Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2765 3 пікір 13 Қыркүйек, 2023 сағат 14:07

«Зілзаладан не ұқтық?»

A family sit next to a collapsed building as they wait for the bodies of their relatives to be recovered from under the rubble in Antakya, southeastern Turkey, Saturday, February 11, 2023. Rescue teams using thermal cameras to locate signs of life are continuing to pull survivors out of mounds of rubble, five days after a major earthquake struck a sprawling border region of Turkey and Syria. (AP Photo/Bernat Armangue)

Бұндай сауалды түркиялықтар бір-біріне қоюда, жауап қанша әр түрлі болса да, елге келген ауқымды қатер адамдарға ауыр ой тастап кететіні белгілі болды.

Биылғы қоян жылының ерте көктемінде Түркияның желілес жатқан 11 үлкен қаласында, жүзден аса аудандық  мекендерде және 5000 дай көйлерде (ауыл) болып өткен орасан жер сілкінісі дүниежүзін селк еткізіп, жер бетіндегі бүкіл адамның бауырмалдық сезімін оятып, жәрдемшілдік ынтасын арттырғаны әлі ұмытла қойған жоқ.

Ауқымдылығы өте кең, жеделдігі аса жылдам, тек бір тілде емен-еркін таралатын түркиялық ақпарат бұл зілзалаға қатысты қаншама түрлі хабарларды дер кезінде жая білді, қазір де тынымсыз таратуда. Ол туралы  оқиғалы кітаптар да шығып қойды, әртүрлі адамдардан алынған қаншама теле-радио сұхбат, әлеуметтік желілерге таралған тікелей эфирлер... айтып тауыса алмайсың, әрине.

Ал, бұл жазбада сол ақпарат тасқынынан қадау-қадау алынған мөлтек хабарлардан қазақшаға сөзбе сөз аударып жолдауды мақұл көрдім, өйткені, сол сұмдық зілзала бізден қанша алыс өлкеде болып өтсе де, соны басынан кешкен адамдардың өз ауызынан естігенеде арқаң мұздап, жүрегіңді үрей билейтінін байқайды екенесің... Сіз де байқап көріңіз құрметті оқырман!

Налан Шімшек деген кісінің жылап отырып айтқаны: Үш күннің алдында ғана қызым Шеймаға Қаһарманмараштан бір пәтер сатып берген едім. Екінші күні ақшам уақытында қызым видео-телефонмен бөлмелерді көрсетіп, анашым міне, саған да бір жатын бөлмесін жасаулап қойдым, жатақ киімін де... деп, қуана хабарласқан еді. Келесі күні түнде әлгі пәтер алған құрылыс жермен жексен болды ғой! Қараңыздаршы, мен қызыма үй емес, қабыр сатып алған екенмін, ертең не болатынына титтей де түйсігіміз болса ғой, әттең!

Құрылыс үйіндісінің астында қалған алты жасар ұлының өлгенін білген сәттегі қайғылы әкенің айтқан мына сөздеріне қараңыз:  Көз қуанышым болған Ахметімді Алла жаратты ғой, оны бізге сатпапты да, сыйға да бермепті. Біраз уақытқа аманат еткен екен. Ал, біз оның қанша уақытқа бергенін білмегендіктен өз қолымызда тұра беретіндей ойлап жүріппіз. Сөйтсек, уақыты осындай-ақ екен. Хақ Иесі ұлымды дәл осы күні алатын болғанын, міне білдік. Егер, басқа біреу ұлымды алам десе, жанымды қисам да өз қолымнан бермес едім. Енді, Хақ иесі болған соң қолымнан не келсін?! Құдай Тағала біздің отбасымызға бір әдемі гүлді аманатқа беріп, алты жыл иіскеуге мұрсат беріпті. Сондықтан, зу етіп өте шыққан алты жылдың әрбір сәтіне Құдайға борыштымын, шүкір алғысымды айтамын! Жалғасы, Жәннатта шығар деген үмітім де бар. Я, Жаратқан Ием мұндай иман сенім бергеніңе шексіз қуаныштымын, қайғымның бәрін сол мәңгі қуаныш жұбатуда...

