Шығыстағы Даниал Ахметовті кім алмастырады?
Ертең Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметовтың әкім дейтін дәудей қызметі аяқталады. 15 шілдеде 69 жасқа толатын «ең егде жастағы» әкімнің орнына кім келуі мүмкін? «Чемодан госсекретов» Telegram-арнасы болжамды кандидаттардың тізімін ұсыныпты. Олар:
Бұрынғы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді,
Президенттің көмекшісі Әсет Исекешев,
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев,
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев.
Әсет Исекешев 2022 жылдың ақпан айында президенттің көмекшісі болды. 2008 жылы дәл осындай лауазымды атқарды. 2012 жылы индустрия және жаңа технологиялар министрі болды. 2016 жылдан 2018 жылға дейін Астана әкімі болды.
Мұхтар Тілеуберді 2023 жылдың сәуірінде ғана сыртқы істер министрі қызметінен кетті. Содан бері саяси қызметте емес.
Алмасхан Сматлаев 2014 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істейді. 2014 жылдан 2016 жылға дейін әкімнің көмекшісі, 2016 жылдан 2018 жылға дейін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, 2018 жылдан 2020 жылға дейін әкімнің орынбасары, 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін әкімнің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді.
Ал Ермек Көшербаев Ауылшаруашылық министрлігінің вице-министрі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2020 жылдың 29-қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірді 2014 жылдан бастап басқарып келеді. Ол бұл лауазымға үш рет – 2017, 2019 және 2022 жылдары қайта-қайта тағайындалған. Былтыр президент Тоқаев оның өкілеттігін ұзартқан болатын.
Кейінгі уақытта Шығыс Қазақстан облысында болып жатқан апатты жағдайлар Ахметовтың орнынан кетуіне ықпал етуі әбден мүмкін. Оған халықтың наразылығы арта түскенін әлеуметтік желілерден байқауға болады.
Abai.kz