Сейсенбі, 4 Қараша 2025
Жаңалықтар 479 0 пікір 4 Қараша, 2025 сағат 17:30

«AMANAT» партиясының «Tomiris» әйелдер көшбасшылығын дамыту жобасының IV-легі басталды

Астанада еліміздің барлық өңірінен келген 60 белсенді әйел «AMANAT» партиясының «Tomiris» әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту жобасы аясындағы оқу курстарын бастады.

Жобаның ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігі директорының міндетін атқарушы Виктор Франк, сондай-ақ «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасының міндетін атқарушы Майра Мұрсахан және басқа да қонақтар қатысты.

Жиынды ашқан партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және гендерлік теңдікті ілгерілету мәселелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша назарында екенін атап өтті.

(Сурет:https://amanatpartiasy.kz/)

«Бүгінде әйелдер қоғамдық өмірге белсене араласып қана қоймай, Әділетті Қазақстанның болашағын қалыптастырып отырған негізгі қозғаушы күшке айналды. Олар басшылық лауазымдарда қызмет етіп, қоғамды өзгертуге бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді. Әйелдердің экономика, саясат және әлеуметтік салалардың дамуына қосқан үлесі айтарлықтай артып отыр. Ең маңыздысы – олар шешім қабылдау үдерісіне қатысып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған оң өзгерістердің бастамашысы болуда. Ел халқының шамамен жартысын (51%) әйелдер құраса, «AMANAT» партиясында олардың үлесі бұдан да жоғары – 62%», – деді ол.

Сондай-ақ Дәулет Кәрібек партияның Әйелдер қанатының тікелей қатысуымен әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң әзірленгенін, партиялық тізімдерге гендерлік квота енгізілгенін және өңірлерде «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылғанын айтты. Сонымен қатар Әйелдер қанатының мүшелері психологиялық қызмет туралы заң жобасы бойынша жұмысын жалғастыруда.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Парламентте және Үкіметте әйелдер үлесін арттырудың маңызына тоқталды.

«Бүгінде елімізде төрт әйел министр бар, ал Мәжілістегі әйелдердің үлесі – 19 пайыз. Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу. Алдағы уақытта дәл осы «Tomiris» жобасының қатысушылары саясат пен қоғамдық өмірде өз әлеуетін жүзеге асыратын тұлғаларға айналар», – деді ол.

Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігі директорының міндетін атқарушы Виктор Франк «Tomiris» жобасы әйел көшбасшылары үшін тәжірибе мен идеялар алмасатын маңызды алаңға айналғанын атап өтті.

«Орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін әйелдердің шешім қабылдау, саясат қалыптастыру және қоғамдық үдерістерге тең дәрежеде қатысуы маңызды. Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Осы тұрғыда «Tomiris» жобасы әйелдердің әлеуетін ашуға және жаңа кәсіби белестерге жетуіне мүмкіндік береді», – деді ол.

«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, «Tomiris» жобасының түлегі Майра Мұрсахан бұл бастама әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар үшін мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған бағдарлама әзірленген. Олар Қазақстан мен Германияның белгілі саясаткерлерімен және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, танымал жаттықтырушылар – Әйгерім Тарбағатаева, Әсел Мұратова, Татьяна Хасанова және басқа да спикерлердің дәрістерін тыңдайды. Биыл жоба түлектерінің жалпы саны 172 адамға жетпек.

Жоба «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты мен Саяси менеджмент академиясының ұйымдастыруымен, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және Конрад Аденауэр қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр.

 

Abai.kz

0 пікір