Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2714 0 пікір 11 Маусым, 2013 сағат 03:33

Марат Жакеев, ҰҚК мемлекеттік мұрағатының бастығы: «Тарихты өзгеше танып келеміз»

– Марат Зиядұлы, мұрағаттар кез келген елдің өткенін зерттеп, електен өткізуге қажетті құнды дереккөз екені белгілі. Қазақстан Республикасы ҰҚК Арнайы мемлекеттік мұрағаты – елі­міздегі дәстүрлі түрде ең жабық бо­лып саналатын құжаттардың өте құнды жи­нағы болып есептеледі. Олар әсіресе, тоталитарлық және консерва­тивті режимдер кезінде өзекті болды, өйткені сол уақытта арнаулы қызметтер мем­лекеттегі жағдай және қоғамдық көз­қарастар туралы жалғыз және толық сенім туғызатын жалғыз ақпарат көзі еді. Мұнда негізінен, қандай құжаттар жинақталған?

– Марат Зиядұлы, мұрағаттар кез келген елдің өткенін зерттеп, електен өткізуге қажетті құнды дереккөз екені белгілі. Қазақстан Республикасы ҰҚК Арнайы мемлекеттік мұрағаты – елі­міздегі дәстүрлі түрде ең жабық бо­лып саналатын құжаттардың өте құнды жи­нағы болып есептеледі. Олар әсіресе, тоталитарлық және консерва­тивті режимдер кезінде өзекті болды, өйткені сол уақытта арнаулы қызметтер мем­лекеттегі жағдай және қоғамдық көз­қарастар туралы жалғыз және толық сенім туғызатын жалғыз ақпарат көзі еді. Мұнда негізінен, қандай құжаттар жинақталған?
– Ведомстволық мұрағатта сақ­та­луға жататын материалдар тізімі Қа­зақстан Республикасының заңна­масымен және ҰҚК нормативтік құ­­қықтық актілерімен белгіленген. Қор­лар ведомствоның негізгі қыз­мет бағытын айқындайтын аса маңыз­ды құжаттардан: нормативтік құқықтық актілерден, жеке құрам бойынша бұй­рық материалдарынан, т.б. құ­жат­­­тардан жинақталады. Сондай-ақ же­дел-із­дестіру қызметі тәжірибесін жи­нақ­­тайтын маңызды құжаттар, та­рихи, ғылыми, жедел құндылығы бар ма­териалдар тұрақты сақталуға жата­ды. Бірінші кезекте мұрағат өзінің ішкі ведомстволық міндеттерін орын­дау­мен айналысады, бірақ сонымен қа­тар жаппай саяси қуғын-сүргін құрбан­дары құқықтарын әділетті қалпына келтіруге де белсенді түрде ат са­лысады. Кеңестік кезеңге тиесілі мұ­ра­ғат құжаттарының мазмұнында негізі­нен, контрреволюциялық көте­рілістер­ді және бандалық жасақ­тар­ды, Ұлы Отан соғысы кезіндегі барлаушы-дивер­санттардың топтарын және шетел барлау қызметтерінің агенту­расын жою, сонымен қатар Кеңес өкі­метіне қарсы және секталық ұйым­дар мен басқа да қастандық әрекет­тердің ал­дын алу, жолын кесу бойын­ша рес­публиканың мемлекеттік қауіп­сіз­дік органдарының атқарған жедел қыз­меті көрсетілген.
 – Әңгімені әріден бастайық, Кеңес өкіметі енді құрылып жатқан кезеңдер­де жасалған, біздің елге қатысты қан­дай құжаттар сақталған?
