Дүйсенбі, 26 Қазан 2026
Жаңалықтар 113 0 пікір 26 Қазан, 2026 сағат 14:04

Бөлшек және көтерме сауда өсімі нені білдіреді?

Сурет: trends.rbc.ru сайтынан алынды.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі сауда саласы тұрақты өсім көрсетті. Бұл көрсеткіштер еліміздегі тұтынушылық сұраныстың, экономикалық белсенділіктің және өңірлік диспропорцияның бағытын айқын аңғартады.

Саланың негізгі көрсеткіштеріне экономикалық тұрғыдан тереңірек үңіліп көрелік.

Биылғы жылдың 9 айында бөлшек сауда көлемі 20 048,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға өсті. Бұл көрсеткіш халықтың тұтыну қабілетінің белгілі бір деңгейде сақталғанын көрсетеді. Дегенмен, ішкі құрылымға үңілсек, бірнеше қызықты трендті байқауға болады:

ИП пен базарлардың серпіні (+9,3%): Ірі сауда кәсіпорындарының өсімі небәрі 2,1%-ды құраса, жеке кәсіпкерлер мен базарлардың өсімі 9,3%-ға жетті. Бұл тұтынушылардың баға мен сапа арасындағы икемділікке байланысты шағын бизнес пен базарларға көбірек жүгінетінін немесе көлеңкелі экономиканың бір бөлігінің ашық форматқа өтіп жатқанын көрсетеді.

Азық-түлік тауарларының басым өсімі (+10,1%): Бейазық-түліктік тауарлар небәрі 1,6%-ға өскенімен, азық-түлік өнімдерінің сатылымы 10,1%-ға артты. Бұл физикалық тұтыну көлемінің күрт өсуінен гөрі, еліміздегі азық-түлік инфляциясының (бағаның қымбаттауының) тікелей әсері болуы мүмкін. Халық табысының басым бөлігін бірінші кезекте қажетті азық-түлікке жұмсауға мәжбүр.

Көтерме сауда көлемі бөлшек саудадан екі есе асып түсіп, 40 707,2 млрд теңгені құрады және 7%-ға өсім көрсетті.

Құрылымдық ерекшелік: көтерме саудададағы тауар айналымындағы басым үлес (80%) бейазық-түліктік тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерге тиесілі болып отыр. Бұл бизнес-сектордың (B2B), құрылыс, өнеркәсіп және шикізат секторларының арасындағы тауар айналымының белсенді екенін көрсетеді.

Екі сауда түрінде де өңірлік концентрация өте жоғары деңгейде қалып отыр. Бөлшек және көтерме сауданың негізгі ағыны бірнеше ірі орталыққа шоғырланған:

  • Бөлшек сауда көшбасшылары: Алматы (32,8%), Астана (14,2%), Қарағанды облысы (7%) және ШҚО (5,3%).
  • Көтерме сауда көшбасшылары: Алматы (35,1%), Астана (14,5%), Атырау облысы (13,5%) және Шымкент (6,3%).

Экономикалық түсіндірме: Алматы мен Астана – елдің басты қаржылық, логистикалық және хабтық орталықтары болғандықтан, барлық көтерме ағындар мен қаржы осында шоғырланады. Ал Атырау облысының көтерме саудада жоғары орында тұруы (13,5%) оның индустриалды-мұнайлы бағытына және өндірістік-техникалық тауарлардың айналымына тікелей байланысты. Дегенмен, өңірлік алшақтық басқа аймақтардағы ішкі нарықтың әлсіздігін немесе логистикалық тізбектердің орталыққа тәуелді екенін аңғартады.

Сөз түйіні: 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының көрсеткіштері Қазақстанның сауда секторының инфляциялық қысым мен сыртқы факторларға қарамастан өсім трендімін сақтап қалғанын көрсетеді. Дегенмен, бөлшек саудадағы азық-түлік өнімдерінің үлес салмағының артуы халықтың әлеуметтік осал тұстарына мониторинг жасауды қажет етеді. Ал көтерме сауданың өсуі экономиканың өндірістік және бизнес байланыстарының әлі де белсенді жұмыс істеп тұрғанының дәлелі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1212
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1691