Қаһарманмараш қаласындағы Базар ауданындағы үйінді астынан аман шықан кішкентай ұлды Жедел жәрдем мәшинесіне әкеліп дене мүшесін тексергенде сап-сау екен. Медбике, «Кәне балақан айта ғой, тәтті сусын ішесің бе әлде дәмді шоколад жейсің бе?» десе, әлгі ұл: «Жоқ, маған ештеңе де керек емес! Ақ киімді әдемі апай маған су да берді, дәмді тағам да жегізді, мені ойнатты. Және, бұл қараңғы жерден сені сырттағылар шығарып алады, уайымдама!» деді. Сонсоң, міне ғана, мені шығарған кезде ол көрінбей кетті...» депті.

Құтқарушылардың бірінің әңгімесі: Сілкіністің бесінші күні үйінді астында енді, тірі жан да, басылған мүрде де қалмады, деп шешіп, экскаваторға қазуға бұйрық беріп жаттық. Дәл осы кезде, бір ақ кімді әйел адам жүгіріп келіп: «Тоқтаңдар, мынау маңдағы үйінді астында менің екі ұлым жатыр, қазып алыңдаршы!» деп, шырылдады. Дәл көрсеткен тұсты қолмен жабыла қазып,  екі ұлды аман-есен алып шықтық. Қуанышты дауыспен: «Әй, әлгі әйел қайдасың?! Міне, ұлыңдарыңды алып шықтық, қайда кеттің, кел бері!» деп, айғайладық. Сол кезде үйіндіден шыққан он үш жасар ұл: «Менің анамды іздеп жатырсыздар ма? Анамыз төрт жыл бұрын қайтыс болған...» деген сөзін естіген сәтте, таңданыстан аңтарылып қалдық. Бір білсек, көзімізден жас парлап Құдайға жалбарынып тұр екенбіз.

Құтқарушы топтардың үйінді астынан тірі шығарған адамдардың ішінен ең таңғаларлық бірі Хатай өлкесінің Қышла Сарай ауданындағы  Февзи Шақмақ көшесіндегі күйреп қалған бір көп қабатты үйдің астынан аман шыққан жеті айлық Хамза есімді бөбек еді. Ол зілзаладан соң 140 сағат өткенде яғни 6-шы күннің аяғында жаңа ғана ұйқыдан оянған сап-сау күйінде үйінді астынан аман шықты. Омыраудағы сәби ең азы күнінде жеті-сегіз рет емшек емуі керек әрі астын үш-төрттен кем емес құрғатып отыруға тиіс қой. Сонда, мұнша күн оны кім, қалай бақты? Адам ақылынан тыс бұл жағдайға куә болғандар тағы да көз жастарымен ғана жауап іздеді.

Дәл осындай, бір аптаға жуық уақытта, ауыр бетондардың астынан, төбешіктей үйінділердің түбінен әрбір жерлерден 198 емшектегі сәбилердің сап-сау  шыққаны қанша дәлел, видео, суреттерімен бүкіл елге тарап кетті. Ол сәбилердің көбі бармақтарын сорған халде, кейбірі ешбір нәрсе болмағандай көздері жаудырап сәби күлкілерімен адамдарға  қауышқаны таңғажайып оқиға деуден басқа айтар сөз жоқ еді.

Бұл ғайып жағдайлардан ең әуелі байқағанымыз, ең әлсіз, бәйкүнә, пәк жандылардың мұндай қатерден осылай қорғалғаны! Сонда ғана, Ұлы Қорғаушының шын көңілден шыққан дұғаны қабыл ететіні есімізге түседі. Күнделікті қамқоршысыз қалған, бүкіл себептер үзілген кездегі сәбилердің жағдайы бізге осыны мәлім еткендей.

