Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 6040 0 пікір 24 Маусым, 2013 сағат 05:23

Оралхан Бөкей. Қияли

Оның қияли түгі де жоқ, ауылдың көп адамдарының бірі ғана. Бірақ қиялилау екені де рас, жұрттың бәрі айтып жүр. "Әдейі күлдіру үшін істейді" деп, ол жігіттің барған сайын ел аузынан тастамайтын қылжақбас атанып бара жатқанын қызғанатындар да табылатын. Басқаларды білмеймін, әйтеуір, өзім қара жолдың шетіндегі қос бөлмелі ағаш үйге көзім түскенде, сол алқам-салқам қорасы бар, жұпыны баспананың маңында жыбыр-жыбыр ойнап жүрген балаларды көргенде, Саршатамызша да "ғажап" өмір сүруге боларына илана түсемін. Қалай дегенмен қияли жігіттің тіршілігі көз еті өскен кісілердің тәубесін есіне түсірері рас еді...

Тәй-тәй басқан күннен әжесінің бауырында ерке-шолжаң өскен Саршатамыз, тіпті ересек тартқанға дейін, шандырланған кәрінің омырауын созғылап сора береді екен. Осылайша "арда" еміп өскен жігіт бұл дүниеде мұң-қайғы, жамандық пен жақсылық, күреске толы жылдар мен бұралаң соқпағы көп жолдар барынан мүлдем қаперсіз, тілін шайнап, сақаулана сөйлеп ер жетеді. Өзі еңгезердей тұрықты бола тұра, көрінген баладан баж-бүж етіп таяқ жеп қалатын да, "апама айтам" деп, үйіне қарай безе жөнелетін. Ал жарықтық апасы болса қолына шыбық ұстап, еркесіне тиіскен тамам баланы қуалайтын да жүретін. Бесінші класқа ілдалдалап әрең жеткен ол, әрмен қарай - "шаршадым" деп оқымай-ақ қойғаны. Содан соң он сегіз жасқа толып, әскер қатарына шақырылды.

- Апам барса ғана, барамын, - деп, пәбескені жыртып тастайды.

Заң барлығымызға ортақ қой, оның саудайылығын тыңдасын ба, дедектетіп ала жөнелгенде, апасы аудан орталығына дейін қалмай еріп барады.

- Шырақтарым, - дейді әскери комиссариаттағы жігіттерге. - Үш жылға шыдайтын шамам бар. Мені қоса алыңдар. Ұлымның шайын қойып беріп, қасында болайын. Басынан сипап отырмасам, ұйықтамайтыны бар еді...

Амал не, апасын әскерге алмады. Жылай-жылай Саршатамыз кетті. Медведка деп аталатын орысы көптеу селоға тоқтап, басқа жігіттерді жинай бастаған бір әредікте "еркеміз" отыра қалып, апасына хат жазады.

"Апа, аман-саумысың. Бізді әкетіп барады. Әзірше Медведка деген қалаға тоқтадық. Шошқалары көп екен. Қайда апарары белгісіз. Құдай басқа салған соң, көнемін де. Сені сағындым. Тірі ораларым неғайбыл. Мұнда соғыс басталып кетті. Жан-жақтан бомбылап жатыр. Неге екенін білмеймін, киім де, қару да берген жоқ. Соған қарағанда ортамызда шпион болуы мүмкін. Қорқамын, апа, қорқамын...!

Саршатамыздың "жан-жақты бомбылап жатыр" деген сөзі тым бекер емес еді. Елу шақырымдай қашықтықта орналасқан Медведка селосы тұсындағы жолды жөндеп, Өскеменнен бері күншығысқа қарай "Шығыс сақинасы" аталар күре жол салынып, тау-тасты дәрі қойып, қопарып жатқаны және рас. Үйде өскен бұзау секілді жігітіміз өмірдегі ондай жаңалықтарды қайдан білсін. Иә, бәрі де жаман апасының арқасы ғой.

Тіпті Саршатамыз жалпақ жалғандағы ондай-ондай үлкенді-кішілі оқиғалармен ісі де болмайтын. Екі жағын таянып, түпсіз де шексіз ойдың жетегінде сұлық отырар еді, дәл жанына келіп: "Әй, Сарша" дегеніңше, сені байқамайтын. Не ойлайтынын, қандай жаңалық ашқалы жүргенін күні бүгінге дейін ешкім білмейді.

