Жексенбі, 13 Қазан 2024
Билік 2662 12 пікір 3 Тамыз, 2023 сағат 14:20

Қазақ-ауған бизнес форумы: Қандай келісімдер жасалды?

Бүгін Астанада Ауғанстан-Қазақстан бизнес-форумы өтіп жатыр. Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның тәліптер елімен жан-жақты байланысты сақтауға мүдделі екенін айтып, Ауғанстанға экспорттайтын тауарлар тізімінің ұлғаятынын жеткізді.

«Қазақстан Ауғанстанның тәуелсіз, бейтарап, біртұтас, бейбіт, демократиялық және гүлденген мемлекет ретінде қалыптасуын жақтайтынын тағы да растағым келеді. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтауға мүдделіміз. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы іс жүзінде 1 млрд АҚШ доллары (987,9 млн. АҚШ долл.) белгісіне жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерден екі есе артты. Тауар айналымының 90% қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі», - деді С. Жұманғарин.

Ол сәуір айында Кабулға сапары кезінде тараптар елдер арасындағы тауар айналымының көлемін $1 млрд-тан  $3 млрд-қа дейін ұлғайту міндетін қойғанын атап өтті.

«Ауғанстанға жөнелтілетін қазақстандық экспорттың 90%-ы өңделген өнім. Қазірдің өзінде біз сауда номенклатурасының кеңейгенін байқаймыз. Ұн мен бидай сияқты дәстүрлі өнімдерден басқа отандық металды, минералды тыңайтқыштарды, бидай мен зығырды жеткізу басталды. Қазақстандық компаниялардың Кабулға соңғы сапарының қорытындысы бойынша біздің энергетикалық сусындарымыз, ұн өнімдері, минералды тыңайтқыштардың алғашқы жөнелтілімі болды, күнбағыс майына да қызығушылық бар. Ауғанстаннан импортта ауылшаруашылық өнімдерімен қатар тоқыма бұйымдары пайда болды. Белсенділік танытатын  жұмыс бағытымыз бар», - деді Серік Жұманғарин.

Өз кезегінде Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи Қазақстанға экспортталатын тауарларға жеңілдігі бар тариф қолдануды сұрады.

«Ауғанстан қысқа мерзімде ондаған отандық тауар өндірісінің арқасында өзін-өзі қамтамасыз етуге көшкенін қуанышпен хабарлаймын. Бұдан басқа, біздің өнеркәсіптік өнімдеріміздің жүздеген атаулары құрылып, сауда артып келеді. Біз бауырлас Қазақстаннан Ауғанстанның отандық өнеркәсібін қолдау үшін сіздерге экспортталатын Ауғанстан тауарларына жеңілдігі бар тариф қолдануды сұраймыз», - деді Нуриддин Азизи Астанада өткен бизнес форумда.

Сондай-ақ, Н. Азизи Ауғанстанның халқы мен жеке секторын қолдау мақсатында Қазақстаннан Ауғанстанға импортталатын бидай мен ұн бағасына арнайы жеңілдіктер беруді сұрады.

«Мен атап өткен кейбір экономикалық және саяси мәселелерге қарамастан, Ауғанстанда пайдалы қазбаларды өндіру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету саласында нақты және практикалық инвестициялық мүмкіндіктер бар және Қазақстан Республикасының инвесторларына Ауғанстандағы өздерін қызықтыратын салаларға инвестиция салу ұсынылады», - деді спикер.

Серік Жұманғарин биылғы 4 айда Ауғанстанға Өзбекстан аумағы арқылы 150,8 млн АҚШ доллары сомасына 450 мың тоннадан астам ұн жөнелтілгенін айта келе, Өзбекстан арқылы жүк тасымалы тарифі жоғары екенін еске салды. Сондықтан, министр, алдағы уақытта арзанырақ транзиттік тариф ұсынатын Түрікменстан аумағы арқылы ұн экспортының ұлғаятынын айтты.

«Бүгінде Түрікменстан өз аумағы бойынша жүк тасымалын дамытуға мүдделі және өз аумағы бойынша жеңілдікті транзиттік тариф ұсынуға дайын. Бұл бағыт, ең алдымен, ұн жөнелтудің балама бағыты болуы мүмкін екенін атап өтеміз. Осы мақсаттар үшін QazTrade шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілетудің бірыңғай операторы отандық тауарларды Болашақ станциясына дейін жеткізуді арзандатуға қолдау жасайды. Сонымен қатар, біз Ауғанстанға ұн мен астықты паритеттік негізде жеткізу үшін Өзбекстанмен арада елдеріміздің аумақтары бойынша транзиттік темір жол тасымалдарына жеңілдікті шарттар беру жөніндегі уағдаластықтарды нығайттық», - деді министр.

Жиында ауған-қазақ ынтымақтастығын арттыру мақсатында тәліптерге Қазақстанда өзінің сауда өкілдігін ашу ұсынылды.

Сонымен қатар, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығы құрылады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ агенттіктерін өңірлік деңгейде үйлестіруді жақсарту мақсатында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ өңірлік орталығын Алматыда құру туралы бастама көтерген болатын. Аталған идея Орталық Азияның барлық мемлекеттері мен ауған тарапынан қолдау тапты. Бұл бастама халықаралық ұйымдар мен Орталық Азия және Ауғанстан үкіметтері арасындағы ынтымақтастық тиімділігін арттыруға үлесін қосады деген пікірдеміз», - деді ҚР Сыртқы істер вице-министрі Қанат Тумыш.

Биыл сәуірде қазақстандық делегацияның Кабулға сапарынан кейін «Қазақтелеком» АҚ Ауғанстанға коммерциялық негізде талшықты-оптикалық интернетті жеткізуге ауған тарапымен келісімшартқа қол қойған болатын.

Қазақстан мен Ауғанстан білім беру саласында да ынтымақтастықты арттырмақ. Бүгінде елімізде 450 ауған студенті білім алып жатыр.

Серік Жұманғарин Қазақстанда Ауғанстаннан келген студенттердің санын көбейтуді ұсынды.

«Қазақстан ауған студенттерін оқыту бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруға дайын. Биыл Қазақстан Ауғанстаннан келген студенттерге 30 грант бөледі», - деді С. Жұманғарин.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

12 пікір