Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 7636 0 пікір 19 Шілде, 2013 сағат 08:44

Талғат Кеңесбаев. Гауһар

(Повесть)

Толған айды төңкеріп тастап, Ертістің тоңазыған бетіне қып-қызыл қына шашып, күндіз-түні қаланың қара түтінін үн-түнсіз жұтып жатқан момын қарағайлардың басына шапшаң өрмелеп шыққан күннің шапағы еңселі үйдің үлкен-үлкен терезелеріне кірпіктерін жебедей қадады да, мамықтай үлпілдеген ақ жібек перденің сақина көздерінен тамып-тамып түскен ұсақ сәулелер түнемелдің бұрыш-бұрышына сынаптай сырғып кеп, төсекте ұйықтап жатқан сұлу келіншектің бүлде жамылғысына жабысты да, буға айналып көтеріле берді...

Бөлме іші әп-сәтте ағараңдап бара жатты. Керілгенмен, көзін ашпаған келіншек сүйрік саусақтарын созып маңайын сипалай бастады. Есікті ақырын ашып, аяғын білдірмей басып келе жатқан күйеуі тізесін орындыққа соғып алды. Гауһар көзін ашты:

- Не болды?

- Ұйықта. Ұйықтай ғой, - жанына келіп отырған күйеуі құшақтап, аппақ тамағынан сүйіп, қап-қара шашын тарамдап қойды. - Ұйықта, жаным...

- ?

- Қазір мен жуынып алайын. Кофе ішесің бе, әлде шай ма?

- А, не ішсем екен? – деді Гауһар еркелеп.

- Демала ғой, мен қазір.

- Музыка қойшы.

Күйеуі бөлмеден шығып бара жатып музыка қосып кетті.

Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны».

(Повесть)

Толған айды төңкеріп тастап, Ертістің тоңазыған бетіне қып-қызыл қына шашып, күндіз-түні қаланың қара түтінін үн-түнсіз жұтып жатқан момын қарағайлардың басына шапшаң өрмелеп шыққан күннің шапағы еңселі үйдің үлкен-үлкен терезелеріне кірпіктерін жебедей қадады да, мамықтай үлпілдеген ақ жібек перденің сақина көздерінен тамып-тамып түскен ұсақ сәулелер түнемелдің бұрыш-бұрышына сынаптай сырғып кеп, төсекте ұйықтап жатқан сұлу келіншектің бүлде жамылғысына жабысты да, буға айналып көтеріле берді...

Бөлме іші әп-сәтте ағараңдап бара жатты. Керілгенмен, көзін ашпаған келіншек сүйрік саусақтарын созып маңайын сипалай бастады. Есікті ақырын ашып, аяғын білдірмей басып келе жатқан күйеуі тізесін орындыққа соғып алды. Гауһар көзін ашты:

- Не болды?

- Ұйықта. Ұйықтай ғой, - жанына келіп отырған күйеуі құшақтап, аппақ тамағынан сүйіп, қап-қара шашын тарамдап қойды. - Ұйықта, жаным...

- ?

- Қазір мен жуынып алайын. Кофе ішесің бе, әлде шай ма?

- А, не ішсем екен? – деді Гауһар еркелеп.

- Демала ғой, мен қазір.

- Музыка қойшы.

Күйеуі бөлмеден шығып бара жатып музыка қосып кетті.

Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны».

«Мың миллион алқызыл гүлдер, гүлдерден де көп аппақ көбелектер. Ақырын-ақырын жел соғып тербеліп-тербеліп кеткенде, көбелектер де ғайып болып кетті. Гүлдердің басы үзілердей қалт-қалт етіп, дала өртеніп жатқандай, дәл қазір күйіп кететіндей, енді тіршілік үзілетіндей, жоқ-жоқ мүлдем олай емес, жел кенет тына қалып, сол кезде көбелектер қайтадан гүлдермен сағынысып қауышып, тіршілік сыйлаған әлемге қуанып, шаттанып өмір биін билеп бара жатқандай...»

- Компотты жылытып әкелдім, - деп жарты сағаттан кейін күйеуі келді.

- Неге мұздай суық әкелмедің? - деп Гауһар күйеуіне мейірлене күлді.

- Иә, саған суық әкелемін. Ойыңда бар ма, Делиге барғанда, суық су ішемін деп қалай ауырғаның? – деді.

- ?

- Мен жұмысқа бара берейін, шетелдіктер- мен келіссөз жүргізуім керек. Қазір Меруерт келеді. Таңғы астарыңды ішкен соң есеп- қисабыңды жақсылап қарап шығарсың. Кешке қонақасыдан кешікпессің.

Гауһар ақырын жымиып қойды.

- Терезені ашшы.

Күйеуі жатын бөлмеден шығып бара жатып үлкен терезелердің перделерін ысырды. Жап- жарық...

Гауһар төсектен сергек тұрды да, жуынып аулаға шықты. Бақша ішіндегі гүлдер мен қайың, шыршаларды дәл бүгін алғаш рет көргендей қарап тұрып қалды.

Буырқанып - шымырланып фонтан атқылай бастады. «Вася ағай, молодец, әйтеуір, менің көңілімді тауып отырады», - деп іштей бағбан шалға риза болды.

- Қайырлы таң! – деді күтуші әйел мол денесін бұрып. – Таңғы асты қай жерге апарайын?

- Бақшада ішейін, таңқурайдың жанына апарыңызшы.

- Құдай-ай, – деді күтуші әйел ашуланған болып. – Қазір көресің, сенің мазаңды ана қақпас алып, шайды да іше алмассың...

- Меруерт келуші еді, күзетшілерге айтарсыз, қақпаның алдында тұрып қалмасын.

Күтуші әйел маймаңдап үйге қарай кетті.

- Қызым, жақсы ұйықтадың ба? – деп айқайлай сөйледі бағбан шал. Гауһар оған қолын бұлғап, алты қанат киіз үйдің орнындай айналдыра отырғызылған таңқурайдың ортасындағы дөңгелек сәкіге барып отырып еді, тұмсығын шиқылдатып сұр тиін келе қалды. «Қап, конфеттің болмай қалғанын қарашы, Туна апай», - деп айқайлап қалып еді, құйрығын сүйреткен кішкентай тиін ағаш басына бірақ өрмелеп шықты.7

Тиінге қарап отырып, Хайнань аралында пальма ағашының басына өрмелеп шыққан арық қытайдың кокосты үзіп алып әкеп беретіні есіне түсті. Қолына жиырма доллар ұстата салып еді, қайтадан пальма басына өрмелеп, тағы біреуін әкеп беріп, тұра қашты. Ештеңені түсінбей қалған Гауһарға Алан күлімсіреп «ол сен тағы бір жиырма доллар бере ме?» дегені ғой.

- Ақшадан қашып бара ма?

- Иә, ханым, елдің бәрі сенің күйеуің ғой дейсің бе, ақшадан қашпайтын? - деген Аланның дауысы суық шығып еді.

- Апай, қайырлы таң! – деп үстіне әдемі көкшіл көйлек киген Меруерт келді. Көңілді. Көздері күлімсіреп тұр. – Апай, қалайсыз?

- Ой, Мика, сен қандай әдемісің...

- Сізге еліктегіміз келеді, апай... Айнұр менен де әдемі...

- Сөз жоқ, сөз жоқ, прекрасно! - деп Гауһар алақанын шапалақтады. – Екеуің де принцессасыңдар...

- Рахмет! – деді сұлу қыз күлімсіреп.

- Келгенің жақсы болды, жаным, қазір таңғы асты бірге ішетін болдық. Осы мен көптен ойлап жүрмін, Айнұр екеуіңді Стамбұлға бір жылға достарымызға айтып, сол жаққа жұмысқа орналастырғым келіп жүр.

- Ойбай, апай, - деді Меруерт көзі бақырайып.

- Біз ол жақта не істейміз? Әлде біз сізге ұнамай жүрміз бе?

- Жоқ, жоқ, о не дегенің, сендерден айналайын. Жалпы, сауда мәдениетін түріктерден үйрену керек. Еуропаның қай қаласына барсаң да, біздің түрік туысқандарымыздай жоғарғы деңгейде қызмет көрсете алмайды.

- Аа, мен шошып кетсем, апай. Құжаттарды қарай бересіз бе? Меруерт сөмкесінен шағын ноутбук алып шықты.

- Міне, электрондық нұсқалары.

Осы кезде күміс подносты толтырып күтуші әйел келді.

- Астарыңыз дәмді болсын!

- Сізге рахмет, шайды өзім құярмын.

Күтуші әйел тез басып кетіп қалды.

- Дәм ала отыр.

- Рахмет, апай, есеп-қисапты қарай отырасыз ба?

- Керегі не, саған сенеміз ғой...

Бағбан шал шөп шабатын агрегатты әрі-бері дырылдатып тоқтамай жүр.

Күтуші әйелді шақырды.

- Тыңдап тұрмын, - деді ентігіп.

- Ақсақалға айтшы, біз шай ішіп алғанша, қоя тұрсын.

- Мені тыңдағысы келмейді қырсық шал. Бүгін немересінің туған күні екен, ертерек қайтқым келіп тұр дейді. Жаңа бір тиінді ұстап алған екен немересіне, қайтадан босатып жібердім. Гауһардың ойына бағбан шалдың күнде таңертең келіп, әр гүлдің мінезін айтып, біраз әңгіме айтатыны есіне түсті. «Е, е, атамыз таң атпай ішіп алған екен ғой».

- Маған конвертке салып үш жүз доллар әкеп беріңізші, - деп күтуші әйелге күлімсірей қарады.

- Не, базарға бармақсыз ба? Алан Рахметович білсе, мені өлтіреді... – деп, күтуші әйелдің көзі шарасынан шығып кетті.

- Өтінемін, апай. Мен жоғарыға көтеріліп, сейфті ашпай-ақ қояйын, - деді Гауһар еркелеп.

Бағбан шал резеңке етігімен жер тепкілеп, агрегатты қақалтып-шашалтып әрі-бері жүр. Гауһардың есіне зират басынан келгеннен кейін есіктің алдында тұрған шешесінің етігін бауырына басып, құшақтап тұрып жылағаны түсті. «Анашым, анашым, келесі жылы мектепке апарам деп едің ғой, осындай әдемі етікті маған да әперемін деп едің ғой... Мен қайда қалдым, мама-ау, мама-ау...»

- Апай, - деді Меруерт оның ойын бөліп, - таңғы шайыңызға рахмет, мен жұмысқа барайын.

- А, иә, айтпақшы, мен де бірге барайын. Тағы не шаруа бар?

- Келесі айда бауырым үйленуші еді, кредитке костюм-шалбар, қалыңдық көйлегін алсам деп едім...

- Өз дүкеніңнен өзің кредит аласың ба?

- Енді, апай...

- Дима, машинаны дайында, - деді.

- Қайсысын?

- Джипті.

Ұзын бойлы оққағар жігіт гаражға қарай кетті.

- Мен қазір, - деп Гауһар үйге кіріп кетті.

Меруерт сәкіде отыр. Күтуші әйел мен бағбан шаңқ-шұңқ етіп ұрысып алды. Шал қақпадан шығып бара жатып күтуші әйелді оңдырмай балағаттады:

- Старая карга...

Осы кезде үйден аяғына ақ кроссовка, бозғылт джинсы киген Гауһар шықты. Қап-қара көзәйнегін бір алып, бір киді.

- Дима, дайынсың ба?

«Lexus»-тің жанында тұрған Дима басын изеді.

- Гауһар Өмірзақовна, ана қақпастан жүз долларды қайтарып алдым. Оларға екі жүз де көп, алқаш, оңбаған! Ертең көресіз, арақ ішіп жұмысқа шықпайды...

- Немересіне сыйлық ретінде беріп едік қой...

- Ол қақпасқа...

- Енді мұндайды қайталамаңыз, сол ақшаны өзіңіз алыңыз...

- О не дегеніңіз, өтінемін, сіздің есебіңізге жазылған, міне, қайтарамын, - деп көк қағазды Гауһарға берді.

Күтуші әйелге Дима қабағын түйіп еді, маймаңдап қазандық жаққа қарай кетті.

- Дима, андағы рацияңды мен ұстай тұрайын, жаңа таңғы шай ішкен жерімде ұялы телефоным қалып қойыпты.

- Қазір.

- Тез машинаға отыр, - деді Меруертке.

- ?..

Өзі арбаңдап кетіп бара жатқан оққағарға қарап-қарап қойды. Дима үстелдің жанына келіп, айналасынан ұялы телефонды іздеп жатқанда, джип қақпадан шығып үлгерді.

- Осы үйден шықсам болды, өзімді сондай жақсы сезінемін. Ағаларың да мына оққағарды менің жаныма байлап қойды. Уһ, әрең дегенде құтылдық қой...

Аппақ джип аспалы көпірдің үстімен ойнақтап, трамвай желісін бір кесіп өтті.

- Апай, ақырын жүріңізші, - деді Меруерт көзі бақырайып. – Неге сонша қатты жүргізесіз?

- Әлгіден қашқан түрім ғой. – Терезені ашты да, рацияны асфальтқа лақтырып жіберді. – Пәле болды ғой мынасы...

Олар үш қабатты сауда үйінің алдына келіп бір-ақ тоқтады.

- Ал, Мика, үшінші қабатқа ешкімнің көзіне түспей көтеріліп кетейік.

- Онда қызметтік лифтімен көтерілейік, менде карточка бар ғой, - деді Меруерт күліп.

- Айналайын! (Гауһар маржандай тістерін көрсетіп күлді.) – Маған бір демалыс сыйлайтын болдың... Бауырың мен болашақ келініңді шақырып қойсаңшы, өздері таңдап алсын.

- Апай, мен тек кредитке ғана аламын.

- Мені ренжітпеші, айналайын. Айтпақшы, әлгі Дима бүкіл қаланы шулатып іздеп жатқан шығар, - деді лифтіге кіріп жатып.

- Ағай ренжіп жүрмесе... – деді Меруерт.

- Ренжімейді, ағаларың күледі де қояды.

Олар үшінші қабаттағы жас жұбайларға арналған салонға келді. Келушілердің қарасы көп емес екен. Сатушы қыздармен Гауһар жылы амандасып жатыр.

- Халдерің қалай, қыздар?

- Жақсы, апай, - деді бәрі. - Өз халіңіз қалай?

- Рахмет!

- Қане, Мика, бауырыңа телефон шал, тезірек келсін.

Меруерт ұялы телефонын алып, бауырымен сөйлесе бастады.

