Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3709 0 пікір 12 Шілде, 2013 сағат 09:39

«Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан»: Аймақаралық қатынастардың маңызы зор

Кеше Өскеменде «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» атты Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының өңіраралық интеграция форумы болып өтті. Біздің облыстың бастамасымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ бастаған орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының, даму, қаржы институттарының, аталған өңірлердегі жүйе құраушы кәсіпорындардың басшылары мен өкілдері қатысты. 

Форум аясындағы пленарлық мәжілістің жұмысы басталмай тұрып мәртебелі меймандар төрт облыстың индустриялық-инновациялық әлеуетін паш ететін көрмені тамашалады. Көрмеде аталған облыстардағы іргелі кәсіпорындардың, шағын және орта бизнес нысандарының, басқа да өндірушілердің отандық тауарлары көптеп ұсынылды. 

Іргелес жатқан төрт облыстың басын қосқан форумның басты мақсат – «Қазақстан - 2050» Стратегиясында жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін аймақтардағы биліктің, бизнестің және қоғамдық белсенді тұрғындардың қарым-қатынас тегершіктерін жетілдіру болса, осының нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізге серпін беретін негізгі бағыттарды, формаларды, технологиялар мен инвестицияларды дамытуға қол жеткізілмек.

Кеше Өскеменде «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» атты Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының өңіраралық интеграция форумы болып өтті. Біздің облыстың бастамасымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ бастаған орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының, даму, қаржы институттарының, аталған өңірлердегі жүйе құраушы кәсіпорындардың басшылары мен өкілдері қатысты. 

Форум аясындағы пленарлық мәжілістің жұмысы басталмай тұрып мәртебелі меймандар төрт облыстың индустриялық-инновациялық әлеуетін паш ететін көрмені тамашалады. Көрмеде аталған облыстардағы іргелі кәсіпорындардың, шағын және орта бизнес нысандарының, басқа да өндірушілердің отандық тауарлары көптеп ұсынылды. 

Іргелес жатқан төрт облыстың басын қосқан форумның басты мақсат – «Қазақстан - 2050» Стратегиясында жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін аймақтардағы биліктің, бизнестің және қоғамдық белсенді тұрғындардың қарым-қатынас тегершіктерін жетілдіру болса, осының нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізге серпін беретін негізгі бағыттарды, формаларды, технологиялар мен инвестицияларды дамытуға қол жеткізілмек.

Пленарлық отырыста бірінші болып облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Интеграция – өңірлердің алдағы дамуының негізі» деген тақырыпта баяндама жасады.  Әуелі аймақ басшысы осынау маңызды форумды өткізу ісі Шығыс Қазақстанға сеніп тапсырылғаны үшін алғысын білдірді. Бұл форум аталмыш төрт аймақтың экономикасының дамуына оң әсерін тигізетінін жеткізген ол қанаттаса әрекет ету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашылатынын қозғады. Алтайдың төрінде бас қосып отырған төрт облыс жер көлемі жөнінен республика аумағының 40 пайызын, халқының және жалпы экономикалық кірістің үштен бір бөлігін, тауар айналымының бестен бір бөлігін алып жатыр. Осындай орасан мүмкіндікке ие экономикалық кеңістік мүшелері бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеу арқылы бүгінгі даму қарқынын еселеп, тап болар кедергілерден қиналмай өтуге бел буып отыр.

– Дағдарыстың дүбірі қайта естіле бастағаны бәрімізге мәлім. Ал дағдарыс бола қалған жағдайда оны мейлінше елеусіз шығынмен айналып өтудің жалғыз амалы - осы интеграция. Әлемді тағы да дағдарыс дауылы шарпитын болса, төрт өңірдегі жұмыссыздық көлемі алты пайызға көбейіп, өндіріс көлемі 15 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Дағдарысқа қарсы күресте интеграцияға балама бола алатын ешқандай жол жоқ екенін уақыт көрсетіп отыр, - деген өңір басшысы өз тарапынан дағдарысқа қарсы бірыңғай жоспармен қоса азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын құруды ұсынды.

