Рухың сына көрмесін, Семейліктер!
Қазақ барда Абай даласын тілсіз жау жеңе алмас! Біз біргеміз!
Семейім-сырлы қалам, биік төрім.
Туыстарым, достарым, сүйікті елім.
Тілсіз жауды жеңе алмай саған тиген
Шарасыз жатыр жаным күйіп менің.
Еріксіз еңсені иіп сары уайым
(Сынақтың бізге ақ осы бәрі дайын)
Кеш Семей.
Бұлтқа айналып кете айналмадым
Көлтаусар бола алмаймын, неғылайын...
Жә, жарамас езіліп, егілгенім.
Естісін дауысымды елім менің
Кім көріпті Семейдегі батырлардың
Тартынып, тиген жаудан жеңілгенін?!
Мен-Абаймын, Алашпын, Мен-өлеңмін.
Отты да, суды да сан бөгегенмін.
Мен-Шыңғыс, Тарбағатай, Ертіспін мен
Мен- бомбаңды жеңген Дегелеңмін!
Айтарым барша туыс, бар досыма
Бірлік керек жау келсе ел қасына
Рухың сына көрмесін Семейліктер
Ағайын сен құлама, сен жасыма!
Кетпесін жан әлсіреп, босап буын.
(Жатырмын жолдың қамын жасап бүгін)
Жаратқан жарылқай көр Абай елін
Қабыл қылсаң, бұл да бір тасаттығым.
Қазақ барда Абай даласын тілсіз жау жеңе алмас! Біз біргеміз!
Апаттан мерт болған жандардың туыстарына қайғырып, көңіл айтамын.
Ринат Зайытов
Abai.kz