– Мұрағаттағы құжаттарды зерттеп қарасаңыз, Қазақстанда кеңестік биліктің үстемдік орнату үрдісі қа­сі­ретке толы болғанын көруге болады. Ке­ңес өкіметі билікке келгеннен ке­йін көп ұзамай халықтың бұқара топта­ры арасында жаңа биліктің беделін кө­тере түсетін «Ресей халықтары құқық­тарының декларациясы» деп аталатын маңызды құжат қабылдаған. Осы құ­жатта ұлттық саясаттың Ресей ха­лық­тарына өзін-өзі басқаруға негізделіп, қажет болған жағдайда тіпті дербес мемлекет құруға мүмкіндік беріледі деп жария етілгенін көреміз.
Осындай жағдайда 1917 жылы жел­тоқсан айында Орынборда Екінші Бүкілқазақтық съезд өткізілген. Съезд нәтижесінде қазақ облыстарының автономиясын құрып, оны «барлық қазақтардың арғы атасы Алаш» деп атау туралы бірауыздан шешім қа­былданған. Сөйтіп, билік органы «Алаш-Орда» болып уақытша халық кеңесі құрылған. Алайда Ресейде тұ­рақталған жаңа билікте Қазақстанға қатысты өз есебі болды, автономияны мойындағысы келмеді. Сол кездегі қазақтың ең көрнекті мемлекет қай­раткерлерінің көп жылғы қанаудан құтылып, нағыз бостандыққа ие болу арманы орындалмады, кейін «ұлтшыл» және «сепаратист» деген негізсіз айып­тарға сылтау болды. Кеңес өкі­метін мойындағаны үшін барлық саяси қарсыластарға 1919 жылдың қараша айында уәде етілген рақым­шылдыққа қарамастан, жаңа билік Қазақстан аумағында тиянақты бе­кіп алғаннан кейін, кезінде автономия­лық дербестікке ұмтылғандарды жү­йелі түрде жазалауға кірісті. Мұның бәрі құжаттарда айтылады.
– Осыдан кейін де Азамат соғысы, жер-жерлердегі көтерілістер, бүкіл­ха­лықтық ұжымдастыру, жаппай қу­ғын-сүр­гін, Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зін­дегі жер аударулар сияқты ха­лыққа қа­сірет әкелген саяси науқан­дар, ала­са­пырандар болды. Кеңес­тік билік дә­уі­ріндегі қазақ халқының орны толмас өкі­нішіне айналған, қайғы-қасіреттер әкел­ген оқиғалар тарих бет­терінде жа­зыл­­ды, ол құжаттар да мұрағатта бар шы­ғар?
– Қуғынға ұшырату сот орган­дарымен емес, «саяси желеулермен» «ГПУ-НКВД-НКГБ» органдарымен жүзеге асырылып отырған. Сондық­тан зерттеушілердің осы қалың қыр­ғынның себептері, ауқымы және зар­даптары бойынша мәселелерімен ҰҚК органдарының мұрағаттарына жүгінетіні түсінікті. Азамат соғысы кезінде Шығыс, Оңтүстік, Түркістан, Орал, Ақтөбе, Жетісу сияқты өңірлер сияқты Қазақстан аумақтары жал­пыресейлік ірі майдандарға айнал­ға­ны тарихтан белгілі. 1919 жылдың жа­­зында адмирал Колчактың негіз­гі күштері шығыс майданда күйреді. Бұл өз кезегінде Батыс, Шығыс, Солтүс­тік Қазақстанның және Жетісудың патшалық Ресейдің бұғауынан азат бо­луына жағдай туғызды. Осы жыл­дың аяғына қарай негізгі аумақтар ақ­гвардияшылардан босатылған бо­лат­ын. 1920 жылдың наурыз айында Қа­­зақстан жерінде ең ақырғы болып Солтүстік Жетісу майданы жойылды.
