Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
1625 2 пікір 31 Шілде, 2023 сағат 14:08

Министрлік: «Қазақстан Ресейге техника тасып жатқан жоқ»

Қазақстан қорғаныс министрлігі "Қазақстан Ресейге әскери техника тасымалдап жатыр" деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстанның батыс өңірінде "әскери техника тиелген жүк көліктерінің Ресейге әкетіліп жатқаны" жөнінде ақпарат тараған. 

"Қазақстандық әскери техниканы Ресейге жөнелтіп жатыр деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Аталған әскери техниканың Қазақстанға қатысы жоқ, бұл халықаралық уағдаластықтар шеңберінде Қазақстан аумағы арқылы Ресейге жоспарлы жөндеу жүргізу үшін жіберіліп жатқан үшінші елдің меншігі" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Ведомство хабарламасында үшінші елдің атын атамайды. Министрлік 2022 жылдың 27 тамызынан бастап Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынғанын айтып өтеді.

Бір күн бұрын "Бәсе" Телеграм-арнасында әскери техника тиелген жүк көліктері туралы бірнеше сурет жарияланған. "Шекаралас Ақсай қаласы, БҚО. Белсенділердің айтуынша, әскери техника Ресейге кетіп барады. Тоқаев Путинге көмектесіп жатыр" деп жазылған жазбада. Министрліктің хабарламасы дәл осы жазбамен байланысты ма, жоқ па, ол де белгісіз.

Әлеуметтік желілерде бұған дейін де темір жол және жүк көліктері арқылы тасымалданып жатқан әскери техниканың суреттері мен видеолары жарияланған. Кейбір кезде желі қолданушылар "Қазақстан әскерді Украинаға жібергелі жатыр" деп болжаған. Ал қорғаныс министрлігі ақпараттарды жоққа шығарған. Былтыр наурызда осындай ақпарат тараған кезде министрлік "мессенджерлерде таралған видеоларда әскери техниканың әскер дайындығы кезіндегі іс-қимылы бейнеленген" деп түсіндірген.

Фото: ашық дереккөзден

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036