- Апай, өткен айымыз табысты өтті, - деді әкімші қыз Айнұр. – Осы маусымда ғана елу жұпқа той киімдерін саттық. Тек мына тігін цехына бір-екі машина алмасақ болмас, клиенттеріміздің шалбарларының балағын, көйлегінің жеңін қысқартуға үлгірмей жатырмыз. Алан Рахметовичке жазбаша хабарлама салғанмын.

- Ағаларыңның қолы тие бермейді, маған айтқандарың жақсы болды. Қане, Италиядан әкелген костюмдерді көрсетші? Ел алып жатыр ма?

- Әрине, түрік өнімдеріне қарағанда, сұраныс бағасының қымбаттығына байланысты сәл аздау.

- Айнұр, осы сені кімге ұқсайды десем, әнші Мақпал Жүнісовадан аумайсың ғой, - деп әзілдеді.

- Бәрі солай дейді, - деп Айнұр күлді.

- Сен өзің қай жерден едің?

- Үржардан.

- Осы сіңлім неткен сұлу десем, бал мен алма жеп өскен екен ғой, - деп күлді.

- Рахмет, Гауһар Өмірзақовна, сіз де сондай әдемісіз.

«Сатушы, мұнда келіңізші» деген әйелдің дауысы шықты. Айнұрдың топ-модельдер сияқты жүрісіне қарап: «Нағыз сұлулық этикасы, біздің қазақтың қыздарының бәрі жүріс-тұрысы, мінездері осындай болса ғой» деп ойлады Гауһар.

- Сіздерде ерекше қымбат екен.

- Бізде эксклюзивті тауарлар.

- Баламыз үйленетін еді. Қатарынан қалмасын деп едік, аздап болса да жеңілдік жасамайсыңдар ма?

- Мен бес пайыз төмендете аламын. Ал сіз біздің хозяйкамен сөйлесіңіз, ол кісі тамаша адам.

Гауһар олардың дауысын естіп тұрғанымен, екі көзі орта бойлы, шашы бұйра жас жігітте. «Қайдан көрдім бұл баланы? Әлде біреуге ұқсаттым ба? Кімге... кімге?..»

- Өзіңіз сөйлесіп көріңіз, - Айнұрдың дауысы анық естілді.

- Сәлеметсіз бе? – деп жанына келді әйел.

- Сәлеметсіздер, - деген Гауһардың өне бойын ток соғып өткендей болды. Құлағы шыңылдап, сол шақта ештеңе естімегендей...

- Тыңдап тұрмын, - деді күлімсіреген болып.

- Баламыз үйленуші еді, - деп толықша келген келіншек жарқылдай күлді. – Сіздерде арнайы жеңілдіктер болмай ма, тым құрмаса жиырма пайыз дегендей...

«Кімге ұқсайды мына бала, кімге ұқсайды?»

- Гауһар, сен бе? – деген ер адамның дауысын естіп селк ете түсті.

- Иә, танымадым.

- Өмірзақовна, мені танымадың ба?

Гауһар шашы ағарып, көзінің алды қалталанған орта бойлы мығым жігітке таңырқай қарады.

- Қайратпын ғой...

- Не, не, ой, Қайрат, бұл сен бе? Қанша жыл болды ғой... Мектеп бітіргеннен бері көргенім осы, кешірерсің.

- Ұл міне, менің ұлым, жолдасым Алтын. Алғашқы қызығымыз ғой, дос бар, дұшпан бар дегендей... Асылбегімнің тойына дайындалып жатқан түріміз.

Толықша келіншек тепсініп, мол денесі ірк-ірк етіп, мойын тамыры көгеріп, қыстығып сөйлей алмай, көзі шарасынан шығардай ызаға булығып әп-сәтте өзгеріп шыға келді.

- О, сенің ұлың болса, не керектеріңнің бәрін сыйға тартамын. Бала кезден бірге өскен досымсың ғой..., - деді Гауһар Қайратқа күлімсірей қарап.

- Біз қайыршы емеспіз, кім деп жүрсіңдер... Мен бар-жоғы скидка сұрағаным ба? – деп, күйеуінің қолынан жұлқылады.

- Кешірерсіз, апай, сіз өзіңіз кіммен сөйлесіп тұрғаныңызды білесіз бе? – деді Айнұр дауысын қаттырақ шығарып. – Ақырын сөйлеңіз.

- Білем, білем. Ал сендер кімнің кім екенін білмейсіңдер. Жүріңдер, - деп долданған әйел күйеуі мен баласын жұлқылап жүр.

- Кешірерсің, - деді Қайрат құлағына дейін қызарып.

- Охрананы шақырайын, - деп Айнұр қолын соза бастап еді, Гауһар оның білегінен ұстады:

- Қоя ғой...

- Не деген мәдениетсіз әйел!

- ?..

Гауһардың тамағына өксік тығылды.

Бұлардың жанына қайтадан келген Меруерт аң-таң боп қалды.

- Айнұр, не болды?

- Әй, бір жынды қатын...

- Бауырларың келе ме? – деді Гауһар бойын тез жинап. – Айнұр, менің атыма 3000 доллар тауар чегін жазарсың, ағаң екеуміздің жас жұбайларға сыйлығымыз болсын.

- Рахмет, апай! - деп Меруерт ұялыңқырап қалды.

- Апай, - деді Гауһардың жанына қайтадан келген Асылбек соңына бір қарап қойып. – Мамама ренжімеңізші, сіздерге салмақ салмайын дегені ғой.

- О не дегенің, айналайын. Папаңның денсаулығы қалай? – деп сұрап қалғанын өзі де білмей қалды.

- Өткен жылы бір инфарктен қалды, әйтеуір.

- ?..

- Сіз сондай әдемісіз, апай, бізге ренжімеңізші, - деп Асылбек қоштасып кетіп қалды.

- Мынадай мәдениетті жігіттің шешесі ана көкбет әйел екеніне сене алмай тұрмын, - деді Айнұр оның соңынан қарап тұрып.

- Апай, дегенмен кредитке алсам, дұрыс болар еді...

- Мика! – Гауһардың дауысы қатты шыққаны соншалық, екі қыз селк ете түсті.

Айнұрдың көзі бақырайып кеткен.

- Апай, - деді екеуі қосарлана.

- Мені лифтімен төмен түсіріп жіберіңдер, кафеде отырамын. Біраздан соң келіңдер...

Меруерт қолдары дірілдеп, карточканы құрбысына әрең берді.

Кафеге қызмет бөлмесі жағынан кірген кезде, қыздар оған жапа-тармағай амандасып қарсы алды. Гауһар ас мәзірін сұрады да, шеткі орындыққа барып отырды.

- Не қалайсыз?

- Қызыл шарап, тәттілерден болса. Жо-жоқ, тұра тұр, жүзім болса.

Даяшы қыз оның шарап сұрағанына таңырқағанын білдірмей барға қарай бұрылды.

Гауһар бір бөтелке француз шарабын әп- сәтте орталап тастады. «Қайрат, сенімен осылай кездесемін деп ойладым ба...»

- Сіздің мұныңыз не? Мен бәрін шефқа айтамын. – Дима төбесінен төніп тұр.

- Айтсаң айт, сенің қолыңнан одан басқа не келеді? Бар айт, содан бірдеңе шықса. Ал мен болсам, сенің маған екі жыл бойы бес мың долларды қайтармай жүргеніңді айтамын.

- Кеш-і-рі-ңіз, - деді Дима тұтығып. – Менің әйелім ауру ғой...

- Мен де аурумын, - деді Гауһар ызалана күліп.

- Сіз бе? – деді Дима таңырқап. – Мұндай сөзбен қалжыңдауға болмайды.

- Бар, Меруертті маған шақырып кел!

Телефон шырылдады.

- Алло.

- Жаным, - деді күйеуі, - бүгінгі күнді еркелікпен бастағаныңа ризамын. Кешкі банкетке кешікпесең болды. Сені сүйемін...

- ?..

Гауһар үндемеді. Күйеуі тағы да біраз жылы- жылы сөздерін айтып жатыр.

Тыңдағысы да, естігісі де келмейді.

Ол Қайратты ойлап отыр...

«Қайрат, қаншама жыл өткен соң осылай кездестік пе?..»

Барда жүрген қыз музыка қосты.

Күйеуі жылы-жылы сөздерін айтып жатыр. Ол естіп тұрғанмен, ештеңе ұққан жоқ. Тек Қайратты ойлап отыр. «Қайрат, қаншама жыл өткен соң кездескенімізде, әңгімелесе де алмадық қой...»

- Мұғалім, мұғалім, - деді Гауһар, - ұйықтап қалдыңыз ба? Қақпаны біреу қағып тұр.

- Не? – Алан орнынан әрең тұрды. – Қорықпа, қазір.

Киініп сыртқа шығып кетті. Сол сәтте Гауһар орнынан неге тұрғанын өзі де білмейді. Бойынан қорқыныш жоғалып кетті. Сұп-суық еденді жалаңаяқ басып есікке жақындады.

- Сен қайдан жүрсің? – деді Аланның дауысы.

- Мұғалім, тыңдаңызшы мені, мен Гауһармен сөйлесуге келдім.

- Кет, оңбаған! Еще ішіп алғансың, сені соттатпағанымызға айтқан рахметің бе?!

- Мұғалім, мен емеспін. Құдай үшін Гауһармен тілдесейінші.

- Ол үйде жоқ.

- Оның үйде екенін жүрегім сезеді, мен оны сүйемін...

- Мә саған, иттің баласы!

- Ұрыңыз, ұрыңыз, мұғалім, өлтіріп тастаңызшы мені! Мен Гауһарды сүйемін.

- Мә, саған, иттің баласы!

Гауһар төсегіне барып жатқанын өзі де білмейді. Жылаған жоқ.

Сол түні Гауһардың көзінен жас шықпады.

Жүрегі жылаған еді...

Меруерт келді. Екі көзі қып-қызыл. Жылағаны көрініп тұр.

- Айнұр жұмыстан шыға алмады.

- Отыра ғой, айналайын, сен маған ренжіп қалдың ба?

- Жоға, - деді Меруерт жыламсырап, - сізге ренжімеймін. Келмей жатып әлден осындай, бізге қандай келін болмақ? Әке-шешесіне де киім-кешек алмақ, онымен қоймай «Бір бөлмелі пәтеріңізді бізге сыйға беретін шығарсыз» дейді. Ол айтпаса да, ініме өзім де беретін едім, енді бермейтін болдым.

- Иә, қазіргі жастар...

- Бауырыммен бүгін жақсылап сөйлеспесем болмас. Әлден бұлай болса, бара-бара не болмақ?

- Қайтесің, жастардың арасына түсіп, уақыт өте келе бәрі орнына келеді...

- Сіз солай ойлайсыз ба? Алан Рахметович екеуіңіз үйленген кезде сіздерде осы дүниенің бәрі бар ма еді?

- Біз үйленгенде ме? – деп Гауһар терезеге қарап кетті. Есіне... есіне...

...Қуанышы қойнына сыймай сыртқа шықса, мұғалімі күтіп тұр екен. Қолында екі үлкен чемодан. Өзі сондай көңілді.

- Гауһаржан, дипломың құтты болсын! – деп бетінен сүйді. Өне бойын ток соғып өткендей болды. Төрт жыл бір үйде, бір бөлмеде тұрса да, қолынан ұстап көрмеген ер адамның күтпеген жерден бетінен сүйгенін неге жорырға білмей, екі беті қып-қызыл боп кетті.

- Ағай...

- Айналайын, енді біз жалдап алған пәтерге бармаймыз.

- Енді қайда барамыз?

- Біздің, то есть сенің өз үйің болады.

- Қалай-қалай?

- Жүре ғой, - деді мұғалім күліп. – Баяғыда біреу айтыпты ғой «Лашық болса да, өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп. Кеттік.

Олар жолай дүкеннен бір шампан, оны-мұны алып, трамвайға отырып қаланың шетіндегі Затон ауданына келді...

- Апай, апай! – деп Меруерт саусақтарын жазып, оның көз алдына шеңберлеп өтті.

– Мені естіп отырсыз ба?

- А, - деп Гауһар күлді. – Иә, иә, не айтып отыр едік?

- Сіздер үйленгенде...

- Ә, қу қыз, бәрін біліп алмақсың ғой. Одан да өзің қашан тұрмыс құрмақсың?

- О, апай! – Меруерт аппақ тістерін көрсетіп күлді. – Суретші жігітіміз әлі өзінің ұлы туындысын салып біткен жоқ.

- Иә, - деді Гауһар күліп, - Ақберен досың менің портретімді салып, жүзімнің жартысын қап-қара қылып қойып еді ғой... Ой, сонда ағаңның ақшасын төлеуін төлеп алып, сол күні- ақ отқа жағып жібергені...

Меруерт қызарақтап төмен қарады.

- Шарап ішемісің? – деді Гауһар оның ыңғайсызданып отырғанын байқап.

- Жоқ, апай, жұмыс көп қой. Сіз де ішпей- ақ қойыңыз, бастық білсе, ұрсады. Ол кісінің ішкенін көрмеппіз...

- Микажан-ай, ағаларың алтын адам ғой. Маған ешқашан ұрысқан емес, бірақ мен саған бір қызық айтайын ба? – деп Гауһар жан-жағына қарап алды.

- Айтыңыз, - деді Меруерт.

- Осы сауда үйін ашқан жылы болар, Мәрмәр теңізінде демалдық қой. Кешкісін ресторанда вискиден бір-екі ұрттап еді, «Гүзәл, Гүзәл» деп түріктің биші қызының артынан қалмай қоймасы бар ма!

- Қойыңызшы, апай, біздің бастықты мазақтамаңыз. Я вам не верю.

- Шын айтам, - деп күлді Гауһар. – Ертеңінде ағаларың менен ұялып тығылғанын көрсеңдер, аяп кеттім. Әртіс болып, «жаным, күнім» деп сол күннен бастап сөйлей бастадым. Неге екенін білмеймін, әдет болып кетті. Жаным, күнім демесем, ағаңмен әңгімем жараспайтын сияқты, - деп күлген болды.

Меруерттің есіне дауыс көтеріп сөйлеген әйел түсті.

- Бағанағы клиенттерді түсінбей қалдым ғой...

Жаңа ғана күлімсіреп отырған Гауһардың өңі әп-сәтте бозарып кетті. Үн-түнсіз отырды да:

- Диманы шақыр, үйге қайтамын, - деді. Меруерт оның түрін көріп шошып кетті.