Мұрағатта Қазақстандағы Азамат соғысы кезеңі – Дутов, Ушаков және Колчак әскерлерінде қызмет еткен бұрынғы ақ офицерлерге қатысты материалдармен қамтылған. Кеңестік биліктің алғашқы жылдарынан бас­тап жинақталған қылмыстық істер сақ­талған. Аталған істерде «Отанға опа­сыз­дық жасау», «тыңшылық», «тер­рор­лық диверсия», «зиянкестік», «са­ботаж», «Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат», «ұлтшылдық», «ұлтшыл ұйымдарға қатыстылық», «бандиттік көтерілістер» және «жаппай тәртіп­сіздік», «секталық және Кеңес өкіме­тіне қарсы ұйымдарға қатыстылы­ғы», «мемлекеттік шекараны және валю­талық операцияларды бұзу», «жалған ақша жасау», «контрабанда», «мем­лекеттік құпияны жариялау», «құ­жаттарды жоғалту», «пара алу», «орын алған қылмыс жайлы біле тұра ха­бар­ламау», сонымен қатар «НКВД» қыз­мет­керлерінің өздерінің де «со­циа­листік заңнаманы бұзуы» сияқты қылмыстарды жасағаны үшін жаза­ланған тұлғалар жөнінде материал­дар жинақталған.
– Марат Зиядұлы, өткен ғасыр­дың жиырмасыншы жылдарындағы жап-­пай «колхоздастыруға» байланысты Қазақстанда көтерілістер көп болған. Осы тұстағы тарихи оқиғалар бұр­ма­ланған деген пікірлер бар. Бұл жайын­да не айтар едіңіз?
– 1920-1930 жылдардағы Кеңес үкіметіне қарсы шаруалар көтері­лістерінің, толқуларының, бас көте­рулерінің тарихы біржақты баян­дал­ғаны белгілі. Көтерілістердің се­бептері – күштеп ұжымдастыру, тәркілеу, ға­сырлар бойы орныққан өмір салтын бұзу болды. Көрсетілген кезеңде рес­публика аумағында 372-ге жуық жап­пай баскөтерулер болды деп сана­ла­ды. Олардың бәрі де қатал басылып, жан­шылды. Коммунистік идеология тұр­ғы­сынан осы толқулар шектен тыс реак­цияшыл ретінде қарастырылды. Өз құқықтары үшін бас көтерген ша­руа­ларды «бай, кулак» деп атап, «ұлтшыл» деп айыптады, бі­рақ мұрағат ма­те­риалдары көрсе­тіп отыр­ғандай, оларға тек қазақтар ғана емес, орыс ша­руа­ларының көп бө­лігі, ка­зачество, со­нымен қатар қара­қал­пақ­тар да қа­тыс­қан. Барлық қа­рулы кө­тері­лістер қатал жазалан­ды, оларға қаты­сушы­лар ОГПУ «үштігі­нің» ше­ші­мі­мен ату жазасына кесіл­ді немесе әртүрлі жазалау мер­зімдері­не сотталды.
30-жылдардың соңғы кезі саяси қуғын-сүргіннің жаңа толқыны­мен айқындалып, жалпы сипатқа ие бол­ды. Еркін ойлаудың қандай да бол­­сын түрлерін түбірімен жою, мемле­кет дамуының барлық қиыншылықта­­рын «халық жаулары әрекеттерінің нә­тижесі» деп санау, басқарушы ре­жим­ге оппозиция құруға мүмкіндігі бол­ған көптеген көшбасшыларды, партия мен кеңестік беделді басқарушылар­дың өмірін қиюға әкелді.
Бұрынғы КСРО-ның барлық ау­мағын, соның ішінде Қазақстанды да қамтыған қуғын-сүргін толқыны Қа­зақстан Республикасы ҰҚК жедел мұрағаттарындағы қылмыстық істерде айқын көрініс тапқан. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұма­баев, М.Тынышбаев т.б. «Алаш Орда» көшбасшыларына, мемлекет, ғылым және мәдениет қайраткерлеріне қа­тысты мұрағаттық қылмыстық істер тарих үшін құнды деректер болып та­былады. Тәуелсіздік алумен қатар біз өзіміздің өткенімізге жаңаша қарау­ға бет бұрдық. Біздің мекеме құрылған күнінен бастап кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша үлкен жұмысқа кірісті. Бұл бағытқа біз үлкен мән береміз және болашақ ұрпақ алдындағы адамгер­шілік борышымыз деп санаймыз.