Жыл деген ер-азаматқа сөз бе екен. Жылай-жылай әскерге кеткен Саршатамыз екі иығына екі кісі мінгендей азамат болып оралды. Әскер киімі өзіне жарасады, сырттай қараған адамға соқталдай жігіт, тепсе темір үзетін еркек. Өкінішке орай, үш жыл бойына солдаттардан таяқ жегенін апасына жазған бір сандық хаттары әшкерелеп қоятын. Сауатсыз қария әр келген хатты көрші келіншекке оқытып отырған, ал келіншек білді дегеніміз - бүкіл ауданға жайылды деген сөз. Оған қысылатын Саршатамыз ба, үш бүктетіліп, өз үйінің табалдырығынан аттады. Төбесі үйдің бел ағашын тіреп тұрып, "здрастите" деген екен. Етегіне сүріне жүгірген апасы мойнынан құшақтап, бетінен сүймекке ұмтылады, бірақ серейген Саршатамыз илікпейді.

- Құлыным-ау, аман-есен келдің бе? - деп жабысады.

- Келдік, апа, келдік.

- Құлыным-ау, дені-қарның сау ма? - деп тырмысады.

- Сау, апа, сау. - Орнатқан діңгек секілді, бүгілмейді.

- Жарығым-ау, әйтеуір, бітіріп келдің бе?

- Шабаш, апа, бітті! - деп, қолын бір-ақ сермеп отыра кетті. Ал апасы болса жүгіріп далаға шығып, көрші кемпірлерге "Құлыным әлгі шабашын бітіріп келіпті", - деп, қуана хабарлап жүр.

* * *

Қыс еді. Командировка алып, ауылға бардым. Кейінгі жылдары қар аз жауатын болып жүр. Қызыл асықтан ғана келетін күпсекті Алтайдың желі бұта-қараған, сай-салаға айдап, тығып тастайтын-ды. Аудан мен екі ортаға күніне бір-ақ рет қатынайтын автобус сонау кырдан бері саркүшіктей домалана көрінсе болды, аялдамада құжынап тұрған ауыл адамдары лап ете түсер еді. Одыраңдап келіп, түтін бүрке тоқтаған шағын автобустың жүргізушісі біразға дейін кергіп ашпай қоятын. Қораздана басып дүкенге кіреді, түк шаруасы жоқ болса да почтаға бас сұғады... темекісін асықпай тартып, қыстың қақаған суығына қарамай түкіріктеп тұрып мұқият сулап, тұқылын аяғымен мыжғылап өшіреді, шырт-шырт түкіреді, одан соң ғана... "Қырық бес тиындарыңды дайындаңдар" деп, саңқ етер еді. Осы шақта ауылдың жігіттері жолындағы кемпір-шал, бала-шағаларды қоғадай жапырып итеріп тастайды да, есікке ентелей жетеді. Алғашқы болып автобустың ішіне кіреді. Ең жайлы, жұмсақ деген орындықты таңдап отыра кетеді. Бұдан соң туған әкесі түрегеліп тұрса да, астындағы "тағын" беруі мүмкін емес.

Имене-имене, қысылып-қымтырыла мен де кірдім-ау, әйтеуір. Отырғандардың барлығы танымайтын адамдай бетіңе бақырая қарайды, кейбір иманы бар-ау дегендері болса, көрмеген кісідей теріс бұрылады. Көп жылдан бері Саршатамызды жолықтырмап едім, тегінде, кассир отыратын жалғыз кісілік көлденең орындықта қырау басқан терезені тілімен жалап тесіп, сонау қар басқан тауларға көз сата үңіліп отыр екен. Ол аудан орталығына жақындағанша тіс жарып, жақ ашпады. Сол ойланған қалпы, ешкімге де, еш нәрсеге де мән бермеген қалпы, сыртқа қадалып қалған. Жігіттер "сөйлетеміз бе" деп әрі-бері қажап көріп еді, құлағына да ілген жоқ: естімеген кісідей меңірейіп отыра берді... Соншалықты ауыр ой үстінде... Суық сорған қоңырқай жүзі, түк-түк жағы, жарланып біткен қабақ астындағы оты аз, бірақ алақандай ауқымды көзі - бар-барлығын барлаған адам енді бірер сәттен соң ұлы жаңалық ашатындай салмақты да салиқалы дидарын көрер еді. Саршатамыздың түбіне құрық бойламайтын терең қиялының сыры ауданға бір шақырымдай жер қалғанда ғана ашылды.

- Жігіттер! - деп орнынан ұшып түрегелді. Шағын автобустың ішіндегі темекінің көк түтінінен бір-бірін әрең көріп отырған адамдар селк ете қалды.

- Жігіттер! - деп тағы да қайталады. - Егер бір қойма астыққа бір шібиді қоя берсе, неше жылда жеп тауысар еді?..

Саршатамыздың ауылдан шыққаннан бері бас қатырып, сарыла ойлап отырғаны осы екен...

Расында да, неше жылда жеп тауысар еді...

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1528
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3311
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5949