Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2752 0 пікір 17 Маусым, 2013 сағат 20:21

Әмiржан Қосанов. Табанының бүрi жоқ тарих немесе Марат Тәжиннiң тағы бiр бастамасы туралы

КӨҢIЛЖЫҚПАСТЫҚ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚҚА ҰРЫНДЫРАДЫ

КӨҢIЛЖЫҚПАСТЫҚ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚҚА ҰРЫНДЫРАДЫ

Әдетте, демократиялық емес режимдер тарихқа көп мән бер­мейдi. Оларға бүгiнi мен ертеңi қажеттiрек. Оның үстiне, адамзат һәм өз елiнiң өткен кезең­дерiнде авторитарлық жүйелер тарихи объективизм тұрғысынан ерте ме, кеш пе, әйтеуiр, мiн­деттi түрде құрдымға кететiнi туралы мысалдар “ашылып” қалады. Ондай әңгiменiң оларға ке­регi не? Асылып өлген адамның үйiнде арқан туралы сөз етпей­тiнi сияқты, сол “жабулы қазан жабулы күйiнде” қала бергенi ондай билiкке тиiмдi.
Бiрақ та қатаң режимдердiң кейде тарих тереңiне арнайы үңiлiп, идеологиялық “жылымық” мiнез танытатын кездерi де болады.
Мұндай қадам шынымен де қо­ғамдық сұраныстан тууы мүмкiн. Жұрт санасында боп жатқан өзгерiстердi билiк­те­гi көзi ашық, елдiң ертеңгi күнiн ойлайтын тұлғалар сезген де болар.
Шынымен де, қа­зiр азаматтардың қоғамдық белсендi­лiгi артып келедi. Және де ол қызығушылық тек әлеумет­тiк не экономикалық мәселелерге ғана қа­­­тыс­ты емес. Әлем­­­дегi әртүрлi оқи­ғалардан хабардар бола бастаған адамдар тек қана күйкi тiрлiгi туралы ғана емес, өткен-кеткен тарих жайында да сауалдар қоя бастайды.
Оның үстiне қо­ғамдық өмiрдiң бү­гiнi мен болашағын анықтайтын мықты фактор дүниеге келдi: ол ұлттық сана-сезiмнiң, соған негiзделген намыстың оянуы. Оянып қана қоймай, миллиондардың жүрегiн жаулауы, саяси трендтiң ең басты анықтауышына айналуы!
Дәл осы жайт осы күнге дейiн көп жағдайда ресми қалыптан, әсiресе, Кеңес заманының қатаң да қытымыр қағидаларынан шыға алмай келген формальды, тым идеологияландырылып кеткен тарихқа бейресми, жаңаша заман талаптары тұрғысынан қарауға мәжбүр етуде.
Мiне, осыны сезген билiк қоғам өмiрiндегi тың тенденцияны өз қолына алып, сол үдерiске көшбасшы болуға ұмтылуда. Мемхатшы жасаған баяндаманың басты симптомы осы деп бiлемiн! Өкiметтiң логикасы мынадай: “Егер де өзiмiз қазiр қолға алмасақ, ертеңгi күнi бiзге бағынбайтын басқалар, соның iшiнде қазiргi билiкке сыни көзқарасы барлар, сол тарихты жазып қоюы мүмкiн!”.
Мойындау керек, құлақ үй­ренген ақордашыл пафостан шыға алмай, билiктiң сойылын бiржақты соқса да, дәл осы баян­дамасында мемлекеттiк хатшы Марат Тәжин көтерген көп мәселемен келiспеске лаж жоқ.
Мәселен, тұңғыш рет ресми тұлға тарихты зерттеудегi олқылықтар жайында ашық айтты. Тарихи ғылым, оның концептуальдық талаптары тұрғысынан интеллектуал Тәжин көңiлге қонар бiраз мәселе қозғады. Қазiргi билiктiң сыңаржақты әрi сiресiп қалған саясатының аясында осынау жаңашылдық әрi билiк атқар­ған iстерге деген сыншылдық таныту – сөзсiз құптарлық бастама. Ұзағынан сүйiндiрсiн деп қаласың тiптi...
Бiрақ мемхатшының осы сөздерiнiң денiн қолдаумен қатар, оларды толықтыру мен одан әрi тарқату қажет екендiгi ап-анық сезiлiп тұр. Өйткенi батыл баяндамамен танысу барысында бiршама сауалдар пайда болды. Және де кейбiр жақсы басталған тұжырымдар соңына дейiн жеткiзiлмей, екiұшты қалыпта қалған сияқты...
Менi ерекше елең еткiзген жайт мынау: тарихтың күрделi тұстарын зерттеу iсiнде мемхатшы мәселенiң “тарихи және... этикалық жақтарын” ескеруге шақырады. Менiңше, бұл өте-мөте қауiптi тезис!
Тарихтың аты – тарих! Болар iс болды, бояуы сiңдi. Ендi оны бас­қаша суреттеудiң қажетi жоқ. Яғни кез келген тарихи оқиға туралы тек қана шындық айтылуы тиiс! Әйтпесе, жеке бiр тұлғаның, бiр ұлттың немесе әлеу­меттiк топтың қабағына қарап, “этикалық” жағынан сыпайы боп жатсақ, көптеген нәрсе айтусыз қалады емес пе?! Бұл талаптың, әсiресе, Қазақстанды отарлау саясатына, кешегi Кеңес Одағының шынайы бет-пердесiн ашу­ға, ұлтаралық саясаттың өткiр мәселелерiне тiкелей қатысы бар. Осынау аса маңызды әрi жауапты iсте тек қана шындық, таза фактология абырой әке­ледi. Әйтпесе, тағы да тарихи-сымақ аңыздардың жетегiнде кете беремiз.
Бiр сөзбен айтқанда, кешегi қып-қызыл коммунистер жазған, Саяси Бюро бекiткен оқулықтардың орнына шын мәнiнде ұлтшыл мiнездi отансүйгiш авторлар жаз­ған, бүкiл қоғам бекiткен әрi қабыл алған оқулықтар дүниеге келуi қажет!
 