– Бұл бағытта мұрағат қызметкер­лері қандай жұмыстарды атқарып жатыр?
– Мұрағат қызметкерлері мыңда­ған мұрағаттық қылмыстық істерге талдау жасап, ел ішіндегі және алыс-жақын шетел азаматтарының өті­ніштері бойынша жұмыстарды ат­қарады. Мұнда көптеген сауалдар бойынша жеке құжаттарды, фото­суреттерді, анықтамаларды, еңбек өтілі, отбасы құрамы және өмірбаян­дық деректерді ұсыну жүзеге асы­рылады. Жазықсыз зардап шеккен­дердің жерленген орындарын іздеу, тіркеу, қайта тіркеу және туыстарына тиісті куәліктерді жіберу, олардың аты-жөндерін мәңгі есте сақтау бо­йынша шаралар жалғасын тауып келеді.
Ұлттық қауіпсіздік органдарын­да 1989 жылдан бастап прокуратура
және сот органдарымен бірлесе оты­рып, «тоталитаризм» жазықсыз құр­бан­дарының қылмыстық істерін қай­та қарау бойынша жұмыстар жүр­гі­зі­­луде. Жоғарыда аталған орган­дардың бі­лікті өкілдерінен топтық комиссиялар құрылып, олар қыл­мыстық істерді қарастыру нәтиже­лері бойынша ақтау туралы шешім­дер шығарумен айналысты. 1993 жыл­дың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жарыққа шығуынан кейін жазықсыз айыпталғандарды ақтаудың жаңа кезеңі басталды. Дегенмен Ұлы Отан соғысы кезінде «фашистерге сатылған жазалаушыларға», «нацистік қыл­мыскерлерге», «бандиттік ұйымдар және олардың көмекшілеріне» қа­тысты қылмыс жасағандарға (бан­дитизм, тонау, ұрлық, қарақшылық және т.б.) сонымен қатар сот процесі кезіндегі істердегі құжаттар мен мә­ліметтерді бұрмалаумен айналысқан «НКВД» қызметкерлеріне қатысты істер қайта қарауға жатпайтынын есте сақтау қажет.
– Ұлы Отан соғысы тұсында фа­шистердің тыңшыларына қарсы «СМЕРШ» (смерть шпионам) мекемесі құрылды. Бұл мекеме туралы бұрын да, қазір де көп айтыла бермейді. Осы мекеменің құжаттары да сақталған болар?
– ХХ ғасырдың адамзат тари­хын­дағы қайғылы парағы – екінші дү­ниежүзілік соғыс және оның маңыз­ды бөлігі Ұлы Отан соғысы кезеңіне тоқ­талсақ, осы уақыт аралығына жат­қызылған мемлекеттік қауіпсіздік органдарының мұрағат құжаттары ерекше қызығушылық тудырады. Соғыс кезінде «СМЕРШ» айрықша бөлімдері кейіннен Қарсы барлау (контрразведка) органдары болып өзгертілді. Бұл өзгерістерді енгізудің өзіндік маңызды себептері болды. Өйткені кеңестік жауынгерлердің формасын киген диверсанттар мен агенттер тылға тасталып, кейін гос­питальдан келе жатқан «өз бөлімше­лерінен қалып қойған» офицерлер ретінде әскерге ендірілген. Соларды ұстаумен осы қарсы барлау қызмет­керлері айналысқан. Сонымен қатар «Смерш» органдары сатқындарды, шайқасқа қатыспау үшін өздерін өздері атып, дене мүшесін зақымдау­шыларды, дүрліктіргіштерді, мородер-тонаушыларды айқындап, бастапқы тергеу жүргізген.
– СМЕРШ-тің құрамында қанша қазақстандық қызмет еткені туралы мәліметті айта аласыз ба?