- Қазір, апай, - деп орнынан тез көтерілді.

«Сол түн болмағанда...» - Гауһардың тынысы тарылды.

Ентігіп оққағары келді. Меруерттің көзі бақырайып, не болып қалғанын түсінбей тұр.

- Апай, мен артық бірдеңе айтып қойдым ба?

- Жоқ, - деді тынысы тарылып Гауһар. – Сол түн болмағанда ғой...

- Не дейсіз, сол түн? Ұқпадым.

Гауһар оған жауап берген жоқ.

- Мені үйге тез жеткіз, - деді оққағарға қарап.

...Төсегіне құлап түсті. Өксіп-өксіп жылады. Ықылық атып жатып ұйықтап кетіпті.

Ояна алмай қиналды. Қиналды.

- Жаным, тұршы, саған не болды? – деді күйеуі.

«Сол түн болмағанда ғой...»

Ыстығы көтеріліп, күйіп-жанды.

- Қазір, қазір, дәрігер шақырамын.

«Сол түн болмағанда ғой...»

Дәрігер көп бөгелмеді. Шынысы қалың көзәйнегін алды да, жасаураған көзін сүртті.

- Жігітім, қорқынышты ештеңе жоқ. Жұбайыңыздың жүйкесі тозған, - деді.

- Не дейсіз?

- Жүйкесі тозған. Жақсылап тынықсын, бассейнге барсын, таза ауаға шықсын, тіпті моншаға түскенде, қайың сыпыртқысын пайдаланғаны дұрыс.

- Сіз не айтып тұрсыз? – деді Алан түрін суытып. – Жүйкесі тозған деген не сөз? Сіз... сіз кімнің үйінде тұрғаныңызды білесіз бе? Бұл әйелдің жүйкесін тоздыратын не жағдай бар?..

- Бауырым, - деді, оңаша сөйлесейік дегендей қолтығынан ұстаған дәрігер түк басқан қабағын керіп. – Сіз білесіз бе?..

- Иә?

- Өмірде, - деді сыбырлап, - адам баласына дәріден де бір ауыз жылы сөз қажет болатын кездер болады. Сондықтан жұбайыңызға анда- санда көңіл аударып қойыңыз.

- Авраам Исаевич, түк түсінсем бұйырмасын.

- Онда мен сізді түсіндім, - деді жасы келген дәрігер күлімсірей қарап. – Мен сізді түсіндім, ренжімесеңіз шығарып саласыз ба?

Қақпадан дәрігерді шығарып салып, ойланып тұрып қалды. Ойына келген сұраққа жауап іздегендей, еңселі үш қабатты үйіне қарады. Терезесі жарқырап тұр. Үнсіз сәкіге барып отырды. Ойланды. «Не жетпейді, жүйкесі тозғаны қалай? Әлде бір жері ауыра ма? Менен не жасырып жүр?..»

Тықыр-тықыр еткен аяқ дыбысына жалт қараса, Дима келе жатыр.

- Алан Рахметович, бағбан шал келіп тұр, ішке кіргізейін бе?

- Не боп қалды тағы екі кештің арасында, бұларда тәртіп бар ма өзі?.. Кіргіз.

Дима пультті басты. Есік ашылды. Бір себет алқызыл гүлдерді көтеріп бағбан шал келді.

- Мынау ненің құрметіне?

- Гауһар Өмірзақовна ауырып қалды деп естідім. Ем болсын дегенім...

Алан мырс етіп күлді. «Бар, өзің тапсыр» дегендей ишара білдірді.

Шал жоғары көтеріліп барады. Қолында бір себет гүл емес, топ-толық айды иығымен мықшыңдап көтеріп бара жатқан сияқты. Бойы құнысып, аяғын басқан сайын шықыр-шықыр еткізіп, теңселіп жоғары көтеріліп барады. Бүкірейген бағбан шалдың соңына қарап тұрған Аланның көз алдына өзінен үлкен асқабақтың дәнін көтеріп бара жатқан құмырсқа елестеді. «Бейшара» деп дауыстап айтып қалғанын байқамай қалды.

- Не, не дейсіз? - деді Дима.

Алан үндемеді. Осы кезде құйындатып жел соғып өтті, жапырақтар ұшып, олардың үстін жауып кетті. Қаудырлаған жапырақтарды сілкіп жатыр еді, аспанда қиқулаған тырналар ай бетін шимай-шимай қылып, түнгі аспанмен ұшып барады. Дима жоғары қарап тұрып:

- Уже летают журавли. Мен болсам әлі мұнда жүрмін. Шіркін, әйелім жазылып кетсе. К чертовой матери, Калининград кайдасың деп кетер едім. Эх, Балтық жағалауы, сағындым ғой сені, - деді.

Алан оның сөзін естісе де естімеген болып, үйге кіріп кетті.

- Ой, қандай әдемі гүлдер! – деді Гауһар.

- Қызым, өзіңе әдейі әкелдім, ертеңге қалдыруға шыдамадым, - деді бағбан шал.

Олардың сөзін баспалдақпен көтеріліп келе жатып естіді. Бір бүйірден табағын көтеріп күтуші әйел шықты.

- Апай, байқаңыз, Вася досыңыз бар.

- Не дейді, құдайым-ау, мезгілсіз уақытта ол қақпасқа бұл үйден не керек?

Күтуші әйелдің таңырқаған түрін көріп Аланның күлкісі келді. «Осы екі қарияға не жетпейді өзі?».

- Сіз шақырды дейді, - деп күлкісін әрең жасырды.

- Ол қақпасты ма, баяғы бір шөлмек дәметіп жүрген шығар.

- Жоқ, жылыжайдан келе жатыр екен.

Күтуші әйел есікті қақпастан ішке кірді.

- Гауһаржан...

Бір себет гүлді көріп таңырқап қалды да, бойын тез жинады.

- Сен бар, шыға тұр, Гауһаржанға ыстық сорпа әкелдім. Бөгет жасама...

- Апай, көрдіңіз бе, Вася ағай маған гүл әкелді, - деді Гауһар.

- Бұған ондай ақыл қайдан келсін, Дима айтқан шығар...

Бағбан шал миығынан бір күліп алды да:

- Гауһаржан, бұл апаңа өмірі ешкім гүл сыйламаған ғой, ілтипаттың не екенін қайдан білсін, - деді.

- Маған ба, маған гүл сыйламақ түгілі, би кешінде мен үшін жігіттер төбелесіп қалатын. Фокстрот, твист деген билер бізден қалған, - деп етжеңді күтуші әйел ырғалып-ырғалып қойды. Гауһар күліп жіберді.

- Қане, қане, тағы билеші, - деді бағбан шал.

Осы кезде бөлмеге Алан кірді.

- Басеке, мына кемпірдің биін көріңізші, - деп бағбан шал ыржалақтады.

- Несі бар, жап-жақсы. Апай, жалғастыра беріңіз, - деді Алан күлімсіреп.

Күтуші әйел бетін бір шымшып, бөлмеден шығып кетті.

- Сізге рахмет, Вася ағай, гүлдеріңіз әдемі екен. Осы үйдің ауласында неге өсірмей жүрсіз?

- Бұл Алжир гүлдері, бес жыл болды, әрең жерсіндіріп келе жатырмын. Алла бұйыртса, оншақты көшетті осында әкелмекпін.

- Вася ағай, - деді Гауһар, - сонда қалай, біздің аулаға бірден отырғызса өспей ме?

- Қызым, бұл пияз емес қой. Бұл гүлдің ерекшелігі – адам бойындағы кеселді өзінің бойына сіңіреді. Өте нәзік гүл, бұлардың өз жүрегі бар...

Бағбан шалдың бір сөйлесе ұзаққа кететінін білетін Алан оны арқасынан қағып:

- Вася ағай, әлемде сіздей бағбан адам жоқ шығар. Ал қазір Гауһар Өмірзақовна демалсын, - деді.

- Иә, иә, жақсы, демалыңыз, тез сауығыңыз, - деп бағбан шал бөлмеден шығып кетті.

- Уһ! – деді Алан. – Осы сенің кемпір- шалдарыңнан әбден жалықтым. Сөздері көбейіп барады, мүмкін, бұлардың орнына басқа біреулерді аларсың...

- Жо-жоқ, олай демеші, онсыз да бүгін өле салғым келді... – деп, алақанымен аузын жаба қойды.

- Не?

- ?..

Алан келіншегінің жанына келіп отырды. Маңдайынан сипады. Бетінен сүйді.

- Жаным, өле салғаны несі?..

- Жай айта салғаным ғой, осы үлкен кісілерге бауыр басып қалдым...

- Ол әңгімені енді қозғамайық, - деп Алан күлді де, жамылғысынан шығып қалған келіншегінің бақайын бас салды. Гауһар аяғын тарта қойды. Күйеуіне еркелей қарады... Сол сәтте телефон шырылдады.

- Алло! – деді Алан. – Тыңдап тұрмын... Иә, иә, не дейсің, финпол? Неге, неге? Бірдеңесін бермедіңдер ме? Алмайды? Онда өзім барармын.

Гауһардың көзі бақырайып кетті.

- Алаңдама, - деді күйеуі. – Мен Курчатов қаласына барып келейін. Біздің вагондарды финполдың жігіттері жібермей тұр екен...

- Шаршадың ғой, ертең барсаңшы.

- Ертеңге қалдыруға келмей тұр ғой.

- Мен киімдеріңді дайындайын.

- Жо-жоқ, әуре болма, жаным. Күртешені алсам болды, Құдай бұйыртса, тез қайтамын.

- Байқашы, сен үйден шығып кетсең, алаңдаймын.

- ?..

Алан келіншегінің маңдайынан сипап, ернінен сүйді.

- Шашың ағарып барады ғой, жаным, - деді Гауһар оның шашын саусақтарымен салалап.

- Мен жүремін, сен алаңдамай ұйықта.

Гауһар күйеуінің иығын, білеу-білеу бұлшық еттерін сипалап қойды.

- Байқап жүрші...

- Алаңдама, - күйеуі бөлмеден асығыс шығып кетті.

Гауһар телефонның түймесін басты.

- Туна апай, басеке жол жүріп барады. Екі термос шай, оны-мұны салыңызшы, - деп трубканы қойды да, орнынан тұрды.

Есік пен төрдей сүлік қара «Toyota-40» сырғып кеп есіктің алдына тоқтады. Димаға күйеуі бірдеңе айтып жатыр. Гауһар екінші қабаттың терезесінен бәрін көріп тұр.

- Шеф, хозяйка терезеден...

Алан артына бұрылмады, Димаға ақырын сыбырлап сөйлей берді:

- Сен маған хозяйкаңның бүгін қайда барғанын, кіммен сөйлескенін анықтап бер.

Дима басын изеді.

«Жастық салу керек еді ғой, жол бойы ұйықтап барады ғой...»

Гауһар терезені ашқанша, «Toyota» лып етіп қақпадан шығып кетті.

«Енді не істедім, «Hummer»-ге неге отырмады екен?..»

Күйеуіне телефон шалды. Ұз-а-ақ. Жауап жоқ. Тағы шалды.

- Не болды?

- Жаным...

- Біз қаладан шығып кеттік. Ұйықта! - Күйеуінің дауысы әмірлі шықты. – Шаршадым.

Гауһардың өнебойы мұздап кетті. «Ренжітіп алдым-ау».

Жарықты сөндіріп, төсегіне жатты. Кірпігі айқаспады. Ой, ой, ой. Көз алдына небір елестер келді.

«Сол бір түн болмағанда...»

Мың-мың мәрте қайталады. Ойланды.

Үн-түнсіз екі иығы селкілдеп жылады.

Кемсеңдеп жатып ұйықтап кетіпті.

- Қызым, тұра ғой, түс болды ғой, - деп күтуші әйел екінші қайталағанда көзін ашты. – Түс болды, қызым, сені оянды ма деп Аланжан үш рет қоңырау шалды.

Басы мең-зең. Орнынан тұрып, жуынатын бөлмеге қарай бара жатыр еді...

- Қызым, мынаны қара, - деді күтуші әйел. – Гүл емес, сыпыртқы ғой мынасы, қақпас шал- ай, Алжирдің гүлі деп қояды, жолдың шетінен жұлып алған шығар...

Гауһар таңғалды. Аппақ гүл қурап, қарайып жүдеген. Солған.

- Апыр-ай, ә! Вася ағай кеше кешкісін ғана әкеліп еді ғой...

- Осы гүл солғанша, Вася ағаңның екі аяғы көктен келмейді екен.

Гауһар басын шайқап күлді де, жуынатын бөлмеге кіріп кетті.

Көбік шашқан джакузи жанына барып отырды. Ұз-а-ақ ойланды. «Қайрат, сені ұмытып едім ғой... Жо-жоқ, ұмытқаның не, сені ұмытайын деп аласұрып жүрмін ғой... Іштей ойлап... қаншама күндер-түндер азап көргенімді білсең ғой...»

- Қызым, – деп дауыстап күтуші әйел есікті қақты, – өзің жақсы көретін сүлгіңді әкелдім.

- Киім ілгішке іле салыңыз.

Есік ашылды да жабылды. Бүлк-бүлк еткен кең джакузиға бір сүңгіп алды. Айнаның бетін сүртіп еді, жалаңаш иығына қара шашы төгілген өз бейнесін көрді. Ұп-ұсақ тамшылар кірпіктерін иіп жатыр. Ұсақ-ұсақ тамшылар...

Гауһардың есіне ең алғашқы Затондағы лашық үйлері түсті.

...Табалдырықтан аттар-аттамастан жағым- сыз иісті сезіп тұрып қалған.

- Гауһаржан, бұл үй сенің дипломыңа көрімдігім болсын... Жері де бар төрт сотық. Бірге бау-бақша да егерміз...

- Мұғалім, не ғой...

- Айналайын, сен енді бүгіннен бастап мені мұғалім деп айтпайтын боласың.

Гауһар буын-буыны дірілдеп, үндемей қалған...

Душ қабылдап шықты. Ақырын басып түнемелге бара жатқан оны күтуші әйел көріп қалып, жанына жетіп келді.

- Қане, қане, дастарханға жүр, тауықтың етін асып, кеспе көже жасап қойдым.

- Киініп алайын.

- Халатпен жүрсің, ештеңе етпейді, екеуіміз ғанамыз ғой...

Каминнің жанындағы креслоға отырған оның бойы бірден жылынды. Бір шара кеспе көженің иісі бұрқырап, тәбетін ашып жіберді.

- Апай, рахмет.

