Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2915 7 пікір 14 Қыркүйек, 2023 сағат 16:09

Бжезинский бәрін бұрыннан білетін еді...

Ол 1994 жылы жарияланған мақаласында былай деді: «Ресей империя да, демократиялы ел де бола алады, алайда бір уақытта емес... Ресей Украинаны өзіне қарата алмаса, империя болудан қалады; ал әуелі билігін «сатып алып», кейін бағындыруды көздесе, автоматты түрде империяға айналады».

Сөз иесі – Американың көрнекті саясаттанушысы, мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, Джонс Хопкинс университетінің профессоры, АҚШ президентінің сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Збигнев Бжезинский. Ол – Украинаның тәуелсіз мәртебесі туралы жоспардың және «Еуропаға арналған жоспардың» авторы. НАТО Балтық жағалауындағы елдердің шекарасын кеңейтуді және Ресейдің держава болуына жол бермеуін қарастырды.

З.Бжезинский 1928 жылдың 28 наурызында Варшавада дүниеге келген. Оның әкесі – Тадеуш Бжезинский 1931-35 жылдары Германияда, 1936-38 жылдары КСРО-да қызмет дипломатиялық миссияны атқарған Польшаның мықты дипломаты болған. Збигнев осы жылдары ерте нацизмнің қалыптасуын және сталиндік репрессияның көріністерін өз көзімен көрді, сәби-жүрекпен сезінді. Сондықтан оның мінезі мен дүниетанымының қалыптасуына Кеңес Одағымен соғыс туралы және Қызыл Армияның Польшаны басып алу әрекеттері туралы әкесі айтқан әңгімелер көп әсер етті деуге толық негіз бар. Бжезинский отбасы 1938 жылы Канададағы Монреаль қаласына қоныс аударды. Болашақ саясаткер еңбек жолын 20 жасында Канаданың Квебек провинциясы үкіметінің жанында атташе болып бастады.

Кейіпкеріміз содан тура он жыл өткен соң, яғни 1958 жылы Америка азаматтығын алды. ХХ ғасырдың ортасында Нью-Йоркке көшті, кейінірек Колумбия университетінің профессоры атағын иеленіп, Коммунизм институтының бірінші директоры қызметіне тағайындалды. Збигнев Бжезинскийдің тұңғыш кітабы «Кеңес Одағы: біріктіру және қайшылық» деп аталады. Бұл кітаптағы Бжезинскийдің өткір және қатал пайымдаулары оқыған жанды бей-жай қалдырмады. Ұзамай Збигнев Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңеске шақырту алды және құрметті профессорлардың бірі болды. Белсенді демократ АҚШ-тың болашақ президенті Джон Кеннедидің сайлау науқанында сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші болды.

Кейін ол АҚШ-тың жаңа президенті Линдон Джонсонның әкімшілігінде қызмет етіп, Шығыс Еуропаның әр елімен жеке-жеке ымыраласудың бірегей  жолдарын ойластырып, саяси «көпір салу» бағдарламасын әзірлейді. Иә, АҚШ президентінің Конгресте сөйлеген сөзіндегі «көпір салу» саясатын бастау туралы гәпті Бжезинский дайындады.

Збигнев Бжезинский АҚШ президентінің шешімімен мұхиттың арғы жағындағы халық үшін ең құрметті екі жоғары марапаттың бірі – Президенттік бостандық медалімен марапатталды. Бостандық медалі АҚШ-тың ұлттық мүдделерін қорғауға, дүниежүзілік бейбітшілікті сақтауға және Америка мен әлемнің әлеуметтік һәм мәдени өміріне елеулі үлес қосқан адамдарға беріледі.

Айтпақшы, Бжезинскийдің ең танымал кітаптарының бірі – «Ұлы шахмат тақтасы». Ол үшбу кітапта Еуразия елдерінің қазіргі жағдайына көз жүгіртіп, оны «Ұлы шахмат тақтасы» деп атады және АҚШ «осы континенттегі халықаралық қауіпсіздіктің жалғыз кепілі» деді.

Ол өзінің ұзақ ғұмырында Еуразиядағы әскери, саяси тұрақсыздыққа сеп болатын империялизммен күресті. Бұл ретте Бжезинский: «Ресей – Ресей мен Кеңес мемлекеттерінің жекелеген билеушілерінің империялық тәсілдері ғана емес, Ресей – бүтін бір ел. Өз халқымен, мәдениетімен және дәстүрімен» деген ойын әрдайым ортаға салды. Збигнев мұндай Ресейге ешқашан қарсы болған емес. Ол «билік пен адамдарды ажырату керек» деген пікірін де жиі айтатын.