– Ұлы Отан соғысы кезінде төрт жүз елу қазақстандық қауіпсіздік органдарының қызметкері парти­зандар мен СМЕРШ құрылымы­ның қатарында жаумен шайқасқан.
– Ұлы Отан соғысы кезінде әрбір полк, батальонда қауіпсіздік қызметі­нің «особистері» отырды. Осылар кейбір кездерде асыра сілтеушіліктерге барған деген пікір қалыптасқан...
– Жалпы, мұрағат құжаттары Ұлы Отан соғысы кезінде «НКВД» қызмет­керлерінің рөлі дербес кәсіби функ­цияларды орындаумен ғана шек­телмегенін дәлелдейді. Кейбір жағ­дай­ларда бұқаралық ақпарат құралдары мен кинофильмдерде олар халыққа теріс жағынан көрсетіледі. Мәселен, «особистер» тылдарда ты­ғылып, тек жауынгерлерді жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратумен айна­лысқан» деген сипатта көрсетіледі. Мұндай бұрмалаушылық майданда өздерінің борышын адал орындап жүріп қаза тапқан мыңдаған «осо­бистердің» рухына тіл тигізу болып саналады. Қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің көбі фашистік Рейхстагты шабуылдауға қатысып, қа­һарман ретінде қаза тапқан. Қа­зақстандық Федор Озмитель, Садық Абдужаббаров және Григорий Крав­цовтар Кеңес Одағының батыры атағын иеленген.
КСРО бойынша барлығы НКВД әскерлерінің ішінен жүз мыңға жуық әскери қызметкер ордендермен, ме­дальдармен марапатталған. Екі жүзден астамы Кеңес Одағының батыры ата­ғын алған. Жүз мыңға жуығы Же­ңіске жету жолында өз өмірлерін қиған. Брест қамалы қорғаушысының «Мен өліп бара жатырмын, бірақ жауға беріліп жатқан жоқпын! Қош бол, Отаным! 20/VII-1941 ж.» деген жа­зуы мектеп қабырғасынан бізге таныс.
Бұл сөздер қамал гарнизонын­да ер­лікпен шайқасқан «НКВД» әс­кер­лерінің 132-жеке батальон жауын­герлері мен командирлері қор­ға­ған казарманың қабырғасына жазыл­ған. 1945 жылғы Жеңіс күніне қатал сын­дардан жаужүректілікпен өтіп, Мәскеу мен Берлин арасындағы қиын жол­дарды кешіп, соғыс аяқ­талғаннан кейін де ішкі және сыртқы қауіптерден қорғау және ұлттық мүдделерді сақтау саласында қызмет­тік әскери мін­дет­терін жоғары сапада, лайықты ат­қарған майдангерлер, қа­зақстандық ардагер-чекистер жетер­лік.
– «Түркістан легионы» туралы мұ­рағатта қандай мәліметтер бар?
– Бұл кезең бойынша фашистік Вермахт ұйымдастырған әскери ұйымдар құрамында қызмет еткен тұл­ғалар бойынша жүргізілген қыл­мыстық істердің бір тобы да ерекше назар аудартады. Фашистердің Кеңес өкіметіне қарсы қою негізінде тұт­қындар арасынан ұлттық легиондар­ды құруға шешім қабылдағаны тарих­тан белгілі. Соның ішінде тек «Түркістан легионы» ғана емес, сонымен бірге Кавказ, татар-башқұрт «Идель-Урал», украин және орыс (РОА) бөлімше­лері болған. Осы ұйымдардың жобала­рын нацистер 1933 жылдың өзінде ой­ластырып қойған екен. КСРО-ға қар­сы қоюдағы Орталық Азия түркілерін біріктірудің қозғаушы идеясы, Кеңес өкіметінен Түркістанды босатып беру болды. Түркістан легионының жа­уынгерлеріне Германия бақылауын­дағы түркілер мемлекетін – «Үлкен Түркістанды» құру туралы уәде етілді. Бұл құрылым Орта Азия мен Қазақ­станнан басқа Башкирия, Поволжье, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ және Синьцзяньді біріктіруі тиіс болатын. Мұрағат құжаттарында Түркістан ле­гионының пайда болу тарихы және оның басшылары көрсетілген.