Және де, бұл зілзала бізге мына жағдайды да анық байқатты: Ондаған меншік пәтерлері бар, өздері зәулім виллаларда тұратын бай-бақуаттылардың жалғыз күнде күн астындағы жалаңаш шатырларды баспана етуден басқа шарасы қалмағанын көрсетті.  Осы халге түскенімізде, таныстарымсыздың өзіне сәлем беруді ұмытып кеткенімізді еске салып, мүлде танымайтын адамдарға жәрдем беруге ынталандырды.

Және де, үш-төрт сауда дүкендері мен бірнеше кәсіп-жері бар адамдардың жалғыз күнде тамақтандыру орталығында кезек күтіп тұратын міскін көптің біріне айналғанына көз жеткіздік.

Және де, осы кеште ғана бір түнгі пәтер жалдайтындарға қысас жасап жалбарындыратын ашкөздер, таңертеңінде әлгі үй жалдайтын бишаралармен қатар сыртта жаққан оттың басында қалш-қалш етіп тоңып отырғандарын да көрдік. Сонда, адамдардың арасындағы дүниелік артықшылықтың түк те құны жоқ алдамшы екенін, кісіліктің ғана бізге қанша қажет екенін түсіндік.

Әсіресе, осындай бишара қалге түсіп отырғанымзда, өлмейтіндей дүние соңынан өлермендене жүгірген күндеріміздің құнын Құдай осылай бізден алды. Ал, тірі қалғанымыз үшін, егер осы жолы өліп кеткенде ақырет дайындығынан жұрдай екенімізді де ескертті.

Ғазиантепеде құтқару жұмысында болған Кониялық бір полицияның әңгімесі: Бес-алты жылдан бері сегіз қабат құрылыстың үшінші қабатында тұрып келе жатқан бір имамды әлгі көп қабатты үйдің иесі пәтерақысын тұрақты төлей алмағаны үшін, зілзаладан үш ай бұрын үйден шығарып жіберген екен. Сөйтіп, мешіт жамағаттарының бірі әлгі имамға үш қабатты жеке үйінің екінші қабатынан арзандау пәтерді жалға береді. Содан зілзала болған. Сөйтсе, әлгі имам шығып кеткен сегіз қабатты,  он алты пәтерлі үй жермен жексен болыпты. Ал, әлгі имам отырған үш қабат үй бүтін қалпында. Сегіз қабат үйдің иесінің әйелі, екі ұлы келіндерімен және немерелері бәрі үйінді астында қалған да өзі зілзала кезінде қашып шығыпты. Үстінде пижамасынан басқа түгі жоқ, суықта қалшылдап жаны қиналған пәтер иесіне кім қамқор болды десеңіз, әлгі пәтерден шығып қалған имам! Пәтер жалдап отырып құлаған үйден аман шыққан мұғалім мен оның әйелін және ескі таныс пәтер берушіні имам өз үйіне әкеліп паналатқан. Мұғалім біраз күннен кейін әйелімен бірге өз туыстары жағына кетеді. Әлгі, үлкен үй жалдаушы  да имамның үйінде біраз күн болып, Қайсеріде дайындалған арнайы жерге кеткен екен.

Осыны көрген адамдар, «мал-дәулетім мол, қаншама пәтерім бар» деп, қу дүниеге сенудің алдамшы екенін, «пәтер жалдаушымын» деп те, кердеңдеудің керегі жоқ екенін байқап қалды. Сөйтіп, бұл өткінші дүниеде әркім де «үй жалдаушы ғана!» Бірақ, дүние батпағына батқан, алдамшы қызықтарға көзі қарыққандар үшін оны түсіну де тым қиын!

Көпшіліктің көргендері: Пәтер жалдап жүретін бір танысым ақы-пұлын өтей алмай үйден шығып қалған күнінің ертеңінде зілзала болып, пәтер жалдаушымен бірге көшеде тамақтың кезегінде тұрғанын көрдім.

Азық-түлік тарату кезінде қара-шобыр кезекте тұрғандардың ішінен «болды, болды басқаларға жетпей қалмасын, маған осы болады» деген сөзді ауылдықтардан көп естідім.