Шығыс Қазақстан облысы өңіраралық интеграцияның дамуына сеп боларлық ұсыныстардың көбін өз аумағында жеміс берген тың бастамалардың негізінде ұсынып отыр. «Қазақмыс», «Қазцинк» сынды өнеркәсіп алпауыттарының қазақстандық мазмұнды арттыру бағытында қолға алған шараларын мысалға алған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ аталмыш ұстанымның экономиканың барлық саласына кірігіп кетуі үшін әуелі аймақтардың қызмет түрлері мен тауар өндірудің және пайдаланудың ортақ теңгерімін жасап шығару қажет екенін қадап айтты. Көршілес аймақтардағы азық-түлік бағасының бірқалыпты тұрақты болуы үшін тұрақтандыру қорларын іске қосу қажет екенін ескерткен ол аталмыш төрттіктің, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қатысуымен Астана мен Барнаулда сауда үйлерін салуды ұсынды.

Қытай, Ресей, Моңғолия елдеріне шығатын облысаралық теміржол және автобус қатынастарын, транзиттік авиатасымалдауды дамыту, қалааралық автобус бағыттары бойынша электронды билет сатудың бірыңғай жүйесін енгізу сынды бастамалар аймақтар арасындағы көлік қатынасын дамытары сөзсіз. Оқытудың дуалдық жүйесін өзара байланыс арқылы жетілдіре түсу үшін аймақаралық кеңес құру қажет. Аталмыш салада бірыңғай жүйе бойынша әрекет етудің арқасында болашақ мамандардың көршілес облыстарда іс-тәжірибеден өтуіне мүмкіндік туындайды. Біздің өңір жұмыс күшінің тапшылығын да шекаралас облыстармен арадағы миграция арқылы шешуге дайын.

Қайта жаңғыртылған энергетика көздері бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруды ұсына келе, өңір басшысы шығыста бұл бағытта су мен желдің, күннің энергиясын игілікке жарату жобалары жұмысын бастағанын еске салып, форум қонақтарын күн батареялары өндірісімен танысуға шақырды. Ел аумағындағы орман қорының басым бөлігі Павлодар мен Шығыс Қазақстанға тиесілі десек, бұл бағытта «Болашақтың тұрақты орманы» бірыңғай бағдарламасын қабылдаудың маңызы зор. Бұл бағдарлама орман өрттерінің трансшекаралық сипат алып кетпеуін қамтамасыз етіп қана қоймай, Елбасының республикадағы орман қорын көбейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға жол ашады.

Өскеменнің ана мен бала орталығы, Павлодардың кардиологиялық орталығы, Қарағандының ұлттық еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар орталығының тәжірибесін бірыңғай кеңістікке тарату ісі медицинаның дамуына серпін беретіні де айтылды. Қазақстанда атом энергетикасы мен атом физикасын дамыту ісінде Курчатов қаласының рөлін арттыру қажет. Өңірдегі аңыздар мекеніне айналған тарихи орындар мен көрікті жерлердің туризм бағытындағы басымдықтарын тізбелей келе, облыс басшысы туризмді дамытудың ортақ жобасын, сондай-ақ, «Халықтың тарихы мен мұрасы» атты бірыңғай жоба жасауды ұсынды.

