Ғаламтордың ғажайыптары
ХХІ ғасырдың байланыс құралдары – интернет пен ұялы телефон қолданысы ақпаратты жылдам алу және оны қажетті нысанға сапалы жеткізудегі адамзат үшін жасалған игі жаңалық десек, қатты қателеседі екенбіз. Таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл арада да олар екі түрлі мақсат мен мүддеге құрылыпты. Біз соның жақсы жағын көріп, ІТ технология жетістіктерін тиімді пайдалануға тырысамыз. Ал интернет пен ұялы байланыс Пентагонның туындысы көрінеді. Нақтырақ айтқанда, өткен ғасырдан бастап АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік басшылығы ғалымдарға дұшпанның іс-қимылын оған білдірмей, мықтап қадағалай алатын құрылғы ойлап табу жөнінде тапсырма беріп, мұндай жобаларды ұдайы қаржыландырып отырған. Нәтижесінде, өзіміз қаламасақ-тағы, бүгіндері жерсерігі арқылы біздің барлық іс-қимылымызды жіті бақылауға мүмкіндігі бар интернет пен түрлі буындағы ұялы телефондар дүниеге келіп жатыр.
ХХІ ғасырдың байланыс құралдары – интернет пен ұялы телефон қолданысы ақпаратты жылдам алу және оны қажетті нысанға сапалы жеткізудегі адамзат үшін жасалған игі жаңалық десек, қатты қателеседі екенбіз. Таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл арада да олар екі түрлі мақсат мен мүддеге құрылыпты. Біз соның жақсы жағын көріп, ІТ технология жетістіктерін тиімді пайдалануға тырысамыз. Ал интернет пен ұялы байланыс Пентагонның туындысы көрінеді. Нақтырақ айтқанда, өткен ғасырдан бастап АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік басшылығы ғалымдарға дұшпанның іс-қимылын оған білдірмей, мықтап қадағалай алатын құрылғы ойлап табу жөнінде тапсырма беріп, мұндай жобаларды ұдайы қаржыландырып отырған. Нәтижесінде, өзіміз қаламасақ-тағы, бүгіндері жерсерігі арқылы біздің барлық іс-қимылымызды жіті бақылауға мүмкіндігі бар интернет пен түрлі буындағы ұялы телефондар дүниеге келіп жатыр.
Абонент әрқашан қосулы
Бүгіндері ұялы телефон – бұл тек байланыс құралы немесе фотоаппарат пен бейнекамера ғана емес, сонымен қатар радиомаяк. Ұялы байланыс жайлаған мұқым территория операторлардың кешенді станциясы немесе мұнарасымен қамтылған. Мұндай әр мұнараның нақты тіркелген орны, мекенжайы болады. Техникалық ақпаратты анықтауда белгілі бір ұялы телефонның нөмірі ғана емес, сонымен қатар ол байланысқа шығып тұрған оператор антеннасының да мекені анықталады. Демек, байланысқа шыққан адамның әлгі мұнараның оңтүстігінде, солтүстігінде, батысында немесе шығысында тұрғаны өздігінен белгілі болады. Сондай-ақ ұялы байланыс қызметін ұсынатын компанияның техникалық құрал-жабдығы арқылы радиомаяк белгісінің қуаты да өлшенеді, соған байланысты абоненттің сөйлесу барысында қайда жүргені: көшеде ме, әлде ғимаратта ма, не болмаса автокөлікте отыр ма, оны да нақтылауға мүмкіндік бар. Шалынған қоңырауларды үздіксіз бақылауда абоненттің 300-ден 500 метрге дейінгі жүріс маршрутын да түзуге болады екен. Осылайша бүгінгі заманның адамы ұялы телефон арқылы хабарласқанда немесе интернетке кіргенде минут сайын артына электронды із қалдырып жатқанын байқамайды да. Шындап кіріссе, кез келген адамның қайда жүргенін осы «ізі» арқылы бір минуттың ішінде түрлі техникалық құралмен оп-оңай тауып алуға болады. Міне, осындай электронды іздер соңғы кездері әлемдегі көптеген атышулы қылмыстық істердің бетін ашуда көмегі көп тиіпті.
Электронды себет
Кәсіби мамандардың айтуынша, қандай да бір адамды табу үшін оның ұялы телефоны үнемі қосулы болуы да шарт емес. Тек бір рет байланысқа шықса болғаны. Егер бір рет қоңырау шалып, чипті лақтырып тастаса да, ол адам көпке тасада жүре алмайды. Өйткені сол бір қоңырау арқылы анықталған нөмірдің ұялы байланыстағы электрондық себетте тіркелген барлық ақпаратын анықтап алуға болады. Сөйтіп, ол нөмірмен сөйлескендердің барлығы тергеуге алынады. Алайда жекелей адамдар өз бетімен ұялы байланыс операторы арқылы із кесе алмайды. Заңды тұрғыда бұл іске тікелей құқықтық құрылымдар араласса ғана, ол мүмкін. «Байланыс туралы» ҚР заңы бойынша ұялы байланыс операторлары тек аталған заң нормалары тәртібіне сай жазбаша толтырылған прокуратура және тергеу органының, оперативтік іздеу қызметі субъектілерінің сұрауына қарай осындай қызмет көрсете алады.
