы, қызынан айрылып, көкірегі қарс айрылған отбасыларын көріп, толқығаннан ба?

Әлде, шетелде оқып келіп, ауыл-аймақтағы нақты жағдайды өз көзімен көріп, содан шошып кеткеннен бе?

Әлде, мемлекеттік басқару аппаратын әбден дендеп алған жемқорлық пен біліксіздікті көргеннен бе?

Әлде, біз білмейтін басқа себеп бар ма екен?

Президент барды, тиісті кадрлық және басқа да шешімдер қабылданды. Бірақ ертең кең байтақ еліміздің басқа бір түкпірінде осы іспеттес апат болмайды деген ешқандай да кепілдік жоқ!

Ең сорақысы - осы!

Әміржан Қосан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5456