Облыс көлемінде туризмнің қарқынды дамуы үшін Алакөл мен Рахман қайнарына жол салу ауадай қажет. Семейдегі бұрынғы сынақ алаңдарының жері де көршілес үш облысқа тиесілі. Бұл жерлерді қараусыз қалдырмау бағытында тиісті министрліктермен жұмыс істеп жатырмыз. Ал Курчатов қаласын ғылыми қалашыққа айналдыру үшін әуелі Қазақстанның ғылыми қалашығы туралы құқықтық-нормативтік актілер түзілуі қажет. Осы аталған ұсыныстардың барлығы төрт облыстың басшылары дайындаған 2013-2015 жылдардың іс-шаралар жоспарында көрсетілген, - деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Алматы облысының Әкімі Аңсар МҰСАХАНОВ агроөнеркәсіп кешеніндегі интеграцияның келешегі жайында мәлімдеді. Интеграцияға мүдделі аймақтардың қайсысын алса да агроөнеркәсіп саласында импортқа тәуелділік байқалатынын ашып айтқан ол бұл сұраныстарды қанағаттандыру үшін шетелдің пайдасына жұмыс істегеннен гөрі өңіраралық ынтымақ орнатудың тиімді екенін жеткізді. Бұл салада төрт облыстың да әлеуеті толық игерілмей отырса керек. Әсіресе, қайта өңдеу ісі сылбыр дамуда. Аңсар МҰСАХАНОВ бұл дерегін нақты сандармен бекіте түсті. Төрттікке кіретін облыстарда көкөніс өнімдерінің 4,2 пайызы, еттің 28 пайызы, сүттің 35 пайызы ғана қайта өңделуде. Сапа мен еңбек өнімділігінің деңгейі де қажетті межеде болмауының салдарынан импортқа тәуелділік азаймай тұр. Бұл тенденцияға шикізаттың сапасыз болуы да өз ықпалын қосуда. Егер төрт аймақтың агроөнеркәсіп саласындағы әлеуетін ұтымды пайдаланар болсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 11 пайыздан 20 пайызға дейін арттыруға болады.

Мұғалжар жылқысы, Алатау сиры, етті меринос қойлары сынды асыл тұқымдар күні ертең бірыңғай кеңістіктің өзіндік брендіне айналуы тиіс. Бұл бағытта «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасының аясын кеңейту қажет. Қымыз, шұбат, қазы-қарта, жал-жая сияқты ұлттық жеңсік астарымызды да брендке айналдыру үшін әуелі бірыңғай кеңістіктегі сұранысты арттырып, тәжірибе алмастырылмақ. Мәселен, Алматы облысында жылына 150 мың тонна шұбат өндіруге мүмкіндік бар. Бұл өңірдің өз сұранысынан төрт есе көп. Осы сұраныстың орнын қалған үш облыстың қамтамасыз етуіне болады.

Бұл саладағы жергілікті өндірушілердің қолын байлап, аяғына тұсау салып отырған кедергілер де айтылды. Соның ең негізгілері кедендік одақтың әсерінен туындап отырса керек. Өзімізде бар өнімдердің сырттан емін-еркін келуі, жергілікті өнімді сыртқа тасымалдау ісіндегі, шекаралық құжаттарды рәсімдеудегі қиындықтар мұқият қарауды талап етіп отыр. Дей тұрғанмен, кедендік одақ отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін шыңдайтыны анық екенін айтты Аңсар МҰСАХАНОВ.

– Төрт облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі мүмкіндіктерін толықтай пайдалану арқылы Астана мен Алматы қалаларында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болатынына көзіміз жетіп отыр, - деді ол сөз соңында.

Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстың орындылығын айта келе: – Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен бірлесіп тұрақтандыру қорының өнімін саудалайтын орын салу – уақыт талабынан туындап отырған әрі өте тиімді жоба. Біз даму институттарын сол үшін құрғанбыз. Өнімді сақтайтын орын болса, тасымалдау қиындығы жоғалады. Сондай-ақ, маусым аралықтарында пайда болатын бағаның күрт өсуіне де тежеу қойылады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі байланыстың дамуына баса көңіл бөлген жөн, - деді.

Павлодар облысының Әкімі Ерлан АРЫН әлеуметтік, көлік және энергетикалық инфрақұрылымның жағдайы мен даму болашағы туралы мазмұнды баяндама жасады. Ең алдымен энергетика саласына тоқталған ол бүгінде Павлодар облысы еліміздегі барлық электр қуатының жартысына жуығын өндіріп беріп отырғанын, бұл өңірде қуат көзіне тапшылық жоқ екенін айтты. Есесіне үш облыстағы электр энергиясына тапшылық 8,8 млрд.кВт/сағатты құрайды, соның ішінде Шығыс Қазақстанда –2,2 млрд.кВт/сағат. Осы ретте баяндамашы Үкімет басшысының алдында құрылысы 2017 жылға жоспарланған ВЛ-220 кВ «ЕЭК-ПС Өндірістік» жаңа желісінің мерзімін 2014 жылға ауыстыруға ұсыныс білдірді. Егер аталмыш нысан іске қосылса, өңірлердегі қуат көзіне тапшылықтан құтылуға мүмкіндік тумақ.

