Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 7113 3 пікір 28 Қыркүйек, 2023 сағат 13:07

«Келісімнің» кесірі кімге тиеді?

Handshake - Hand holding on black background

25 қыркүйек күні «Қос азаматтық. Мәулен Әшімбаевқа шұғыл хат» атты «Ашық хат» жазып, «Abai.kz» ұлттық порталына жариялап едім, кеше сол «Ашқ хатымды» аталған портал алып тастапты.

Әрине, ол хатты сайттың бас редакторы Нұргелді Әбдіғаниға «Abai.kz» порталының құрылтайшысы  Дәурен Қуаттың немесе Қытай президенті Си Цзиньпи́ннің алдырып тастамағаны белгілі. Бұйрық басқа жақтан келген болуы мүмкін.

Мұндай жағдай менің басымнан «Ескі Қазақстанның» кезінде  көп өтті. Қазір де жалғасып жатыр.

Бір жағынан осындай хаттарың мен мақалаларыңның биліктің назарын аударғаны үшін сайттардан алынып қалғаны үшін қуанасың. Екінші жағынан күледі екенсің. Себебі, менің осындай билік жағынан қудалауға ұшырап, «Abai.kz»-тен алынып қалған мақаларым Ермұрат Бапи ағамның «ДАТ» газетіне немесе өзімнің әлуметтік желілердегі парақшаларымда жарияланып жатады. «Abai.kz»-тен Жоғарғы жақ алдырып тастаған кешегі «Ашық хатымды» да бүгін «Қазақстан Дәуірі» газеті алтыншы бетіне айғайлатып отырып басыпты.

Осындай сәтте көз алдыма басын құмға тығып алған түйеқұс байқұстың қылығы елестейді. Соған күлем.

Бірақ,  «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы күлетін, ойнайтын шаруа емес.

Ол – ұлттың тағдыры мен мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе!

Сол үшін де күн демей, түн демей, көз майымызды тауысып, ұйқымызды бөліп, өз пікірімізді айтып жатырмыз. Біраз депутаттармен телефон арқылы сөйлестік.

Байқаймын, «Кәрі өгіз секілді алдына келгенін шайнамай жұту – Мәжілістің ежелден келе жатқан әдеті. Әсіресе, көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасына келгенде» деген сөзіме Мәжіліс депутаттарының біразы шамданып жатқан секілді.

Жоқ, шамданбау керек!

Қайта ойланған, өкінген дұрыс!

Тамараның талтайып тұрып жасап берген «Көші-қон туралы» заң жобасын Қос палатаның осы биыл таусамай жұтқанын, ондағы қандастарымыздың қоныстанатын жерін таңдау және азаматтық алу құқығын шектейтін нормасын сол беті қабылдай салғаны шындық қой.

Министрлік те, Мәжіліс те, Сенат та ҚҰҚЫҚ пен САЯСАТТЫ айыра білмейтінін,  конвенция мен Конституцияңды «ұрмайтындығын» көрсетті емес пе?!

Бұл жолы да солай істеді.

Алдыларына келген «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын тоқсан сегіз депутат бір ауыздан қолдай салды. Көші-қон, қандастар мәселесімен айналысып келе жатқан Қытайдан оралған саясатшылар мен қытайтанушылар, Құдайға шүкір, аз емес.

Айтпақшы, Қазақстан азаматтығын алған соң, Қытайға барған сапарында қуғынға түсіп, Қазақ стан Төлқұжатын Қытай қауіпсіздік органы тартып алып, төрт жыл бойы Құлжада жіпсіз байланған ақын Бекқожа Жылқыбектен сұраса, бәрін жіпке тізіп айтып беретін еді ғой.

