Бейсенбі, 31 Қазан 2024
46 - сөз 2347 6 пікір 20 Қыркүйек, 2023 сағат 18:12

Халық артисі атағы халық мойындаған өнерпаздарға берілуі керек

Фото: ашық дереккөзден

Сексенінші жылдары Республика сарайында ақындар айтысы өтті. Сол айтыста Жамбылдан келген өндір өнерпаз Әбиірбек Тінәлиев Мұқағалидың Фаризаға арнаған өлеңіне жазған "Фариза" әнімен бұлтсыз күні найзағай ойнатқандай жарқ ете қалды.Содан бері бұл әншінің шығармашылығын ұдайы қадағалап жүремін. "Кісі жары", "Желтоқсан желі", "Толғанай" т.б әндері ел назарын бірден аударды. Өкінішке орай, осы бір әнші, композитордың кейінгі жылдары көркемдік кеңістігімізден көрінбей кетуі алаңдатады.

Әбиірбектің "Анамның тілі" әні тілім деп соққан әр жүрек үшін қымбат.Бұл әннің радио, теледидардан анда-санда жыл ететіні болмаса, көп орындалмайды. . Тыңдарманның талғамын қалыптастыруда, намысын, жігерін жануда мұндай әндердің рухани қуаты күшті. Әсіресе мына алақұйын заманға деген көзқарасы, ой-пікірі енді қалыптасып келе жатқан ұрпақтың санасы осындай әндермен нәрленуі керек. Елді, жерді, ұлтыңды сүю, әлгі біз жиі айтатын патриотизм осы туындылар арқылы қалыптасады. Бұл әннің әуенін бала да тез қабылдайды.Бала ұғымына, жанына жақын.Орта мектептерде ән пәні өтеді. Әннің саздылығы, бала көңіліне бірден қона кетері өз алдына, сол сабақта оның авторлары туралы білу де баланың тұлға туралы танымдық деңгейін, ой-өрісін кеңейте түссе керек. Әсіресе, Алматыда қазақ мектептерін ашуда жанын шүберекке түйіп, кешегі Желтоқсанның қаһарлы күндерінде жүрегі қан жылап отырып күнделік жазған, басқан ізі өмірден озғанша аңдуда болған Шона Смаханүлының осы әннің сөзін жазғанын бүгінгі бала тұрмақ, үлкендер де біле бермейді.
Тілді үйрену, қадірлеу өзге де құндылықтарды бағалау арқылы жүзеге асады. Бала санасында өзгеріс жасап, оны елжанды етіп тәрбиелеу үшін, тіпті бір қауым елдің рухын көтеру үшін бір әннің өзі жетіп жатыр.Мұндай әндер қазақта аз ба? Біз орыстан мысал келтіргенді жақсы көреміз ғой. Блантер тарихта бір ғана " Катюша", "Журавлиімен",Альябев "Бұлбұлымен", Соловьев- Седой "Подмосковные вечерасымен" ( осы бір әнімен мемлекеттік сыйлық алды) қалды ғой. Әбиірбектің де басқа әндері бір төбе де, "Анамың тілі" бір өзі бір төбе емес пе!? Ең бастысы бұл әнді халық тоқтаусыз шырқап келе жатқанына да қырық жыл Ал енді бар ғой, осы әнді кіл бір қарадомалақтар бозторғайдай шырылдап айтқанда жаныңды қоярға жер таппайсың-ау.

Бір өкінішті жай, кейбір әндерді оның авторының салмағына, қоғамдағы орнына, танымалдылығына қарап бағалайтын, әндері ел аузында жүрген азаматтарға әуесқойлық тұрғыдан қарайтын бір жаны сірі әдет әлі де қалмай келеді. Осы тұрғыдан келгенде әнін халық жаппай айтып жүрген композиторды ол әуесқой, кәсіби деп бөлмей, алаламай, ортақ туынды, талантты туынды деп қарап, халықтың рухани игілігіне жаратуды ойлау керек.

Айтпағым не? Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда басқаларымен қатар, Қазақстанның Халық артисі атағын қалпына келтіру жөнінде айтты. Әбиірбектей өзі әнші, актер, композитор, дарынды азаматтар әр салада (филармония, театр т.б) ел ішінде баршылық. Ендігі жерде Қазақстанның халық артисі атағы сол баяғы ескі сүрлеумен Астана мен Алматыны айналшықтай бермей, ел ішінде елеусіз жүрген, еңбегі еш, тұзы сор, өнерін халық бағалайтын, әнін халық жатпай-тұрмай айтып жүрген өнерпазға берілуі керек. Солардың бірі де бірегейі бір-екі жылда жетпістің қыр желкесіне шығатын, әлі күнге елеулі атағы жоқ Әбиірбек Тінәлиев.
Осылай болған күнде біз "Әділетті Қазақстан" ұғымына біртабан жақындай түсетін шығармыз. Қайдан білейін, жол үстінде жазылған жедел жазбамда осылай бір дедім.

 

Қали Сәрсенбай

Abai.kz

6 пікір