Нұртас ИМАНҚҰЛ. Ницшешілдік қазақ казусы
Vivo, еrgo cogito - өмір сүріп тұрмын, демек ой кешемін. «Құдай өлген, енді біз Үлкенкісінің өмір сүргенін қалаймыз, сіз өз ерігіңізді және өз құндылықтарыңызды адуынды өзенге ағыздыңыз; ерік, билікке деген ерік; кім өз еркіне бойсұна алмаса, оны билік бойсұндырады» Ницше.
Қазақстанда мемлекеттік тіл – өлі тіл. De mortuis aut bene, aut nihil – өлілер туралы жақсы айту керек немесе ештеңе айтпау керек. Өз ана тілінде сөйлеуге мүмкіндігі мен қажеттілігі болмай өз елінде қазақтың құдаи құқығы тапталуда. Үлкенкісі мен қазақ билігіне, қазақтың өзіне ұлтының мүддесі мен ана тілінің құдіреті көк тиын. Өзінің ана тілінсіз, өз тағдырының ырқы өзінде болмай қазақтар зомбиланған, рухани жат дүниеде, тілдік надандық жағдайда қалуда. Біздің орыстілді билік мемлекеттік тілдің ұлықтығы мен құдіретін, ұлылығы мен өркениеттілігін білгісі келмейді. Тілдік нигилизм, биліктің мемлекеттік тілге қатынасы, қазақ «зиялыларының» бейқамдығы, әрекет етпей Үлкенкісі мен билікке бойсұна беруі – масқаралық құбылыс.
Vivo, еrgo cogito - өмір сүріп тұрмын, демек ой кешемін. «Құдай өлген, енді біз Үлкенкісінің өмір сүргенін қалаймыз, сіз өз ерігіңізді және өз құндылықтарыңызды адуынды өзенге ағыздыңыз; ерік, билікке деген ерік; кім өз еркіне бойсұна алмаса, оны билік бойсұндырады» Ницше.
Қазақстанда мемлекеттік тіл – өлі тіл. De mortuis aut bene, aut nihil – өлілер туралы жақсы айту керек немесе ештеңе айтпау керек. Өз ана тілінде сөйлеуге мүмкіндігі мен қажеттілігі болмай өз елінде қазақтың құдаи құқығы тапталуда. Үлкенкісі мен қазақ билігіне, қазақтың өзіне ұлтының мүддесі мен ана тілінің құдіреті көк тиын. Өзінің ана тілінсіз, өз тағдырының ырқы өзінде болмай қазақтар зомбиланған, рухани жат дүниеде, тілдік надандық жағдайда қалуда. Біздің орыстілді билік мемлекеттік тілдің ұлықтығы мен құдіретін, ұлылығы мен өркениеттілігін білгісі келмейді. Тілдік нигилизм, биліктің мемлекеттік тілге қатынасы, қазақ «зиялыларының» бейқамдығы, әрекет етпей Үлкенкісі мен билікке бойсұна беруі – масқаралық құбылыс.
Тіл – нақты ұлттың маңызды және міндеттік атрибуты, ерекше белгісі, мәдени-тарихи тәжірбиесінің көрінісі, күрделі идентификациялық нышаны және оның өркениеттік өзіндік айқындалуының қайнар көзі. Тіл – қауышудың, коммуникацияның негізгі құралы ғана емес, ол сонымен бірге саяси, экономикалық, әлеуметтік мәжбүрлеу мен бағындырудың да күшті құралы. Осы мызғымас ақиқаттан туындайтын жәйт сол, әрбір ұлт өз тағдырын өзі шешетін болса, өзінің тәуелсіздігін қорғау мен нығайту үшін ана тілінің тұғырын биіктетіп, абыройы мен функционалдық мүмкіндіктерін жан берісіп дамытады.
Леви-Стросс мәдениет тілмен біте қайнасқан, мәңгі уақытта өзгермейтін ойлаудың әмбебаптық құрылымы өмір сүреді және қоғами бейсаналық, қоғами болмысты құрайтын әпсаналық құрылымдарда тарих өз нысанында жүзеге асады, - дейді.
Қазақ тілі – бұрын жарты дүниені билеген ғұндар, түркілер, бұлғарлар, оғыздар, хазалар мен қыпшақ тілдерінің тікелей мұрагері мен заңды жалғасы. Демек, қазақ тілінің тарихы қазіргі фавордағы, ықпалды роман мен герман тілдерінен де көне, байырғы, ерте дүниеден бізге жеткен. Ағылшын, француз, неміс, испан тілдері енді-енді қалыптасып, варварлық диалектен арыла бастағанда, қазақ ата-бабаларының жоғары дамыған жазба тілі болды, оны біз ежелгі түркі тіліндегі әліпбилік жазба ескерткіштерінен айқындаймыз.