Солардың біреуімен осы Заң жобасы туралы бір депутат кеңесіп пе екен?.. Тек, «Азаматтардың қос азаматтығы туралы ақпаратты тек олардың келісімі бойынша ғана береміз. Көбіне азаматтар мұндайға келісім бермейді. Бүгінгі келісімнің ратификациясы осы деректерді жедел алуға мүмкіндік береді. Қос азаматтықты анықтау туралы сұраққа тоқтасақ, бұл күнделікті жұмыс. Биыл 462 адам қос азаматтығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірақ Қытай бойынша ондай анықталған жоқ», – деген  Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың сөзіне имамдай ұйыған, бір-екі депутат екі-үш сұрақ қойған, болды, сөйтіп барлығы алдында тұрған кнопкаларын баса-баса салған...

Арғы тарихты айтпай-ақ қояйын.

Осы Тәуелсіздіктің арқасында Атажұртымызға оралдық. Өз басым 2007 жылыдан бері Қытайға барған емеспін. Оның алдында ауылға барып-келіп жүрдік. Бір жолы Жанарбек Әшімжанов інімді (қазіргі Мәжіліс депутаты) Үрімжіге емдетуге алып барып, Құлжа айналып келдік. Әрине, Жанарбек өз қаражатымен емделді. Мен аға-досы ретінде ертіп барып, қасында болдым.

«Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға түскеннен бері, ескі жараның аузы тырналып, басымыздан өткен оқиғалар есімізге түсе бастады.

Сол кездің тәртібі бойынша, басында «Ықтиярхатпен» жүрдік. Құлжаға әр барған сайын Қытай ҰҚК-нің қызметкерлері бізді шақырып, сұраққа тартатын. Сондағы сұрақтарының бір парасы – «Қытайдан Қазақстанға барғандардан кімдермен араласасың?», «Олар Қазақстан азаматтығын алды ма?», «Үкімет адамдарына жақын жүретіндерден кімдерді танисың?», «Үкімет жағынан қолдау алып байыған оралмандар бар ма?», «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына жиі барасың ба?», «Қауымдастыққа кімдер жиі барады?»... Қойшы, осындай сұрақтармен Қонақ үйлердің бір бөлмесін темекінің көк түтінімен тұмандатып, қаншама тергелдік біз. Бұл – басы.

Кейінтінде ақша ұсынып, талаптар қоя бастады...

Бүгін қарап отырсам, Қытай енді анау-мынаудан сұрап әуре болмайтын болды, Атажұртқа оралған қандастар туралы ақпаратты біздің Үкіметтен тікелей сұрап ала бермек. Қос палатаның депуттаттары қос қолдарын көтеріп, соған жол ашып бермек.

Әрине, мен Мәжіліс пен Сенаттың бүкіл депутатын мансұқтаудан аулақпын. Білікті, ықпалды, өзім қатты сыйлайтын біраз аға-іні депуттарым бар. Бір Қазыбек Исаның өзі неге тұрады!

Әрине, аталған «Келісім» Қазақстан тарапының емес, Қытай жағының талабымен жасалғаны белгілі. Себебі, Қазақстаннан барып, Қытай азаматтығын алып жатқан Қазақстан азаматтары жоқ деуге болады. Болса да бірен-саран болуы мүмкін.

Бірақ, бұл жолы Мәжіліс қатты қателесті. Қандастарының басын қатерге тікті! Егер, аталған «Келісім» ратификацияланып кетсе, ұлт пен мемлекеттің тағдыры тығырыққа тірелмек!

Иә, кейбір бұлбұл депутаттар эфирге шығып алып, «Мұндай заңдар әлемдік тәжірибеде бар...» деп, сайрап жатыр. Ал мен сұрар едім сол мырзалар мен ханымдардан: «Сіз Қытай қанша мемлекетпен осындай ақпарат алмасу туралы келісім жасасыпты? АҚШ пен Қытай арасында осындай келісім бар ма екен? Бар болса, нәтижесі қалай болыпты, зерттеп көрдіңіз бе?! Бұл жерде үш миллионнан астам қазақтың тұрғанын, мына келісімнің тіке сол қандастарымыз үшін жасалып жатқанын ойламадыңыз ба?! Әлем қайда, Қазақстан қайда?!» – деп!

