Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5332 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 21:23

Қазақстан тарихы қалай жазылуы керек?

Соңғы кезде еліміздің тарихына қатысты түрлі сыни пікірлер айтылып жүр. Бұдан бір-екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі Қазақстан тарихының оқулықтарда көрініс табуына көңілі толмайтындығын айтқан болатын.
Ал таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Қазақстан Республикасы ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының» кеңейтілген отырысында ұлт тарихын зерделеуге деген жаңа өзгерістерді жіліктеп берді. Осы өзекті мәселе «Түркістан» газетінің жанынан ашылған «Алдаспан» ашық пікірсайыс клубында да кеңінен талқыға салынды. Жиналған тарихшы-ғалымдар өз пікірлерімен бөлісті.

Соңғы кезде еліміздің тарихына қатысты түрлі сыни пікірлер айтылып жүр. Бұдан бір-екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі Қазақстан тарихының оқулықтарда көрініс табуына көңілі толмайтындығын айтқан болатын.
Ал таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Қазақстан Республикасы ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының» кеңейтілген отырысында ұлт тарихын зерделеуге деген жаңа өзгерістерді жіліктеп берді. Осы өзекті мәселе «Түркістан» газетінің жанынан ашылған «Алдаспан» ашық пікірсайыс клубында да кеңінен талқыға салынды. Жиналған тарихшы-ғалымдар өз пікірлерімен бөлісті.

Дидахмет Әшімханұлы, жазушы:
– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин­нің тарих туралы әңгімесі қазақ бала­сы­ның ғана емес, мемлекеттің әрбір өкілін қуантады деп ойлаймын. Нақты ғылым­дар жөнінде де көп талас-тартыс бола бермейді ғой. Ал ғылымдардың ішінде өз икеміне қарай қалай бұрамын десе, икем­ге көнетін ғылым – ол тарих ғылы­мы. Кеңес Одағы кезінде тарихты қалай жазғаны белгілі. Иван Грозныйды жақсы білгенімізбен, хандарымыздың тарихын білмедік. Жуырда, бірер ай бұрын Путин тарихшыларды жинап алып, арнайы тапсырма берді. Олар да өз тарихын қай­та жазайын деп отыр. Ресей та­рихшылары қалай жазатынын мен білмеймін. Бірақ бір нәрсені ішім сезеді. Олар барлығын Ресейдің мақсатымен, баяғы орыстық рухпен жазады. Біздің тарихымыз орыс­тар­мен, Ресеймен о бастан бірігіп, біте қайнасып кеткен. Оған қалай баға береді? Кешегі өткен Куликова шайқасына қалай баға береміз, оны біз білмейміз...

Зардыхан Қинаятұлы, тарих ғылымдарының докторы:

