Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5673 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 21:47

Ақтөбедегі Қазақстан–Қытай бірлескен кәсіпорны: Жаңаөзен қайталана ма?

Жаттың табанында жаншылғандар

Жер бетінде Қытай экспансиясы туралы жиі айтылып жүр. Және оның бәрі негізсіз емес. Бүгін осындай жағдай Ақтөбедегі Қазақстан–Қытай бірлескен кәсіпорнында, дәлірек айтқанда, «Ұлы қабырға» ЖШС-де орын алған. Қазақстанда құрылғанына он жылдан астам уақыт болған «Ұлы қабырғада» («Великая стена») бүгін қазақ жұмысшыларына қатысты көп жағдай ушығып тұр деуге болады.

 

«Ұлы қабырға» – үнсіз қабырға...

Бірден айту керек, бұл бірлескен Қазақстан–Қытай компаниясында орын алған жағдай оқырман үшін жаңалық емес. Десек те, жағдайды сол қалпы, ешбір комментарийсіз беруді жөн көрдік. Жәбірленушілер жеткізген құжаттарға кезек берер болсақ, соның бірі компаниядағы қазақ жұмысшыларының компания басшысы Ху Эр Тайға жазған Үндеуі.

Жаттың табанында жаншылғандар

Жер бетінде Қытай экспансиясы туралы жиі айтылып жүр. Және оның бәрі негізсіз емес. Бүгін осындай жағдай Ақтөбедегі Қазақстан–Қытай бірлескен кәсіпорнында, дәлірек айтқанда, «Ұлы қабырға» ЖШС-де орын алған. Қазақстанда құрылғанына он жылдан астам уақыт болған «Ұлы қабырғада» («Великая стена») бүгін қазақ жұмысшыларына қатысты көп жағдай ушығып тұр деуге болады.

 

«Ұлы қабырға» – үнсіз қабырға...

Бірден айту керек, бұл бірлескен Қазақстан–Қытай компаниясында орын алған жағдай оқырман үшін жаңалық емес. Десек те, жағдайды сол қалпы, ешбір комментарийсіз беруді жөн көрдік. Жәбірленушілер жеткізген құжаттарға кезек берер болсақ, соның бірі компаниядағы қазақ жұмысшыларының компания басшысы Ху Эр Тайға жазған Үндеуі.

Мұнда көрсетілгендей, мұнайшылар қытай басшыдан еңбек жалақысын 100 пайызға дейін көтеруді талап еткен. Өйткені жалақыны көтеру туралы мұнан екі жыл бұрын уәде етілгенімен, ол орындалмаған. Үндеудің мәтінінен тағы да түсінгеніміз, осыған дейін қытайлық басшы еңбек жалақысын жұмысшыларға 15, инженер-техникалық қызметкерлерге 10 пайыз көтерген болатын. Бірақ есесіне скважинадағы жұмысты мерзімінде орындағаны үшін, монтаж және өзге де жұмыс қауіпсіз басқарылғаны үшін беріліп келген сыйақы қысқарып, жұмысшылар алдауға түскен. Сол кезде жұмысшылар 70–80 мың теңге айналасында жалақы алса, 10–15 пайызға көтерген соң, айлықтары жүз мыңның айналасында ғана болып қалған. Болмашы жалақының болмашы пайызы бүгінгі қымбатшылықта бұл өңір адамдары үшін тиынға айналып, ол күнкөрістеріне жетпеуде.

Әр жұмысшыда несие бар, пәтер жалдап тұратын жұмысшы отбасылары да жеткілікті. Енді осыған күн сайын қымбаттап бара жатқан азық-түлік, киім-кешекпен бірге коммуналдық төлемдердің қымбаттауы мұнайшылардың жағдайын ауырлатып жіберді. Қазір олар тіпті балаларын балабақшаға апару үшін қаржы таппайтын жағдайға жетіп отыр. Ал бұл кезде компанияның табысы артып отырғанын да жұмысшылар біледі. Себебі Ху Эр Тай келгелі, мұнай өндіруді бір жарым есеге арттырып жіберген! Яғни, жұмысшылардың жалақыны көтеру туралы талабы негізсіз емес деген сөз.

Бүгін мұнайшылар шетелдердегі сияқты, Қытай компаниясы да айлықты көтерген кезде, инфляцияны есепке алып көтеру қажеттігін айтады.