ҚОЗҒАУШЫ КҮШ – ҚОҒАМ!
Өз сөзiнде мемхатшы методология туралы жақсы айтты. Шынымен де тарихты зерттеудi базалық, ұстындық мәселелердi қайта қарамай қалыптасқан жағдайды өзгерте алмаймыз. Десек те мен Тәжин тiлге тиек етпеген екi методологиялық проблеманы айтқым келедi.
Олардың мәнiсi мынада.
Мәселен, мемхатшы: “Қазақстанның жаңаша тарихының екi онжылдығының маңызын ұғынуымыз қажет” дейдi. Дұрыс делiк. Бiрақ ол ұғыну қандай принциптер негiзiнде жүргiзiлмек? Жаңа Тәуелсiздiкке қол жеткiзгелi атқарған тiрлiкке жан-жақты, со­ның iшiнде өткен жол мен алдағы перспективаларды объективтi салыстырып, таразы басына салатын сыни тұрғыда ма? Әлде қазiргi президенттiң, мемхатшы айтпақшы, “тарихтағы ерекше ролiн” реттi-ретсiз атаумен шектелетiн жеке басқа табыну тұрғысынан ба?
Сөз жоқ, Назарбаев секiлдi президенттiң қазақ елiне сiңiр­ген еңбегi жетерлiк, бiрақ осы жылдар iшiнде орын алған олқылықтарды атау неге мемлекеттiк қылмыспен пара-пар боп саналуы тиiс?! “Күнде де дақ бар” дейдi ғой ғарыш пен қоғамды зерттеп жүрген бiлгiштер...
Яғни, “жаңаша тарихтың екi онжылдығының маңызы” кешегi Алашорда немесе Қонаев замандарының маңыздылығынан асып кетiп, тарихымыз бiржақты боп кетпесiне кiм және не кепiл? Осы жағын мемхатшы ашық айтып, тарихи әдiлеттiктi сақтап қалу механизмiн ұсыну керек едi.
Сондықтан тарих секiлдi жалпықоғамдық, керек десеңiз, жалпыадамзаттық iргелi ғылымды бейсаясиландыратын кез келдi! Яғни, ғасырларға арнал­ған тарихи оқулықтар мен зерттеулер ғұмыры “екi онжылдықтан” аса қоймайтын кезектi билiктiң сасық конъюнктуралық түзетуле­рiнен мүлдем ада болуы қажет. Тарихқа цензура жүрмейдi!
Басқасын айтпағанда, ауыл жақта кешегi тоқырау заманынан қалған “дамыған социализм” догмаларына негiзделген қаншама кiтаптар мен жинақтар тоз-тоз боп жатыр! Әсiресе, пәтшағар Брежневтiң кiтаптары қандай әсем безендiрiлiп, қандай қымбат қағазға басылып, шығарылатын. Таралымының өзi қандай көп едi! Ет жегенде қол сүртуге де пайдаланбайтын болды оларды, өйткенi шаң басып қалған! Ауылдың шаңы ғана емес, тарихтың шаңы!
Мәселен, қазiр жаңаша тарихты зерттеуге арналған тұтас институт құрылды. Дұрыс екен. Ал ел тарихының басқа да маңызды кезеңдерiн жан-жақты әрi қазiргi заман талабына сай зерттеудi қолға алатын жаңа институттар неге ашылмайды? Мәселен, бiзге қазақ ұлтының этногенезiн, яғни шығу тегiн, қалыптасу кезеңдерiн, басқа ұлттармен қан мен терге толы басыбайлы бәсекесiн тыңғылықты зерттейтiн бiлiктi орталықтар қажет-ақ! Немесе Қазақстан аумағына басқа халықтардың қалай, не себептi келгенi туралы әңгiменi бүге-шiгесiне дейiн зерттеп, баршаға ұғынықты етiп, баяндап беретiн жеке институт керек-ақ! Оның өзi қоғамдағы қазiргi ахуалға оң әсерiн тигiзерi хақ.