- Қызым-ау, денсаулығыңды күтсеңші, - деп сөзін бастап келе жатты да, есіне әлдене түсті ме, төменгі қабатқа кетті.

Шытыр-шытыр етіп жанған ағаштың жылуы мен ыстық тамақ жанын рахатқа бөледі. Әп- сәтте маңдайы терлеп, денесі бусанды. Күтуші әйел кешіріңкіреп барып шай мен тәттілерін көтеріп келді.

- Қалайсың, қызым?

- Өте дәмді болды, апай, рахмет сізге...

- Кел, шай ішейік, мына шайды арнайы демдедім. Жеті түрлі шайдан жеті қасық және сонша қасық шөп бар.

Хош иісті ыстық шайдан бір ұрттаған Гауһар күліп жіберді.

- Шайларды Индиядан, шөптерді Вася ағайдан алған шығарсыз...

- Ой, жынды қыз-ай, таң атпай сен үшін әуре боп жүрсем, Вася қақпасты айтады ғой, – деп жорта бұртиды.

- Қайдан білейін, бағбан шалды аузыңыздан тастамайсыз...

- Қайтем ол қақпасты?

Күтуші әйел екеуі шайды әзілдесіп отырып ішті. Ыдыс-аяқты жинай қойғысы келмегендей әңгімесін жалғастырды.

- Қызым, - деді сәл күрсініп алып, – өзіңді ойласаңшы. Сен әйелсің, міне отыздан асып кеттің. Бала көтеруің керек, құдайға шүкір, бәрі жеткілікті емес пе..

- Иә, апай, бар ғой...

- Өзгеріп барасың... Ішіңде не шер бар, қызым?.. Ақтарсаңшы. Керек болса жылап ал. Бірақ іштен тынба. Еркекке айтатын шындық та, айтпайтын шындық та болады, байқаймын, күйеуіңе айта алмай жүрген бір әңгімең бар сияқты...

- Сіз оны қайдан білесіз?

- Мен де әйелмін ғой, қызым, неге білмеймін? Өзіңді-өзің қинай бермей, сырыңды ақтар, Аланжан түсінігі мол адам ғой...

- Күйеуім керемет адам, оны өзіңіз білесіз.

- Ал, қызым, сен басыңдағы бағыңды бағалай біл, еркек үшін әйелдің адалдығы аздық етеді.

- Ой, Туна апай, сіз... – деп үндемей қалды да, Лондонда өзіне ырымдап алған бойтұмарды француз әйеліне сыйлап жібергені есіне түсті.

- Иә, иә, Туна апайың осал емес, - деп оның ойын бөлген күтуші әйел, күрсініп алып сөзін жалғады. - Солдаттан генерал жасаған қатын көп шығар, ал мен прапорщиктен полковник жасадым, он жылдың ішінде, әттең өмірі қысқа болды. Әйтпесе, о дүниеге лампас киіп кетер еді.

- Ну, апайка, даёте, - деп күлді.

- Ал қазір сәл демалып ал да, төменге түс, күйеуіңе өз қолыңмен тамақ істе, түбін күйдірсең де, ниетіңмен жасасаң, еркектің жүрегін жаулайсың.

- Иә, иә.

Каминге мол қылып ағаш салып жібергенін өзі де білмей қалды. От жанып жатыр. Ойланды. «Сол түн болмағанда ғой, сол түн болмағанда ғой... Сол түн, қарғыс атқыр сол оқиға». Көзінен мөлт-мөлт еткен қос тамшыны оттың қызуы құрғатып жіберді.

Гауһар орнынан тұрды.

Баспалдақтан төмен түсіп келе жатқан оны көріп күтуші әйел күліп жіберді.

- Қызым-ау, мына киім киісіңді үйді қағып- сілкетін адамға ұқсатамын, - деді таңырқап.

- Осы сізге Вася ағай екеуміз жақпай-ақ қойдық қой, а, Туна апай...

- Сенің бір тал шашыңнан садаға кетсін ол қақпас, ал, не істейміз, не бұйырасың?..

- Маған бір тауық, үш-төрт алма, екі помидор, дәмдеуіштер, сарымсақ, төрт картоп, майонез беріңіз.

Күтуші әйел сұрағанының бәрін алдына қойды да, Гауһардың не істейтінін бақылап тұрды.

Бройлерді мүшелеп бұзып, барлығын жақсылап араластырды. Майонезді көп салды. Тұз-бұрышты да аямады. Фольганы дәл қырық қабаттай қылып орады.

- Қызым-ау, мынауың ботқа болды ғой, енді не істемексің?

- Аулаға шығып от жағамын да, шоққа орап тастаймын.

- Жо-жоқ, атай көрме, дала суық, ауырып қаласың...

- Онда мен, – деді Гауһар күліп, – каминде пісіремін.

- О тоба, о заман да бұл заман каминге тамақ пісіргенді кім көрген?

- Мен дайындаймын.

Гауһар жоғарыға қырық қабатша оралған фольганы көтеріп кетті.

- Қой, кәрі кемпір жастармен жас болма, одан да тамақ әзірлеуге кірісейін, - деп өзімен- өзі күбірлеп жүр еді, телефон шырылдады.

- Алло, Туна апай, бұл үйде мені ойлайтын адам бар ма өзі?!

- О не дегенің, Аланжан, саған алаңдап отырмыз... Иә, түсте тұрды. Ұйқысы қанбаған ба, есіней береді, өзіңе арнап каминге тамақ пісіріп жатыр... Иә, иә, соны айтамын-ау, көрерміз не болатынын. Жо, о, не дегенің, мен емес, өзіңсің еркелетіп жіберген.

Гауһар фольгаға оралған тамақты шоққа көміп тастады. Қып-қызыл шоқтар. Затондағы үйдің ауласы есіне түседі.

От жағып, екеуі ұзақ әңгімелесетін.

- Айналайын, әлі көрерсің, өзіміздің керемет үйіміз, кәсібіміз болады.

- Сенбеймін, ескі үйдің ауласына мына үйді әрең салдық.

- Жаным, маған сенбеген адамды жек көремін, есіңде болсын...

Қып-қызыл шоқтар.

Көзі жасаурап отырып, қалғып кетіпті. Есік қағылды. Қараса, ыржиып Дима тұр. Күтуші әйел оны ішке кіргізді.

- Туна апай, то есть, мамаша золотая.

- Қарным ашты деші.

- Иә.

- Әй, оңбаған-ай, қолыңды жу да отыр, бастық келе жатыр.

- Білемін.

- Сенің білмейтінің болсашы, - деп күтуші әйел оған үлкен кесе кеспе көже құйып берді.

- Туна апай, біздің шахиня, то есть хозяйка тамақ ішті ме?

- Әрине, оны қайтейін деп едің? Жап-жас болып осы сенің тіміскіленіп жүретінің не осы...

- Жүз грамм ішті ме дегенім ғой, – деп өңешін сұқ саусағымен шертіп қалды.

- Не, не? - Күтуші әйелдің түсі бозарып кетті.

- Дәрі, сироп ішті ме дегенім ғой, - деп қулана күлді оққағар жігіт. - Әйтеуір, Вася ағай екеуіңе жақпай-ақ қойдым ғой, – деп жорта өкпеледі.

- Жарайды, жарайды, ана қақпасты ауыздарыңа алмасаңдар болмай ма? Мен жоғарыға барайын. Біздің қу қыз не істеп жатыр екен...

Күтуші әйел ентігіп жоғары көтеріліп бара жатқанда, Дима ұялы телефонын қолына алды. «001-шеф» нөмірін терді... Жауап жоқ. Шегір көздері аспандағы айға түсті. «Біздің шефқа не болған өзі?»

Тас жолға бауыры тиер-тиместен зулап келе жатқан қара көліктің артқы орынтағында отырған Аланның көзі ілініп бара жатыр еді, телефоны безілдей жөнелді. Тіпті, қояр емес. Ұйқысы ашылды. Белгісіз нөмір. Бойын әлсіз діріл билеп өтті.

- Алло.

- Қалайсың, бауырым?

- А-а, - деді дауысын бірден танып. – Шеф, өзіңіздің арқаңызда жүрміз ғой, тыныштық па?

- Курчатовтан келе жатырсыз ба? – деді қарлыққан дауыс.

- Иә, иә, біз жолдамыз, сіз қайдан білдіңіз? – деді таңырқап.

- Бәрін білеміз. Ештеңеге алаңдама, сенің бір ай уақытың бар, кетпейсің бе ана жерден? Лондонда кішкене болса да баспанаң бар... Оны- мұны қағаздарыңды жөндеуге мықты нотариус пен юрист жіберемін...

Аланның жүрегі тоқтап қала жаздады. Қолын сермеп жүргізушіге тоқта деген белгі беріп үлгерді.

- Ей, ты где?

- Мен, мен... – деді дауысы дірілдеп, - тыңдап тұрмын.

- Удались от чужих глаз!

Ол машина ішінен сүйретіліп шықты. Есікті ашып тұрған оққағарын ымдап ішке кіргізді. Оншақты қадам артқа кетті.

- Не болды? – деп сұрады рульде отырған.

- Білмеймін. Дегенмен, сақ болайық. Что то случилось?.. – Оққағар «УЗИ» автоматын оң жағына қарай ыңғайлап қойды.

Жарты сағат екеуі көлік ішінде отырып бастықтарын сырттай бақылады. Әрі-бері өткен бір де бір көлік дыбысы естілмейді.

Ай жарық. Жап-жарық.

Алан ілби басып көлігіне қарай келе жатыр. Екеуі далаға атып-атып шықты.

Көліктің жанына келе сала кіші дәрет сындырды.

- Су бер, - деді оққағар жүргізушіге сыбырлап, - қолын шайсын.

Алан қолын жуды да, сүлгіні қолына ұстап, ойланып біраз тұрды.

- Бауырым, - деді жүргізушіге қарап, - ішетін бірдеңе бар ма? Шампан дегендей...

Екеуі ай жарығында бір-біріне таңырқай қарады. Шопыр лып етіп артқы қорапты ақтарып жүріп, бүйендей бір виски алып келді.

- Аға, виски бар екен, - деді дауысындағы таңырқауды жасыра алмай.

- Әкел.

Түрегеп тұрып қылқылдатты. Толғай жұтты.

- Шеф, ауырып қаласыз, - деді оққағар жігіт дауысы гүр етіп.

- Иә, иә, - деп Алан бөтелкені асфальтқа лақтырды.

Шотландық вискидің иісі бұрқ етті. Быт- шыт.

Жарық ай...

Ай астында орнынан жеңіл қозғалған «Toуota» сырғып келеді. Қос жастықты әрі- бері мыжғылап жайғасып отырған Аланның маңдайынан жылы тер шықты.

- Музыка қойшы, - деді жүргізушіге.

Ричард Клайдерман. «Айлы түн сонатасы».

Ой иірімі. Ой. Ой. Ұзақ ойға кетті...

Тұманды түн еді ғой. Лондон. Түн жарым. Екеуі бизнес орталығының «Лимузиніне» мінбей қойған. Аудармашы жылармандай болды. «Сіздер неткен адамсыздар, түсінбеймін. Пост-советтің менталитетінен айырылу керек қой... Дүние өзгерді, ал сіздер өзгермейсіздер. Бағана сіздерге пәтер алыңдар деген ұсынысқа үндемей қалғандарыңызда ұяттан жерге кіріп кете жаздадым...»

Екеуі қол ұстасып тұманды көшеде жүріп, шағын ресторанға кірді. Адам қарасы көп емес екен. Бәрі өте сыпайы бас изеп амандасты.

Шеткі үстелге кеп жайғасқан. Даяшының бір жақсысы – негр қызы ақ тістерін көрсетіп орысша амандасты. Аң-таң болған. «Москвада оқығанмын», - деп тез-тез тапсырыстарын жазып алып, кетіп қалды.

- Осы күнге де жеттік қой, - деді Гауһар көзі боталап. Алан күлген болды.

Гауһар саусақтарын созып күйеуінің қолынан ұстады. Сұп-суық.

- Тоңып қалыпсың ғой...

- Жоқ, оны қайдан шығардың, жаным? Бүгінгі кездесуде сондай қиналдым, елге аман-есен жеткен соң ағылшын тілін үйренейік.

- Жарайды, мұғалім.

Екеуі күліп жіберді. Залда отырғандар мойындарын бұрып жарасымды жұпқа қарап, жылы жымиды.

Ыстық кофеге еріндері тигені сол еді, шағын подносты көтеріп негр қызы келді.

- Сіздерге ерлі-зайыпты француздардан сый- сияпат, - деп сіріңкенің қорабындай бірдеңені алдарына қойды.

Олар аң-таң болып даяшыға қарады.

- Сіздерге құрметі, жымиып бас изеңіздер. Бұл олардың ұлттық брендтерінің бірі...

- Біз олардың дастарханын көтеріп алайық.

- Құдай үшін олай істей көрмеңіздер, - деді даяшы сыбырлап. – Бұл Москва емес, сіздер Лондонда жүрсіздер.

- Қазір мен көрейін, - деп Гауһар қол сөмкесіне үңіліп, баланың алақанындай кішкентай тұмарды алып шықты. Қазақтың ұлттық оюымен кестеленген, көздің жауын алады.

Даяшы «голливудтық» күлкісіне басып, француздарға қарай кетті.

- Өте дұрыс істедің, - деді Алан.

- Алматыда аэропорттан алып едім...

- Мерси, - Егде әйел ілтипат білдірді.

Гауһар жымиды. Алан басын изеді.

- Ертең үй сатып аламыз, - деді күйеуі. – Оны сенің атыңа оформить етеміз.

- Керегі не? Өзіңнің атыңа жазарсың, маған үш этажды үйді жаздың ғой.

- Саудаласып отырайық, - деді Алан ашуланған болып.

- Ренжімеші енді, Лондоннан үй алып бер дедім бе саған? Оданда екеуміз ерлі-зайыпты болып некеге неге тұрмаймыз?

Аланның өңі бозарып барып, көзі жарқ етті.

- Гауһаржан, жаңа ғана негр қызы айтты ғой, «Сіздер Мәскеуде емес, Лондонда отырсыздар» деп. Көрдің бе, өмір қалай өзгереді? Мәскеуден басқа әлемде керемет жерлер бар екен... Сол Совет өкіметінің заңдарын қайтеміз?.. Ана егде тартқан ерлі-зайыпты француздар сияқты бірге қартаймаймыз ба?! – деп артына бұрылып қарап еді, ерлі-зайыпты француздар көрінбеді...

