Тағылымсыз тарих жоқ
2013 жылдың 5 маусымында Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Тарихшылардың осы алқалы мәжілісінде елдің болашағы үшін тарихымызды жаңаша көзқарас тұрғысынан зерделей түсу, ұлттық сананы нығайту, өзекті тақырыптарды зерттеу және жаңа заманға сай оқулықтар жазу сияқты нақты міндеттер жіктелді.
Қазақ елінің тарихы патшалық және кеңестік билік заманында бұрмаланып, дұрыс жазылмай келді. Тек еліміз еркіндікке қол жеткізгеннен кейін ғана «ақтаңдақ» беттері ашылып, ұлттық тарих жазыла бастады. Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін көптеген зерттеу еңбектері жарыққа шықты. Бірақ әлі де зерттеуді қажет ететін өзекті тақырыптар бар. Соның бірі – тарих ғылымының теориясы мен методологиясы. Себебі теория-методология мәселесін көтермейінше, зерттеу жұмыстары да өз дәрежесінде болмайды.
2013 жылдың 5 маусымында Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Тарихшылардың осы алқалы мәжілісінде елдің болашағы үшін тарихымызды жаңаша көзқарас тұрғысынан зерделей түсу, ұлттық сананы нығайту, өзекті тақырыптарды зерттеу және жаңа заманға сай оқулықтар жазу сияқты нақты міндеттер жіктелді.
Қазақ елінің тарихы патшалық және кеңестік билік заманында бұрмаланып, дұрыс жазылмай келді. Тек еліміз еркіндікке қол жеткізгеннен кейін ғана «ақтаңдақ» беттері ашылып, ұлттық тарих жазыла бастады. Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін көптеген зерттеу еңбектері жарыққа шықты. Бірақ әлі де зерттеуді қажет ететін өзекті тақырыптар бар. Соның бірі – тарих ғылымының теориясы мен методологиясы. Себебі теория-методология мәселесін көтермейінше, зерттеу жұмыстары да өз дәрежесінде болмайды.
Қазіргі жаһандану заманында қазақ халқының ұлт болып сақталуы үшін ұлттық құндылықтары насихатталып, төл деректері, құнды мұралары зерттеле түсуі қажет. Әлемдегі өркениетті елдердегі сияқты тарих ғылымының теориясы мен методологиясы біздің еліміздегі отандық тарих ғылымы бойынша дұрыс жолға қойылуы керек. Осы аталған тақырыпқа қатысты бірқатар зерттеушілердің шағын мақалалары мен жинақтары жарық көргенімен, арнайы нұсқаулық немесе оқулық ретінде жазылған теория-методологияға қатысты іргелі зерттеу еңбектер жоқ.
Патшалық және кеңестік империяның тұсында тарих бұрмаланды және оны басқа ұлт өкілдері жазды. Қазақ зиялыларының да ел тарихына байланысты қалам тартып, зерттеулер жазғаны болды. Бірақ оларға шектеу қойылып, қуғындалды. Тек саяси идеология құралына айналдырылған тарих жазылды. Бір сөзбен айтқанда, үлкен қиянат жасалып, тарихымыз таптаурын күйге түсті. Соның салдарынан осы күнге дейін Отандық тарих ғылымының теориясы мен методологиясы қалыс қалып келді. Мысалы, Қазақстан бойынша Қаз КСР Ғылым академиясы төралқасының 1978 жылғы 7 қыркүйектегі №131 қаулысымен Тарих институтында «Қазақстанның тарихнамасы» деп аталатын бөлім ғана ашылды. Оның өзі кеңестік идеологияның шеңберінен шығып, зерттеулер жасай алмады. Ал басқа институттар мен университеттерде арнайы Отан тарихының теория-методологиясымен айналысатын кафедралар мүлдем ашылған жоқ. Сондықтан тарихшыларымыздың алдында тұрған үлкен бір міндет осы салаға қатысты болып тұр.
Тарих ғылымының теориясы мен методологиясына қатысты ұғымдар және түсініктеріне тоқтала кетсек. Тарих теориясы – жалпы тарих туралы теория немесе ондағы нормандық теория, манор теориясы тағы басқа да теория түрлері жайында. Қалай айтқанда да, тарих теориясы – бұл жоғары, тарихи танымның дамыған деңгейі. Яғни нақты тарихи оқиғалар мен құбылыстардың сипатталу деңгейін көрсетеді. Тарихи зерттеу теориясында тарихтың жалпы проблемалары, шындығы және танымы қарастырылады.
