Ғылым да табыс көзіне айналды ма?
Баяғыда университеттегі бір ұстазымыз "Өмірде не болмайды?" деген кітап жазған еді. Ол кейін қанатты сөзге айналып кетті. Міне, енді жақында әлеуметтік желідегі жаңалықтарды қарап отырғанда осы мәтел ойға орала кетті. Бұдан елімізді жемқорлық деген жегі құрт әбден жайлап алып, оның ағзасын жазылмас дертке айналдырған ба деген ұйғарымға келдім.
Енді ол өзгесін жинап қойып, еліміздегі жоғары білім беру саласын да мықтап қамтыпты. ҚазТАГ агенттігінің жазуына қарағанда, еліміздегі Ғылым және жоғары білім министрлігі өз саласына бақылауды біржолата жинап қойып, философия ғылымының докторы деген жалған диплом жасап, оларды жан-жаққа таратуды жақсы жолға қойыпты. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында-ақ мәлім болған. Козачков деген журналистің жазуына қарағанда, былтырдың өзінде анау-мынау емес, тұп-тура 58 адамның маңдайы жарқырап, аяқ астынан ғылым докторы болып шыға келді.
Таңғаларлығы, тіпті, бұл да емес. Бір ғажабы, осы жалған докторлардың аты-жөндері әлемжеліде тайға таңба басқандай етіп жазылса да, міне, Астанадағы Есіл аудандық полиция департаменті мұны тексеріп, кінәлілерді анықтауға мүлдем дәрменсіз болып отыр. Біздіңше, мұның екі себебі бар. Біріншісі, осы полиция қызметкерлерінің ішінде де доктор атағын иеленіп, жолы болғандар бар. Екіншісі, жоғары жақта көкесі мықты бұл министрлікке аудандық полицияның тісі батпай, дәрменсіздік танытып отыр. Қайсысын таңдайсыз, оны патша көңілдеріңіз білсін.
Айтпақшы, осы тек қазақтардан ғана тұратын ұзақ-сонар, сала құлаш тізімнен өзіме таныс бірер адамның аты-жөндерін де көзім шалып қалды. Мәселен, мен көптен білетін, осы Қостанайдағы жеке меншік жоғары оқу орындарының бірінің ректорының баласының есім-сойы көзіме қатты жылы ұшырап кетті.
Мүмкін, бұл маған да осы үлкен бір ғылым докторы деген жалған болса да беделді атақ бұйырмағандықтан туған көреалмастық па екен? Кім біліпті, пендеміз ғой.
Жайберген Болатов
Abai.kz