Тарихта бәрі танылмастай өзгерсе де ежелгі қазақ тілі, халық жаны, қазіргі қазақ тілі – сол бір ұлттық тіл, ұлт жаны.
Тіл – адамзатқа берілген сый, ал ана тілі – ұлтқа берілген сый, сондықтан ол ұлт құдіреті, ұлттың тіл үшін құрбандығы. Бүгінгі таңда қазақ үшін ұлттық идея – тіл, тіл және тіл. Ұлттық идея – рационалдық құрылым, ұлт ой-зердесі, ол саналы түрде туындап, кейде иррационалды және ержүрек тұлғалар арқылы жүзеге асатын құбылыс.
Қазақтар ең алдымен отарсыздануды тезірек жүзеге асыру керек, жоғалтқан ұлттық бірегейлікті қалпына келтіруіміз керек. Біз әлі ана тіліміздің толыққанды қызмет еткен кезеңіне жеткен жоқпыз. Өркениетті ұлт ретінде ана тілімізде қызмет етсек, көптеген қазіргі мәселелер өз шешімін баяғыда табар еді.
Орыс тілінде іс жүргізу қазақтардың әлеуметтік бейімділігін (мобильдігін) тежеп отыр, егер бәрі қазіргідей орыс тілінде жүре берсе, ғылым, саясат, экономика мен технология қазақ тілінде дамымаса, Қазақстан интеллектуальды – әдеби провинцияға, моралдік жағынан ескірген сапасыз ресей тауарларының өтім аймағына айналады, айналып жатыр.
Ницше көп тілді білу, үйрену ана тілінің неғұрлым нәзік лингвистикалық сезімін шайқалтады, сөйтіп оны қайтарымсыз әлсіретіп, бұзады деп жазған. Теңдесі жоқ, ұлы стилистерді дүниеге әкелген екі халық, - гректер мен француздар, – бөтен тілді үйренбеген. Көп тілді үйрену дегеніміз қажетті түрдегі бақытсыздық, жауыздық; сонымен бірге, осы жауыздық шегіне жеткен кезде адамға өзіне қарсы қоятын қандайда бір амалды табуға мәжбүрлейді; бұлыңғыр болашақта алғашқыда сауда тілі, кейін бәрінің рухани қауышу тілі ретінде жаңа тіл өмір сүретін болады. (Ницше. Шығ.Т.1.383 б.)
Тіл – ұлт геномы, коды, тіл-билік, мемлекеттік қауіпсіздік, үлкен саясат. Қай тілде сөйлесең, сол халықтың рухы, пәрмені үстем етеді. Қазақстандағы ұлт «зиялыларының» бытыраңқылығы, басы бірікпеушілігі, кеудомсоқтығы, қорқақтығы, бейқамдығы, шорқақтығы, сатқындығы мемлекетімізде мемлекеттік тілдің салтанаты үшін күреске бірігуге кедергі болып жүр. Бас басына би болған өңкей қиқымбыз. Тіл үшін күресу керек.
Қазақ билігінің және қазақтың өзінің тілдік мәңгүрттігі, нигилизмі – шын мәнінде масқаралық құбылыс, әдептен жаңылушылық пен рухани жеңіліс көрінісі, бұл тек қоғамда орын алатын ғана емес, сонымен бірге әрбір адамды (қазақты) сипаттайтын үрдіс; бұл бәріміз үшін эгоистік тұтынушылық, рухани құлдық, опасыздық, сатқындық пен надандық.
Жан Лакан былай деп жазған: ұлт психологиясы, психоанализ субъектінің бүкіл тарихының мән-мағынасының көрінісі, ал психоанализдің шығу тегі – тіл. Бұл дегеніңіз адам тілде, яғни таңбалық-рәміздік құрылымда бітімделген. Тек саналық ғана емес, сонымен бірге бейсаналықта тіл құрылымын қайталайды.
Қазақстанда әлі күнге дейін қазақтарда тілдік нигилизм рецидиві, ауруы, дәлірек айтсақ, этнотілдік ренегаттық (опасыздық) орын алуда, кейбір «пысық» қазақтар саналы түрде өз ана тілінен бас тартып, өзінің субъективтік пікірінше «беделі күшті және келешегі зор» өзге тілге басымдық беріп, соны таңдауда. Әрине, бұл жағдайда, кәмелетке толмаған жастарға обал, «білгіш» ата-аналар өз балаларына өзбетінше таңдау құқын шектеп, оқу, тәрбие жұмысы, ұлттық даму үрдісін тежеп, өз этносы тілінен бездіруде.
