Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 2890 1 пікір 3 Шілде, 2023 сағат 14:39

Көш көкжиегі кеңейіп келеді...

Мамыр айының 17-і күні «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамдық қорының жанындағы қоғамдық комиссияның отырысы өтті. Отырысты экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы жүргізді. Қор президенті Абзал Сапарбекұлы негізгі баяндама жасап, қордың өткен жылғы атқарған жұмысын қортындылап, 2023 жылғы міндеттерін ашалап түсіндірді. Сонымен бірге Түрікменстаннан келген қандастардың Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарына қоныстану мәселелері сөз болды. Депутаттар, құзырлы органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым басшылары мен белсенділер қатынасып, Қазақ көші төңірегіндегі толғақты ойларымен бөлісті. Біз Алматыдан онлайын түрде қатынастық.

ҚР ІІМ -нің көші-қон полициясы басқармасының бастығы Дастан Айтқулов мырзаның мәліметінше, сәуір айына дейін елімізде 4575 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған. Атышулы індет дендеп тұрған кезде де көш тоқтамапты. Қандастарымыз шекарамыз жабылған елдерден үшінші ел арқылы елімізге келе бастапты. Нақты цифрға жүгінсек, 2020 жылы 13 мың, 2021 жылы 17 мың, 2022 жылы 19 мың адам қандас мәртебесін алыпты. Әрине, бұлардың ішінде ертерек келіп ары-бері сабылып жүрген қандастар да болуы мүмкін. Биылдан бастап пандемия кезінде тоқтап қалған B 10 деген этникалық қандастарға қаратылған виза рәсімдеу қалпына келіп, әр елде тұратын қандастарымыз ешқандай алым төлемей 3 жылдық көп мәрте виза рәсімдей алатын болды.

Елімізде цифрлық жүйенің қалыптасып, дамуына орай қандастар қызметі де цифрлық жүйеге көшті. Қазір қандастарымыз көші-қон саясаты туралы ақпарат алғысы келсе, кез-келген жерден 1404 бірыңғай байланыс орталығына тегін қоңырау арқылы әр облыс орталықтары мен республикаға төте қарайтын қалалардағы «Отандастар қоры» қызметкерлерінен кеңес ала алады. Сонымен бірге барлық облыс, қала, аудан орталықтарындағы халыққа қызмет өтеу орталықтары арқылы жеңілдетілген тәртіппен ықтияр хатқа және азаматтық алуға құжаттарын тапсыра алады. Бұрынғыдай әр мекеменің есігін қағып, сабылмайды. Иран және Қытайдан келген, жасы ұлғайған қандастарымыз болмаса әсіресе жастар жағы электрондық үкіметтің жұмыс істеу тәртібін меңгеріп алған. Дегенмен, крлиция жазуын толық меңгермеген немесе жергілікті жағдайдың қыр-сырына толық қанықпаған кейбір жұмыс басты болған қандастарымыздың делдалдардың жұмысына жүгінетіні рас.

Сондықтан да қандастарымыз шоғырлы қоныстанған өңірлерде бірнеше ұрпақ делдалдар қосыны қалыптасты. Әрине, олардың ішінде араны ашылмаған, Құдайға қараған жұмысты сапалы, тиянақты пітіріп беріп, тисті ақшасын алатын кісілер жоқ емес. Дегенмен, ертерек келгенін капитал көріп,жергілікті құқық қорғау және әкімшілік қызметкерлерімен сыбайласа отырып қарапайым қандастың қалтасын қағатын сұмырайлар да толып жүр. Олар топ құрып, партия ашам деп жылу жинайды. Әлеуметтік желіде отырып елім деп еңіреп, жерім деп жер тепкілегенде сай-сүйегіңді сырқыратады.Ақеділ, аңқау қандастар мен популистік бағытта жүрген партия құрғыш көсемдер қалай алданғанын білмей қалады. Жақыннан бері Алматы облысында шу болып жатқан, азаматтық ала алмай жүрген қандастар туралы оқиғаның астарында ескі және жаңа делдалдардың күресі мен бәсекелестігі жатыр. Солардың кесірінен құжатсыз жүрген отызға таяу қандастардың мәселесіне жоғары жақ назар аударады деп сенеміз.