– Тарихтың кейбір тұстарын қарап, кең ауқымда баға бергеніміз жөн. Ұлттық тұрғыдан тарихқа бет бұрып, бұрын кем­шін қалған тұстарды толтырып, жүйелі, консептуалдық тұрғыдан қарау керек деген мәселелер айтылған екен. Мен бұған өте қуаныштымын. Тарихтың көк­жиегін кеңейту туралы айтылыпты. Бұл өте дұрыс айтылған сөз. Тарихшылармен жиі қатынасып жүремін. Талай жерде, талай әңгімелер айтып жүрміз, біздің бүгінгі тарихты қайтадан қарап, қайтадан толықтырып жазу үшін, біз төрт түрлі ауру дейміз бе, содан құтылуымыз керек. Бірінші – өзiмшілдік. Екінші – тапсырыс. Үшінші – өзшілдік. Төртінші – құлдық санадан арылу. Өткенге баға бергенде, өткенді бағамдайтын, жаңа  бағыт керек. Мемлекеттік хатшының айтқан сөзіне қарап отырсам, мынадай сөз бар екен. «Өткенді бағаламасаң, келешек сені құрметтемейді». Осыған байланысты, осыдан екі күн бұрын өзім қатысқан тарихшылардың жиынында мынандай мәселелер айтылды. «Өткенді бағалау үшін, Кеңес Одағының кезеңін­дегі көптеген мәселелерді қайтадан көтеруіміз керек, қайтадан жетілдіруіміз қажет» деген сөздерді естіп қалдым. Онда, мысалы, біраз әңгімелер айтылды. Ресей бізді қоқандардан қорғап қалды. Кенесары Қасымовтың көтерілісі – ол ұлт азаттық қозғалысы емес. Феодалдың өзінің феодалдық жүйесін жасау үшін жасаған көтерілісі деп қарау керек деген сияқты мәселелер қаралды. Сонымен қатар кеңес кезіндегі ананы қайта қарау, мынаны қайта қарау керек деген сияқты түрлі мәселелер айтылып жүр. Мен осы тұстан сәл сескеніп қалдым. Неге дейсіз­дер ме, Кеңес Одағының кезіндегі, яғни сол беттік тарихта айтылмаған дүние­лер­ден бір нәрсе жоқ. Батырып, көркемделіп, ол тарих жазылды. Жазылмай қалған та­рих ше? Ұлттық тарих ше? Ұлттың мен­та­литеті бар, ұлттың этногенезінің дина­ми­касын көрсеткен ұлттық тарихты жа­зуға Кеңес Өкіметі мүмкіндік бермеді. Қазақ Кеңес Одағының кезінде ай­тыл­ған мүмкіндігін әлі іздеп біткен жоқ. Әлі түгендеп біткен жоқ. Сондықтан ме­нің ойымша, қазақтың ұлттық мүддесін, ұлттық құндылықтарын түгендеп, ұлттық тарихтың кемшіл тұстарын түгендеу әлі де жалғасады. Өткенге, әсіресе, кеңестік тарихқа кеңірек бет бұрып кетер болсақ, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Осыны ескерсе екен деп ойлаймыз. Бүгінгі тарихта Қазақ хандығы туралы мүлт кеткен дерек бар. Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деп қате айтып жүр­міз. Оның дәл уақытын көрсеткен Мұ­хам­мед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегі. Дулати өз еңбегінде хижра жыл санауы бойынша 870 жыл деп көрсеткен. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша, 1465-1466 жылдарға сәйкес келеді.

 

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы:
– Біз жалпы, соңғы екі-үш ғасырда, бір емес, әлденеше рет жеңілген ұлтпыз. Өкінішке қарай, солай. Арыға бармай-ақ қояйын. Белгелі XIX ғасырға келер болсақ, Кенесары бастаған қозғалыс. Оның финалы өте трагедиялы болды ғой. Ол – үлкен жеңіліс. Үш жүздің басын қосып, жердің тұтастығын сақтаймын, барлығын қалпына келтіремін деген қоз­ғалыс еді бұл. Кенесары ханның көтері­лісіне ұлттық көтеріліс деп баға беруге қарсы топтар әлі бар. Кенесары өзінің Ресей патшасына жазған хатының бірінде «Менің атам хан Абылай тұсында сіздер Ертістен бері енбегенсіздер. Шекара сол жермен шектелген. Қазір Қазақстанның жерін басып алдыңыздар. Соны қазаққа қайтарыныздар» деген сыңайдағы пікірін ашық мәлімдеген. Ендеше ол неге ұлттық көтеріліс емес?
Захаңның сөзінің жаны бар. Біз осындай дүмбілес тұжырымдар мен ойлар­дан арылуға әрекет жасауға тиіспіз. Одан кейінгі 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс. Ол да жеңіліс. Ұлттың жеңілі­сінің бәрі – жеңіліс. 1931-1932 жылы көтерілістер – бұлар да жеңілістер, сондықтан біз қазір қандай терең құздан шығып келе жатқанымызды түсіне бастадық. Ұлт азаттығы үшін күресте тек қана халық жеңілген жоқ. Тарихы да жеңілді. Бағзы замандардағы бір даныш­панның айтқан сөзі бар екен: «Тарихты жазуға тапсырысты жеңген адам береді» деп. Расында тарихты жазуға жеңілген адам берілмейді. Кеңестік дәуірде біздің тарихымыз осы ұстаным тұрғысынан жа­зылды деп ойлаймыз. Қазақстан тарихы Москвада төрт рет талқыға түсіпті. Бірде-бір республиканың тарихы мұндай талқыға түскен емес.
Талқыға түскен Қазақстан тарихы ғана. Ең алғаш рет Алматыда Голоще­кин­нің тапсырысы бойынша дайындалған бір кітап болған. Ол Брайнин мен Ша­пироның Алаш тарихына қатысты жазған кітабы. Сол кітап үлкен талқыға түсті . Кейінірек, 1944 жылы «История Казах­ский СССР » атты жинақ талқыға түсті. Бұл жинақ – Ресей авторлары мен қазақ ғылымдарының бірігіп жазған алғашқы жинағы. Бұл кітапты талқылауға бас­шы­лық жасаған сол кездегі Орталық коми­тет­тің хатшылары Щербаков, Молотов болатын. Әрине, оның арғы жағында Сталин отыр. Сол талқылау барысында бір сөз айтылды. «Соншалықты талқыға салатындай бұл қандай таңдаулы халық?» деді.
«Избранный народ» – әлем тарихында біреу. Бұдан кейін Бекмахановтың монографиясы таныла түсті. Оны Ғылым академиясының тарих институты тал­қылады. Одан кейін Олжас Сүлейменов­тің «АЗиЯ»-сы 1976 жылы талқыға түсті. Мұны тарих бөлімі мен филология бөлі­мі бірігіп талқылады. Осылайша қазақ тарихы төрт рет талқыға түсті . Бұл жай талқы емес. Бұл дегеніміз – ұлт тарихына жасалған шабуыл. Ұлт тарихына бағыт-бағдар беру деген сөз. Соған мәжбүрлеу деген сөз. Біздің тарихымыз жеңілген тарих. Мұны мойындауға тиіспіз. Кезінде осындай халде, осындай жағдайда жазыл­ған тарихты қайта қарау, қайта қорыту қажет. Бәрін болмаса да, халықтың кейбір өзекті мәселелерін қайта талқыға салу қажет. Осы тұрғыдан келген кезде, Мемлекеттік хатшының айтқан ойлары орынды, негізді, дәлелді.
Бір нәрсе айту керек, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің баяндамасы жақсы шықты деп ойлаймын. Әрине, Мемлекеттік хатшының баяндамасында айтылмаған нәрселер де бар. Бұл жерде мақсат мынада: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сенде түзел» демей ме Абай. Мемлекеттік хатшының айтпаған ойларын біз айтуы­мыз керек. Мемлекеттік хатшы көрсеткен бастаманы іліп алып кетуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде, тарихшылардың айтатын ойлары бар деп ойлаймын.

