Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Мәйекті 1796 8 пікір 22 Қыркүйек, 2023 сағат 13:06

Қазақ әдебиеті және көші

Енді бір маусымнан кейін тоқсан жылдық торқалы мерейтойын атап өтетін, құрылтайшысы  Қазақстан жазушылар одағы болып табылатын еліміздің рухани өміріндегі орны өзгеше басылым "Қазақ әдебиеті" газеті дүниеге келген күннен  бастап , қатаң цензураның бақылауында жүрсе де қисынын тауып, қиюын келтіре отырып ұлт мүддесіне қызмет ете білді. 1937 жылғы репрессия және кейінгі тың игеру кезінде жүрісінен жаңылғаны болмаса, қалған уақытта халықтың "көзі , құлағы" бола білді. Зиялылардың үні мен тілегін оқырманға , билікке жеткізді. Фашизмге қарсы соғыста халықты береке-бірлікке шақырып, иық сүйер  азаматтары соғысқа кетіп, жабыққан жұрттың еңсесін көтеріп, ертеңге деген үмітін оятты. 

Хурущевтың "жылымығынан" кейін аштық, күштеп ұжымдастыру, репрессия, тың игеру сынды қоғамдық қозғалыстардың шынайы бет-бейнесін, ұлтқа әкелген зобалаңын астарлап, ишаралап жеткізді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың соңынан бастап біртұтас Совет ұлтын жарнамалап, ұлттық мектептер жабыла бастағанда жазушылар "ұлттық менін" іздеп тарихи тақырыптарға тереңдеп барды. Әуезов қалыптастырған дәстүр "Алтын орда", "Көшпенділер", "Соңғы көш", "Аласапыран" болып тарихи таным, дәстүр мен ділге сусаған халықтың шөлін басты. 1957 жылы және 1962 жылы Қытайдан атамекенге екі дүркін көш келді. Сонымен төңкеріс, аштық, репрессия қажытқан халықтың бойына тілін, дінін, ділін, дәстүрін ұмытпаған жаңа қан кеп құйылды. 1972 жылы жазушылар одағының кезекті бір жиналысында одақ төрағасы Олжас Сүлейменовтың "одақтың әр мүшесі өзің оқыған мектепті жабылудан сақтап қал" -, деген үндеуі, Моңғолия сапарында әскерилердің нысана ату алаңына айналған Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерін көріп көзіне жас алған сәті осы газет бетінде жарық көріп , халық санасында сілкініс тудырды.

Батыс пен Кеңес одағы арасындағы қақтығыс пен бәсеке қарулану саласында ғана емес экономика, мәдениет, және әлеуметтік салада қатар өрбіді. Екі алып империяда әлем елдеріне өз құндылықтарын насихаттады. Міне осы кезде Кеңес құрамындағы Қазақстан да өз кем-кетігін толтырудың қамына кірісті. 1976 жылы қыркүйек айында шетелде шашырап жүрген қандастарымызға қаратылған "Отан" қоғамы құрылып кейін аты "Қазақстан " қоғамы деп өзгертілді.  Одан кейін А.Байтұрсынов емлесіндегі "Шалқар" газеті жарыққа шықты. 1980 жылы "Атамекен" радио хабарлары эфирге шығып, алыстағы ағайынның жүрегіне жол тапты.  1978 жылы әйгілі теолог, жазушы Халифа Алтай әйелімен , 1980 жылы Қамза Ұшар, Қамза Илан қатарлы кісілер Атамекен топырағына қадам басты. Осыдан кейін Германиядан Абдурахман Шетин, Мұртаза Бұлтай, Ыдырыс Ербол,  Түркиядан Мансур Тәйжі, Моңғолиядан Ислам Қабыкей , Ауғанстаннан Мухамед Қылыш, Ираннан Ислам Жеменей, Қытайдан Шара Таңжарыққызы (ақын Таңжарық Жолдыұлының қызы. Шыңжаң Университетінің профессоры) қатарлы танымал кісілер елімізге жолаушылап келді немесе біржолата тұрақтап қалды. Жоғарыда айтылған диаспора тұлғаларының елге келгендегі сұхбаттары мен шығармалары "Қазақ әдебиетінде" үзбей жарияланып тұрды.