Және де ғылыми зерттеу iсiн­де мемхатшы негiзiнен жоғарғы оқу орындарына үмiт артады екен. Өздерi жыл сайын аттестациялардан өте алмай жатқан оларға бұл мiндет тайлаққа артқан теңдей боп қалмай ма? Оның орнына Қазақстан ғылымының алтын ордасы – Ұлттық ғылым академиясына, оның тиiстi инс­титуттарына неге осы аса маңызды шаруаны тапсырмасқа? Кезiнде анау-мынауды сылтауратып, ҰҒА-ның да түбiне жеттi, кешегi күнi билiк санасып, сөзiне тоқтайтын құдiреттi құрылымның құзырын қатардағы қоғамдық ұйымның деңгейiне дейiн құлдыратып жiбердi! Тiрi болса, Сәт­баев қазiргi билiктiң сазайын бiр тартқызар едi ғой!
Менiңше, сол қатенi түзетiп, ҰҒА-ны ең беделдi, ең маңызды ғылым ордасы ретiнде қайта құру керек! Әрi сондағы тарих институттарын жаңаша құру қажет. Бiз шын мәнiнде академиялық негiздегi тарихқа зә­румiз!
Екiншi проблема бiрiншiден туындайды.
Бiзде белгiлi бiр кезеңге тарихи баға беру iсi көбiнесе жеке тұлғалардың төңiрегiнен аса алмай, солардың көлеңкесiнде қалып қойып жүр.
Әрине, жеке адамның тарихтағы ролiн ешкiм де мүлдем жоққа шығара алмайды. Бiрақ өкiнiшке қарай, бiзде сол роль тым абсолюттендiрiлiп, бас айналып кетер биiктерге шарықтап кеткен (ол үрдiстiң түпкi се­бептерi де бесенеден белгiлi – әрбiр жаңа басшы өз тарихын жазуға тырысады!). Тарихи процестердегi қоғамның, халықтың, әлеуметтiк топтардың ролi мүлдем ұмыт қалған! Бұл жағдайды да өзгертетiн кез келдi!
Оның үстiне, халықтың тарихтағы қозғаушы күш ретiнде ролiн қайта қарау сол кезеңде, сол қилы-қилы замандардағы терең процестерге мұқият үңiлiп, олардың түпкi себептерiн тап басуға мүмкiндiк бередi. Одан жалпы тарих, қала бердi, қоғамдық ой ұтпаса, ұтылмайды!
Қазақстанның даму формациялары тұсында тарих саяси мүдделердiң, субъективтi көзқарастардың ойыншығына айналып, табанының бүрi жоқ, тұрақсыз әрi жалтақ феноменге айналды. Тарихына сенбеген ұлт бүгiнiн баянды ете алмайды, өзiнiң болашағына да сенбейдi!
Сондықтан шындық пен әдi­леттiк талаптарына сүйенiп, тәл­кекке ұшырап жүрген тарихымызды тұрақтандыратын уақыт келдi.
Онсыз қоғамды тұрақтандыру мүмкiн емес!
 