Былтырдан бастап ішкі және сыртқы көші-қонға арнаулы квота бөлінетін облыстардың саны сегізге жетті. Оның ішінде қандастарға арналып 1920 квота бөлінді.Әр адам басына шаққанда 241 мың теңге көлемінде төлем беріледі. Сонымен бірге наурыз айынан бастап қандастарды тұрғын үймен қамдау үшін 4 милион тенге бюджеттен қарастырылады. Бұл сома сол квота бөлінген облыстарда қарапайым баспана құнының тең жартысына жетіп қалады. Сол өңірдегі тұрғылықты мекен-жайдың орташа есептелген коммуналдық қызмет төлемі көлемінде баспананы жалға алуға өтемақы беріледі.

Өз еркімен туысшылап немесе көшіп келем деген қандастарға атамекеннің қақпасы қашан да айқара ашық. Қалаған жеріне тіркеліп, құжаттарын дұрыстап алып қоғамның бір мүшесі болып жұмыс істеуіне еш кедергі жоқ. Дамыған елдердің көші-қон саясатында тәрбиеден өткен грин картасы сияқты «Атажолы» картасы жақында ғана өмірімізде қолданысқа енеді. Бұл картаны өзге елде туып-өсіп бизнес, IT, өнер саласында жетістікке жеткен қандастарымыз қолдана алады. Картаның мерзімі 10 жыл. Осы карта бойынша қандастарымыз шетелде тұрып қандас куәлігін рәсімдей алады. Енді бірнеше айдан кейін айналысқа енетін «Құтты мекен» бағдарламасы бойынша қандастарымыз шетелде тұрып немесе шекарадан өткен кезде азаматтыққа, ықтияр хатқа құжаттарын рәсімдей алады. Цифрлық дамудың басты нысанасы құқық қорғау, және шекара, кеден, дипломатия қызметі саласындағы барлық әкімшілік, адами кедергілерді азайтып, жалған құжат жасаумен айналысатын делдалдардың тынысын тарылту екендігін күнделікті тәжрибеде дәлелденіп келеді.

Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы да өз міндетіне алған жұмыстарын тыңғылықты атқарып келеді. Әсіресе, басты назарды ішкі және сыртқы көші-қон аймақтары саналатын солтүстік, шығыс, батыс облыстарға аударып отыр. Сол облыс орталықтарына жақын орналасқан ауылдардан арнаулы қандастар қалашығы салынбақшы. Алды салынып болса, артының заңдық, құқықтық, сметалық құжаттары әзірленуде. Әрине, адамдардың дені ақпаратты дәстүрлі баспасөз құралдарынан емес әлеуметтік желі мен ютуб каналдарынан алатындықтан көп бағдарламалар мен жаңа саясаттардан хабарсыз шығар? Бірақ, щындық осы.

Мемлекттік органдар мен қоғамдық ұйымдар заман ығына жығылып популистік қимылмен айналысып кетсе, зардабын халық және мемлекет тартады. «Әр заманға бір сұрқылтай» десек те, ұлт пен мемлекеттің мүддесі қашанда озық дәстүрмен сабақтасып жататынын ұмытпайық.

Сонымен көш көкжиегі кеңейіп келеді. Алайда, жетерсіздіктер болса, ол тарихи және адам бойындағы табиғи кемшіліктермен қабаттасып жатқан факторлар келтіріп шығарғанын ұмытпайық. Әрине, кемшіліктерді түзетіп, жетілдіруге мүмкіндігіміз мол. Қазақ көшіне қаратылған үлкен бағыт өзгерген жоқ. Биылғы парламент сайлауында Моңғолиядан келген үш қандасымыз Үнзила Шапаққызы Шапақ, Нұргул Тауқызы, Жарқынбек Амантай Республика парламентіне партиялық тізіммен және бір мандаты округтар бойынша сайланды. Ал, қала облыс, аудан мәслихаттарына депутат болған қандастардың қарасы тіпті де мол. Міне, бұл отыз жылдан астам уақыттан бері ұлт көшбасшысы пәрменді түрде  жүргізген көші-қон саясатының Жаңа Қазақстан дәуірінде сапалық, сандық көрсеткішінен және ұлттық бірегейлену үдерісінің жаңа белеске көтерілгенінен дерек береді.Қандастар әлде кімдер айтқандай кірменің күнін кешіп жатқан жоқ, қоғамдық, саяси, әлеуметтік орны жоғарылап келеді. Мына жаһандану заманында етек-жеңімізді қымтап, оңымыз бен солымызды тану үшін бізге ұлт болып ұйысып, құбылып келетін құрығы ұзын қатерлерге қарсы ұлттық иммунитетімізді жоғарылату үшін Қазақ көшінің маңызы деп білеміз.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379