Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 3096 5 пікір 7 Тамыз, 2023 сағат 13:38

Міңгірлеген Медведев нені меңзейді?

Жақсының айтқаны келмейді,

Жаманның сандырағы келеді.

Шынымды айтайын, орыс халқына либералды құндылықтарды әкелген, әсіресе, федерация құрамындағы ұлттық құрылымдарға «берите столько суверенитета, сколько сможете проглотить» деп, оларға шынымен де де біршама еркіндік берген Борис Ельциннен кейін авторитарлық жүйені қайта қалпына келтірген, оппозицияны түп-тамырымен жойған Владимир Путин билік басына келгенде біраз шошыған мен кейін жас әрі білімді, либералдық көзқарастағы, жұмсақ мінезді Дмитрий Медведев таққа орныққанда «шүкір» дегенмін. Сол кезде өз басым бұл азаматты қолдап едім. Тіпті сол сыңайда мақала да жазғанмын. Шынымен де Медведев басқарған тұста солтүстік көршіміз қайта түлей бастағандай еді.

Өкінішке орай, үмітіміз ғұмыры тым қысқа болды әрі ол ақтала қоймады: саясаттануда «тандем» деген ұғым пайда болып, президент Медведев премьер-министр Путиннің айтқанынан шыға алмай қалды. Одан кейінгісі белгілі: кешегі мемлекет басшысы бүгінде Ресей Қауіпсіздік кеңесінің ролі мен функциясы түсініксіздеу орынбасары ғана.

Жә, өз тағдыры Медведевтің өзіне, Лжедмитрийді, яғни жалған Дмитрийді де көрген тарих қой бұл.

Менің айтайын деп тұрғаным басқа жайт: біз күні кеше либерал әрі жалпыадамзаттық құндылықтардың жақтаушысы санап жүрген Дмитрий бүгінде Ресей мемлекетінің қылышынан қан тамған, айналасына от пен оқ шашқан империялық өткенін көксейтін, тұла бойы мен ой-санасы басқыншылық идеясымен уланған, нағыз ксенофоб, Ресейдің Украинаға қарсы соғысының ақтаушысы және ұжымдық Батысқа қарсы саясатының жаршысына айналды!

Өз басым аноним, яғни бүркеншік ат жамылған аккаунттарға, соның ішінде Telegram арналарға сенбеймін. Бірақ белгілі тұлғалардың ресми арналарын оқып тұрамын.

Міне, күні кеше Кремль саясатының сандуғашы Медведев өз Telegram-ында былайша көсіліпті (әңгіме Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналған Джиддада өткен халықаралық жиын хақында, Ресей тарап ретінде онда шақырылмаған-ды, бәлкім, Медведев соған ренжіп отырған болар):

«Страны Украины никогда не было до 1991 г. Она осколок Российской империи». Яғни, Украина секілді мемлекет 1991 жылға дейін болмаған-мыс, ол Ресей империясының бір сынығы ғана екен.

Бұған не дейсіз, Украина сықылды Ресей империясы мен одан кейін 1917 жылдан 1991-жылға дейін Совет Одағының құрамында болған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының азаматы?! Ымды түсінбеген, дымды түсінбей ме?!

Медведев: «Украина находится в стадии полураспада, а часть её территорий вернулась в Россию». Яғни, біртұтас, унитарлы мемлекетті кремльдік пропаганда, «зеленые человечки» және басқыншылық соғыс арқасында өз қолымен бөлшектеуге тырысып жатқан агрессордың сөзінің сиқы осындай.

Айтыңызшы, өз ішкі сепаратистерінен арыла алмай отырған, сол кремльдік пропаганда күні-түні әр қазақтың үйінің төрінен құлақты сарсытып, сананы сасытып сарнаған, соғыс бола қалса, жауға тойтарыс беруге тиіс әскері жемқорлық пен жөнсіздікке белшесінен батқан, заманауи қару-жарағы мен әскери техникасы жетімсіз, шекарасы ашық-шашық, оның үстіне, басқарушы топтары билікке таласқан әрі халқының билікке сенімі азайып бара жатқан Қазақстан осындай күн туа қалса, не қауқар таныта алады?

Міңгірлеген Медведев нені меңзейді? Әлде, расында да «жақсының айтқаны келмейді, жаманның сандырағы келеді» ме?

Украинаның Қырымын басып алғанда, кейін оған қарсы соғыс ашқанда Кремль өз уәжі ретінде «денацификация» «демилитаризация», «орыстілділердің құқын қорғау» сықылды тезистерді алға тартқан-ды. Қазір ол себептер ұмтылғандай, көп айтылмайды. Оның есесіне, Путиннің атақты сөзінен кейін мына Медведев жаңғыртып отырған осындай, тарихты көпе-көрінеу бұрмалаушылыққа негізделген себептер жиі айтыла бастады.

Олай болса, осынау шылғи өтірікті жоққа шығарып, шындықты барша жұртқа жеткізе алатын, кремльдік пропагандорлармен терезесі мен тезистері тепе-тең таласа алатын, оларды әшкерелеп, жермен-жексен ететін біздің идеологтар, тарихшылар, сарапшылар қайда? Неге олар үнсіз? Дер кезінде, алдын-ала жауап қайтармасақ, Украинаға қатысты уәждер ертең бізге де қарайлай айтылмай ма?

Келесі жылы Ресейде президент сайлау өтеді. Өз электоратының ішкі қиындықтарға қатысты наразылығын басқа жаққа аудару үшін «кішігірім жеңімпаз соғыс» тактикасы тағы да қолданылмай ма? Ол арам ойдың бір нысаны біз бола қалсақ ше?! Украинаға қатысты дітттегеніне жете алмай, әбден шаршаған Путин бүгінде ашулы арыстандай, амалы таусылған ол өз билігін сақтап қалу үшін кез келген қадамға бара алады!

Медведевтің те қарқыны қатты: «Впрочем, и сами переговоры пока не нужны. Враг должен приползти на коленях, моля о пощаде». Яғни, келіссөз секілді кез келген дағдарыс пен қақтығысты шеше алатын өркениетті жолдан алдын-ала үзілді-кесілді бас тартып отыр. Қарсылас жақ алдына жорғалап келуін талап етеді екен.

Бір нәрсе анық - қазіргі замандағы соғыс шекарадан өтіп, басқаның жерін басып алудан басталмайды: оның бастауы басқада. Мәселен, Медведев секілді Ресей қауіпсіздігі саласындағы екніші адамның мынадай міңгірінде немесе сол елді басқа ресми тұлғасының зіркілінде.

Сондай арандатуларға міңгірлемей зіркіл танытатын кез келді деп санаймын!

Әйтпесе, бұға берсең, сұға береді, ертеңгі күні кеш болады!

Әміржан Қосан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373