Бейбіт Қойшыбай, тарих ғылым­дарының кандидаты:
– Мемхатшы іргелі мәселелерді көтер­ді. Ғалымдар тарихты зерттеуде жаңа әдістемені пайдаланбай жүр деді. Ол қазіргі тарих ғылымына таным әдіс­терін сыни тұрғыда қайта қарау талабы қойылатынын еске салды. Бүгінгі та­рихшы-ғалым тек фактілерді тізіп, су­реттеп беруші, оқиғаларды түзіп, тіркеуші ғана емес, зерттеуге алынған нақты қоғамның құндылықтарын, ережелерін, ахлақи келбетін түсініп, аша алатын пайымдаушы болуға тиіс деді ол. Сонда ғана ұлттық тарих өзінің күллі күрделі де бірегейлігімен жаңғырып, еліміздің болашағын бекемдеуге қызмет ететін рухани азыққа айнала алады. Біз бұған кәміл сенеміз. Солай болуға тиіс. Осы орайда ел Президентінің халқымызға тұңғыш рет 1996 жылы жасаған Жол­дауын­да «өз тарихымызды жаңаша оқу­дың негізінде ғана ұлттық идеяны қалып­тастыра алуымыз мүмкін» екенін атап айтқанын еске ала кету орынды. Тарих ғылымын дамытуға тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында-ақ осылайша зор маңыз берілген. Алайда тарих арқылы ұлттық идея қалыптастырылыпты деген хабар бүгінге дейін естілген жоқ, демек, отан­дық тарих ғылымын дамытудағы жаңа кезеңнің бұл реттегі міндеттерін терең түйсініп, батыл зерделеу парыз.Жаңа әдістемемен қарулануды – советтік дәуір­дегі дәстүрлерден біржолата бас тартып, ұзақ жылдар ой-сананы билеген евроцентристік көзқарастан іргені аулақ салу, төл тарихыңды өзіңнің ұлттық-мемлекеттік мүддең тұрғысынан, жал­пыадамзаттық тарих түп мәтінінде, әділ, объективті түрде қарастыру деп білген дұрыс. Мәселен, халқымыздың Ұлы Даланы төрт мың жыл бойы мекендеп келе жатқанын, содан бергі әр кезеңде әртүрлі атаумен аталған мемлекеттік құрылымдарды түзгенін, этностық бет-бейнесінің және мемлекеттігінің Шың­ғыс хан шапқыншылығынан кейін, Жошы ұлысы кезінен жаңа тұрпатта қа­лыптаса бастағанын, бұл тарихи үдерістің Ақорда тұсында нақтылана түсіп, ақыры, тарих сахнасына бүгінгі өз атымен шығудың негізін 1456 жылы қалағанын түбегейлі дәйектеп, батыл тұжырымдау қажет. Күрделі геосаяси ахуалда ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан алып елімізді оңтайлы басқару, сыртқы күш­терге төтеп беруді қамсыздандыру мақ­са­тында Тәуке хан жасаған реформаны дұрыс талдап, түсіндіру жөн. Қазақ мем­лекеттігін қалпына келтіруге ұмтылған 19 ғасырдың 40-жылдарындағы әйгілі Кенесары хан қозғалысы тарихтың қаһармандық беттерін құрайтыны мәлім. Ал сол ғасырдың басында ұйысқан Ішкі Орда, яғни Ресей империясының тіке өз ішінде, өз аумағы есептелетін жерде шаңырақ көтерген қазақ автономиялық құрылымы – Бөкей хандығы – жері де, хал­қы да шағын әрі ғұмыры қысқа бол­ған­мен, сол кезгі өркениетке сай, им­перия құрамында мүмкіндік берілген деңгейде ұлттық мемлекет орнатудың үлгісі іспетті-тін. Бұл белесті де әділ тал­дауға алу ләзім. Егер біз ұлттық тарихы­мыз­да халқымыздың атамекенінің қазіргі аумақтан әлдеқайда кең болғанын көр­сетіп, оның тарылу себептерін, қазақтың экономикалық тұрғыдан тартылу орта­лығы болып тұрған ірі қалалардан айрылу себептерін, халқымыздың көп жағдайда жасанды сипат алып үш дүркін соққан ашаршылық сынды зұлмат салдарынан ұлттық апатқа ұшырағанын, солайша босатылған кеңістікте орын тепкен ла­герьлер­де казармалық социализм көрігі қыздырылғанын, жерімізге түрлі желеу­лер­мен өзге жұрттың лек-легімен көшіріп әкелінгенін, тиісінше олардың жергілікті ел-жұрттың тарихи құқықтарының шек­те­луіне жанама түрде болса да әсер етке­нін ашып түсіндіре алсақ – онда тарихы­мыздың қасіретті сәттері мол мұндай әділ, шынайы беттері, сөз жоқ, бүгінгі көп этносты еліміздің бірлігін арттыра тү­суге қызмет ететін болады.

Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымдарының докторы:
– Соңғы кездері Қазақстанды Ре­сей­дің отарлауы жұмсақ болды, болмаса, гу­манист болды деген пікірлер жиі ай­тылып жүр. Жазылып та жатыр. Негізінде, Ресейдің отарлауы дүниежүзіндегі барлық отарлаудың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы болған орыс империясының аса зұлымдығы мен жүзеге асырылды деп айтамыз. Оған бір ғана мысал, К.Маркс пен Ф.Энегельстің бүкіл еңбектері орыс тіліне аударылды. 55 том болып шықты. Оны біз студенттік кезден білеміз. Соның ішінде бір аударылмаған нәрсе бар. Маркстың «Тайная дипломатия» деген еңбегі бар. Ол К.Маркс пен Ф.Энгельстің Берлинде шыққан толық шығармалар жи­нағының он бесінші томында. Сонда бүкіл империализміне, орыс сая­сатына, керек десеңіз, орыс халқына мінез­деме береді. Орталық Азияны, оның ішінде Қазақстанды қалай жаулап алғаны айтылады. Қандай қулық-сұм­дықпен, қандай алдап-арбаумен жасал­ғанын айтып отырып: «Орыстың шови­низмі шегіне жеткенде, ол садизмге ай­на­лады» дейді. Біз осындай орыстың отар­лауын айтып келеміз де, орыс отар­лауын гуманистік деп, темір жол салды деп айтамыз. Осындай сөздерге әуеспіз. Соңғы кездері, біздер этногрофтар, Қазақстан тәулсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтарды зерттеу басталды. Бірінші, бес-алты жыл Моңғолия қазақ­тарын зерттедік. Одан кейін Қытай, Өз­бекстан қазақтарын. Қазақтарды зерттей жүріп, көз жеткізген бір нәрсе, қазақтар қаншама дүниесінен айырылған. Жұрдай болған екенбіз. Әуелі орыстың отарлауы келді, одан кейін коммунистердің отар­лауы. Көрші Моңғолиядағы қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, салты, бүкіл қазақ­тың қаймағы бұзылмаған дәстүрі бар. Осы Моңғолияны зерттеп келгенде, қа­зақ тарихындағы ең қанды жер – «Ақ­табан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі 1929-1931 жылғы аштық. Әдейі қолдан ұйым­дастырылған аштық. Боль­шевик­терге қазақ халқы керек болған жоқ. Оларға жер қажет болды. Бос Қа­зақ­стан қажет болды. Бос Сарыарқа ке­рек болды. Содан кейін 1956 жылы тың игеруді желеу етіп, екі миллион адамды қазақ қырылған жерге орналастырды. Қы­тайдағы қазақтарды зерттедік.Олар талай жағдайларды бастан кешті. Бірақ соған қарамастан, Қытай­дағы қазақтар тап біздегідей емес екен. Біздегідей этно­мәдениетінен, біздегідей тарихынан, біз­дегідей ұлттық құндылы­ғынан айы­рылмаған екен. Мен соған таңғалдым. Соңғы кездері шетелдегі қазақ­тарды зеттей отырып, сол жақтағы ұмы­тылып қал­ған ұлттық құндылық­тары­мыз­ды жинай бастадық. Тарих инс­­­титутының басшылығы жиырма том­дық кітап шы­ғар­мақ. Сол жиырма том­дықтың екі томы осы шетелдегі қазақтар туралы болады.

