"Қазақмыс" корпорациясы болып жатқан жағдайды түсіндіріп, кеніште жұмыс тоқтап қалғанын айтты. Компания мәліметіне қарағанда, шахтёрларға мердігер мекемелердің қызметкерлері де қосылған. Алайда компания ереуілге шыққандардың да, тоқтап қалған кәсіпорындардың да нақты санын айтпады.
Жұмысшылардың сөзінше, ереуілге жүздеген адам шыққан. Олардың айтуынша, еңбек жағдайының нашарлығына наразылық көптен бар.
"Қазақмыс" Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең ірі мыс өндіруші компания саналады. Компания құрамына геологиялық барлау мекемесі, 13 кеніш, 4 байыту комбинаты, екі мыс қорыту зауыты, екі көмір разрезі және жылу-энергетика кешені кіреді. Негізгі өндіріс Ұлытау және Қарағанды облыстарына шоғырланған. Компания мәліметіне қарағанда, "Қазақмыс" кәсіпорындарында 38 мыңнан астам адам жұмыс істейді.