Зілзаладан үйі аман қалғандардың ішінен, тамаққа кезекте тұрғанымызда бізді өз үйіне жалына шақырып, асүйінде не қалса соны жегізген кісілерді де көрдік.

Зілзалаға ұшырап қайғы жұтып тұрса да «Құдайдан келген не нәрсе болса да қайырлы, бұл зілзала да сондай жақсылыққа шақырушы» деген мәрт көңілді адамдарды көрдік.

Үй-жайы қираған, офистері жоқ болған, мәшинелері үйінді астында қалған үлкен шенеуніктердің  бір табақ ыстық тамаққа зар болып, кезекте мөлиіп тұрғанын көрдік.

Ауыр заттарға басылып бастары қылтиып жатқан әйел мен қыздың бір-бірімен жарыса «алдымен мені шығарыңдаршы!»  деп, жалбарына айқайлағынын көргенде әркімнің өз жаны өзіне тәтті екенін де білдік.

Үйінді астынан күйеуінің өлі денесін алып шыққанда «О, қарқыс атқан зілзала Алла сенің жазаңды берсін!» деп, өз бетін тырналаған әйелдерді көрдік.

Бір қызым болса, деп жүретін төрт ұлы бар көршімнің әлгі төрт ұлы да үйінді астында қалып, қазушылар еш амал таппай тарығып тұрған сәтте «Ең болмаса бір ұлымды шығаруға жәрдем бере көріңдер!» деп, өкіре жылағанын, ал біздің қолымыздан ештеңе де келмей төбе боп үйілген қирандыға қарап мелшіп қалған кезге де куә болдық.

Зілзала өткен соң көп қабатты үйлерден аман шыққандардан оң, солы, асты, үстіндегі көршілерінің кім екенін, қанша адам болуға тиіс екенін анықтау үшін сұрағанда, одан ешбір хабары жоқ көршілерді де көрдік.

Хатай деген өлкедегі бір курстас танысымның 23 сауда-дүкені бар еді, зілзаладан кейін соның 20-сы қирағанын, үйі де құлағанын естідім. Оны хабарлаған TV100 телеарнасы осы ірі саудагер Мехмет Бұлұт деген кісінің аман қалған әйел, бала-шағасымен енді, көпшілік шатырда тірлік кеше бастағанын айтты. Мехмет тележүргізушіге, зілзаладан бір апта бұрын, отбасымен түгел отырып ішіп-жеген таңғы астары туралы жылап отырып әңгімеледі: «Әйелім қолына дерт бермесін, көздің жауын алатын, иісі мұрын жаратын бір дастархан дайындаған екен. Бәріміз үстелге жиналдық, ұлымды шақырдым. Ол «егер, дастарханда қызыл балық болмаса, ештеңе жегім келмейді» деп, жауап қатты. Ал, дастарханда тіпті, шанышқы қоятындай да орын жоқ тамақтың түрлеріне сіресіп тұр еді, енді міне бір шанышқыға зар болып қалдық! Иә, зілзала бәрімізді бір күнде теңестірді. Зілзаладан бұрын менің маркетімде 600 жұмысшы болды, енді бәріміз бір шатырда, бірдей тамақ жеудеміз. Әлгі менің марекеттерімде сатуда мыңдаған шәйнектер тұрушы еді, қазір бір шәйнек қолымызға түссе қазына тапқандай қуанатын болдық!»

Зілзала оқиғасы Түркияда салынған құрылыстың сапасы туралы мәселені түп қопара көтерді. Өйткені, зілзала кезінде қатар тұрған құрлыстардың кейбірі құламай аман қалғаны да аз емес еді. Сонда, сапалы қымбат құрылысшыларға емес,  арзан құрлысшыларға үй салдырғандар үнемдеген ақшасын қайтадан өмірімен өтеген болып шықты!