- Уһ, Алла-ай! – деп екінші қабатқа көтерілген күтуші әйел сәл демін алды да: - Қызым, қайдасың? – деп дауыстады.

Үн жоқ. Креслода бүрісіп Гауһар ұйықтап жатыр. Күтуші әйел орнында тұрып қалды.

- Ұйықтап жатырсың ба, қарағым?..

- ?

- Әй, қызым-ай, - деп жамылғымен қымтап қойды. Көзі шоққа көмкерілген фольгаға түсті. Иіс. «Күйіп кетпесе мұнысы, тәтті ғой...»

Қою қара шаштары иығына төгіліп түскен, ұзын кірпіктері жұмылған Гауһар алаңсыз ұйқыға кеткен. Күтуші әйел оған қарап тұрып: «Шіркін-ай, бір шарана көтерсең ғой, уайым- қайғыңды ұмытар едің» деп ойлады іштей. Жарықты өшіріп, төмен түсіп келе жатыр еді, есіктің қоңырауы соғылды. «Қазір, қазір» дегенше, Дима жүгіріп барып есікті ашты. Қожайын келіпті.

- Жаным! - Көзін ашқан Гауһар күйеуінің мойнына асылды. - Аман-есен келдің бе? Алаңдадым ғой...

- Шаршадым, жуынып алайын, - деді күйеуі.

- Мен, мен...

- Аланжан, Гауһар Өмірзақовна өзіңе арнап күні бойы тамақ істеді, - деді күтуші әйел оның шаршаған түріне біртүрлі күдіктене қарап. 

- Көрініп тұр, күні бойы тамақ істеп шаршағаны, - деп қысқа қайырды.

Күтуші әйел оның дауысындағы салқындықты сезіп, не істерін білмей бір орында сілейіп тұрып қалды. «Ойбай, мұның мұндай мінезі жоқ еді ғой».

- Апай, не істейміз? – деп жанына Гауһар келді. – Осы каминнің жанында отырып тамақ ішсек...

- Өзің біл, қарағым, мен тұшпара дайындап қойғанмын. Жүр, бауырсақты тездетіп пісіріп жіберейік.

Ол жуынатын бөлмеден шыққанда, журнал үстелінің үстін екі әйел жайнатып жіберді.

- О, дәмді тамақтың иісі мұрнымды жарып барады ғой... Қане, көрейік.

Әйелдер бір-біріне қарап күліп қойды.

- Так, көрейік. Ыстық бауырсақ, о, сірне жасағансыңдар ма?

- Мен тұшпара жасадым, мына фольгадағы тамақты Гауһаржан жасады.

- О, керемет! – Алан екі алақанын шарт еткізіп бір-біріне соқты. – Қане, ас иесімен тәтті деген, келіңдер.

- Қалай екен? – деді күтуші әйел оның тамақты сүйсіне жеп отырғанына қарап.

- Керемет. Сіз неге дәм ауыз тимей отырсыз?

- Мен бүгін, рұқсат болса, үйге барсам.

- Әрине, әрине, - деді бармақтарын жалап қойып. – Қазір Дима сізді апарады.

- Өзім қайта берем ғой. Кезекші машина бар емес пе...

- Димо-ау, қайдасың?

Өңкілдеп жүгіріп оққағар жігіт келді.

- Слушаю вас, шеф.

- Димон, Туна апайды үйіне апарасың, өзің де бүгін демал. Ты заслужил сегодня отдохнуть.

Күтуші әйел рахмет айтып, кетіп бара жатып өз-өзінен күбірледі: «Құдайым, өзің сақтай гөр».

- Туна апай, - деді төменге түскен соң оққағар жігіт, - сіздің дәмді тұшпараңыздан келіншегіме ала барсам, әлде Вася ағайға қалдырдыңыз ба?

- Әй, оңбаған, адал аспен бірге оның атын атаушы болма!

- Қойдым, қойдым, - деп ыржалақтады оққағар. Күтуші әйел күңкілдеп жүріп банкіге тұшпара құйды да, Димаға берді.

- Үйге барған соң сәл-пәл қыздырып берерсің. Келіншегің қалай?

- Ептеп жүре бастады, бірақ әлі қайда... – деді оққағар күрсініп...

Тарс-тұрс есік жабылды.

- Туна апай үйіне бармағанына бір жұма болып еді, қуанып кетті ғой, - деп күлді Гауһар.

- Тамағың дәмді болды. Қазір, қолымды жуып келейін, - деп орнынан тұра беріп еді...

- Отыршы, жаным. Қазір, қазір, - деп Гауһар сүлгіні ыстық суға бір шылап алып келді де, күйеуінің саусақтарын бір-бірлеп сүрте бастады.

- Ішетін бірдеңе бар ма? Шаршадым.

- Не? – Гауһар күйеуіне таңырқай қарады. Өйткені күйеуі бұрын-соңды ішімдік сұрап көрмеген.

- Жоқ әлде, саған ғана ішуге бола ма?..

Бардан бір бөтелке «виски» алып жатып сәл кідірді. «Ах, Дима, сені ме!»

- Өзіңе неге құймайсың? – деді күйеуі.

- Ішпеймін. Мен төменнен барып мұз алып келейін.

- Керегі жоқ. – Алан хрусталь бокалдың түбінде бір тамшы қалдырмай бір-ақ тартты. Гауһардың көзі бақырайып кетті. - Шаршадым, жаным, бір-екі жұмаға Дубайға барып келейікші, әлде Катонқарағай жаққа барамыз ба? Суық түсіп келе жатыр ғой, Дубай дұрыс шығар.

- Өзің біл... – деді Гауһар.

Алан қалған «вискиді» құйды да, қылқылдатып жұта бастады. Гауһар оның білегінен сипады.

- Жаным, ауырып қаласың ғой, ішпеші енді.

- Жарайды, болдым, басым шыңылдап кетті... Келші жаныма, бір-де-ңе айтшы маған, - деген кезде Гауһардың тамағына өксік тығылды. Көзіне жас келді. Күйеуін құшақтап үнсіз жылады.

«Сол бір қарғыс атқыр түн...»

Күйеуі жөтелді.

- Жаным, есімнен кетпейді, ұмыта алар емеспін. Мен... мен өзің болмасаң, әлдеқашан өлер едім ғой... Қарғыс атсын сол адамды, қара жер қалай көтереді сондай жыртқышты...

Күйеуінің иығы селк-селк етті. Гауһар басын жұлып алды.

- Не болды, жаным?

- Түк емес, - деген күйеуі қолын созып өзіне «виски» құйды да, ішіп салды.

- Жаным-ау, ішпеші. Мұндай әдетің жоқ еді ғой. Сол Курчатовқа бекер бардың.

- Олар, - деді Алан тісін шықырлатып. – Түкке тұрмайтын он миллион доллар үшін мені түрмеде шірітпек. Шеф маған бәрін өзі уладить етемін деді. Ол да маған сенбей. Мен өзіме сенбеген адамды жек көремін ғой. Өлтіре салғым келеді.

- Ондай сөз айтпашы, жаным, - деді Гауһар жыламсырап.

- Ал, саған не жетпейді?

- Талай жыл бойы сол оқиғаны ұмыта алмаймын, мені қалаға алып кетпегенде, милицияға барғанымда, мүмкін, табылар ма еді...

- Ха, ха, ха!..

Күйеуі қарқылдап күлді. Гауһар аң-таң.

- Әй, ақымақ-ай, ол мен ғой.

- Не, не, ондай әзіл болмайды. О не дегенің, ол қарақшы...

- Ха, ха, ха!.. Сен сұлу едің, оның үстіне ана сүмелек сенің соңыңнан бір елі қалмайды, амалсыз солай істедім.

- Не, не? – Гауһар орнынан атып тұрды. Қалш- қалш етіп, бота көздерінен жас моншақтары домалап жатыр. – Мүмкін емес, мен сенбеймін!..

- Маған сенбейсің бе?

- Сенбеймін, мүмкін емес...

- Кеше бала махаббат сүмелегің сауда үйіне іздеп келді ғой... Соған сенесің, әлі ұмыта алмай жүрсің...

- Сен бе мені зорлаған? Сенбеймін, қалай, қалайша, мүмкін емес...

- Былай, - күйеуі жұдырығын сілтегенде Гауһардың көзінің оты жарқ етіп, еденге құлап түсті. – Былай, былай, - күйеуі оның киімдерін жыртып, зорлауға кірісті.

- ...Мұғалім, - деді Гауһардың дауысы әрең шығып, - сіз... сіз...

Күйеуі алқынып жатыр.

Гауһардың көз алды қап-қара болып бара жатты...

Қанша уақыт өткенін білмейді. Ол бір кезде көзін ашса, үстіндегі киімі жұлым-жұлым, жыртылмаған жері қалмапты. Күйеуі қор- қор етіп ұйықтап жатыр. Тек терезеден түскен саумал жарықтан маңайын ақырындап байқап қалды. Есік ашық. Орнынан сүйретіліп тұрды. Тілерсегі дірілдеді. Әжетханаға барып құсып- құсып жіберді, суық сумен бетін жуды. Айнадан өз түрін көріп шошып кетті... ақырын-ақырын басып шағын бөлмеге келді. Кешегі өзі киген сұрғылт джинсиі мен оны-мұны киімдерін көрді. Аяғына шұлықсыз кроссовкасын тез-тез киді. Тың тыңдады. Баспалдақтан ақырындап бірінші қабатқа түсті. Дір-дір еткен саусағының ұшымен пердені сырып, аулаға қарады. Күзетшілер көрінбейді. Сұқ саусағымен сыртқы қақпаның пультін басты да, қақпаға қарай жүгірді дерсің... Шарт етіп ашылып, сарт етіп жабылған қақпадан шығып үлгерген Гауһар беталды жүгіре берді. Жүгіре берді. Сүрініп құлады. Басын көтермей, жан-жағына алақ- жұлақ қарады. Ешкім көрінбейді. Орнынан тұрып, ілбіп жүре берді... Ұзақ-ұзақ жүрді. Күн көтеріле Ертісті жағалап, қаланы бетке алды. Басына ешқандай ой да келмеді, бойындағы бағанағы қорқыныш та жоғала бастап еді. «Енді маған бәрі-бір!»

Ертістің жағасында қыдырып жүрген адамдар табиғат ерекше сұлу жаратқан мұңлы келіншектің жанынан әрі-бері өтсе де, назар аудара қоймаған. Гауһар мына жалған дүниеде адам баласымен тілдескісі келмеді ме, үн-түнсіз ағып жатқан ұлы Ертіспен іштей сырласқысы келді.

«Қайран, Ертіс өзенім, сенің қанша жыл, қанша ғасыр бойы ағып жатқаныңды білмеймін. Білетінім менің көз жасыма сенің куә екеніңді, сен менің құрбымсың. Олай дейтінім, студент кезімде лекциядан кетіп қалып, өзіңе ғана бар сырымды айтушы едім ғой, көз жасымды төгуші едім ғой...»

Ертістің кеудесі ауыр қозғалып, беті көгеріп, тынысы әлсін-әлсін шығып, еш жауап қата алмай үн-түнсіз ағып барады.

Жауап жоқ.

Гауһар сөйлеп отыр. Іштей.

«Ертіс, сен айтшы, алғашқы махаббатым Қайратымды шын сүйемін. Жүрегім қанжылап отырып, талай рет өзіңе ғана айттым ғой. Сен куәсің мұңыма да, сырыма да. Сол бір қарғыс атқыр түндегі толықсыған ай да куә».

Осы кез Ертістің беті шүпірлеп, ағаштардың жапырақтары сытыр-сытыр етіп, бір шулы өзіне жақындап келе жатқандай болды. Ту сыртынан ән естілді. Ақботаның сыңғырлаған ғажап даусы естілді.

Ай боп іздеп күнді,

Таң боп іздеп түнді.

Сағынамын әлдекімді,

Армандаймын аңсап.

Жауыннан қашқан екі ғашық Гауһардың жанынан жүгіріп өтіп бара жатыр. Бұрымды қыз сықылықтап күлді де:

- Апай, жаңбырдың астында қалып қоймаңыз! Бізбен жүріңіз, - деді.

Гауһар селқос отыра берді. Ақботаның сыңғырлаған әні үзіліп-үзіліп жетті.

Келем деші, күнім,

Келем деші бүгін...

Жаңбырдың шуы. Сұп-суық тамшылар. Гауһар орнынан тұрды. Мына өн бойына бытырадай тиген күміс тамшылардың арасынан осы бір сұлу әнді Қайратына арнағандай, тіпті өзі орындайтындай іздеп барады. Іздеп барады. Жаңбыр шуылы. Сұлу ән үзіліп... Сұлу ән үзіліп-естіліп... Жақындай берді. Жақындай берді. Малмандай суға малынып, сәл күңгірттеу кафенің ішіне кірді де тұрып қалды. Жаңбыр шуылы жоқ. Ақботаның әні.

Жан сырымды айтсам,

Тек жұлдыздар білсін.

Айтшы, жаным, қайда жүрсің?

Тәтті мұңға батып,

Сені күту бақыт.

Өтсін мейлі қанша уақыт.

Күңгірт кафенің ішіне көзі үйрене бастады. Жан-жағына қараса, екі-үш еркек сыра ішіп отыр екен. Қос алақанымен омырауын жаба қойды.

- Қош келдіңіз! - деді даяшы жігіт жымиып, - жауынның астында қалып қойдыңыз ба?

- ?

Келем деші, күнім,

Келем деші бүгін...

- Сен білесің бе? Мына әннің сөзін кім жазғанын біілесің бе?

- Жоқ -, деді, иығын қозғап.

- Өзіміздің Оразғали ағаның інісі Ринат.

- Қой, ей. Ауылдағы жұмбақ айтыстың шебері Орекеңнің бауыры ма? Ой, Аллай-ай, қанына тартып тұрған ұл десеңші. 50

- Кел, алып қояйық.

- Жеңгей осы әнші Ақботадан керемет қызғанады ғой сізді.

- Ой, сенің жеңгең бар болсын. Телевизордағы әнші қыздан қызғанғаны несі. Оны мен тірідей көрген де емеспін. Дауысы ұнайды маған...

Гаухар олардан алыстап терезенің алдында бос тұрған орынға барып отырды. Даяшы жігіт ширақ қимылдап, ас мәзірін алдына ұсынды. Гауһар сасқалақтап, джинсиінің қалтасына қолын салып еді, әбден дымқылданған жүз доллар шықты. Бұл кешегі Васяға бермекші болған үш жүз доллардың біреуі еді. Даяшы жігіт дымқыл қағазды әрі-бері қарап: - қазір курс 120 теңгеден ғой, мен жүз оннан алайын, - деді.