Жалпы, көпшілік үшін ұялы байланыс нарығында «ашқыш» деген ақылы қызметтің барын да еске сала кетелік. Егер біреу жасырын нөмірмен қоңырау шалса, онда ол туралы мәліметті жоғарыда аталған заңдық негізде ғана білуге болады, яғни құқықтық құрылымның сұрау салуын өтінуіңіз керек, бір сөзбен айтқанда, бұл істің машақаты көп. Ал егер сіз ұялы байланыс операторлары ұсынатын қызмет түрі «ашқышқа» ақы төлеп, қосылсаңыз, онда ешқандай сұраусыз, бас ауыртуынсыз өзіңізге жасырын қоңырау шалған адамның нөмірін еш қиындықсыз анықтай аласыз. «Ашқышты» қостырсаңыз болғаны, сізге жасырынып хабарласқан барлық адамның нөмірі өздігінен ашылып тұрады. Мәселен, Beeline операторы бұл қызмет түріне айына 1000 теңге ақы алады.
Негізінен, нөмірді анықтау немесе тың тыңдау бойынша ұялы байланыс операторы қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге болады екен. Мұндай қызметтің құны 500-ден 2000 доллар аралығын қамтитын көрінеді. Әрине, ол заңсыз болып табылады. Сондықтан күннен-күнге аталған нарықтың «қара базар» аясы тарылып барады. Себебі ұялы байланыс оператор қожайындары ақпараттың сыртқа жылыстап кетпесі үшін қауіпсіздік қызметін ұдайы күшейтіп отырады. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл да үлкен кедергі емес.
Ұялы телефондағы сөз қалай тыңдалады?
Қалай дегенмен де құқық қорғаушылар біздің ақпаратымыздың құпиялылығына 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Өйткені олар ІТ саласының маманы емес, сондықтан олар әр күн сайын аталған салада дүниеге келіп жатқан тың технологиялардың мүмкіндігін нақты пайымдай бермейді. Коммерциялық тыңшылық әрқашан табысты болып есептелген. Сол себепті бизнес үшін осындай мақсаттағы құрал-жабдықтар шығару өте тиімді деп саналады. Көбіне бизнес ортаның ақпараты құнды екені белгілі. Хаккерлер және тағы басқа кәсіби тыңшылар, негізінен, осы таптың маңын торуылдайды. Сөйтіп, өзі куә болған мәліметті әлгі кәсіпкердің бәсекелесіне саудалауда көп пайдаға кеңеле алады.
Жалпы, бүгіндері қаласаңыз кез келген абоненті тыңдауға мүмкіндік бар. Оны ұйымдастыру үшін қажеттінің барлығын техникалық дүкеннен сатып алуға болады. Бұл ретте, ең оңтайлы әрі арзан құрал – құйтақандай «қоңыз». Оны телефонға орнату 5-10 минут қана уақытыңызды алады. Ол телефон батареясынан қуат алып, үнемі өз қызметін қалтқысыз атқара береді. Бұл құрылғы телефондағы әңгімені ғана емес, сонымен қатар қалтада, жұмыс столында жатқанда да айналадағы барлық дыбысты қабылдап, ол адамның бүкіл іс-қимылынан хабар жеткізеді.
Тыңдаудың ең күрделі әрі қымбат тәсілі – абонент аппараты мен оператордың ретрансляциялық антеннасы арасындағы GSM-белгісін ұстап алу. Бүгіндері операторлардың көбісі желідегі белгінің барлығын таңбалап тастаған. Сондықтан қажетті белгіні ұстап алу үшін керекті абоненттің жеке нөмірі мен sim-картасының кодын білу қажет. Ол үшін ұялы байланыс желісінде жұмыс істейтіндерден осы ақпаратты сататын қолайлы адамды іздеу керек. Бұл тәсілдің тағы бір қиындығы – телефондағы әңгімеге ортақтасу үшін ретрансляция антеннасы мен абонент аппараты арасындағы аймақта болуыңыз тиіс, бұл іс егер телефон иесі көлікпен жүйткіп бара жатса, тіптен қиындай түседі.
Телефондағы әңгімені «ұрлаудың» ең озық тәсілі – ішкі бөлшекті алмастыру, яғни сыртқы қорабы бәз баяғыша өзінікі болып қалады, бірақ ішкі құрылысының орнына тыңдау құралы орнатылады. Бұл процесс те көп уақытты алмайды. 5-30 минутқа дейін. Осылайша модернизацияланған телефондағы сөздер GSM, WI-FI, 3G немесе Bluetooth арнасы арқылы қажетті адамға ешқандай қиындықсыз жетіп отырады.
Бірнеше буынды қамтитын қазіргі телефондар өзінің операциялық жүйесімен шағын компьютерден кем емес екені белгілі. Соңғы кездері смартфондағы мәліметтерді ұрлау үшін арнайы зиян келтіретін бағдарламалар кеңінен қолданыла бастапты. Вирус sms-хабарламасы немесе поштаңызға түскен хат түрінде болады екен.
