Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жәдігер 1849 2 пікір 28 Қыркүйек, 2023 сағат 12:42

Мұраларды қорғау қалай қалыптасты?

Дүниежүзілік мұралар – адамзаттың құнды естелігі, оның заттық және мәдени құнының орнын әрқандай нәрсе баса алмайды, әрі ол қайталанбайды.

Бір ел немесе бір ұлт жөнінен айтқанда, жаратылыс және мәдениет мұралары ең әуелі – тарихтың куәсі, сонымен қатар, ол өркениеттің жалғасуын, дамуын шексіз қозғаушы күшпен және рухани байлықпен қамдайды; тағы бір жағынан, дүние жүзі мұралары – адамзаттың ортақ байлығы. Әр түрлі ел, ұлт және мәдениет түрлері арасындағы ауыс-күйісті, түсінісуді, сондай-ақ бірге көркейіп, гүлденуді жебеу жөнінен келелі дәнекерлік роль атқарады.

XXІ ғасырға қадам тастағаннан бері, адамзат ғылыми-техникада бұрын-соңды болып көрмеген табыстарға және прогресске қол жеткізді. Сонымен қатар, іркес-тіркес болған екі реткі дүние жүзілік соғыс адамзат мұраларын бұрынды-соңды болып көрмеген дәрежеде қиратты және зиян келтірді. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған БҰҰ адамзат мұраларын қалпына келтіру және қорғау ісіне мән беріп келеді.

1959 жылы Мысырда Ніл өзенінің жоғарғы аңғарынан сол түста дүние бойынша ең үлкен саналатын су қоймасы – Асуан тоспасы салына бастады. Бұл тоспа салына қалса, Ніл өзенінің суы өзен аңғарындағы Абусербана қасиетті ғибадатханасын басып қалар еді. БҰҰ сол себепті де табаны күректей 18 жыл халықаралық құтқару жұмысын жүргізді. 50 мемлекеттен жиыны 100 миллион доллар жылу жиып, қасиетті ғибадатхананы ақыры сол маңдағы Ажикия аралына көшіріп апарды. Алайда, мұралардың мұндай бағы жанғандары санаулы ғана. Қол қусырып қарап отырар болсақ, адамзат мұраларының тағы қаншасының қиратылатындығына ешкімнің де көзі жетпейтін болар.

Жаратылыс мұрасы – ұлы табиғаттың адамзатқа сыйлаған құнды тартуы, мәдениет мұралары – адамзаттың ата-бабасынан бері дамыған өркениеттің ескерткіші. Ұлы табиғаттың таңдаулы шығармалары мен адамзат өркениетінің деректерін қорғау үшін, 1972 жылы 16 қыркүйекте, 76 ел Парижде «Дүниежүзілік мәдениет және жаратылыс мұраларын қорғау шартына» қол қойды.

6 жылдан кейін, БҰҰ ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар комитеті Италиядағы су үсті қаласы - Венеция сияқтыларды қамтыған 10 орындағы дүниежүзі мәдениет және жаратылыс мұраларының тізімін жариялады.

Көршінің дүниежүзілік мұралары

Қытай – өркениетті де байырғы, тарихи мұраларға бай, табиғат көркі көз сүріндіретін ел. 1985 жылы «Дүниежүзілік мәдениет және жаратылыс мұраларын қорғау шартына» қосылғаннан бері, мәдениет және жаратылыс мұраларды ашу, зерттеу және оны қорғаудың тіректі, белсенді күшіне айналды. Қазірге дейін Қытайдың 29 ежелгі мәдениет нысандары мен табиғат көріністері «Дүние жүзі мұралары» қатарына, ал өнер формасының бір түрі «адамзаттың ауызекі және бейматериалдық мұраларының өкілдік туындысы» қатарына тіркелді. Мұраларды тіркеуге ұсыну жұмыстары қазір де белсенді жүргізіліп жатыр.

Азиядағы Қытайдың дүниежүзі мұралары - Қытай халқының дүниежүзіне қосқан баянды үлесін және жер, су мәдениетінің, ұлттың өзіне жасаған терең ықпалын әйгілейді. Ол дүниежүзіндегі ешқашан үзіліс көрмеген 5000 жылдық тарихқа ие өркениетті, әрі 9 миллион 600 мың шаршы шақырымдық аумақта, географиялық және гуманитарлық алуан түрді, бейнелеп келе жатқан байырғы ел.

Қытай 1985 жылы «Дүниежүзілік мәдениет және жаратылыс мұраларын қорғау шартына» қосылғаннан қазірге дейін 29 орындағы мәдениет және жаратылыс мұралары «Дүние мұралары есімдігіне» енгізіліп, Италия мен Испаниядан кейінгі 3-үлкен мұралары бар елге айналды.

Елдегі 29 орындағы мұралар мыналар: Қытайдың астанасы Пекиндегі Гугуң сарай, Ихьюан паркі, Тянтан паркі, Жоукудяндағы Пекин маймыл тәрізді адамдардың жұрты, Қытайдың солтүстік бөлігін ендей өтетін Ұлы Қорған, Хыбейдегі Чыңды тау саяжайы және оның маңайындағы ғибадатханалар, Санши өлкесінің орта бөлігіндегі Пиңяу көне қаласы, Йүннандағы Лижяң көне қаласы, Жяңсудағы Сужоу классикалық бау-бақшасы, Шаншидің Ши-ан қаласындағы Чин Шыхуаң қабірі және оның ішіндегі Чин Шыхуаң сарбаздарының мүсіндері, Чұң-чиң қаласындағы Дазу тас оймалары, Хубей өлкесінің Удаң тауындағы байырғы құрылыстар, Гансу өлкесінің Дұнхуаң Могау үңгірі, Тибеттегі Будара сарайы, Хынан өлкесінің Лояң қаласындағы Лұңмын тас үңгірі, Шандүңның Чүйфуындағы Күңфузы ордасы, Күңфузы ғибадатханасы, Күңфузы мазары, Миң, Чиң патшалықтарындағы патша әулеттерінің Хыбей өлкесінің Жұңшяң қаласындағы, Хыбей өлкесінің Зүнхуа қаласы және Хыбей өлкесінің Ишян ауданындағы мазарлары, Сычуан өлкесінің Дужяң тоспасы – Чиңчың тауы, Анхұйдың оңтүстігіндегі Шидихүң көне қастағы, Саншидегі Йүнгаң тас үңгірі, Сычуандағы Жиу – жай жылғасы жаратылыс  қорығы, Сычуан өлкесінің солтүстік үстіртіндегі Хуаңлүң жаратылыс  қорығы, Хунандағы Улиңюан жаратылыс қорығы, Йүннандағы Санжяң өзені, Шандұндағы Тайшан тауы жаратылыс  қорығы, Анхұйдағы Хуаңшан тауы жаратылыс  қорығы, Сычуанның Ыми тауындағы Лышан бұты, Фужян өлкесінің солтүстік бөлігіндегі Уйі тауы жаратылыс  қорығы, Жяңшидің солтүстік бөлігіндегі Лушан тауы жаратылыс  қорығы.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555