Сондай-ақ,  Ерлан АРЫН көлік инфрақұрылымын дамыту аясында өңірлер үшін жалпы көлік-логистикалық хаб құру, Астана-Павлодар-Өскемен бағыты бойынша «Орталық-Шығыс» автокөлік дәлізі құрылысын жүргізу, «Павлодар-Түркістан» темір жол желісін Өскеменге дейін ұзарту, кеме қатынасын жолға қою, аталған төрт облыстың орталықтарына ұшатын әуе рейстерін ашу секілді жобаларды іске асыру қажеттігіне тоқталды. Темір жол демекші, бір қуанышты хабар 2014 жылдан бастап Астана мен Өскемен арасында (Павлодар арқылы) «Тальго» жүрдек пойызы жолаушылар тасымалдамақ.

Өңірлердегі орманды алқаптардың аумағын ұлғайтуға қатысты бірқатар міндеттер тұр. Атап айтқанда, Павлодар облысындағы бұрынғы алты тұқым бақты қайта қалпына келтіріп, аумағы 20 гектарлық ағаш көшеттерін өсіретін жаңа тұқым бақ салу. Одан бөлек Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының тұқым бақтарымен 300 мыңға дейін қылқан жапырақты ағаш көшеттерін алу жөнінде алдын ала келісім жасалған. 

Инновациялық жүйелерді интеграциялау бойынша Алматы облысында жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру, Павлодар облысында энергетикалық машиналар құрылысы, Қарағанды облысында тау-кен өндірісі тәрізді конструкторлық бюролар ашуға мүмкіндік бар.

Павлодар облысының Әкімі Ерлан АРЫН сонымен қатар, білім беру, денсаулықты нығайту және қорғау, туризмді дамыту, өңіраралық еңбек миграциясы, елді мекендерді ұялы байланыспен толықтай қамтамасыз ету тақырыптарын қозғап, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.

Өз кезегінде Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ туризмді дамыту мәселесінде осы төрт облыстың мықты әлеуетін толық пайдалану қажеттігін ескертті.

– Шығыс Қазақстанның табиғаты қандай керемет, нағыз Швейцарияның өзі. Сол сияқты анау Павлодардың Баянауылын, Қарағандының Қарқаралысын, Алматының Алатауын алып қарасақ, бәрі де көз тоймайтын көрікті жерлер. Алакөл сияқты көл басқа қай жерде бар? Осы игіліктерді табыс көзіне айналдыруымыз керек. Туризм - экономиканың үлкен бір табысты саласы. Сол себепті табиғи байлықтарымызды пайдалану үшін бірінші кезекте туристік инфрақұрылымды дамытудың ірі мастер-жоспарларын әзірлеп алуымыз керек, - деп нақтылады Үкімет басшысы.

Қашан да көмірімен мақтанатын Қарағанды облысының еліміздің өнеркәсіп саласында алатын орны бөлек. Бұл аймақта қазба байлықтары мен ауыл шаруашылығы шикізатының негізінде көмір өндіру, энергетика, қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау және металл өңдеу, құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсіптері дамып, облыс экономикасының негізгі салаларына айналған.

Өз кезегінде ақпарат берген Қарағанды облысының Әкімі Бауыржан ӘБДІШЕВ жүйе құраушы кәсіпорындардың шағын және орта бизнесті қолдауы, өңірлерде көмір өндірісін, құрылыс индустриясын, машина құрастыруды дамыту тақырыптарын қаузады.    

Жиын барысында көтерілген мәселелерге қатысты Премьер-Министрдің орынбасары Әсет ИСЕКЕШЕВ, Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, сондай-ақ, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Ауыл шаруашылығы, Көлік және коммуникация министрлері сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. 