Ғаламтордағы торуыл
Интернет-технологияның қарыштап дамуы 2003 жылдан бастап әлеуметтік желілер бойынша дүмпу орнатты. 2013 жылдың басында әлеуметтік желілерге тіркелушілер саны жер шарындағы адам санымен теңескен: 6 миллиардтан астам. Оның тең жартысы Facebook (АҚШ, тұтынушысы – 1 млрд), Tencent QQ (ҚХР, 784 млн) және Scype (Эстония, 663 млн), Google (АҚШ, 500 млн) және Twitter-ге (АҚШ, 500 млн) тиесілі. Осы жағынан алғанда, ғаламтор бүгінгі адам өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Бірақ бұл арада да барлық іс-қимыл бақылауға алынатындығын естен шығармаған жөн. Бір-ақ мысал келтіре кетейік. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі телекоммуникациялық компанияларды абоненттердің барлық іс-қимылынан хабар беретін ақпараттарды беріп отыруға міндеттеген. Бір сөзбен айтқанда, 99 миллион ұялы байланыс абоненті және 22 миллион Verizon стационарлық нөмірін пайдаланушылар ешқандай ескертусіз бақылау объектісіне айналған. Ағылшынның Guardian газеті тілшісінің қолына осындай ақпарат ілініпті. Бұл хабар елді дүр сілкіндірген. Бірақ билік бұл мәліметті жоққа шығармаған, мұның барлығы лаңкестікпен күрес мақсатында жасалып жатқанын айтып отыр. Демек, бұл – «лаңкестікпен күрес» деген желеумен жер шарындағы кез келген адамның интернеттегі барлық іс-қимылы бақылауға алына алады деген сөз. Мамандардың айтуынша, интернет қалай пайда болса, сонымен бірге ондағы сайттарға, желілерге енушілердің барлық ізін бақылайтын бағдарламалар да қоса әзірленген. Осындай құпия бағдарламалар мен шифрларды қолына тигізген баз бір хаккерлер біреудің поштасы түгіл, банк шотындағы ақшаны да электронды жолмен «ұрлап» әкетуде.
Жалпы, хаккерлердің айтуынша, интернеттегі барлық мәлімет із-түссіз ешқашан жоғалып кетпейді. Мәліметті өшірдім деген күннің өзінде, ол ақпарат бұлттары арқылы компьютердің бір жерінде сақталып қалады. Сондықтан бұл арада кез келген интернетті пайдаланушының пошта және агент кодын білсеңіз болғаны, оның баяғыда өшіріп тастаған мәліметтерімен де қанығуға мүмкіндік бар екен. Бұдан шығатын қорытынды – құпия мәліметтерді ешқашан электронды құралға сеніп тапсыруға болмайды.
Сақтықта қорлық жоқ
Ақпараттық «жыртқыштың» көздейтін негізгі «жемтігі» – кәсіпкерлер үшін, ең дұрысы – маңызды кездесулерде ұялы телефонын өшіріп қою немесе оны көліктің ішінде қалдырған дұрыс. Бұл арада телефонды тек сөндіріп қана қоймай, оның батареясын да алып тастауды ұмытпаған жөн. Бәрінен бұрын, бұл арада техниканың тілін техникамен дөп басқан жақсы. Бүгіндері «қоңызды іздегіш» деген арнайы құрылғы бар. Ол телефоныңыздағы «қоңызды» оп-оңай тауып алады. Одан кейінгі тағы бір тиімді құрылғы – ұялы байланысты тұншықтырғыш. Бұл – сымсыз байланыс арналарын қорғауға арналған әскери аппарат. Ол белгілі бір радиустағы радио-сигналдарды бүтіндей тұншықтырып тастауға қауқарлы. Оны келіссөздер барысында өзіңізбен бірге алып жүруге болады, әрі қажет кезде оны кеңсеңізге орнатып қойсаңыз артықтығы жоқ. Ал интернеттегі шабуылшылардан қорғанудың сауатты жолы – жұмыста кәсіби білікті ІТ-маманын ұстау.
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Әлем бойынша ұялы байланыс қызметін тұтынушылар 6 миллиардтан астам, бұл – жер шарындағы адамзаттың 82 пайызын қамтитын көлем. Интернетке ешқандай кедергісіз шығуға мүмкіндік беретін смартфонды пайдаланушылардың саны көп емес – 600 млн адам. Бұл компьютердегіден қарағанда ұялы байланыстағы интернеттің бірнеше есе қымбатқа түсуімен байланысты болуы да мүмкін.
1995 жылы дүниежүзінде ғаламторды пайдаланушылар 16 миллион адам болса, 2000 жылы бұл көрсеткіш 361 миллионды құраған, ал 2005 жылы – 1 млрд 018 миллион, 2012 жылдың аяғында оның саны 2,4 миллиардтан асыпты. Интернетті көптеп тұтынушылар қатарына Қытай елі жатады екен (611 миллион). Ал ең аз тұтынушы – КХДР, өйткені бұл елде интернет қолданысына қатаң тыйым салынған.
Abai.kz