Бжезинскийдің Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас, Украина мен Ресей қарым-қатынасына қатысты Батыстың ұстанымы, Қырымның Ресей Федерациясына кіруі туралы мәлімдемелері бұл күндері өте өзекті. Біз мақаланың кіріспесінде дәйек еткен пікірді ол отыз жылдай бұрын жазған. Уақыттың өзі ұлы саясаттанушының болжамын расқа шығарып келеді.

Ол жоғарыдағы ойын былай жалғайды: «Ресей Украинаға әмірін жүргізе алмаса Еуразиялық империя болудан қалады. Бірақ Ресей Украинасыз да  империя мәртебесі үшін барын салып бағады, алайда бұдан кейін ол Азияның империялық мемлекетіне айналады».

«Ұлы шахмат тақтасы» кітабында Бжезинский «қырғи-қабақ соғыстан» кейін «жер астынан жік шыққан, екі құлағы тік шыққан» – алты жаңа геосаяси орталықты атады. Әрине, Вашингтон оларды бақылауда ұстауы керек деп есептеді Бжезинский. Ал бұл тізімнің басында Украина тұр еді.

Бжезинский Украинаның Мәскеудің сыртқы саясатындағы басты басымдыққа айналуына және көршілерін қайта біріктіруге ұмтылатынына қатты алаңдады. «Украинаның «реинтеграциясы» белгілі бір мағынада ресейлік саяси элитаның көпшілігі үшін сенім бабы болып қала береді», – деді ол.

Бжезинский «Егер Америка Еуропадағы жаңа ішкі дағдарысқа, Түркия мен Еуропа арасындағы алшақтықтың ұлғаюы немесе АҚШ пен Иранның бір-бірімен қастасуына алаңдап, Украинаға жеткілікті назар аудармаса, Украинаның болашағы күмәнді болып қала береді» деген болжамын да ашық айтты.

Ресей Қырымды басып алғаннан кейін ол Мәскеу мен Киевтің қарым-қатынасына көбірек көңіл бөлді. Бұл туралы былай деп жазды: «Украина Қырымнан біржола айырылды ма, мен мұны білмеймін. Алайда екі ел арасындағы қарым-қатынас тұрақталып, біршама ұтымды болғаннан кейін осы мәселені қайта көтеру керек. Орыстар Қырымға бандиттік шабуыл жасады және мұнысын әлдеқандай себептерге сүйеп ақтауға тырысты. Киев  енді Ресейдің бұл тәсілді бүкіл Украинаға қолдануынан сақ болғаны жөн. Солай бола қалса, мұның соңы әлем 1939 жылдан бері көрмеген қақтығысқа ұласуы мүмкін».

Бжезинский Украинаны Ресеймен болашақ соғыс үшін қару-жарақпен қамтамасыз етуді жақтады: «Украинаны танкке қарсы қару немесе миномет сияқты ірі қалаларды қорғау үшін қорғаныс қаруымен қамтамасыз ету орынды болар еді, өйткені бізге Ресейдің зорлық-зомбылығының құнын арттыруға тура келді. Халқы қорғаныста тұрған қаланы басып алу өте қымбатқа түседі».

Бжезинский Украинаның Еуропаның бір бөлігі болуына көмектесу керек деп есептеді. Ал Ресей үшін ең жақсы сценарий Киев пен Мәскеуді Брюссельден басқарылатын Еуропаға қосу деп санады. Ол 2014 жылдың қазан айында Украинаның «Интер» телеарнасына берген сұхбатында: «Украина еуропалық әлемнің бір бөлігі болғысы келетінін шынымен дәлелдеуі керек. Солай етсе, онда Ресей бір ғана тұйыққа тіреледі, бұл – шындықпен келісіп, Еуропаның бір бөлігі болу. Ресей мұны істемесе, Қытайдың қираған серігіне айналады», – деген еді.

Бжезинский 2008 жылдың 1 сәуіріндегі Washington Post журналисі Дэвид Игнатусқа берген сұхбатында былай деді: «...құбыр жабылса, Батыс елдері бірден зардап тартады, алайда Ресей мұның салдарын, яки, қаржылық қиындықтарды үш, төрт немесе бес жылдан кейін сезеді. Осынау жайт ресейліктердің қысым жасауына қысқа мерзімді артықшылық береді».

Збигнев Бжезинский дүниежүзіндегі елдердің тұрақты жүйесін құрды, олардың арасында АҚШ төреші рөлін атқару тиіс деп айтты. Америкаға бұл рөлді әскери, техникалық, ғылыми және мәдени үстемдіктері арқылы жүзеге асыруға болатынын жеткізді. Американың ұлы саясаткері Збигнев Бжезинский 2017 жылы 26 мамырда өмірден озды.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5638