Ұлы Отан соғысы материалда­рына қазіргі уақытта мұрағатта сақтаулы тексеру және фильтрация құжаттарын, немістерде тұтқында болып, кейін кеңес әскерлері және одақтастар босатқан репатрианттардың есеп карточкаларын қосуға да болады.

– Марат Зиядұлы, КСРО тұсында Мем­лекеттік қауіпсіздік комитетінің Ар­найы мемлекеттік мұрағаты кез кел­ген адам кіре бермейтін жабық мекеме болды. Қазіргі кезде мұрағаттан тарихи құ­жаттарды алу оңайлатылған шы­ғар?
– Әрине, қауіпсіздік органдары әрқашан өз заманында мемлекеттік құ­рылымдарға қызмет еткен. Бүгінде біз демократиялық құқықтық мемле­кет құрудамыз. Тарихқа деген көзқа­расымыз өзгерді. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдары қызмет­­керлері саяси қуғын-сүргін құрбан­дарының шектелген құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруді, жа­рия­лылықты және қоғаммен арадағы бай­ланысты кеңейтуді өздерінің бо­рышы деп санайды. Қоғам өмірін ұйым­дастырудың тоталитарлық фор­масы кезінде ашық ойлауға, ғылыми талдау жасауға, әсіресе, гуманитарлық салада тыйым салынып, қудалау жүр­гізілгендіктен, басқа көздерден алын­ған деректер санатқа алынбаған.
Мұрағаттағы көптеген құжат­тар құпия грифімен сақталды. Кейін­нен, уақыт өте келе азаматтық қоғам құру жолын кеңейтуде арнайы қызметтің жабық мұрағат қорларында сақтал­ған құжаттық материалдарды біртін­деп құпиясыздандырылды. Сондықтан көптеген архив құжаттары қолжетімді болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастамасымен жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары жазықсыз айыптал­ған алыс және жақын шетел азамат­тары туралы тізімдер әзірленіп, Қазақ­стан Республикасы Сыртқы істер ми­нис­трлігі арналары арқылы елші­ліктерге, елімізге келіп жатқан шетел ресми делегацияларының мүшелеріне ар­найы тапсырылып отырады.
Басқаша айтқанда, ҰҚК құрылған 1992 жылдан бері егемен еліміздің қауіпсіздік органдарының тарихы қайта басталып, оның негізгі құнды­лық­тары адам, қоғам және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатынын мақтанышпен айта­мыз. Қазақстан Республикасының заң­дары, ведомстволық құқықтық акті­лер және Ұлттық қауіпсіздік комитеті­нің басшылығының рұқсаты негізінде мұрағаттық құжаттар, деректі-тарихи әдеби шығармаларда, кинофильм­дерде, теледидар және радиохабар­лар­да пайдаланылуға болатындығын атап өткен жөн. Яғни шектеулі ортаға ғана қолжетімді болған мұрағаттық құжат­тар негізінде тарихтың «ақтандақ бет­терін» өшіруге, тарихи ақиқатты қал­пына келтіруге кең мүмкіндіктер туып отыр. Біздің мақсатымыз – болашақ ұрпаққа тарих сабақтары ескерусіз қалмағанын көрсету үшін ғылыми-зерт­теу және оқу орындарымен, бас­палар­мен, шығармашылық ұжымдар­мен және қоғамдық ұйымдармен жекеле­ген шығармашыл тұлғалармен біріге отырып, қолданыстағы заңнама шең­берінде отандық тарихымыздың әлі де толығымен анықталмаған, зерт­тел­меген қырларын мұрағат құжат­тары арқылы зерттеу.
– Әңгімеңізге рақмет!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375