Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әріптестің әңгімесі 2907 5 пікір 8 Қыркүйек, 2023 сағат 15:00

Әзербайжан-Армения әне-міне шайқасады...

Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыс тағы да ушықты. Қазіргі уақытта тараптар шекара маңына әскери техниканы топтастырып, әскери бөлімшелерді жылжытуда. Бұл 2020 жылғы қақтығыс алдындағы алгоритмге ұқсайды. Әлеуметтік желіде әскери техниканың фото-видеолары тарап жатыр. Әзербайжан әскері танктер мен зымыран кешендерін Қарабақта топтастырып жатса, Армения артиллерия мен зымырандарын қақтығыс болуы ықтимал маңға жақындатуда. Әуеде екі елдің де тікұшақтары ұшып жүр. Бұл туралы Mezgil.kz порталы жазды. 

Желі қолданушылары Әзербайжан әскерінің техникасында төңкерілген "А" белгісі барын байқаған. Бұндай белгілер көбіне бөлімшелерді бір-бірінен ажырату мақсатында әскери операция барысында қолданылады. Баку әуежайына соңғы аптада Түркия мен Израильден жүк тасыған ұшақтар келуі жиілеген. Сарапшылар «бұл әскери техника мен снарядтар болуы мүмкін» дейді. ЕО бақылаушылары да екі ел арасында әскери дайындық күшейгенін атап өтті.

Баку әскерді топтастырып жатқанын ресми мойындады. «Біз әскери резервті қолдана отырып, ірі әскери жаттығу жасауға дайындалып жатырмыз» дейді. Ал Әзербайжан Үкіметі қазіргі уақытта Армениямен бейбіт келісімге қол қою сәтін күтіп отырғанын айтты. Ол келісім бойынша Ереван Қарабақты Әзербайжанның аумағы деп мойындайды, ал Әзербайжан Армения аумақтық тұтастығын мойындайды. Келісім мәтіні бірнеше ай бұрын дайын болса да, Армения тарапы қол қоймай отыр. Бұл Армениядағы саяси дағдарыс пен ішкі тартысқа да байланысты.

Әзербайжанның СІМ басшысы Жейхун Байрамов Армения тарапы бейбіт келісімге қатысты мәлімдеме жасаса да, іске келгенде әрекет жоқтығын айтып айыптады. Шененунік армян тарапы келісімге қол қоймау үшін арандатуға барып, оқтын-оқтын атыс-шабыс ұйымдастырып тұратынын айтты. Қазіргі уақытта армян сепаратистерінің бақылауындағы Әзербайжан жерінде он мыңға жуық қарулы лаңкестер бар дейді ол.

Пашинян болса бірде Әзербайжанды, бірде Ресейді айыптап отыр. «Әзербайжан Қарабақтағы қақтығыс аймағында әскерін топтастырып жатыр. Армения шекарасына да әскерін әкеліп қойды. Бұл соңғы күндері тіпті көбейді», -дейді ол. Оның ойынша жағдай соңғы уақытта қатты шиеленісіп кеткен.

Армерния басшысы Баку жаңа соғыс бастауға дайын деп отыр. Пашинян халықаралық ұйымдарды осы бір қақтығыс аймағына назар аударуға шақырды. Армян премьері 2021, 2023 жылдары Брюссель мен Прагада келіскен келісімдерді Ереван бұзбастан ұстанып келе жатқанын айтты. Ол Ресей, Әзербайжан және Армения арасындағы үшжақты келісім де өз күшінде екенін тілге тиек етті. Ол қазірдің өзінде Армения бейбіт келісімге қол қоюға әзір дейді. Алайда бұл Пашинянның кезекті мәлімдемесі болып қалуы мүмкін.

Соңғы айларда екі ел арасында жағдай ушығып, Қарабақта бірнеше атыс-шабыс, қақтығыс тіркелді. Ереван Әзербайжанды «Лашын дәлізін жауып, бұғаттап тастады, аштық жасамақ» деп айыптауда. Әзербайжан Ереванды «дәліз арқылы қару кіргізіп, аймақтың ресурсын сыртқа шығаруда» деп айыптауда. Өзара айыптау қақтығысты күшейтті.  Лашын дәлізі Армения мен Қарабақтағы армян заңсыз топтарын байланыстырып тұрған жалғыз жол екенін естеріңізге саламыз.

Армения Қорғаныс министрі Кипрге баратын ресми сапардан бас тартып отыр. Ол аймақтағы жағдай соғысқа ұласуы мүмкін деген пікірде. Ал Батыс БАҚ-тары Қарабақта барлау дрондары күні-түні ұшып жүргенін жазуда. Армения мен Әзербайжанған көршілес Түркия мен Иран да барлау дрондарын әуеге көтеріп, жағдайды бақылауда. Франция, Италия және Германия өз азаматтарын Арменияның Әзербайжанмен шекаралас аймақтарынан дереу кетуге шақырды.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051