Нәбижан Мұхаммеджанұлы, тарих ғылымдарының докторы:
– Ұлттық тарихты жазу – ұлттық этно­гинезімізде жатыр. Қайдан пайда бол­дық, қалай тарадық, қандай тарихи ке­зеңдерді бастан кешірдік? Сондықтан бұл мәселенің көтерілуі біздің тәуел­сіздігіміздің жиырма бір жылдан бері қарай тарих ғылымының даму кезең­дерінің жаңа кезеңге көтерілгенін көр­сетеді. Әлемдік тарихи процестерде өзімізді қоя отырып, ұлттық тарихымыз­ды саралауымыз керек. Қазақ халқы не үшін жойылып кетпеді? Бұл жерде Мемлекеттік хатшы жақсы айтып отыр­ды. Біздің ұлттық болмысымызды, мінезімізді тани білуіміз керек. Қандай тарихи кезеңдерді бастан кештік? Кешегімізді нақты бағамдай білсек бүгінімізді дұрыс анықтайтын едік. Бірде-бір мемлекет өзінің территориясы бойын­ша қалыптасқан емес. Оның кеңейген кезеңдері бар. Мемлекет болған соң кейде күшейеді, шарықтайды, кейде әлсірейді. Әлем тарихында бар дүние. Қытайдың бес мыңжылдық тарихы бар. Біртұтас Қытай болды ма? Қырық мем­лекет болған кезі болды. Жеті мемлекет болып күрескен кезі де болды. Ол мемлекеттердің уақыты он-жиырма жыл емес, екі жүз жылға дейін уақытты қам­тыған кездері бар. Біз біртұтас халықпыз дейміз. Кейбір кезде күшейген кезіміз боды, кейбір кезде әлсіредік. Бірақ бізде рулар, жүздер ара­сында қарулы қақ­тығыстар болған жоқ. Қоғам болғаннан кейін ішінара қарама-қайшылық болады. Тағы бір нәрсе, ешқа­шанда төңіректегі халықтарға агрессия жасаған халық емеспіз. Тек қана қорғаныста болдық. Кейде шабуыл арқылы да қорғануға болады. Қазір біз жаңа тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Ол – мәңгілік мемлекет идеясы. Біздің мемлекеттік идеямыз неде болуы керек? Ұлттық идеологиямызда болуы керек. Осыны қалыптастыратын кезең келіп жетті. Сондықтан менің айтайын деген ойым, нағыз тарихшыларға сынақ келіп тұр. Мұны тарихшыларға ғана берген сынақ емес. Ғылым саласындағы барлық адам­дарға берілген сынақ деп ойлаймын... Ендігі міндет – жаңа сипатта, ұлттық мүд­де тұрғысынан жаза беруімізде. 