- Бәрін ала беріңіз, - деді Гауһар.

Оны-мұны дастархан үстіне қойып жатқан жас жігіт бір уыс ұсақ теңгелерді алдына қоя салды. Лимон салынған қара шайдан екі ұрттап, бойы жылынып қалды. Терезеден сыртқа көз тастады. Жаңбыр шелектеп құйып тұр. Байғұс торғай басын қорғап, жақтауды паналап, кішкентай тұмсығымен көмек сұрағандай су шайып жатқан терезені тық-тық еткізді. Әбден суланған шашын саусағымен тарамдап отырған ұзын бойлы, жіңішке жігіт жанындағы сұлу қызға жымиып бір қарады да: «торғайдың тірлігін қарашы» дегендей иегінен ұстап қойды.

- Баука, Баука, барып алып келейікші, - деді сұлу қыз.

Шашын бір сілкіген жігіт ақырын жымиды да, кафеден шығып, бейшара торғайды алып келді. – Ботагөз, мына торғайды бірдемеге орайықшы. Екеуі дастарханның шетін бүктеп, торғайды орап қойды.

Гауһар жауын басталған кезде жүгіріп бара жатқан қос ғашықты енді таныды. «Қайрат екеуіміз де осындай едік қой. Құдайым-ау, Құдайым! Қайратым қайда жүр екен?»

- Тағы не қалайсыз? - деді даяшы жігіт. – Тіпті шайды да ішпей отырсыз ғой, ыстықтай әкелейін бе?

- ?

Гауһар қалың ойға шомылды. Қарғыс атқыр сол бір түнді ойлады. Соңғы қоңырау соғылған күн еді ғой. Мамыр айының соңғы күндері, әбден толықсыған толған ай. Жұп-жұп болып тарасқан жастар. Түн ауып еді.

«Гаука, бетіңнен бір сүйейінші», - деді Қайрат.

«Ұят болады».

«Кімнен, жаным?»

«Көрдің бе?» - деді Гауһар аспандағы айды нұсқап. Қайрат артына жалт бұрылғанда, бойжеткен тұра қашып, арықтан өтіп кетіп еді. Бозбала қуып жетті.

«Кәне, кәне, айтшы? Айдан ұялып тұрсың ба? Айда көз де, тіл де жоқ. Тек менің жүрегім ғана сөйлеп тұр ғой, Гаука».

«Рас па?» - деді қыз сұлу көзін төңкеріп. «Рас, жаным, рас. Шын сені ғана сүйемін. Өмір бойы сені алақаныма салып, аялап өтемін. Он баламыз... жо-жоқ... он бес... жо-жоқ... жиырма баламыз болады. Он ұлымыз маған тартады. Он қызымыз саған тартады».

Бойжеткен қолымен бетін басып: «Ұялмайсың ба сен сондай сөз айтуға? Екеуіміз оқуымыз керек. Ал сенің ойың болса...» деп өкпелей сөйледі.

«Ренжімеші, Гаука, ренжімеші. Екеуіміз жұмыс та істейміз, үйіміз де болады. Тек сен маған сенші. Мен сені ешқашан ренжітпеймін. Тек маған сенсең болды. Сенесің ғой, иә?»...

Ай жарығы төгілген ғажап түн еді бұл. Сол түні Гауһар ұяла-ұяла тұңғыш рет жігітке мойнынан құшақтатып, балғын ерінен алғашқы рет сүйгізіп еді. Басы айналып кеткен. Ай да шыр көбелек айналған. Тоқтаусыз айналған. Жылдам-жылдам айналған.

АЙНАЛҒАН...

Қимай-қимай екеуі қоштасқан. Екеуінің арасын бөліп тұрған арық қана болатын. Тіпті елеусіз еді. Сол күні олар өмір-өзеннің екі жағына ажырап кеткендерін білмеген, тіпті де ойламаған еді ғой...

... Күн де көтеріліп, бүкіл ауыл малдарын өріске айдап, абыр-сабыр болып жатқан кез. Арықтың бойында киімі жыртылған, ес- түссіз жатқан сұлу қызды әуелі ауылдың ойын балалары байқап қалған. «Әне, әне, ана жерде біреу өлгелі жатыр». «Жо-жоқ, өліп қалыпты», - деді екіншісі. Қазан ошақтың маңында жүрген бір-екі әйел: «Ойбай, ойбай, мынау әлгі жетім қыз ғой», - деп, беттерін шымшып екеуі екі жаққа жүгіріп кеткен. Бір сұмдықтың болғанын байқап қалған ер-жігіттер бойжеткеннің балғын денесін көргеннен кейін теріс айналған. «Бұл сұмдықты кім істеді? Кім істесе де, құдай атсын». Кемсең-кемсең етіп жылағандары да болды. Гауһар ес-түссіз еді. Ауылда қай бір милиция бола қойсын. Сельсовет те жоқ екен. Ауыл адамдары шарасыздықтан не істерлерін білмей тұрған. Сол кезде мектепте физкультурадан сабақ беретін Алан деген жігіт жетіп келіп, «Сендерге бұл не? Цирк па? Тараңдар! Бәрін өзім реттеймін. Бұл менің педагогтық парызым. Кәне, тараңдар!» - деп үстіндегі жейдесін шешті де, шала жансар жатқан қызды орап, үйіне қарай алып кетті. Жиналған жұрт қарап тұр.

Бойжеткеннің аппақ, топ-толық балтыры қып-қызыл қан еді...

- Ойбай, мынаны қара, - деген дауыстан ойы бөлініп кетті. Жан-жағына қараса, бағанағы торғай шиқ-шиқ етіп кафенің ішінде ұшып жүр. – Бәлесін қарашы, жылы жерде әбден кептіріп алған соң ұша бастады, ә, - деді жігіт.

- Ұшсын. Торғай екеш торғай да ұшу үшін жаратылған, - деді сұлу қыз.

Гауһар аз-кем жан-жағына қарап отырды. Көзі бір сәт кафенің қабырғасында тұрған шашын жайып жіберген сұлу қыздың бейнесі бейнеленген картинаға түсті. Дәл маңдайынан бөлінген бетінің бір жағы ақ, бір жағы қап- қара...

«Менің сұрғылт ойларымның ішінде,

Жылап отыр жараланған періште».

Ақберен, - деген жазуды ап-анық оқыған Гауһардың жүрегі дір-дір етіп кетті. Терезеден қараса, жаңбыр да бәсеңдеп қалыпты. Орнынан тұрды. Еш сөз айтпастан қыз бен жігіттің жанына келді. Сонау бір жылдары күйеуі сыйлаған жүзікті саусағынан шешті де, екі жастың ортасына қойды.

- Бұл не, апай? – деді Ботагөз.

- Сендерге сыйлығым болсын.

- Жо-жоқ, апай, - деді Бауыржан. - Бізге ешқандай сыйлықтың керегі жоқ.

Осы кезде олардың жанына келген даяшы жігіт Гауһарға қалдырып кеткен ақшасын болмай алғызды.

- Апай, - деді Ботагөз күлімсіреп. - Сыйлығыңызды қабыл ала алмаймыз біз, тек ренжімеңізші.

- Рас айтасың, сіңлім, - деді күрсініп. – Бұл жүзік маған да бақыт әкелмеген, сендерге өз жүзіктерің бақыт әкелсін.

- Рахмет, апай.

- Мүмкін, бізбен отырып шай ішерсіз, - деді Бауыржан.

- ?

Гауһар көздері боталап, екі жасқа қарап, үн-түнсіз кафеден шығып кетті. Торғай шырылдады.

Далаға шыға салып кең тыныс алғанда, аспан ала тақияланып, көк көйлегінің етегі көрініп қалыпты. Желкем жел дым бүркеді. «Уһ» Гауһар тобығымен су кешіп жүріп келе жатып, қолындағы жүзікті лақтыра салды. Қанша уақыт жүргені белгісіз. Автобустардың аялдамасына келді. Аялдаманы паналаған адамдар өте көп екен.

«Новостройка – Аэропорт!»

«Базар – Облбольница!»

«Барахолка – Саяхат!»

«Стеклянка – Восточный!» деп айқайлаған дауыстарға жалт қараса, бес- алты микроавтобустар тұр екен. Елеусіз келді де, біреуінің ішіне отыра салды. Топырлап адамдар мініп жатыр. Көп ұзамай автобус орнынан қозғалды. Ығы-жығы. Бір кезде олар қала сыртына шықты. Автобус ішіндегі адамдар сирей берді. Оның жанына он төрт-он бес жасар әдемі бала келіп отырды.

- Әй, - деді бес-алты флягтың ортасында тұрған әйел. - Сен қымыз апарып жүретін Туна апайдың хозяйкасы емес пе? Өзі ішіп алған ба, немене?

- Есің дұрыс емес, сенің! Шіріген байдың қатыны емес пе? Олар автобусқа мінбейді. Қайсы-қайсы дейсің өзі? - деп мойнын созып қояды.

- Әне, он бірінші маршруткаға мінді.

Қақалып, шашалып, қайықтай шайқалып, ақ «Газель» орнынан қозғалып кетті.

- Апай, сіз жетінші дачаға бара жатырсыз ба? - деді жанына отырған бала.

Гауһар үндемеді.

- Ааа, - деді бала. - Сіз Старая Крепостьқа бара жатырсыз ғой. Ол жақта бүлдірген көп өседі, иә, апай? Бізден ары қарай жеті остановка жер ғой.

- Иә, - деді баланың көңілін қимай. – Өзің қайда барасың?

- Атам, апам үшеуіміз жетінші дачаға барамыз. Менің көгершіндерім бар. Қаласаңыз, сіздің де немереңізге берейін. Менің есімім Мағжан.

Гауһардың басы шыңылдып, жүрегі солқ- солқ етті. «Қарағым-ау, қайдағы немере? Менде бала да жоқ қой. Менде енді ештеңе де жоқ. Қайратым да жоқ. Мен бәрін де жоғалттым. Мен енді тірі өлікпін. Аспан да, жер де енді менікі емес. Мен сорлы бір әйелмін. Он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткен едім. Енді міне...» Терезеге қарап кетті. Күн Ертіске қарай еңсесін түсіріп келе жатыр екен.

- Апай, апай, - деді Мағжан оның білегінен тартып. – Сіз білесіз бе? Менің атам жазушы болған кезінде. Бірақ мен кітаптарын оқыған жоқпын. Бәлкім сіз оқыған шығарсыз. Апам бәрін өртеп жіберіпті. Мүмкін, сіз оның «Париждің ғажап әтірі» деген алғашқы кітабын оқыған шығарсыз. Оны қайдан табуға болады, а? Егер тауып жатсаңыз, біз жетінші дачада тұрамыз. Көгершін асырайтын Мағжан десеңіз, елдің бәрі біледі. Сіздің немереңізге ең таңдаулы көгершіндерімді берем. Тек атамның сол кітабын тауып беріңізші. Атам соған ашуланып кешке шейін арақ ішеді. Өзі маған ұят екен. «Қойсашы, ата», - десем, «кітабымды тауып берші», - деп жылайды.

Гауһар баланың басынан мейірлене иіскеді. «Аман жүр, балақай».

- Ааа, апай, - деді Мағжан күлімсіреп. – Немереңіз алыста ғой, сіз оны сағындыңыз ғой.

- Иә, қарағым, мен оларды осы уақытқа дейін көп күттім, енді мәңгі сағынатын болам.

- Не? – деп Мағжан шошып кетті. Әлденеге ыңғайсызданғандай екі беті ду-ду етіп қызарды. Басын қаси берді.

Осы кезде жандарына тізесі шыққан трико киген, шолақ жең жейдесі, әбден тозған, көз алды көлк-көлк еткен, басында ши қалпағы бар Мағжанның атасы келді.

- Макс, бағанағы апаңнан тыққан шөтешке қайда? Әкелші, бір ұрттап жіберейін.

Бала ұялғаннан бетін баса қойды. – Ата, ата, уйди, пожалуйста.

- Макс, Макс, құлыным, берші, бір-ақ рет ұрттайын. Бала атасының кетпейтінін білді ме, қолындағы пакетінен ақырын құтыны шығарды. Шал тізерлеп отыра қалды да, қылқ- қылқ еткізді. Қолдары дірілдеп, құтының аузын жапты да: - Кешіріңіз, қарындас, - деді.

Гауһар үндемеді. Терезеден Ертіс жаққа қарады. Сирек қарағайлардың арасынан жалт- жұлт етіп бір сәуле көрініп қалады. Автобус тоқтады. Жетінші саяжай, - деп өңешін созып қойды толықша келген кондуктор келіншек. Жолаушылар түсіп жатыр.

- Сау болыңыз, апай, - деді Мағжан басын қасып. – Бізге қонаққа келіңіз. Көгершін асырайтын Мағжан десеңіз, бәрі таниды. Атамның кітабын іздестіре жүріңізші, иә, апай.

Гауһар қолын созып, баланы өзіне тартты да, баланың маңдайынан мейірлене иіскеп- иіскеп алды. Бірақ бір ауыз сөз айтпады. Айта алмайтын да еді.

«Тіл-көзден аман жүр, балапаным».

- Мен сіз жайлы керемет повесть жазам, қарындас. Есіңізде болсын. Сосын бірге отырып виски ішеміз.

- Әдірәм қалғыр, қақпас, қайдағы повесть жазған саған. Алдымен басыңды жазып алсаңшы. Таңертең картошка қазсаң, жүз грамыңды берем.

- Шынымен жүз грамм бересің бе?

- Түс дедім ғой, шық, шық, - деді бәйбішесі.

Шал жерге түсті.

- Қарындас, мені ұмытпай жүріңіз. Мен сіз жайлы повесть жазам.

- Апай, сау болыңыз, - деп қолын бұлғады Мағжан.

- Сіз түспейсіз бе? – деді етжеңді кондуктор әйел.

- Мен Старая Крепостьқа барам, - деді бар күшін жиып алып.

Кондуктор әйел оған тесіле қарап алып:

- Сізді бұрын-соңды көрмеп едім ғой. Туыстарыңызға бара жатырсыз ба?

Гауһар үнсіз басын изеді. Жүрегі шаншып: «Қайдағы туыс менде, құдайым-ау?! Қайдағы туыс? Жер жаһанда жалғыз қалдым ғой. Жалғызбын. Жалғызбын. Жалғызбын».