Үндеуде жұмысшылар мұнан әрі мұндай жағдайға төзбейтіндерін және үнсіз қала алмайтындарын ескертеді. Мұнан өзге бүгінгі жағдай бір күнде орын алмағанын, мұнан бұрын да осы талапты қойғандарын айта келіп, «Ұлы қабырға» үнсіз қалып, олардың талабын аяқ асты етуді жалғастыра беретін болса, компания жұмысшы атаулыны өзіне біржола қарсы қоятыны туралы да ескертеді.

«Қазір біз үшін компанияның қандай жағдайда екені толғандырмайды, себебі оларды да біздің жағдайымыз толғандырып отырған жоқ. Басшы атаулы қит етсе, қандай да бір аттестациямен қорқытады, «компанияда табыс жоқ, шығынға ұшырап отырмыз» деген уәж айтады. Біз мұнан былай компанияның мұндай «мүшкіл халімен» санаспаймыз. Өйткені бәрін айтпағанда, қазақ және қытай мамандарын алалаудың өзі неге тұрады? Сондықтан біз мұнан әрі үнсіз қала алмаймыз және мұнан әрі күте де алмаймыз» делінген Үндеуде...

 

Қараманов  неге қуғынға түсті

Баспасөз мәслихатында баса айтылған мәселе, «SK-5»-тің бұрғышылар мастері Марат Қарамановқа қатысты болды. Оның дәл осы компанияда жұмыс істеп келе жатқанына 13 жыл. Қарамановтар әулетінің Ақтөбе мұнайына сіңірген еңбегі – жарты ғасырға жуық. Қазірдің өзінде, Марат Қарамановтың балалары Ақтөбе мұнайына қызмет етеді. Бұл әулет – Ақтөбе өңіріне танымал мұнайшылар династиясы.

«Бүгін «Ұлы Қабырғада» не болып отыр?» дей келіп, мұнда орын алған заңсыздықтарды тәжірибелі бұрғышы саусақпен санағандай етіп, тізіп берген.

– «Ұлы қабырға» компаниясында монтаж, демонтаж, бұрғылау жұмысының орындалу мерзімі шектен тыс қысқартылғаны сонша, оны орындау мүмкін емес;

– Бұрғыны орнату жұмысына мүлде уақыт бөлінбеген. Монтаж-демонтаж жұмысы үшін арнайы техника және автокрандар толық қамтамасыз етілмейді;

– Бұрынғы тәжрибелі деген монтажшылар мен дәнекерлеушілердің жартысынан астамы қысқартылған. Нәтижесінде монтаж және демонтажға қатысты қыруар шаруа өз деңгейінде жүргізілмейді;

– Уақыттың аса тығыздығынан жұмысшылар монтаждау жұмыстарын орындаған кезде техникалық қауіпсіздік шараларын бұзуға еріксіз барады;

– Бұрғы басында болуға тиіс арнайы инженерлер саны аз. Олар да қысқартуға ұшыраған;

– Егер Қытай басшылары Қазақстанның «Еңбек туралы» заңын бұзбаса, әр жұмысшыға 400–500 мың теңге жалақы тиесілі болуы керек. Бірақ жұмысшыларды айтпағанда, бұрғышылар мастерінің өзі 160–180 мың теңге айлық алады. Мастер атаулы тәулігіне 20 сағат жұмыс істеп, төрт сағат қана демалады!

Бұл ғана емес, біздің кез келген заңды талабымызға компания тарапынан: «Ақша жоқ, жоспар орындамай, шығынға батып отырсыңдар...» – деген сөзден өзге айтылмайды. Ал мұнайшылардың өздері мұнайды бұрынғыдан әлдеқайда көп өндіретіндерін біледі.

Қазір бұрғы басындағы бар жұмыс техникалық қауіпсіздік шараларын бұзу арқылы жүргізіледі. Бұл іске қатысты жергілікті департамент маманы жұмысты тоқтатуға нұсқау берсе, Қытай жақтың маманы араласып, жұмысты жандандыруға нұсқау береді.

Кез келген орындалмаған жоспар, сынған жабдық үшін тек жергілікт мамандар жауапты. Қытай жағының мамандары ешбір жағдайда жауапкершілікті өз мойындарына алмайды.