Көптеген «пысық» қазақтар халық рухынан қол үзген. Тіл жоқ болса – халық жоқ. «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық - балық». Тіл толыққанды қызмет етпесе, ол өлі тіл, бұл тарихта дәлелденген. Қазақ тілі – Алланың қазаққа берген сыйы. Ана тілі – әрбір адамға Алла берген жан, сана, рух, парасат, ауа, өмір сияқты сыйы. Ана тілінде сөйлемеу, оны білмеу адамның ақыл-ой, ойлау қабілетін, халықтың жасампаздық, шығармашылық қуатын нашарлатады.
Ницше, кім өзіне жат, бөтен тілде нашар сөйлесе, тәуір сөйлейтін адамға қарағанда, көп қуанышқа бөлінеді, – дейді. Рахаттану тек жартыкештерге тән. Малшыға әрқашан мал-аудармашы керек, өйткені қажет кезде өзі де мал болмауы үшін (Ницше. Шығ.Т.2. 303-б.).
Өзінің түйеқұс саясаты, яғни басын құмға көміп алған қазақ билігі тіл саясаты саласында шешілмеген мәселелер еліміздің қоғами-саяси тұрақтылығына қауіп төндіретіндей үрейден арылмай жүр. Егер мемлекеттік билік иррационалды болса, дұрыс емес, бұрыс жолды таңдаса, онда ол үрей мен қауіпке душар бола береді. Ал саяси ұпай жинауда дәрменсіз билікке үрейді өршіту таптырмайтын әдіс-құрал болып табылады.
Халықаралық стандарт бойынша, мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік билік – заңсыз билік, мақау билік. Кім түсінгісі келмесе, соқырға таяқ ұстатқандай түсіндірейін – кез-келген өркениетті елде, қуатты мемлекетте мемлекеттік тіл – мәжбүрлеу тілі, зорлық тілі. Тек Қазақстанда ғана қорқақ, бейқам, дүбәра билік өз мемлекеттік тілінен үрейленеді!
Қазақстандағы билік қазақ этносының тарихи мән-мағынасын, маңызын, оның қазіргі замандағы этномәдени даму деңгейін білмейді, білгісі келмейді. Қазақ билігі қазақ тілін мемлекеттік деңгейге жеткізуді өздері қасақана, саналы түрде, әдейі тежеп отыр, люстрацияны радикалды шешім деп үрейленіп отыр.
Үлкенкісі, қазақ билігі, еліміздегі қазақ бүкіл әлем қазағына тіл мәселесінде «кінә комплексін», «қауқарсыздық комплексін» (Фрейд) таңып отыр. Біз мемлекеттік тілдің мынадай маңызды функцияларын түсінбейміз, түсінгіміз келмейді: онтологиялық, гносеологиялық, дүниеге көзқарастық, психологиялық, аксиологиялық, эвристикалық, қорғаныш және 17 миллион функция.
Данышпан Сократ: «адам рухының бейімі қалай болса, адамның өзі де солай; адам қалай болса, оның сөзі де солай; сөзі қалай болса, ісі де солай; ісі қалай болса, өмірі де солай», деп айтқан.
Бұдан алты жыл бұрын Әділ Толғанбаев былай жазған еді: «Қазақтарға ХХІ ғасырдың қазақ мәдениеті қажет. Ол тек ана тілінде креативті (жасампаз). Қазақ өз жерінде барлық халықты қазақ мемлекеттілігі діңгегіне біріктіре алатын қабілетін дәлелдей алса ғана өз-өзінде болады. Ұлттық бірегейлену үрдісі бүкіл әлемде жүріп жатыр. Ұлттық платформаны құру – бұл болмай қоймайтын тарихи қажеттілік. Егер мемлекетке ұлттық тіл мен ұлттық мәдениетке басымдылық беру айқын болмаса, ол мемлекет – қауқарсыз» (4.05.2007).
Әлбетте, Үлкенкісінің өзі, билік, яғни президент әкімшілігі, парламент пен үкімет, министрліктер, жергілікті атқарушы және өкілетті органдар Конституциядағы жарияланған және заңдар мен құқықтық актілерде жазылғандарды, мемлекеттік тілді мемлекеттік басқару органдарының жұмысында қарқынды ендіру ісін бұлжытпай орындаулары керек!