ЕРТЕҢ ЖАЗЫЛАР ТАРИХ БҮГIН ЖАСАЛЫП ЖАТЫР!
“Тарихта тек қана ақ, не қара түс болмайды” деп Тәжин жақсы айтты. Мен осы сөздi былай жалғастырар едiм: “Бүгiнгi күн­нiң болмысында да тек қана ақ, не қара түс болмайды!”.
Билiк ұғынуға тиiс бiр тарихи жайт бар: ағымдағы мемлекет саясаты – күнделiктi жазылып жатқан тарих!
Бүгiн ресми БАҚ арқылы қанша сол тiрлiктi мақтап жазса да, ертеңгi күннiң тарихшылары оны тарихи тұрғыдан қайта қарап, мейлiнше объективтi, әдiлеттi түрде баяндайды. Ол кезде Ақорданың қазiргi цензурасы болмайды, басқаша, жалпықоғамдық мүдделерге негiз­делген талаптар болады!
Сондықтан да билiкке: “ер­тең жазылар тарихыңды бүгiн түзе!” дегiң келедi.
Яғни, ертеңгi күндi күтпей-ақ, Қазақстанның бүгiнi туралы әңгi­менi мейлiнше ашық та бүкпесiз жүргiзу қажет! Қоғамда жүрiп жатқан процестерге жан-жақтан баға берiп, пiкiр­алуандығы принциптерiне сүйену дәстүрiн қалыптастыруға тиiс­пiз. Мұның өзi ғылыми объективизм талаптарынан тiкелей туындайды.
Сөз соңы орнына.
Марат Тәжиннiң өт­кендегi мемлекеттiң ақ­параттық саясаты туралы ашық та бүкпесiз әңгiмесiнен кейiн қоғам бiршама серпiлiп қалғаны рас. БАҚ саласында жылдар бойы айтылмай келе жатқан ащы шындықты естiп, мен де, өзiмнiң көпжылғы билiктiң сыншысы ретiндегi мәр­тебеме қарамай, мемхатшының сол баяндамасын қолдап, етектей мақала жазғанмын.
Бiрақ сәуегей болмасам да, менiң сол мақалада бiлдiрген күмәнiм рас болған секiлдi: БАҚ-тың баяғы жартасы, сол жартас! Өзгерген ешнәрсе жоқ: Тәжин тегеурiндi сынның астына алған бiрде-бiр шенеунiк не мемБАҚ басшысы орнынан кеткен жоқ, мемлекеттiң ақпарат саясатында да оқырман оқып, көрермен көзiне түсетiндей бiр де бiр ауыз татыр жаңалық енгiзiлген жоқ.
Осы орайда бiздiң мемхатшыны көршi елдiң президентi болған Дмитрий Медведевпен салыстырғың кеп кетедi: ол да “бостандық”, “модернизация”, “экономикалық қылмыстар үшiн жазалауды адамиландыру” се­кiлдi құлаққа жағымды, көңiлге қонымды ұрандарды жалау еткiсi келiп едi, бiрақ бәрi де сөз жүзiнде қалып отыр.
Ресейдегi ахуал аян: Медве­девтiң орнына Путин келдi, сөйтiп, мемлекет дамуының басым бағыттары қайта қаралып, тактикалық түзетулер енгiзiлдi. Ал бiзде ше: сол президент, бас­қару механизмiне бiр табан жақын сол Тәжин, сол Үкiмет, сол шенеунiктер. Баяндамаларда бекiтiлген баптарды баянды етуге не кедергi сонда?
Өз басым сол себептердi бi­летiн сияқтымын. Мәселен, ме­нiңше, мемхатшының баяндамасындағы интеллектуалды иiрiмдердi Үкiмет мүшелерiнiң бiразы түсiнбейтiн де шығар осы. Немесе түсiнсе де, оларды соншалықты маңызды нәрсе деп қабылдамайтын сияқты. Олар үшiн маңыздысы – кезектi бюджеттi өзара бөлiп-қымқыру, таяудағы тендердiң тағдырын шешiп, қанжығасын тағы да бiр майлап алу. Құлқын тiрлiк тұрғанда сенiң Тарихыңды қайтсiн олар? Керек болса, бiреудi жалдап, өз өмiрбаянын не тарихын мұнтаздай етiп, жаза салады!
Осы және басқа жайттарды билiктiң өзi ұғынса, игi болар едi.
Әрине, егер де ол шын көңiлi­мен қоғамның кейбiр саласына жаңалық енгiзгiсi келсе...
 Өйткенi сөз бен iстiң алшақтығы менi осынау күмәндарға қарай жетелей бередi...
"Жас Алаш" газеті
 
 
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371