2012 жылы 20 қараша күні долото ұрланғанын білеміз. Біз оны жоққа шығармаймыз. Бірақ біз бригаданың намысы үшін, бәріміз жабылып іздеп, долотоны орнына қойғанбыз. Мұнан «Ұлы қабырға» бір тиын да зардап шеккен жоқ. Соған қарамастан, осыны сылтау етіп, мені жұмыстан шығарып отыр. Міне, үш айдан бері еш негізсіз жұмыссыз отырмын.

Себеп біреу ғана: мен Ян Цывей мырзаға (бас директордың орынбасары) ұнамайды екенмін. Оған ұнайтын мен қыз ба екенмін?

Менің айтарым, Қытай мамандары біздің мамандарды менсінгісі келмеген күннің өзінде біздің елдің заңын орындасын! Кез келген шетелдік компания қай елде жұмыс істесе, сол елдің заңына бағынуы, оны орындауы тиіс».

Бұрғышылар әулетінің өкілі жазған хаттың қысқаша мазмұны осындай. Біз оның жазу үлгісін де өзгерткен жоқпыз.

Қазір компания Ху Эр Тайдың атына Марат Қарамановты қайтадан жұмысқа алу туралы Ашық хат жарияланып, оған 27 бұрғышылар бригадасы мастерлерінің 17-сі қол қойған. Серіктестік жұмысшылары «мерзімі шектеусіз ереуіл жариялаймыз» деген соң ғана билік пен атқарушы органдар қорқып, Қарамановты қамаудан босатқан. Бірақ қаладан шықпайтыны туралы қолхат алып, үйқамаққа отырғызып қойған. Жоғалып, орнына қойылған долото үшін, Қарамановқа қатысты сот болады деп күтілуде.

«Мұнайшылар әулетінің өкілі, өзі 27 жылдан бері Ақтөбе мұнайына еңбегі сіңген Мараттың долотоны ұрлап несі бар? Бұл мүмкін емес. Керісінше, ол долото жоғалған күні бүкіл Ақтөбе облысы бойынша барлық белгілі мұнайшыларға хабарласып, кездейсоқ долотоны сатып алмауды айтып, сақтандырды. Жабдықтың жоғалған туралы жергілікті полицияға шағым түсірген де Марат Қараманов.

Өзі полицияның көмегінсіз, долотоны іздестіріп, оның табылуына ықпал етті. Егер ол табылмағанда, онсыз да мардымсыз айлық алып жүрген жұмысшыларға бөліп төлететін еді. Ол бізді, жұмысшыларды осындай қиындықтан құтқарып қалды», – дейді жұмысшылар.

Олар Марат Қарамановты жазықсыз соттауға жол бермейтіндерін айтып отыр. Өйткені ол осы өңірде қазақ жұмысшыларының мәселесін көтеріп жүрген, өзімен ниеттес азаматтардың басын қосып, тәуелсіз кәсіподақ құрайын деп жүрген азамат. Себебі техникалық қауіпсіздіктің сақталмауынан өндірісте жарақат алу мен адам өлімі жиілеп кетті. Компания басшылары мұны жасырып қалуға тырысады.

Жергілікті мұнайшылар осыған дейін тәуелсіз кәсіподақ өкілі Айдос Садықовтың қалай жазықсыз екі жылға сотталғанын біледі. Енді мұнан былай ондай заңсыздыққа жол бермеуге бел буып отырған көрінеді.

Шынында да, былтырғы жылдың қаракүзінде жоғалған жабдық туралы мәселе арада жарты жылдан астам уақыт өткенде неге қайта қозғалып отыр? Сол кезде неге Қарамановқа «ұрыны жасырып-жаптың» деп кінә тақпаған? Түсініксіз.

 

Қазақ неге өз жерінде өгей?

«Біз, Орталық қойманың бір топ жұмысшылары, осы хатқа қол қойып отырмыз» деп басталады БПҚ өкілдеріне таратылған тағы бір құжат. Бұл да «Ұлы қабырғаның» бас директоры Ху Эр Тайға жолданған хат екен.

«Біз бар қоймалардың бастығы Ли Чжанцзидің адамдармен дұрыс тіл табыса алмайды, онымен бір ұжымда жұмыс істеуден бас тартамыз» дей келіп, адамдар Ли деген бәленің орынсыз талап қоятыны туралы шағымданған. Мәселен, бұрғылау жұмысына қажет жабдық, қосалқы бөлшек қай бригадаға тығыз түрде қажет, соған бірінші кезекте жөнелтілуі тиіс. Ли болса, қытай бригадасына қажет заттың бірінші кезекте жіберілуін талап етеді. Тіпті қойма қызметкерлері түскі үзіліс кезінде ас ішіп отырса да, қытайлар келсе, ішіп отырған асын тастап, оларға қажетті затты іздеп жөнелуі керек...

