Апталық талдау: сарапшылар «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасын неге саяси маусымның басты құжаты деп бағалайды?
Үгіт-насихат науқаны басталысымен сарапшылар қауымы Құрылтай депутаттарын сайлау алдында бәсекелес партиялардың бағдарламалық құжаттарын қарап шықты. Науқанның әуелгі аптасында «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасы саясаттанушылар арасында сараптамалық талқының өзегіне айналды.
Белгілі саясаттанушылар, экономистер мен салалық сарапшылар партияның бағдарламалық құжатын жан-жақты талдап, саясат сахнасында пайда болған жаңа ұжымның сайлаушылар алдына қандай жоспармен шыққанын кәнігі көзқараспен бағамдап көрді. Саяси аренаның тамырын басып отырған білгірлер «Әділетті» осы сайлау науқанына басты үміткер мәртебесінде қадам басты деген ортақ пайымға тоқтайды.

Сурет: «Әділет» партиясынан алынды.
Президент бағытын қолдайтын фаворит
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев партияны сайлау маусымының фавориті деп атайды. Өйткені, оның кадрлық әлеуеті мен ресурстық мүмкіндіктері осыған мүмкіндік береді. Партиялық тізімінде мемлекеттік басқару саласының тәжірибелі мамандары, заңгерлер, сондай-ақ металлургия, энергетика және агроөнеркәсіптік кешеннің ортансынан шыққан мамандар топтасқан.
Ал саясаттанушы Данияр Әшімбаев бағдарламаның мазмұнды шыққанын, ондағы мақсаттардың ауқымын және оның Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сай іске асырылуын ерекшелеп көрсетеді.
«Кез келген партияның жеңіске жетуі үшін бастапқыда үш негізгі құрамы болуы қажет – мықты ресурстық база, сапалы кандидаттар тізімі және қуатты бағдарлама», – дейді ол.
Сонымен қатар, оның пікірінше, партия Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі саяси бағыттарды дамыта отырып, оларды халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін өтейтін жаңа ұсыныстармен толықтырған.
Сарапшылардың айтуынша, бағдарламада патерналистік уәделерден саналы түрде бас тартып, оның орнына институционалдық прагматизмге, құқықтық тәртіпті нығайтуға және нақты көңіл иланатын көрсеткіштерге басымдық берілген. Оны басқалардан осындай сипаты айшықтап тұрғанын айтады.
Саясаттанушы Әділ Кәукеновтің ойынша, бағдарламаның басты ерекшелігі – негізгі назар жеке тұлғалардан гөрі тұрақты механизмдерге аударылған.
«Құндылықтар мен институттарға басымдық берілгені көзге бірден түседі. Бағдарлама авторлары Қазақстанның басты мәселесі ресурстың жетіспеушілігінде емес, мемлекеттік институттар мен саяси мәдениеттің сапасында екеніне үнемі оралып отырған. «Әділет» өкілдері өткеннің сарқыншағы саналатын ұраншыл уәделерден бас тартқан. Оның орнына нақты мақсатты индикаторларды ұсынды. Бұл сайлаушылармен ашық әрі адал диалог жүргізуге және сонымен бірге өз мойнына жауапкершілік алуға дайын екендігін көрсетті», – деді ол.

Сурет: «Әділет» партиясынан алынды.
KPI-мен бекітілген бағдарлама
Жауапкершілік тақырыбын жалғастырған саясаттанушы Ислам Кураев партияның негізгі міндеттерді нақты көрсеткіштермен, яғни KPI жүйесімен бекіткенін ерекшелеп көрсетеді.
«Жеті стратегиялық мақсат пен 10 бағдарламалық бағыт нақты өлшемдерге негізделген: 1 миллион жұмыс орнын құру, тұрғын үймен қамтамасыз ету көлемін бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу, өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру. Бағдарламадағы әрбір бастама нақты сандық көрсеткіштермен сүйемелденген. Осы арқылы «Әділет» өз саяси жауапкершілігінің деңгейін саналы түрде арттырды. Бағдарламаның негізінде жекелеген басшыларға тәуелді жүйе емес, орнықты институттарды дамыту қағидаты жатыр», – деді ол.
Өз кезегінде саясаттанушы Казбек Майгелдинов партия бағдарламасының маңызды тұсы деп мынаны атап өтеді. Оның айтуынша, бағдарламада мемлекеттік институттардың жұмысын барынша ашық етуге ерекше мән берілген. Бұл басқару жүйесінің ашықтығы мен есептілігін күшейтері сөзсіз.
«Партия басқару сапасы белгілі бір лауазымда кімнің отырғанына тәуелді болмауы керек деген ұстанымды алға тартады. Бұл тұрақты әрі жекелеген тұлғаларға тәуелсіз мемлекет құру идеясының тікелей жалғасы. Сондай-ақ партия бағдарламаның әрбір тармағы бойынша цифрлық панель арқылы жұртшылық алдында тұрақты есеп беруді жоспарлап отырғанын ерекше атап өткен жөн. Бұл партиялық мәдениет үшін ашықтықтың жаңа стандартын қалыптастырады», – деді ол.
Бағдарламаның экономикалық бағытын електен өткізген сарапшылар да ерекшелік тауып отыр. Мұнда да шикізаттық модельден институционалдық сапалы өсімге және өнімді терең өңдеуді дамытуға бет бұрғанын ерекшелеп айтады.

Сурет: «Әділет» партиясынан алынды.
Жекеменшікті қорғау мен қайта өңдеу және тереу өңдеу
Qazaq Expert Club ұйымының экономисі Саида Тілеуленова «Әділет» партиясының бағдарламасы қазіргі жаһандық экономикалық үрдістермен үндес екенін атап өтті.
«Бағдарламаның экономикалық бөлімі әлемдік экономиканың сандық өсімнен институционалдық сапалы дамуға көшу үрдісін көрсетеді. Онда жекеменшік құқығын қорғау, адал бәсекелестікті дамыту, монополиялануға қарсы күрес және кәсіпкерлікті қолдау басты назарға алынған. Сонымен қатар, экономиканың шикізат секторына тәуелділігін төмендету бағытына ерекше мән берілген», – деді ол.
Өнеркәсіп саласындағы реформалардың қолданбалы сипатына салалық сарапшы Нұрлан Жұмағұлов жан-жақты тоқталып, партия ұсынған бастамаларды атқарушы билік үшін дайын іс-қимыл жоспары деп бағалады.
«Негізгі қағидат – шикізат экспортынан оны терең өңдеуге көшу қажет. 2030 жылға қарай еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 18 миллион тоннадан 30 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Бағдарламаның энергетикаға арналған бөлімі жалпы ұрандар жиынтығынан гөрі Үкіметке арналған нақты міндеттер тізіміне көбірек ұқсайды. Онда нақты өндірістік қуаттар, мерзімдер және салалық көрсеткіштер айқын белгіленген», – дейді ол.
Әлеуметтанушы Жақсыбек Жиенәлиев пен саясаттанушы Эдуард Полетаевтар «Әділет» партиясының бағдарламасы патерналистік көмек ауқымын кеңейтуге емес, кәсіпкерлікті дамытуға, индустрияландыруды ілгерілетуге және адами капиталды нығайтуға негіз болатын стратегиялық бағыттарды іске асыруға басымдық беретінін атап өтті.
Сайып келгенде, қай сарапшының да пайымында ортақ бір түйін бар. «Әділет» партиясы бүкіл сайлауалды науқан үшін мазмұнды әрі сапалы қоғамдық пікірталастың жоғары стандартын қалыптастырып отыр.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.
Abai.kz