 

Қайрат Әлімғазиев, тарих ғылымдарының докторы:

Мемлекет іргетасы бұдан да былай нық болуына – тарих ғылымының рөлі зор. Кей кезде орын алатын тарихты бұр­малау, ұлт тарихын дүниежүзі тарихи процестерден тыс қарастырып, «ерек­шелендіруі» – жаһандану заманында ұлттық мүдде мен мемлекеттік идеяны, тарихи зерттеу принциптерден алшақтап – оқиғаға, тарихи дерек, тарихи факті араларын тепе-теңдікпен өлшеу – бұл методологиялық ұстаным негізінде дерек­терді жан-жақты талдап жүргізілетін тарихи зерттеу жұмысы бар екендігін түсінбеу деп қабылдауға болады. Тарихи зерттеулердегі қазіргі номотетикалық әдісті, яғни кеңестік тарихнамадағы маркстік пайымның орнына келіп, тарихи зерттеудегі феноменологиялық бағытты – өткеннің адамын тану арқылы тарихи құбылысқа талдау жасауға ұмты­луы деп бағамдаған жөн.

Шәмек Тілеубаев, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Тәжиннің баяндамасы тарих­шы­ларға үлкен сын болды. Бізге бағыт беріп отыр. Ендігі үлкен жауапкершілік тарих­шыларда. Қоғамдық, гуманитарлық ғы­лым салаларына да. Осы уақытқа дейін тарих қалай жазылып келді деген мәселе бар. Кезінде І Петр «кез келген бұратана халықтың тарихы Ресейдің мүддесі тұрғысынан жазылу керек» деген екен. Кешегіге дейін солай жазылып келді. Тек егемендік алған жиырма жылдың ішінде ғана біраз деректер, көзқарас пайда болды. Бейбіт аға айтып өтті, Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Тәуке хан заманына байланысты. Ол кез өте ауыр заман болды. «Тәуке хан неге билер институтын құрды, неге «Жеті жарғы­ны» шығарды?» деген мәселеге келсек, мемлекеттік ішкі басқаруда алауыздық туындаған соң барды. Бұл үлкен сабақ болатын нәрсе. Тәуке хан мемлекеттік басқаруда соны ұстап тұруға тырысты. Ал жан-жаққа тартқан кезде біздің халық басқарусыз қалды. Билеуші топ өкілдері халқты ұйыстырып, шапқыншылыққа қарсы әдісті танытты. Ішкі алауыздықты дұрыс түсінген. Тарихтан сабақ алу керек. Содан кейін қазақ халқы ес жия алмады. Орыстың илеуіне түсті. Абылай ханның заманында Қазақ хандығын орыстар мойындаған жоқ. Одан кейін отарлық кезеңде орыс империясының құрамында болғанда дейді, өз еркімен дегенді алып тастап еркімен дейді. Біз жаулап алу саясатын ашық айтуымыз керек. 2002 жылы Ресейдің кітабында бұл ашық айтылған, ал біздің тарихшыларда жал­тақтаушылық бар. Ал орыс тарихының бізге қатысты жерін қарағанда, импе­рияшылық кезеңде бәрінде Ресей тұр. Ал Түркістан, Жетісу өлкесінде 1916 жылғы көтерілістен кейін жүз мыңнан астам адам аштан қырылып қалды. Бұл көтерілістің негізін қалаған патша билігі. 1916 жылы қазан айында көтерілістен кейін автономия құру мәселесі қарас­тырылған. Бұл тарихта айтылмай жатыр. Сосын репрессия тұрғысында қазір көптеген деректер ашылуда. Осы жағына мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз. Парламентке де хат жаздық. Деректер әлі де дұрыс ашылмауда. Тың деректерді қорытып, ғылыми тарихты дұрыс жазу керек. Көп жағдайда бір нәрсені айқайлап айтамыз. Оған тарихшының кәсіби дайындығы үлкен рөл атқарады. Тарихшы деректің астарына үңіліп, салыстыра отырып, сараптама жасау керек. 

Бетті дайындаған – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Дінасыл САҒЫМБЕК, Мәдина ТҰРАРОВА

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270