Тарих методологиясы – (грек тіл. methodos – әдіс, таным жолы logos – сөзі) – тарих ғылымының әдістемелік таным туралы пәні және тарауы болып табылады. Әдістеме – тарихи зерттеудің құралы ретінде пайдаланылады. Әдістемелер арқылы тарихшы жаңа білім алып, оқиғалар туралы мәліметтерді нақтылайды.
Қазіргі заманда «методология» ұғымы бастапқы мағынадағыдай ғана аясы тар емес, тарихи танымның жалпы негізін құрайды. Бір сөзбен айтқанда, тарих методологиясы нақты тарихи зерттеу тәжірибесінің теориялық көрінісі ретіндегі әдістемелер, ұстанымдар, ғылыми тарихи түсініктер т.б. Тарихшының зерттеу жұмысының тәжірибесін баяндай отырып, методология танымға жетелейтін ойға мүмкіндіктер береді. Демек, методология тарихи зерттеуде жеке және жалпы проблемаларға сараптама жасайды. Бірақ кез келген проблемаға нақты жауапты даярлап тұрмайды. Оны қарастырудың, зерттеудің жолдарын көрсетеді.
Тарих ғылымында методология мен метод бір-біріне тәуелді емес. Методология мен методтың өз алдына жеке танымдық формалары бар. Мәселен, методология жеке зерттеу әдістеріне қолданылмайды. Зерттеу жүйесінде техникалық әдістерді методология емес, метод деп қарастырған жөн. Ал методология міндеті ғылыми мәселелерді шешуде жалпы теориялық ұстанымдарды көрсету болып табылады. Бұл жалпы ғылыми қарым-қатынас сипатын, көрінісін байқатады.
Қазақ зиялысы А. Байтұрсынов былай деп жазған еді: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады». Демек, Отан тарихын тарихшылар өз дәрежесінде зерттеу үшін тарих ғылымының теориясы мен методологиясына баса назар аударуы қажет.
Деректанушы ғалым Қ.М. Атабаев Отан тарихы ғылымының методология мәселесіне байланысты мынадай тұжырым жасаған: «Отандық тарих ғылымындағы басты кемшілік – методологиялық кемшілік. Барлық ғылымның негізі методологияда жатыр. Методологиялық, теориялық мәселелерді анықтап алмай, басқа ғылымдар сияқты, тарих ғылымының да өз дәрежесінде дамуы мүмкін емес. Қазақстанда тарих ғылымының міндеті, функциясы не болуы керек? Алдымен осыны анықтап алуға тиіспіз. Ең бастысы, методологиялық проблема – осы. Қазақстан тарихы ғылымының міндеті қазақ ұлтының тарихын зерттеу болуы керек».
Тарихшы Б.Ғ. Аяған ұлттық тарихты қарастыруға қатысты мынадай пікірін білдірген: «Біздің міндетіміз – тарихшылардың ғылыми мектептері арасындағы интеллектуалды ой жарысын, бәсекелестікті қолдай отырып, қазақ тарихының табиғаты және мәні туралы терең толғанған туындыларды өмірге келтіру. Бұл ерекше тарих екені анық. Ол – Батыстың да, Шығыстың да тарихи дәстүрлеріне бағынбайтын феномен. Ол құбылыс өзегі – Дала өркениеті, мыңдаған жылдар бойы үзілмей келе жатқан тарихи жалғастық, ауызша дәстүр тағы басқалары. Сондықтан, Қазақ елінің тарихындағы өзекті мәселелеріне қатысты тұжырымдамалар қажет. Ол үшін кең ауқымды және терең зерттеулер керек. Мысалы, тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудегі міндеттерді шешу үшін жан-жақты білім алған, теориялық дайындықтары жақсы, жаңаша ойлайтын мамандар қажет. Осы мәселелерді ширақ, ауқымды ретте шешіп отыру тарихшылардың міндеті болуы тиіс».
Қазіргі заманда «тарихтан тәрбие», «тарихтың тәрбиелік күш-қуаты» деген негізді ұғымдар біздің мәдениетіміз бен қоғамдық өмірімізде қолданысқа енген. Әсіресе Тәуелсіздік алған уақыттан бері мемлекеттің алдында жас ұрпақты жаңаша тарихи көзқарас тұрғысынан оқыту мен тәрбиелеу міндеті қойылды. Ондағы мақсат тарихын білетін, ұлты мен мемлекетін сыйлайтын жас ұрпақты тәрбиелеуге байланысты еді. Міне, осындай рухани ұлттық құндылықтар мен тарихын терең білетін ұрпақ қана ұлтжанды болып өсетіндігі сөзсіз. Сондықтан тарихшы қауым ел тарихының әртүрлі кезеңдері мен маңызды салаларына қалам тартуы тиіс.
ҚАНАТ ЕҢСЕНОВ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к.
Abai.kz