Бұл бұл ма, Ли бізден тек қана орыс тілінде сөйлесуімізді талап етеді! Ал біздің арамызда туғалы бұл тілде сөйлемеген жұмысшылар бар! Бұл жағдай бәріміздің жанымызға батады және біз үлкен алаңдаушылық үстіндеміз» деп қол қойған адамның саны оннан асады...

Қытайдың қазақ жерінде жүріп, қазақты адам ғұрлы көрмеуінің мысалы бұл ұжымда жетіп-артылады. Есепші А. Құсайынованың атқарушы директор Ян Цывейдің атына түсірген шағымы осыған дәлел. Шағым мазмұны, қытайлық аспазшы Джанға қатысты. Құсайынова кезекті құжатқа қол қойғызу үшін, Ли Суйе дегенге телефон шалады. Ол болса Оралда жүргенін айтып, өзі үшін аспазшы Джан қол қоя салсын дегенді айтады. Құсайынова Джанға бір емес, екі-үш рет келеді. Ол Құсайынованың не айтқанын шыбынның ызыңындай да көрмеген. Ең соңында есепші бұл Ли Суйенің тапсырмасы екенін айтып, қол қоюын талап еткенде, әлгі қолына не түссе, соны есепші әйелге лақтырып, тіпті, оны жағадан сүйрегендей етіп, қоймадан итеріп шығарған!

Әйел адамға қатысты мұндай дөрекілік, бұзақылық, тіпті адамға қол көтергені үшін қылмысқа жататын бұл іс те аяқсыз қалғанға ұқсайды...

 

Қашанғы тонала бермекпіз?

«Ұлы қабырғадан» шектен тыс қорлық көрген қазақ мұнайшыларының мұң-зары осы айтылғандармен бітпейді. Олар қазір ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков мырзаға да шағымдануда. Бұл жерде мәселе тападай талтүсте тоналып жатқан миллондар, мүмкін, тіпті миллиардтар туралы болып отыр.

Бұл шағымда 2008 жылы «Ұлы қабырғаға» Ху Эр Тай келгелі, бұл ЖШС-ға түрлі қызмет көрсететін бірқатар коммерциялық фирмалар пайда болғаны көрсетілген. Атап айтқанда, «Азия-Африка петролиум», «Космо-Сервис», «Ант-Ойл», «Хуаньцо-Сұңқар мұнай», т. б.

Осы фирмалар арқылы «Ұлы қабырға» үшін қажет жабдықтар жергілікті базардағыдан әлденеше артық бағамен сатылып алына бастаған. Мәселен, жергілікті құрылыс базарында ағаш тақтайдың 1 кубы 25 000 теңге тұрса, «Ұлы қабырға» мұны жаңағы аталған фирмалардың бірінен 135 000 теңгеден сатып алады. Ең сорақысы 10 теңге тұратын бір бұранда шеге (шуруп) бригадаға 3 500 (!) теңгеден келеді.

2010 жылы бұрғылау мастерлері «Бұл неге қымбат?» деп шу көтерген болатын. Осыдан соң компания басшылары қулыққа барып, тауарға қоса берілетін жөнелтпе құжаттарды (накладнойлар) бағасыз жіберетін болған.

Тапсырыс орындайтын көліктер «Азия-Африка» фирмасы арқылы «Ұлы қабырға» ЖШС-не қызмет көрсетеді. Жергілікті жүргізушілердің 10 тонналық «КамАЗ» жүк көліктеріне айына 300 000 теңге төленеді. Мұның ішіне вахталық әдіспен жұмыс істейтін екі жүргізушінің айлығы, жанар-жағар май мен қосалқы бөлшектердің құны кіреді. Ал салыстыру үшін, шағымда Ху Эр Тайдың көліктеріне қанша төленетіні көрсетілген.