– Бүгінгі форумда тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму үшін өңірлер арасындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырдық. Жалпы аймақтарды дамытудың алғашқы қадамы 2011-2012 жылдары Елбасының тапсырмасымен жасалған болатын. Мәселен, осы мақсатты көздеген моноқалаларды дамыту, «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы» сияқты бағдарламалардың қабылдануы бүгінде өзінің жемісін беріп отыр. Бұған қоса биыл Президенттің Жарлығымен Өңірлік даму министрлігі құрылды. Демек өңіраралық интеграция ел экономикасын өрге бастырудың өзегі болуы тиіс. Кедендік Одақ шеңберінде отандық өнімдердің бәсекеге қабілетті болуы үшін де аймақаралық интеграцияның маңызы зор. Осындай келелі жиынды өткізуге мұрындық болып, идея ұсынған Шығыс Қазақстан облысының Әкімі Бердібек Мәшбекұлына ризашылығымды білдіремін, - деген Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ келешекте республиканың өзге өңірлері арасында дәл осындай ынтымақтастық байланысты нығайтатын форум өткізу міндетін Өңірлік даму министрлігіне тапсырды.

Бұған қоса Үкімет басшысы талқылаулар қорытындысын шығара келе, мұндай кездесулер мемлекет пен бизнес арасында өзара түсіністікті арттыруға, іскерлік байланыстар мен аймақаралық кооперацияны дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Аймақтармен қарым-қатынас орнату үшін Өңірлік даму министрлігіне аймақаралық ынтымақтастық бағытындағы әлемдік тәжірибені егжей-тегжейлі үйреніп, соған сәйкес зерттеулер жүргізуді тапсырды.

Ішкі аймақтық кооперацияның дамуында жергілікті атқарушы органдардың рөлі жоғары тұрғанын атап көрсеткен Серік АХМЕТОВ аймақты дамытудың тәсілін өзгерту және қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы шешімдер іздеу қажеттігіне баса назар аударды.

Бүгінгі таңда өңірлерде маңызды инвестициялық жобалар іске асырылып, арнайы экономикалық аймақтар, индустриялық парктер, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар құрылып, жұмыс істеуде. Қаржы құюға дайын инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары көптеп ашылуда. Премьер-Министрдің айтуынша, егер Шығыстан бастау алып отырған өңіраралық интеграцияны республиканың Солтүстік, Оңтүстік және Батыс аймақтарында да жүргізетін болса, бүгінгі қол жеткізген табыстар мен көрсеткіштер еселене түсетініне сенім мол. Себебі, аймақтық байланысты дамыту ең әуелі өнеркәсіптік және кластерлік кооперация, әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорация, туризмді дамыту, кадрмен қамтамасыз ету сияқты басқа да көптеген салаларда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Осындай игі мақсаттарды ұстанған өңірлік интеграция форумы шеңберінде Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстарының әкімдері арасында аймақаралық байланыстарды кеңейту және өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Жиын соңында төрт облыстың әкімдері құны 20 миллиард теңге болатын барлығы 40 келшісімшарт жасасты. Ал облыс әкімдері тарапынан айтылған көптеген ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта жүзеге асырылатын іс-жоспарларға енгізіліп, жүйеленді.

Бұл күні түстен кейін Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВ бастаған ресми делегация өкілдері, сонымен қатар, өзге де форумға қатысушы лауазымды тұлғалар «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының титан құймаларын өндіретін цехында, «ПОСУК Титаниум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және күн батареяларына қажет фотоэлектрлі пластиналар шығаратын «Kazakhstan Solar Silicon» зауытында болды.

Өскемен титан-магний комбинатында Премьер-Министр титан құймаларын шығаратын цехтың жұмысымен, құрал-жабдықтарымен және «ПОСУК Титаниум» кәсіпорнының құрылысымен жете танысты. Комбинаттың қаржы директоры Әсем Мамытованың айтуынша, ТМК – кеуекті титан, құйма және ұнтақ түріндегі магний, ванадий тотығын өндіретін әлемдегі ең ірі зауыттардың бірі. Дайын өнім негізінен Ресейге және өзге де шет мемлекеттерге, сонымен қатар, еліміздегі кәсіпорындарға өткізіледі.

