1 миллиард теңгенің өнімі сатылымнан алынды
Еліміздегі дүкен сөрелерінде сақтау мерзімі өтіп кеткен тағамдар еркін саудаланып келіпті. Ал балаларымыз ермек ететін ойыншықтар тиісті талапқа сай емес.
Тек құзырлы орындардың жіті тексеруінен кейін ғана ондай өнімдердің тұтынушысына жетпей «желкесі қиылып» жатыр. Мәселен, жыл басынан бері елімізде сомасы 1 миллиард теңгеге жуық сапасыз өнім сатылымнан алынған. Бұл туралы кеше Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Еліміздегі дүкен сөрелерінде сақтау мерзімі өтіп кеткен тағамдар еркін саудаланып келіпті. Ал балаларымыз ермек ететін ойыншықтар тиісті талапқа сай емес.
Тек құзырлы орындардың жіті тексеруінен кейін ғана ондай өнімдердің тұтынушысына жетпей «желкесі қиылып» жатыр. Мәселен, жыл басынан бері елімізде сомасы 1 миллиард теңгеге жуық сапасыз өнім сатылымнан алынған. Бұл туралы кеше Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Мұндай заңбұзушылық елордамыз Астанадағы «Экомаркет», «Мета Астана», «Алма Розничные Системы», «Астана Влади», «Идеал 2008» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде анықталған. Аталған дүкендердегі Ресей, Украина, Латвия, Түркия, Испания елдерінен жеткізілген сүт, нан және консерві өнімдері мен бала тағамдарында таңбалауы бойынша және сақтау мерзіміне қатысты заңбұзушылықтар анықталды. Сонымен қоса, сөрелерде мерзімі өткен тағамдардың сатылғаны да белгілі болған.
«Оларға қатысты тиісті шаралар қолға алынды. Заң талаптарын сақтамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 250 млн 540 мың теңге көлемінде 917 айыппұл салынды», – деді Р.Сәтбаев.
Әрине, айыппұл салған орынды-ау. Алайда айыппұл мерзімі өткен тағамды тұтынғандардың денсаулығын қайтарып бере алмасы анық. Астана төріндегі мен деген дүкендерден мерзімі өткен өнімдер анықталып жатқанда, алыстағы ауыл дүкендері туралы айтудың өзі қиын шығар.
Комитет төрағасының сөзіне сенсек, Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменттері түрлі нысандардағы жекеменшік шаруашылық субъектілерінде өлшем құралдарының жағдайы мен пайдаланылуына, техникалық регламенттер талаптарының сақталуына қатысты 1477 тексеру жүргізген. Нәтижесінде, 858 заңбұзушылық анықталыпты.
«Бұл жалпы тексерулердің 58 пайызын құрайды, – дейді Р.Сәтбаев. – Бұл жұмыстың нәтижесінде, сапасы төмен, таңбалаусыз және сәйкестік сертификаттары жоқ 977 млн 261 мың теңге сомасындағы түрлі өнімнің 4 986 партиясын сатудың жолы кесілді».
Қазақ баспасөзінде жарық көрген ойыншықтардың сапасын сынаған мақалаларда есеп жоқ. Алайда оның қандай да бір нәтиже беріп жатқанын болжау қиын болып тұр. Себебі өткен 6 айдың ішінде ғана 58 млн теңгеден астам соманың ойыншықтары сатылымнан алынып тасталды. Мәселен, тексеруден өткен 46 кәсіпорынның 33-інде заңбұзушылық анықталған. Бұл жерде де заң бұзуға жол бергендерге жалпы сомасы 2 млн 873 мың теңгенің айыппұлы салынған.
Бүгінде базардан балаға арнап киім сатып алу қауіпті болып барады. Себебі базарда сатылатын балалар киіміне, балаларға арналған жеңіл өнеркәсіп өнімдерін тексеру кезінде де жүзіміз жарық бола алмады. Тексеруден өткен 111 кәсіпорынның 65-інен заңбұзушылық анықталды.
Айтқандай, күні кеше елімізде мұнай өнімдерін заңсыз сатумен айналысатындар анықталып, елең еткенбіз. Сөйтсек, бізде мұнай өнімдерін сататын кәсіпорындардың көпшілігі үшін бұл үйреншікті жайт көрінеді. Себебі тексеруге іліккен 109 кәсіпорынның 67-і мұнай өнімдерін ешбір сертификатсыз сата берген. Сондықтан 31 млн теңгеден астам соманың сәйкестік сертификатынсыз, таңбалаусыз және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің 49 партиясын сатуға тыйым салынған. Ең қызығы, аталған сәйкессіздіктің басты себебі, жанармайды сақтау, тасымалдау және сату процесіндегі заңбұзушылықтар болып табылады. Ал, негізінен, зауыттан талапқа сәйкес келетін өнім шығады екен, тек оны құжаттауға құлықсыз болып отырғандар көп.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
"Айқын" газеті