Зілзала, беті жылтыраған құрылыстардың іші қандай екенін ашып берді. Сапасы төмен, арзан нәрселерден тұрғызылған қабырғалар көз алдымызда ұйпаланып жатқанда, оның астында үй иелері де қоса басылып жатты. Сонда, оңай ақша табу жолында адам өмірін қоса сатып жіберген құрылыс салушылардың  да бет пердесі қатар ашылды.

Бірақ, бір қызығы Сирия шекарасына жақын жердегі ауа-райы өте қолайлы бір ауданға қалталы шенеуніктер өздеріне арналған шағын аудан тұрғызған екен. Сөйтсе, оның фундаментінен бастап, әрбір көтерілген деңгейі, қабырғасы бәрін де арнайы құрылыс сапасын өлшейтін мекеме арқылы қадағалай отырып салғызады. Яғни, ең жоғарғы сапамен! Зілзаланың мүмкін болған балына төтеп беретін, деп. Ал, сол құрылыс та жермен жексен болған, бұған не дейсіз...

Адиаман қаласы маңындағы шатырдан құрған ауданда тұрып жатқан, зілзаладан бұрын кілем жуу фабрикасы бар бір ағайдың әңгімесін тыңдадық: «Фабрикама біреулердің беруге тиісті миллондай қарыз ақшасы қалған еді. Ал, қазір басымда үй де жоқ, фабрикам да үйіндіге айналған. Өз туыстарымнан 47 кісі зілзалада өлді. Баспанасыз қалғандарды түгелдей осы шатыр қалашығына әкеліп орналастырды. Ауып келген сириялықтарға арналған шатырлармен көрші болдық. Мен оларға қант сыйладым, ал олар менің жалаңаяқ қалған қызыма байпақ берді. Міне, өз елінен ауып келгендермен біз, бір күнде бір халге түстік. Дүниенің алдамшы екенін көзбен көрдік, сонда да осы алдамшы дүниеге алданып жүре беріппіз...»

Сол көпшілік шатырда тұрып жатқан бір жас қыздың әңгімесі: «Бұрындары бір жәрдем көрсету шарасы кезінде өзім ең жек көретін бір жүн-жемпірімді солай жөнелтіп едім. Зілзала болған түні үстімізде пижамадан басқа түк те жоқ ашық көшеде қалдық. Түн суық, жел бар, қар әлі кетпегендіктен өмірімде тісім тісіме тимей қалтырағаным сонша, үйіндіде не жатса соны үстімізге жамылып амалдадық. Таң ата жәрдем көрсетушілер келді, уақытша құрған палаткаларға тығылдық, таратқан киімдерден не болса соны таңдамай алып киюдеміз, бір қарасам маған өзімнің ең жек көретін өзім біреуге жіберген жүн-жемпірім секілді киім ұсынылып тұр! Күлерімді де, жыларымды да білмей қуана бас салдым...»

Бір мұғалым келіншектің айтқаны: «Жәрдем берушілердің көбі бізге аянышпен қарауда. Тіпті, соны көргенде әй, бүйткен жәрдемдеріңе болайын... дегің келіп кетеді. Өйткені, біз туғаннан бері осылай шатырда жатқамыз жоқ қой, біздің де дәл сіздердікіндей әдемі жайлы пәтерлерміз болған. Тіпті, біз ақылды-жүйе дейтін бәрін өзі реттеп тұратын ең соңғы үлгідегі пәтерлерде де тұрып келдік. Бірақ, жалғыз күнде көшеге тігілген шатыр тұрғынына айналдық. Әрине, аянышты жағдай. Бірақ, сіздер бізге аянышпен емес, бауырластық жанашырлықпен қараңыздаршы, біздің көңілімізді түсірмеңіздерші!»