Мүмкін олардың айтып отырғаны Орта Азиядағы Түркі мемлекеттерінің арасындағы келісімдер шығар. Батыс елдері Қытаймен мұндай келісімдерге барса да, байқап-байқап, жеті өлшеп, бір кесіп баруы мүмкін. Біздің депутаттар секілді «шайнамай жұту» деген оларда жоқ!

«Келісім» ратификацияланса, ертең бірінші болып Қазақстан үкіметі емес, Қытай үкіметі ақпарат сұрайды.

Басқа емес, Ауыт Мұқибектің ақпаратын сұрауы мүмкін.

Иә, мен – Мұқибек Ауыт 2006 жылы 21 наурызда Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым. Мен азаматтыққа құжат өткізгенде, Қытай азаматтығынан шығару туралы Қытайдың сол кездегі президенті Ху Цзиньтаодың атына өтініш жазып, оны Көші-қон полициясына қоса тапсырдым. Азаматтығым шыққан соң, сол кездегі тәртіп бойынша, Қытайдың төлқұжатын Еліміздің Көші-қон полициясына тапсырып бердім.

Содан бері он жеті жыл өтті, мен қазір Қытай азаматтығынан шыққанымды не шықпағанымды білмеймін.

Бірақ, сол кездің тәртібімен Қазақстан азаматтығын алдым. Өзімді «Қос азаматтығы» бар адам деп есептемеймін. Қазақстанның толық қанды азаматымын!!!

Осы тәртіппен Қазақстан азаматтығын алған жалғыз мен емес, Қытайдан оралған қандастарымыздың тең жартысы осы жолды басып өтіп, Қазақстан азаматы атанған болуы керек!

Енді Қытай үкіметі «Келісім» бойынша, «Мұқибек Ауыт Қазақстан азаматтығын алған ба, жоқ па?!» деп, Қазақстаннан мен туралы ақпарат сұрады делік.

Қазақстан үкіметі: «Иә, Мұқибек Ауыт Қазақстан азаматтығын 2006 жылғы 21 наурызда алған...» деп, Қытайға мен туралы барлық ақпаратты берді делік.

Қытай үкіметі: «Онда, Мұқибек Ауыт әлі күнге дейін Қытай азаматы, оны Қытайға қайтар!» деп, талап қояды.

Сөйтіп, Қазақстан үкіметіне не Мұқибек Ауытты Қытайға қайтаруға тура келеді немесе «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деген Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-бабының 3 тармағын өзгертуіне тура келеді.

Дау жоқ, мен білетін Қытай үкіметі осындай қадамға сөзсіз барады! Қытайдың сайттары әлден бастап осылай айтып та жатыр!

Тіпті, Қытай мұндай қадамға бармаған күннің өзінде, жекелеген азаматтарымыздың ақпаратын сұрап, оларға психологиялық қысым жасауы, өз еркіне көндіруге әрекет етуі мүмкін.

Айтпақшы, Қазақстан азаматтығын алған Асқар Азатбекті Қытай сақшылары Қорғас кеден бекетінің аумағынан ұстап әкеткелі қанша жыл болды, соны іздеген Қазақ үкіметі бар ма?!

Керек болса, Қытай паспортымыз бен визамызды өздері жасап әкеліп, үйімізден байлап әкетуі де ғажап емес қой. Бұл – бір жағы!

Екінші жағынан, Қытайдан келетін көш баяулайды, қандастарымыздың азаматтық алуы қиындайды. Сөйтіп, халықтың тыныштығы бұзылады.

Қысқасы, депутаттар бұл жағын да ойлағаны дұрыс!

Сенат Құдайдан қорықпаса да, Қытайдан қорыққаны жөн!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5554