Ал қазіргі кезде салынып жатқан «ПОСУК Титаниум» бірлескен қазақ-кәріс кәсіпорны келешекте титан құймалары мен сләбілерін өндіретін болады. Зауыттың жалпы құны шамамен 7 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл – Оңтүстік Кореяның «ПОСКО» корпорациясы мен «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының ортақ жобасы. Бұл жерден шығарылатын дайын өнімді еліміздің ішкі нарығы және Оңтүстік Кореяның кәсіпорындары тұтынатын болады. 

Бұдан соң Премьер-Министр Серік АХМЕТОВ «Kazakhstan Solar Silicon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты зауыттың фотоэлектрлі пластиналар шығару цехында болды. «Қазатомөндіріс» компаниясының басқарма төрағасы Владимир Школьник Үкімет басшысына «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында өздері іске асырып жатқан жобаларды таныстырды. Сонымен қатар, ресми топ цехтардағы технологиялық құрал-жабдықтарды және олардың орнатылу барысын көріп, кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесті. Мәртебелі меймандар назарына кәсіпорынның шикізаттары мен болашақ дайын өнімдері, атап айтсақ, кварц, кремний блоктары және фотоэлектрлі пластиналар мен күн батареясының модулі ұсынылды. Палстиналар осы жерден Астанадағы зауытқа жөнелтіледі, күн батареялары елордамызда құрастырылатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, аталмыш бірегей зауыттың құрылысы өткен жылдың көктемінде басталған-ды. Қазіргі кезде мұнда Еуропа елдерінен, негізінен Франциядан жеткізілген ең озық үлгідегі күрделі құрал-жабдықтар мен қондырғылардың соңғы легі орнатылуда. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, француздың әлемге әйгілі «ЕСМ» және «SЕМСО» фирмалары шығарған негізгі технологиялық құрылғылар алғашқы сынақтан сәтті өткізіліпті. Жуық арада зауыт толық іске қосылмақ. Ал осы жылдың соңында кәсіпорын өзінің толық өндірістік қуатында жұмыс істей бастауы тиіс.  

Бұл зауытта еліміз үшін мүлдем жаңа өнім, яғни, күн батареяларының басты бөлшектері – фотоэлектрлі пластиналар шығарылады. Өндіріс Францияның дайын технологиясын тұтас көшіруге негізделген. Басты шикізат – Алматы облысының аумағынан қазылып алынатын металлургиялық тазалықтағы кремний. Владимир Школьниктің айтуынша, мұндай саф кремний әлемде екі-ақ жерде кездеседі, Аустралияда және Қазақстанда.

– Бұл – заманауи ғылымға негізделген, жоғары технологиялық кәсіпорын, ол нарыққа жартылай шикізат емес, әлемдік бәсекеге қабілетті дайын өнім шығарады. Осы зауыттың арқасында еліміздегі баламалы энергетика өз дамуының жаңа бір сатысына көтерілмек, – деді кәсіпорынмен танысқан Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВ.   

Сонымен қатар Премьер-Министр Өскемендегі Жеңіл атлетика манежі мен Жекпе-жек сарайының құрылысымен танысты. 680 орынға шақталған, 850 млн. теңгеге жобаланған, Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакованың атына салынып жатқан манеж бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтеріп келе жатқанын айтқан аймақ басшысы спорт ғимаратының екі кезекте жұмыс істейтінін жеткізді. Мұнда 60 метрлік тура жүгіру жолы, биіктікке және аттап секіру секторлары, 200 метрлік айналма жүгіру жолы орын тебеді. Құрылыс басында Шығыстан шыққан Олимпиада чемпионының жеке бапкерін жолықтырған Серік АХМЕТОВ Сергей Алексеевтен Ольга Рыпакованың қазіргі дайындық деңгейін сұрап, білді.

Ал Жекпе-жек сарайы 1450 адамды қамтуға қауқарлы. 1650,7 млн. теңгеге жобаланған кешен бокс пен күрес түрлерін дамытуға арналғанын, негізгі зал 1200 орындық көрерменді қабылдай алатынын естіген Премьер-Министр екі жобаны да жоғары бағалады. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл ғимараттың құрылысына республикалық бюджеттен бірде-бір тиын жұмсалмағанын атап өтті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5350