Автобус тас жолда тасырқамай келеді. Гауһардың көзі қып-қызыл боп, Ертіске батып бара жатқан күнге түсті. Шопыр жігіт магнитофонды іске қосты. Дауысын күшейткені соншалық салонның іші жаңғырып кетті.

Кіналама, кіналама мені,

Мұңая да, қуана да білем.

Тамшы болып жесір қатқан гүлдегі,

Үмітімнен тайып-құлап жүрем.

«Кінәламаймын жаным сені, Қайрат! Сен мені іздеп келдің ғой. Сол күні терезеден секіріп түссем, мәңгі сенімен бірге болатын едім ғой. Кінәламаймын сені, Қайратым-ау, кінәламаймын!!!

КІНӘЛАМАЙМЫН» деп айқайлап жібергенін өзі де байқамай қалды.

- Ақырындатшы, ақырындатшы, - деді кондуктор келіншек күйеуіне.

Музыка ақырындады. – Мен сізге сдачаңызды қайтарып бергенмін, - деді. Гауһар күреңіткен Ертіске қарап отыра берді. Кондуктор әйел сұқ саусағын шекесіне апарып айналдырып қойды. «Есі құрыс емес қой деймін.»

Өмірім менің сұрақтардан құралған,

Көңілімде мұң, мұңсыз өмір сүре алман.

Сенімім мені шырақ жағып тұр алдан,

Ұсынумен тағы бір арман.

«Шіркін-ай, - деді шопыр жігіт. – Майкл Джексон, Майкл Джексон дейді бәрі. Ән айтса, осы Мейрамбектей келтіріп айтпай ма?»

«Иә, - деді кондуктор келіншек. - Баяғыда студент кезімізде осы Мейрамбек құртақандай бала «Бозторғай» деп ән айтқанда жылаушы едік қой».

«Есімде бар, - деді шопыр жігіт. Студент кезімізде сені сонау Каменькадан Ленин сарайында болған «Тамашаға» апарып едім ғой. Әкеңнің, бостан босқа НарХозда оқыдым. Сен де бес жыл Женпи-де босқа оқыпсың».

«Шүкір де, шал-ау, шүкір де! Балалар жетсін, қолымыз босайды».

«Қайдағы босаған? Сен қатын да қайдағыны айтады екенсің!».

Осы кезде автобустың алдына келіп, бір джип пен мерседес кеп тоқтай қалды. Өңкей қара костюм киген, еңгезердей бес-алты жігіт келіп жетті.

- Ойбай, қатын, рекет келді!

- Ақшаны тық, ақшаны тық. Құдай-ай, рекет деген жоғалып еді ғой. Бұл қайдан шыға келді? Милицияға звонда, милицияға!

Еңгезердей Дима есіктің екі езуін екі жаққа айырып жіберді де, ішке кірді. Гауһар айқайлап жіберді: - Жоқ! Жоқ! - Қолымен орындықтың темірінен мықтап ұстап алған. – Жоқ! Жоқ! Бармаймын!

Алан екі оққағарымен ол да автобустың ішіне кірді. Кірді де, Гауһарды отырған орындығымен қоса, қопарып жұлып алды. Гауһар оның бетін қан-жоса ғып тырналап жүр. Сонда да қарамады. Кондуктор әйел айқайлап сөйлеп келе жатыр еді. Бір оққағар пистолетін шығарып, үндеме дегендей белгі берді.

- Әй, әй, - деді шопыр жігіт. – Біз бұл автобусты арендаға алғанбыз. Хозяйнға қалай төлейміз бұны?

- Убери, - деді пистолет ұстаған жігітке Алан. – Ал сіз, братан, бізді көрген жоқсыз. Ақша керек пе сізге, - деп әр қалтасынан бір-бір пачка көк доллардан ұстата салды. – Бұл менің сіздерден кешірім сұрағаным. Игілігіңізге жұмсаңыз. Еш сұрауы жоқ бұның.

Олар Гауһардың айқайлап жылағанына қарамастан, оны автобустан алып түсіп кетті.

Шопыр мен кондуктор әйел бір сәтке үнсіз орындарында сілейіп тұрып қалды. Жаңағылардың көліктерінің шуылы біраз естіліп барып басылды.

- Әлгілер кетті ме?-деді күйеуі сыбырлап.

- Не? Қорқып тұрсың ба? – деп әйелі мырс ете түсті.

- Жоға, жоға, мына ақшаны не істейміз дегенім ғой.

- Ол ақша енді сенікі.

- Қайтып кеп, әкең, процентімен қайтар демей ме?

- Сен де қайдағыны айтасың-ау. Оларға ақша керек жоқ. Сені де, мені де, ешкімді де іздемейді. Олардың жоғы басқа.

- Әй, пәлсапаңды соқпашы. Ішім жанып бара жатса, қайдан білесің? Бұл постановка шығар. Не деген байлық шашылып жатқан? Ондай болса, ана еріккен қатын біздің автобуста неғып жүр?

- Ол еріккен әйел емес. Ол нағыз бақытсыз әйел ма деймін.

- Әй, мынандай ақшамен адам бақытсыз бола ме екен? – деді күйеуі уысындағы ақшаны сілкіп-сілкіп. Айтарын айтса да, өн-бойындағы қорқыныштан арылар емес. Бір орында сілейіп әлі тұр.

- Сен де айтасың-ау. Сен бе әйелдің жанын түсінетін? Білем ғой мен сені. Өмір бойы бірге келе жатырмыз ғой, - деп терең күрсінді. Көзіне жас алды.

Қараңғы түсіп келе жатыр еді. Қараңғы.

ҚАРАҢҒЫ...

Сол қараңғының құшағында Гауһар да бар еді. Кең төсекке әкеп жатқызып, білегінен, әр-әр жерінен укол салған. Сөйлей де алмай, қыстығып жылай алмай, сұлық түсіп жата берді.

Қол-аяғы ұйып барады. Ай сәулесі молынан төгіліп тұр. Бірақ Гауһардың көз алды сонау бір қарғыс атқыр түндегідей қап-қара болып кетті. Құлағына ән үзіліп жетті.

Келем деші, күнім,

Келем деші бүгін...

Күн көзін ашып алған. Төңірек ақ қанаттанып, түнемелдің ішінде әр-әр жерден күміс шыршықтар ойнай бастаған.

- Дәрігер, дәрігер, оянды, оянды, - деді күтуші әйел.

Гауһар көзін сәл ашып: - Мен қайдамын, Туна апай? – деді.

- Құдайға шүкір, үйдесің, өз үйіңдесің. Ақылың бар ғой сенің, айналайын.

- Бекер болды, апай, бекер ғой. Бекер! Айқайлай алмай, қайта талықсып кетті.

Сол жатқаннан Гауһар келесі күні түсте бірақ көзін ашқан. Бұл жолы сергек, тіпті ештеңе болмағандай, қайраттанып өз аяғымен тұрған. Бойына бір күш біткендей. Есік ақырын ашылды. Бір себет гүл көрінді. Вася ағай екен.

- Айналайын, қызым, сені оятып жібердім ба? – деді өзінше сабырлы болғансып.

Гауһар жауап қатпай терезе жаққа мойнын бұрып еді. Екі дәрігер келіншек ұйықтап жатыр екен. Үстілеріндегі ақ халаттарын да шешпепті.

- Қызым, - деді Вася дауысы дірілдеп. – Мынау, өзіңе әкелген гүлім. Төрт жыл баптап өсіріп едім. Сен бұл үйден кетсең, мен де кетем. Бір күн де тұрмаймын, - деп кемсең-кемсең етіп жылап жіберді. – Айналайын, қызым, осы үйде маған дұрыс қарайтын сен ғанасың. Сен кетсең, мен жетім шал болып қаламын ғой.

Гауһар үндемей келіп құшақтады. Шалдың селкілдеген екі иығынан сипады. Жылағысы келді. Жылай алмады. Көз жасы суалған.

- Сіз шығыңыз! Шығыңыз! – деді оянып кеткен дәрігер. Шалдың жеңдерінен тартқылап.

- Жоқ! Жоқ! - деді Гауһар тістеніп. – Сендер өздерің шығыңдар!

- Гауһар Өмірзақовна, - деді егделеу келген біреуі. – Сіздің қан қысымыңызды өлшеуіміз керек.

- Мен шығайын, қызым. Бұлар дәрігерлер ғой. Әбден қаралып алшы, балапаным, - деп шал шығып кетті.

Екі дәрігер екі жақтап қан қысымын өлшеп әлек боп жатыр.

- Сіздер мені әурелемеңіздерші. Жатып демалайын, - деді Гауһар.

Екі дәрігер біраз қарап тұрды. Гауһар жамылғысын бүркеніп орнына барып жатып қалды. Жым-жырт. Есік сарт етіп жабылды. Қанша жатқаны белгісіз. Диманың жөтелгені естілді. Жамылғыны сырып қараса, еңгезердей оққағар терезенің алдында тұр екен.

- Әй, скотина! - деді Гауһар ызаланып. – Ко мне!

Дима екі-үш аттап жақындап келді. Бет- аузы тырналған, жоса-жоса.

- Сен менен екі жыл бұрын бес мың доллар ақша алдың ба?

- Дәл солай.

- Сол ақша өзіңе қалсын. Бірақ бір условиям – ешкімге білдіртпей маған у әкеп бересің. Егер де әкелмесең, бақшаның ішіне басыңа дейін көміп, Вася ағай аузыңа үш мезгіл су тамызып отыратын болады. Если с головы Кайрата упадет хоть волосок, я тебя уничтожу! Бұның бәрін істеген сенсің! За все теперь будешь отвечать!

- Да вы что?! – деп Диманың көзі бақырайып кетті.

- Бар, у тауып әкел маған!

Бірінші қабатта Алан он шақты нотариус пен заңгерлерді жинап таңертеңнен бері отыр еді. Көңілі алаң. Диманың төбесі көрінді. Аланнның бойы мұздап кетті. «Тыныштық па?» дегендей оққағарға сұраулы көзбен қарады. Дәу Дима басын изеді.

- Ал, мырзалар, - деді Алан маңайындағыларға шолып қарап. – Бәрі реттелді ма?

- «Глобус» кенорнын сіздің жұбайыңыздың атына жазу үшін директорлар кеңесінің жиыны міндетті түрде қажет. Бұл мәселені ертең- бүрсігүнгіге қалдырайық, - деді бас заңгер.

- Ит жесін ол «Глобусты»! Оларғада, ит- құстарға да бірдеңе қалдыруымыз керек қой.

- Алан Рахметович, кешіріңіз, мен үйге бармасам болмайды. Әйелімнің дәрі-дәрмектері таусылып калыпты.

- А, саған ақша керек пе? – деп қалтасынан бір уыс көк қағазды ұстатты. -Ал, ал, қысылма. Бүгін үйіңде бол. Бүрсігүні Гауһардың туған күні. Күзетті бақыларсың. Бар сенерім сенсің, Дима.

Оққағар уысындағы ақшаны қатты қысты да, миығынан бір күліп, үйден шыққанда, күннің сәулесіне қарай алмай, көзін жұмып тұрып қалды. «Надоели, вы богатые!» Жалғыз күннің жылы сәулесі кереуетте жатқан Гауһарға да түсіп еді. Ол да кірпіктері дірілдеп, күнге қарсы қарай алмады. Ойланды. Ұзақ. Ой үстінде еді. Автобуста көрген жазушы ойына орала кетті. Әдеби кеш болған. Орта бойлы, жіңішке келген, көзі дөңгеленген, шашы бұйра, «Париждің ғажап әтірі» кітабының авторы студенттермен кездесуге келген. Саты-саты орындықтарда отырған студенттер орындарынан тұрып қол соққан. Гауһар қозғалмады. Жазушы да, оқырмандар да сөйлеп жатыр. Гауһарға бәрі-бір. «Адам тағдыры, адам тағдыры деп қояды ғой мына жазушы. Адам тағдырын қайдан білсін ол?» Бір кезде. Бір кезде... Гауһардың дауысы қатты шығып кетті. – Адам тағдырын қайдан білесің?!

- Не? – деді жазушы күлімсіреп қарап. – Маған бірдеңе дедіңіз бе?

Гауһардың екі беті қып-қызыл боп дуылдап кетіп еді...

Есік тықылдады да, дәл бір жас жұбайларға ұқсап Туна мен Вася ағай кіріп келді. Қолдарында шағын табақ.

- Гауһаржан, - деп күлімсірей сөйледі. – Мына Вася ағайың ақылды жігіт екен. Кеше таңертең қолымды сұрай келіпті. Гауһаржанға Саржалдың жақсы бір қымызын әкеп бер, оны қызым екі-үш кесесін ішсе, сенен басқа ешкімді любить етпеймін. Солай ғой, Василий Иванович? – деп сықылықтап күлді.

- Так точно, мадам Вуаль-ля!

Гауһар күлген болды.

- Кәне, кәне, қызым, - деп Туна үлкен бір тостаған қымызды өз қолымен Гауһардың ерніне тақады.

Беті көпіршіктенген, хос иісті, балдай қымызды тоқтамай сіміргенін өзі де байқамай қалды. Қыстығып тұрған кеудесі кеңіп сала берді. Маңдайынан шып-шып тер шықты.

- ЗАГС-ке кеттік пе? – деп бағбан шал күтуші әйелге қулана бір қарап қойды.

- Кет әрі, қақпас.

- Не дейсіз, апай? – деді Гауһар.

- Ойбай, ойбай, келші Василий Иванович, жаңағы суық қазымыз қайда? Гауһаржан дәмін татсын. Міне, ыстық бауырсақ. ЗАГС те, мына қақпас та қайда қашар дейсің? Сен тамақтанып алшы.

Гауһар тағы бір кесе қымыз ішіп, бауырсақ пен қазыдан біраз жеді.

- Ой, апай, шаршадым. Ұйқым келіп тұр, - деп есінеді.

- Ұйықта, ұйықта, құлыным. Кәне, жамылғыңды жауып берейін.

Есінеді келіп. Әшейінде күніне қырық рет қырқысатын бағбан мен күтуші әйел ыдыстарын көтеріп шығып кетті. Олардың әртіс боп ойнап жүргенін Гауһар сезген жоқ. Гауһар жалғыз. Есінеді. Кірпіктері айқаса берді. Терезе жақтауында гүр-гүр етіп, қанаттары сатырлап, «бөлмеңе кіргізші» дегендей екі ақ көгершін көрінді. Гауһардың мойылдай қара көздеріне бір сәтке қуаныш ұялағандай болды. «Мынау кеше автобус ішінде кездескен сүйкімді баланың көгершіндері ғой. Аты кім еді? Мағ... иә, иә, Мағжан. Мен қазір орнымнан тұрамын да, осы қарғыс атқыр үйден ештеңе алмастан, жетінші дачадан сені тауып аламын, балақай. Апаң мен атаңа айт сенің жазушы атаңды білемін. Студент кезімде көргенмін. Тағдыр деген осы екен ғой?