 

Бұл анықтама бойынша:

– «Тойота-ЛандКрузер-200» (№794331) – айына – 1 000 000 теңге;

– «Лексус-300» (№Д-388СС – айына – 700 000 теңге;

– «Тойота-Камри» (1781 АНА) – айына 250 000 теңге;

– «Тойота-Королла» (№Н794328, №Н-794 330 ай сайын әрқайсысына 500 000 теңге бөлінеді;

Барлық шығын «Ұлы қабырғаның» есебінен...

Қаржы мәселесінен өзге, жұмысшылардың жанына батып тұрған мәселе – тіл және құқық мәселесі. Жергілікті мамандардың құзыры еш жерде жүрмейтіні, қазақ жұмысшыларына қатысты еңбек тәртібінің бұзылатыны өз алдына, Қытай жағы қазақ тілінде сөйлегендері үшін де жұмысшыларды қырына алады. Қайдағы бір қойма бастығы Лидің өзі «қазақша сөйлегендер жұмыстан шығарылады» дейтін көрінеді. Ал бас директордың орынбасары Ян Цывей қазақша сөйлеуге тыйым салады. Мұнайшылардың айтуынша, бұған қатысты нақты дәлелдер бар. Бір сөзбен айтқанда, қытайлар өздерін өз жерінде жүргендей еркін сезінеді, «ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс».

Мәселен, серіктестіктің штаттық кестесі бойынша 15 инженер болуы тиіс. Бірақ нақты алғанда төрт инженер ғана бар. Оның екеуі – қазақ, екеуі – қытай. Ал өзге 11орында отырған қытайлар инженерлер емес. Олардың бірі – аспаз, көбі жай жұмысшы. Бірақ олар инженер жалақысын алады. Мұндай мысалдар әр бөлімде бар. Келген қытайлардың дені – Қазақстанға заңсыз шекара асып келгендер.

Миграциялық полиция қайда қарап отыр дерсіз?

«Ал қазақ басшылары не істеп отыр?» дегенге келсек, Құрбалиев бастаған топ (Б.Омаров., М.Төлегенов., А.Нысанбаев., С.Баймағанбетов және заңгер деген аты бар С.Картин) қазақ жұмысшларының жағдайын ойлап отырған жоқ. Себебі олардың қытаймен ішіп-жемі бір... Жеке техникаларын тапсырысқа беріп, Ху Эр Тайдан қомақты табыс тауып отыр. Олар үшін Тайдың айтқаны заң.

 

Жаңаөзен қайталана ма?

Алматыға келіп, баспасөз мәслихатын өткізушілер осындай қауіптің бар екенін баса айтты. Қоғам белсендісі, Азаматтарды қорғау қоғамдық ұйымының төрағасы Алпамыс Бектұрғанов: «Бізге қантөгістің керегі жоқ. Ортақ шешімге келетін диалог қажет», – дегенді бірнеше мәрте қадағалады.

Қазір жұмысшылар қатты ашынып тұр. Жағдайдың бұлай шиеленісуіне еш таңғалуға болмайды. Ең алдымен, бірлескен кәсіпорында әлеуметттік теңсіздік пен еңбек дауы ұзақ уақыттан бері орын алып келеді.

13 мамыр күні облыс әкімінің орынбасары С.Нұрқатова мұнайшылар атынан Марат Қарамановты қабылдаған. «Мамырдың 17-не дейін жауап береміз» деген әкімдіктің де уәдесі орындалмады.

Аталған шағымдар Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке, облыстық Қаржы полициясының бастығы, полковник Т.Сабыржан мырзаға да жолданған. Хабар жоқ. Мұнайшылардың шағымы бойынша, құқық қорғаушы Бектұрғанов Алпамыс Хумен жолыққанда, қытай басшының жанында болған Ақтөбе облыстық әлеуметтік және еңбекті қорғау департаментінің төрағасы С.Аманбаев пен облыстық кәсіподақ комитетінің І-ші орынбасары В.Пфанинштеиль қытай басшының сөзін сөйлеп, жұмысшылармен мәмілеге келе алмайтындарын айтқан.

Бізге белгілі болғандай, әзірге «бәрін заңмен шешуге болады» деп ашынған мұнайшыларды ақылға шақырып, олардың қандай да бір әрекетке баруына жол бермей отырған жалғыз ғана Бектұрғанов Алпамыс көрінеді.

Бірақ қазақтың ашуы бір көтерілсе, оны басу қиын болатынын да ұмытпаған жөн...

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 24 (200) 27 маусым 2013 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036