Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 1608 0 пікір 1 Қыркүйек, 2023 сағат 14:30

Қосшы қаласында үш ауысымдық білім беру толықтай жойылды!

Қосшы қаласында 2023 жылдың 1 қыркүйегі күні 1500 және 1200 орынға арналған 2 жаңа мектеп ашылып, пайдалануға берілді.

Жаңа мектепте ашылу салтанатына облыс әкімі Ермек Маржықпаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов, «Верный Капитал» инвестициялық тобының бас директоры Ерлан Оспанов,  «Болат Өтемұратов» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмас Шарман, т.б ресми қонақтар, ата-аналар қатысып, жүрекжарды тілектерін арнады.

Жеке инвестиция есебінен салынған 1500 орындық мектеп-гимназияның ашылу салтанатында облыс әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылы өңірде 10 мектептің құрылысы басталғанын, олардың дені 2024 жылы пайдалануға берілетінін айтты. Жаңа құрылыстар негізінен Астана қаласының маңындағы Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары және Қосшы қаласында орналасқан. Соның екеуі бүгін Қосшы қаласында ашылып отырғанына ризашылығын білдірді.

«Қосшы қаласында тұрғындар саны жедел өсуіне байланысты мектеп тапшылығы туындап, балаларды үш ауысыммен оқытуға тура келді. Бұл проблеманы шешу үшін 2022 жылы 1200 орындық бір жаңа мектеп ашылды.  Енді міне екеуінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп жатыр. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар кезеңінде 3 мектеп салу жоспарланған. Бұл білім ошақтарындағы шамадан тыс жүктемені азайтып, үш ауысымдық оқу жүйесін жоюға септігін тигізді» деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.

Айта кетейік, биыл мемлекеттің қолдауымен республика бойынша 130 мың оқушыға арналған 154 мектеп іске қосылмақшы. Оның 55 мың оқушыға арналған 39 мектебі 1 қыркүйекте есігін айқара ашты.

«Бүгінгі күні Қазақстан бойынша 3 миллион 9 мың  оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, сіздермен бірге тойлап жатыр десек болады. Оның ішінде 400 мыңға жуық бүлдіршін 1 сыныпқа барса, 18 мыңнан астам 11 сыныпты бітірмекші. Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар сіздерді білімнің алғашқы күнімен шын жүректен  құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздердің шәкірттеріңіз үміттеріңізді ақтап, осы білім ошағынан ел тізгінін ұстар елдің азаматтары болып шығуына шын жүректен тілектеспін» деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Мемлекетіміз білім саласына үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соның айқын айғағы – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде елімізде бұрын-соңды болмаған жаңалық – 400 жаңа үлгідегі мектептер соғылмақшы. Оның 200-ден астамының құрылысы қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі мемлекетіміздегі апатты және үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешуге бағытталған.

«Верный Капитал» инвестициялық тобының бас директоры Ерлан Оспанов Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновке жаңа ғимараттың символикалық кілтін табыс етті. Жалпы аумағы 17,5 мың шаршы метр болатын жеке инвестицияға салынған мектептің мердігері – "Bazis Construction". Оның сметалық құны -7,6 млрд. теңге. Мектеп толық жабдықталған, оқу кабинеттері қажетті компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етілген, 360 орындық асхана, 280 орындық акт залы, 2 спорт залы, 4 информатика кабинеті, музыкалық аспаптар кабинеті, буфет, кітапхана, 3 кітап қоймасы, сондай-ақ гимназияда (қыш шеберханасы, роботтехника, фотостудия кабинет сияқты) арнайы кабинеттер бар. Бұдан бөлек химия, физика, биология, технология кабинеттері барлық қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Оқу кабинеттері санитарлық талаптарға сәйкес мектеп жиһаздарымен жабдықталған. Мектеп аумағында футбол және баскетбол алаңы бар.

Ғимарат 3 (үш) қабатты, жеделсаты жүйесі жұмыс істейді. Жалпы оқушылар саны – 2 657.

Гимназияға кіре берісте турникеттер орнатылған, ол мектепке кіру бет детерминанты (FaseID) арқылы жүзеге асырылады. Мектеп оқушылары мен қызметкерлерінің деректер базасы құрылған. Мектеп жоғары сапалы, заманауи  технологиялық жабдықтармен жабдықталған!

Сондай-ақ бүгін Қосшы қаласында 1200 орындық №3 тағы бір мектеп ашылды. Оның құрылысына Ақмола облысының бюджетінен 220 млрд. теңге бөлінген. Мектептің жалпы ауданы - 20357 мың шаршы метр. Ғимарат 3 қабаттан, 6 блоктан тұрады.  Оқу кабинеттерінің саны-50. Химия, физика, биология, технология кабинеттері, қажетті жиһазбен толықтай жабдықталған. 384 орындық асхана, 600 орындық акт залы, ауданы 520 шаршы метр спорт залы, метал, ағаш, мата өңдеу шеберханалары, алғашқы әскери дайындық кабинеті бар.

Мектеп аумағында футбол және баскетбол алаңы бар. Барлық қабылданған оқушылар саны-590 оқушы. Оқушылар саны тағы көбейеді деп күтілуде.

Сөйтіп, 2023-2024 оқу жылының басында  мектепке Қосшы қаласы бойынша 10 809 оқушы барды. Бірінші сынып оқушыларының саны –1321, оның ішінде жеке мектепте  – 77, Тайтөбедегі мектепте – 71.

Қаланың білім беру ұйымының желісіне 31 балабақша кіреді. Онда 3 667 бала тәрбиеленіп жатыр.  420 орындық 2 мемлекеттік балабақша («Алтын дән» және  «Сұлу-ай») және 3 263 балаға арналған 29 жеке балабақша бар. Қазіргі уақытта балабақша кезегінде  барлығы 1 456 бала тұр.

2024 жылы Абай Құнанбаев көшесінде жобалық қуаты 1200 орындық мектепті іске қосу жоспарлануда, сонымен қатар 2024 жылы Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында  «Жайлы мектеп»  бағдарламасы бойынша 3 бірдей білім ошағаның іргетасы қаланып басталады. Бұл мектептерді 2025 жылы  пайдалануға беру жоспарлануда.

Дәулет Асау

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552