Мұқан Исахан. Сириядағы соғысқа 40 бала «жихад» деп аттаныпты...
Алдыңғы жұмада Жезқазған қаласында ҚР Дін істері агенттігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Тәкфіршілік – діни экстремизмнің қауіпті түрлерінің бірі» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік конференцияға арнайы шақыртумен бардым. Біздің зерттеуімізге қарағанда Жезқазған өңірінде тәкфиршілдер жоқ тәрізді еді. Ары кетсе, суруришілдер мен мадхалишілдер бар деп білетінбіз. Бірталай адам бас қосқан теориялық тұрғыдағы танымдық жиын, қауіптің алдын-алу шараларының бірі деп ойлағанмын. Сөйтсем мәселенің мәні басқада екен...

Кешқұрым шам намазын оқуға орталық мешітке бас сұғып, жамағатпен жүздескенбіз. Намазхандардың негізгі дені жастар екен. «Көкейде жүрген қандай сауалдарыңыз бар?» деп едік, түрлі сұрақтар қардай борады. Ерекше есімде қалғаны, жап-жас жігіттің: «Өздеріңізге белгілі біздің елден Сириядағы соғысқа 40 бала «жихад» деп аттанды. Ондағы мұсылман бауырлаға көмек қолын созамыз деп төрт қаруын сайлап отырғандар ішімізде әлі де бар. Осыған не айтасыздар?» дегені болды. Қапелімізде не айтарымызды білмей, аздап абдырап қалдық. Жезқазғанға бізбен бірге барған ҚМДБ-ның найб-муфтиі, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы, Қ.Жолдыбайұлы: «Сириядағы жағдайда мұсылман мен мұсылман бір-біріне қару кезеніп, майдандасуда. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігі белгісіз. Сондықтан, Сирияға жихад деп аттандаудың еш реті жоқ» деп жауап беріп, жамағаттың күпті көңілін орнына түсіргендей болды. Алайда, жамағаттың ішіндегі қысқа балақ, қырма мұрт, қауға сақалдылардың айылын да жимағанын аңғардым. Сөйтіп, аңырайып, абдыраған күймен мешіттен шықтық.
Бізге жолбасшы болып жүрген Сәтбаев мешітінің имамы Бағдаулеттен «Жаңағының айтқаны ақиқат па?» десем, ол: «Иә, айтқаны рас» дейді. Мұны естіп, қазақ жастарына айдын күннің аманында жылы төсегінен түңіліп, қан майданға аттанатындай не көрінді деп, аза бойым қаза болды. Сұрастырсам, «жихад» деп желіккендердің жас мөлшері 20 –ға енді иек артқан өрімдей бозбалалар екен. Әлгілердің діни тегі – Салафизмнің ішіндегі мадхалия тармағына жатады-мыс. Ғаламторда Сириядағы сунниттерді қырып жатқан қанды-қасап бейне-роликті көріп, қаны басынан шапшыған 40 бала «жихад» деп аттан салыпты. Бақсам, жезқазғандықтардың бізді шақырып, ылым-жылым құрапат өткізуінің сыры осында жатыр екен.
Конференция аяқталып, Алматыға келгенде, ҚР ҚК төрағасы Н.Әбіқаевтің Ауғанстан мен Пәкістанның шекара аймағындағы Вазиристан өңірінде қазақтың жүзге тарта баласының радикальді топтардың қарамағында әскери дайындықтан өтіп жатқанын мәлімдеген сөзін естідім. Ал, керек болса! Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресіңнің кері келіп тұр. Ақтөбе мен Атырау анау - такфирші-жихадшілдердің ордасына айналып үлгерді, Жезқазған мен Сәтбаев мынау – суруришілдер-мадхалишілердің отанына айналды. Бұл бұл ма, билік дін мәселесінде құлағы саңырау, көзі көр, танауы иіс сезбейтін күйін жалғастыра берсе, көресін әлі көретін сияқты. Тіпті, «қалыпты салафизм» деген ертегіге илануын доғармаса, Сириядағы сұрапыл ахуал бізді де айналып өтпейтін тәрізді...
Abai.kz