Есік ашылы, еңсесі түсіп кеткен, сақал-мұрты өскен Алан кірді. Қасында екі нотариусы бар.

- Гауһаржан, - деді міңгірлеп. – Барлық имуществаны сенің атына жаздым. Міне қағаздары, - деп жанына әкеп қойды.

Келіншегі орнынан атып тұрды. Қалш-қалш етіп:

- Жоғал, хайуан!

Қағаздарды бетіне лақтырып жіберді. Нотариустер жердегі парақтарды жинап жатыр.

- Шық, иттің баласы! Шық! Жолыма тұрма, кетем мен бұл үйден!

Төсегіне етбетімен түсіп, ұзақ жылады, тоқтай алмай жылады. Көз алды қарауытып барады. Қараңғы. Қараңғы.

Құр сүлдері шыққан Алан басы айналып, баспалдаққа отыра кетті. Екі шекесі солқ-солқ етеді. Көздері қанталаған. Төрдегі жабылмаған терезеден топ-толық ай төніп келе жатты.

«Сол бір түн, - деп ойлады. – Сол бір түн...»

Түнжарымда есік қағылған.

- Аланжан, мен ғой, - деп әр жақтағы дауыс сыбырлай сөйледі. – Сыртқа шығып кетші.

Алан Қайраттың әкесінің дауысын бірден таныды. Бойын тез жинап алды.

- Не керек сізге?

- Ақырын, ақырын, Аланжан, ақырын сөйлесейікші, азаматсың ғой...

- Иә, азаматпын. Мен ертең ауданға милицияға барамын, тек Гауһар есін жинап, сөйлесуге шамасы келсін деп отырмын.

- Сен, бауырым, шулатайын деп тұр екенсің ғой, - деді Қайраттың әкесі тістеніп. – Одан не шығады, мен ұлымды соттатпаймын. «Заготконтордың» бастығы екеуміз бәрін шешіп қойғанбыз. Біздің 

айтқанымыз болады. Тіпті болмаса, мойнына алатын адамымызды дайындап қойдық. Өзің үрген ит сияқты далада қаласың, оданда келісімге келейік...

Алан оның сөз төркінін бірден ұқты.

- Мен сізді сыйлаймын ғой.

- Е, мұның жөн, бауырым, - деп қайтадан сабырмен сөйлей бастады. – Ертең ана қызды ал да, қалаға кет. Жұмысыңды, тұратын жеріңе жететін ақшаңды береміз. Біздің заготконтордың жігіттері бәрін өздері жөндейді. Содан кейін біз сені, сен бізді көрмейсің... Қызды оқуға түсіресің бе, өзің біл, тек менің ұлымнан аулақ әкетсең болды, бір айдан кейін оны үйлендіремін...

Ай дәл осындай топ-толық, жап-жарық еді...

Дима баспалдақпен төмен түсіп бара жатыр. Артына бұрылып қараған да жоқ. «Әй, Дима-ай, - деді іштей, - Сен маған өкпелісің ғой, білемін, басқаларға бір-бір машина бергенде, маған қайда дейтін шығарсың... Шетелге сенің әйеліңді емдетуге апарамыз деп шықпаймыз ба мына елден...

Терезеден ай жарығы төгіліп тұр.

Оққағар артына бұрылып қарамады.

Гауһар көзін ашты. Ақ сәуле құйылып тұр. Кең терезеге қарады. «Бұл қарғыс атқыр үй ме? Мен қайтадан келгенмін бе?» деп бойын қорқыныш билеп кетті. Көзін жұмды. Есік қағылып:

- Қызым, қалайсың, айналайын? – деген күтуші әйелдің дауысы шықты.

Таңғалды. Көзі шарасынан шығып, басын көтеріп алды. Әдемі киінген Вася ағай мен Туна тұр. Ерекше бір салтанатқа баратындай сәнденіп киініп алыпты. Үңіле қарады. «Сіздер ма?» - деп даусы құмығып шықты.

- Біз, біз, балам, - деді Вася. – Happy birthday!

- Оның не сөз, әй, қақпас...то есть Василий Иванович.

- Мадам Вуаль-ля, бүгін Гауһаржанның туған күні емес пе?

- Иә, иә, сол үшін келіп тұрмыз ғой. Айтсаңшы қызыма. Түнімен екеуіміз ұйықтамай, жылыжайда гүл тердік емес пе?

- Міне, шетелдіктер салты бойынша бес сантиметр бүр жарған гүлді әкелдік. Біздің болашақ семьямыздың атынан қабыл алыңыз. Солай емес пе, Туна.

- Кому Туна, кому Толеугайша Газизовна. Вдова полковника.

Жасы келген екі адамның дәл бір кәсіпқой актерлардай ойнап тұрғандарын білмеген, Гауһар күліп жіберді.

- Менің жанымды ұғатын айналайын сіздерден. Орнынан атып тұрып, екі қарияны құшақтады. Еңкілдеп жылай алмай қиналды.

- Қой, қоя ғой, - деді күтуші әйел арқасынан қағып. – Вася ағаң міне, бір себет ас әкелді. Осы жерде отырып, үшеуден-үшеу тамақтанамыз. Кешке қонақтар келеді. Бірақ біз сенімен біргеміз, сен кетсең, біз де кетеміз бұл үйден, - деп көз жасын бір сығып алды. Бағбан шал тез- тез шағын үстелдің үстін жайнатып жіберді. Ортаға француз шарабын қойды. Салфеткамен оралған әдемі үш фужерді де қойды.

- Ал, қыздар, - деді екі алақанымен шарт еткізіп. – Тойды бастап жіберейік.

- Құйсаңшы ей, қақпас. Ой, ой, ой, Василий Иванович...

- Жарайды, қақпас болайын, бағбан болайын. Мен Гауһаржанның әкесімін. Иә, қызым?

- Иә, иә, Вася ағай, - деп бір сәт Гауһар күлімдегендей болды. Бағбан шалға шынында риза боп қалып еді.

- Василий Иванович, а ну-ка налей, джентльмен мой.

Бағбан шал фужерлерге иісін бұрқыратып француз қызыл шарабын құйды. Үшеуі бір- біріне қарап күлімсіреп, үнсіз қолдарындағыны іше бастады. Гауһар ернін тигізіп ұрттап қойды. Бойы жылынды. Біресе бағбан шалдың иығына, біресе күтуші әйелдің кеудесіне басын қойып, еркелей бастады. Туна еңкілдеп жылап-жылап жіберді.

- Қой, апай, жыламаңыз, - деп айтып қалғанын өзі де байқамай қалды.

- Жыламаймын, қызым, жыламаймын. Сенің туған күніңе қуанып отырғаным ғой. Құдай қолдап қырық жасқа да толдың ба?

- Иә, Қайрат екеуіміз бір күні толдық қой. Ол қайда екен қазір? Қайда екен? Бота көздеріне мөлт-мөлт етіп жас келді.

- Так, қыздар, - деді бағбан шал олардың көңілін аулап. – Менің денсаулығым үшін, менің гүлдерім үшін алып қояйық.

- Әдірем қалғыр, сенің сыпыртқыларың кімге керек? Ертең-ақ қурап қалады.

- Ну, мадам Вуаль-ля.

- Апай, апай, - деді Гауһар оның білегінен ұстап алып. – Вася ағайды ренжітпейікші. Оның әдемі гүлдері үшін! Фужерлер қоңыраудай сыңғыр-сыңғыр етті.

Гауһар осы жолы тауысып ішті. - Кешке қонақтар келсе, сіздер не істейсіздер?

- Не істесе, оны істесін. Біз сенің жаныңда боламыз. Тек мадам Вуаль-ля саған бір дәрігер алып келіп еді. Кішкене қарасыншы, қызым.

- Мен ауру емеспін ғой. Сіздер неге түсінбейсіздер?

- Ауырмайтыныңды білеміз, шаршадың ғой, айналайын, - деді күтуші әйел. – Дәрігер болғанда, ол экстрасенс. Бес-он минут қана өзіңнен алыста тұрып қолдарын жайып тұрады. Басқа ештеңе істемейді. Көзіңді жұмсаң болды.

Гауһар үнсіз келісті. Есік ашылып, ала шапан киген, ұзын бойлы еркек кірді. Жымиып амандасты. Гауһарға жұғымды адам болып көрінді. Іші жылып қалды. Қолдарын алдыға созып, айтқандарын істеп тұр. Үш рет Гауһарды құлатқан кезде күтуші әйел мен бағбан шал басын жерге тигізбей қағып алып тұрды. Сәлден соң экстрасенс екі алақанымен екі иығынан соққан кезде дереу есін жиып алды. «Суф, суф» - деп қолдарын ауада осқылап алды да, - мына екі жанашыр адамыңа сенесің бе? – деді. Гауһар «иә» дегендей басын изеді. Гауһар бағбан шал мен күтуші әйелмен ұзақ отырды. Басына ешқандай ой келмей қойды. Тіпті, өткен өмірін де елестете алмады.

- Жүр, қызым, қонақтарға барайық. Кеш боп қалыпты.

- Апай, мен қандай көйлек киемін? – деп қалай айтқанын байқамай қалды.

- Бәрі дайын ғой, дайын. Әй, қақпас, шыға тұр сен. Қызымыз киінсін.

- Не дейсіз? Қақпас дейсіз бе? – деп сықылықтап күліп жүріп киінді.

Екеуіне еріп астыға түсті. Ешкімді байқамайды. Өзінен-өзі сықылық-сықылық етіп күліп қояды. Ат шаптырым үстел басында қаланың барлық ығай мен сығайлары отыр еді. Оларға тіпті амандаспады. Қақпа ашылып, гитара мен скрипкаларын ойнатып бір табыр сығандар кірді.

- Ай, ай, ай! Әйелдер етектерін желбіретіп.

- Цоп, цоп, - деп еркектер алақандарын соғып.

Скрипканың үзік-үзік дауысы келді құлағына. Мол дастарханда, шыны ыдысқа құйылған қымызға көзі түсіп еді. Желкесінде тұрған даяшы қыз байқап қалды да, алдындағы ыдысқа толтырып қымыз құйып берді. Гауһар толғай ішті. Тағы ішті. Тағы ішті...

Айналасына қарап отыр. Бұлдыр-бұлдыр. Көз алдына біреудің анық бейнесі келмей қойды. «Бұлар кімдер?» - деді іштей. Ойлауға ғана шамасы келді. Лоқсып құса бастады дастархан басында. Ту сыртынан қапсыра құшақтаған темірдей қолдар өзін тік көтеріп, бақшаның ортасына алып барды. Гауһар қайтадан лоқси берді. Мұздай суды екі алақанына толтырып бетін жуды. Қайта-қайта жуды. Бір кезде басын көтеріп қалса, еңгезердей Дима тұр екен.

- Ах, ты, скотина! - деді Гауһар тістеніп.

Оққағар селк ете түсті. Қолдары дір-дір етті.

- Ах, ты...

- Щас, щас, - деп қалтасынан шиедей ғана қызыл құтыны ұстатты.

- Пошел вон! – деді Гауһар.

Оққағар ығысып қалды. Жан-жағына қарап еді. Күйеуі де, ешкім де көрінбеді. Сығандар шулап жатыр.

Баспалдақпен жеңіл көтерілді. Түнемелге келді де, ай жарығын бүркемелеп тұрған пердені ысырып-ысырып жіберді. Топ-толық толған ай. Кең терезеге бетін төсеп келе жатыр. Келе жатыр...

«Біз тағы да жүздестік пе, жарық ай? Сол бір қарғыс атқыр түнде Қайрат алғаш рет ернімнен сүйіп, мәңгілікке ажырап кеткенімізге сен ғана куәсің ғой. Менің де, Қайраттың да еш күнәсі жоғына сен ғана куәсің, жарық ай».

Гауһар жан-жағына қарады. Көзі шараптың ұзын мойнына түсті. Төңкеріп еді фужердің түбінен сәл асты. Еш қиналмастан құтының аузын ашып, он шақты тамшыны сілкіп- сілкіп құйды. Жан-жағына қарады. Үстіндегі көйлегін шешіп, анадан туғандай тыр жалаңаш болды. Табаны суық еденге тиіп-тиіп терезеге жақындады. Толықсыған айға қарап тұрып қалды. Ойланды. «Қайрат, Қайрат жаным, алғашқы махаббатым! Мен қазір айдың ана бетіндегі анама аттанамын. Жазғыра көрме. Жарық дүниеге де дәл осылай келдім ғой. Пәк едім ғой, Қайратжан-ау... Бұл өмірде сені ғана сүйемін, сүйіп өтемін. Менің еш кінәм жоқ қой, Қайратжан-ау...»

Жарық ай қол созымдай жерде қалғандай еді. Фужер ұстаған қолынан біреу шап берді.

- Ішпе, ішпе, денсаулығыңды құртасың ғой. Кешірші мені, қаласаң бұл қаладан кетейік. Мына дүниенің бәрі сенікі, - деді Алан.

- Керек емес дүниенің! Әкел, ішем...

Күйеуі қос қолдап ұстап, сындырардай өзіне қарай тартып, қылқ-қылқ еткізіп жұтып алды. Қолындағы фужерді сындырып жіберді. Алдыға бір-екі адым жасап, сырылған пердені жұла- мұла жалаңаш Гауһарды ораған болды. Езуінен қан ақты. Теңселіп-теңселіп тұрып, жерге гүрсетіп құлады. Гауһар жерде көзі шатынап, о дүниеге аттанған күйеуінің басын ұстап, айға қарап жылай бастады. Аулада сығандар әндетіп жатыр. Гауһар айқайлап жылады.

Жыла. Жыла. Жыла.

Бетінде дағы бар ай да терезеден кетпей тұр.

Жыла, Гауһар. Жыла...

Сенің көз жасың жүрегіңдегі талай жылдан бері жүрген қайғы-мұңыңды, ұйқысыз өткен түндердегі жаныңды азапқа салған ойлардың мұзын жібітер.

Гауһарым менің, жыла...

Жыла...

10.08.2011 – 15.08.2011 ж.ж.

Ұлы – Семей

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5289