Тарих доңғалағы жылжып Горбачевтың "жаңаша ойлау, рефарма "заманына келгенде, Кеңес одағының идеологиясында ауқымды өзгерістер басталып кетті. Әсіресе, газет басшылығына жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза мен жазушы Оралқан Бөкей келіп газеттің бағыт -бағдарында түпкілікті бұрылыстар болды. Жұтаған тіл, бүлінген экология, бөгделенген дін мен діл, тұйықталған сана осының бәрі де ашық айтылып, тереңнен сарапталды. Қазақ көшінің ардагері, еліміз көші-қон саясатының қалыптасуы барысында ұзақ жәге қысқа мерзімге арналған бағдармалар жазуға ат салысқан жазушы, драматург, ұстаз , қоғам қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев ағамыздың "Қызыл кітапқа кіретін халық" деген сараптамалық мақаласы және жазушы , журналист Смағул Елубайдың "Алыстағы ағайынға ашық хат" деген  үндеу формасындағы мақаласы сол кездегі ұлттың үніне айналған "Қазақ әдебиеті " газетінде жарияланып үлкен дүмпу қозғады әрі шетелдегі қазақтар арасында қолмен көшіріліп таратылды. Көш тәуелсіздіктен кейін, Орта Азия елдерінің ішінде тек Қазақстанда ғана ішкі-сыртқы саясаттағы басым бағытқа айналып, толағай табысқа жетті десек, осы екі мақаланың тудырған қоғамдық аңысы мен пікірінен бөле қарай алмаймыз. Екі мақалада көтерілген мәселелер мен сарапқа түскен пайымдар Қазақ көшінің бір ізге түсіп, дамуы үшін бағдармалалық құжатқа айналды десек артық айтқандық болмайды.

Тәуелсіздіктен кейін "Қазақ  әдебиеті " шетелдегі және елге көшіп келген қандас ақын-жазушыларға айырықша ықылас танытып келеді. Олардың шығармалары айқара бетке жарияланса, мерейтойларын ұмыт қалдырған жоқ. Газеттің ұстаханасынан шыққан ақын-жазушыларымызда бір шоғыр болып қалды. Мысалы, жазушы Жәди Шәкен, ақындар Тоқтарәлі Таңжарық, Ырысбек Дәбей, Мұратхан Шоқан, Дүйсенәлі Әлімахундар әр кезеңде осы газетте қызмет етті. Қасиетті қарашаңырақ олардың қаламын ұштап, қанатын қатайтып, өрісін кеңейтті.

Қазір қара шаңырақтың тізгінін ұстап, бағдарын белгілеп отырған қарымды жазушы, дүлдүл журналист Дәурен Қуат мырза да қазақ көшінің жанашыры. Ол басқарған "Алтынорда " апталығы мен "Abai kz " порталы құрығы ұзын кісілер қойған тосқауылға қарамастан көш, алаш идеясы, жер мәселесін жеріне жеткізе жазды. Көп адам бара бермейтін барса да жүрдім-бардым, сылап-сипап өте шығатын немесе популистік мақсатта орайын көздеп араласатын осы күрделі де нәзік тақырыптар Дәуреннің журналистік қызметінің табантиер тиянағы болса, жазушылық жасампаздығының қайнар көзі, көркемдік шыңын бағындыру жолындағы темірқазығы болды деп ойлаймыз. Мысалы, "Мүйізтарақ" атты әңгімесінде елуінші жылдардағы қазақ көшінің сыр-сипаты мен мұң-наласы арқау болып, еріксізден екіге айрылған отбасы мүшелерінің  еліне еңіреп келсе де емініп, егіліп барып сіңісіуі әсерлі, шынайы көрініс табады. Ал, "Полковниктің өлімі" атты повесте Ауған соғысы кезіндегі жырақта жүрген қандас пен империя солдаты болып барған қазақтың қиямет тағдыры мен өмірге деген ынтызарлығы, адам жанының әлсіздігі мен өзімшілдігі біртіндеп көз алдына келеді. Империялық мәдениеттің қазақ баласының жаны мен тәніне қалдырған сызаты мен сызы ойбайламай, аттандамай, айыптамай салқынқандылықпен суреттеледі.

Көш ұлттың өткені мен бүгіні және келешегі. Өткенді білгенде ғана бүгінгі ісіміздің берекесі артады, келешегі нұрланады. Әке-шешесі Жетісудың бір басынан көшіп келген кешегі бала, бүгінде ердің жасы елуге келген дана Дәуреннің саласындағы, жадындағы естеліктердің бір бөлігі ғана қағазға түскен болу керек. Дәурен Қуатпен тағдыры ұқсас, заманы бір қаламдас қыз-жігіттер елімізде аз емес. Өткенді ұмытпай, келешекке ғибрат алу үшін ұлт тарихындағы әлі талай ақтаңдақтар мен құпияалар ашылады, көркем образдарға айналып, елдің өзін-өзі тану процесін жеделдетеді деп білеміз.

Қазақ көші объективті және субъективті себептерге, халықаралық қауымдастықтың мүдделік қатынастарына байланысты әлі біразға созылуы, күрделі сипат алуы мүмкін. Бірақ, биліктің үш тармағы қолдап отыр. Төртінші билік назарынан тыс қалған жоқ. Ұлттық бірегейлену үдерісі санамызға, болмысымызға кірігіп, тамыр жайып келеді. Ендеше, "Қазақ әдебиеті " ғасырлар қойнауына жол тарта берсін, Қазақ  көшінің ырысы артып, өрісі кеңіп елімізге құт әкелсін!

 

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051