Және де, шатырда тұрып жатқан бір әйелдің әңгімесі: «Сириялықтардың елінен босып келіп жатқан топтарынан үнемі қашып жүруші едім, таясам болды иістерінен жиренетінмін. Ал, қазір он бес күннен бері үш отбасы бір шатырда бірге тұрып жатырмыз.  Содан бері душқа түсуді де ұмыттық, қазір бір-біріміздің иісімізден қашқақтаудамыз. Сонда, өзімнің сириялықтардан жиренгенім есіме түсіп, не нәрседе тәкаппарлық етсең сол жағдайды өзің бастан кешеді екенсің ғой... деген, ойға қалдым».

Ал, бұл зілзала туралы жеке адамдардың пікірі ғана, ал оның салдарынан бүкіл қоғамда, әлеуметтік салада қаншама өзгерістер мен аласапыран жағдайлар болғанын айтып тауыса алмас едік. Сонымен, сөз түйіне көшейік.

Түркияда болған бұл ауыр зілзаланың себептерін сол саланың арнайы зерттеушілері, жер шараның ядро, мантия, құрлық қатты қабаты секілді ғылыми негіздерімен түсіндіруде. Бір жүлгеде мұндай қатты сілкіністің болуы жер қабатының сол маңдағы мантияған жақын тұсының сәл-пәл жылжуы, дейді.

Ал, Құран ілімін ұстанушылар «Бір жапырақтың өзі Құдайдың бұйрығынсыз жергек түспейді» деген, олай болса, мұндай алапат қозғалыс, ауқымды оқиға Ұлы Жаратушының қалауымен болды. Құдайды танып, оған құлшылық еткендер Оның рахымына қауышты, ал одан алыс жүргендер жазаға ұшырады, дейді.

Құран ілімін ұстанушылар, сәби балалардың сап-сау шығуын періштелердің жәрдемімен түсіндіреді. Өйткені, Құранда періштелердің адамдарға тікелей көмектескені туралы жүздеген дәлелдер бар.

Ал, материалист ғалымдар болса, сәби балалардың өліп кетпеуі олардың бойында өмірлік резервтері өте мол әрі уайымсыз, олар соған сүйенді, ал олардың айтқан ақ киімді адамдар дегені, тек елес галлюцинация, дейді.

Адамзат танып-білген ғылым бойынша ойлансақ, шексіз әлем өте нәзік есеп пен мүлтіксіз тәртіп-жүйе бойынша қызмет етуде. Орбитада әлем кеңістігін бақылайтын радио-телескоп Хаббл қазір, 93 миллиард жарық-жылы қашықтағы галактиканы есепке алды.

Біздің өз галактикмызда үш миллиард жұлдыз бар, Күн соның бірі ғана. Ал, осыған ұқсас галактикалар саны тағы да миллиардтап саналады. Астроном-ғалымдар осы бақыланған бүкіл галактиканы бір орталыққа бағынатын «Метагактика» деп, атауда.

Енді бір гипотеза-қиялшылдар осындай миллиондаған «метагалактикалар» бірігіп «мегагалактиканы құрауы мүмкін» дейді.

Сонда, біздің ақылымыз қабыладуы өте қиын осындай шексіз әлемде біздің Күн жүйеміз бір тозаңдай, ал жер бір атомдай ғана деуге болады. Өйтсе, Түркиядағы зілзала, ЖЕР деген кішкентай отауымыздың бір уығы сынып жатқанына ұқсайды ғой...

Ал, Құран ілімі болса, осындай шексіз әлемдегі күрделі құрылымды: «Көктер мен Жер Ұлы Жаратушының бақылауында, Оның ілімінен тыс ештеңе жоқ» деген мағынадағы аяттармен түсіндіреді. Жер жалқы мағынада, ал Көктер көпшеде  айтылуда.

Олай, болса біздің материалист ғалымдарымыз айтып жүргендей бәрі өзінен-өзі кездейсоқ жаралған, бүкіл оқиға оқыстан болады, деу өте күлкілі! Кездейсоқ ештеңе де жоқ, бәрі хикметті іліммен басқарылуда әрі біздің бақылауға шамамыз жеткен «метагалактикамыз» Құранда аталған «Жеті қат Көк» дегеннің ең бергісі болуды ғажап емес...

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381