Жуырда Бахтияр Албани: «Тіпті, біздің заңдарымыз орысша жазылады және сонан кейін барып орыс тілінен қазақ тіліне кеміс аударылады. Бұл абсурд. Тәуелсіз елде заңдар ана тілінде жазылуы керек. Жер шарында орыс тілінде сөйлейтін бар-жоғы үш парламент бар: ресейлік, белорус және қазақ. Бұл дегеніңіз қисынсыз жағдай ғой! Әрбір депутаттыққа кандидат қазақ тілінен емтихан тапсыру керек», деп жазды (7.03.2013).
Өзінің ана тілі, мемлекеттік тілде сөйлемейтін қазақтың тек миы ғана емес, ар-ұяты да жоқ, ол өзінің ұлтының, мемлекетінің мүддесіне сатқындық жасайтынын, яғни өзін қорлап, жәбірлеп отырғанын түсіне алмайды.
Ақылды – зерек Айдос Сарым былай деп жазады, сол қазақтар саналы, әрі мақсатты түрде ақпараттық-саяси дискурсты қалыптастырып және таратып, қазақ патриоттарына, сарапшыларына қарсы шығып, жалпы «қазақ дискурсын» тұрпайыландырып, әжуәлап жүр. Сорақысы сол, өзі қазақ бола тұрып бұлар қазақтан, терең қазақи контекстен марқұм. Осы контекстке терең бойламай, қазақ басылымдары мен интернетті оқымай өздерінше «қазақ мәселесінде» жетекші сарапшыларымыз деп арсыздық пен көргенсіздікке ұрынып жүр (7.03.2013). Аспанды тіреп тұрсаң да, миыңды бес елі май басып кетсе де, егер сен ана тіліңде Абайды, Әуезов пен Назарбаевты оқымасаң, өз халқыңның тілімен өмір сүрмесең, сен қалайша қазаққа ақыл үйретесің, қазақ болып жүрсің? Осындай жеккөрінішті біреулердің қазақ социумын, ұлт-мемлекеттің қаймағын бұзуға әкелетін антимемлекеттік, антиғылыми ізденістеріне қалай бей-жай қарайсың, шыдайсың. Ең болмағанда оларға қоғами лағнет пен бойкот жариялау керек. Айдостың айтуынша бұл «клиника, бейабортсыздық жағдай».
Тәуелсіздіктің жиырма екінші көктемі келсе де, әлі күнге дейін билікте мемлекеттік тілді меңгермеген «сақаулар», «кекештер» К. Мәсімов, М. Тәжин, Т. Құлыбаев, Е. Ідірісов, Ә. Жақсыбеков, Е. Ертісбаев, Ғ. Қасымов және көптеген қазақтар отыр. Мемлекеттік тілде ойламайтын адамды қалай саясатта, мемлекеттік билікте ұстауға болады? Ленин «саяси жезөкшелік» деген ұғымды қолданған. Олардың орнына екі тілде, мемлекеттік тілде сауатты сөйлейтін мыңдаған үміткер бар емес пе? Бұл нонсенс. Қазақ казусы. Қазаққа мазақ. Күпірлік. Мұндай құбылыс тек Қазақстанда бар. Бұл Үлкенкісі мен бар қазақтың деңгейі мен эрудициясы, сипаты.
Үлкенкісі ұлы қадам жасады. Мың өліп мың тірілген қазақ тілі реформаны мың заман күтті. Тілді саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері емес, лингвистер жасайды. Кімде кім латын графикасының соңғы, жарамды нұсқасын ұсынса да, егер Үлкенкісі латынға өтуді логикалық нәтижеге жеткізсе, бұл тілдік реформа назарбаевтік болып тарихта қалады. Қазір көп мамандар жалпы түркілік графикаға (34 әріп) өтуді, түркі халықтарының бір-біріне жақындасуы мәселесін көтеріп жүр. Алайда, тіл саласында болсын, жалпы ортақ мәселеде өзбектер мен түріктер өздерінің бағыттарынан таймайды. Қазақиа - Өзбекстан да, Әзірбайжан да және Түркия да емес, біздің алпауыт, мәңгі көршіміз Ресей бар, демек, бізде орыс тілі перманентті, қабаттасып жүре береді. Сондықтан біз ешкімге алаңдамай, өзіміздің ана тіліміздің ішкі болмысы, заңдылықтары мен қажеттілігін ескеруіміз керек.
Меніңше, бұл жағдайда бірегей жол: латын – ағылшын графикасын (26 әріп, 9 аллофон) таңдау керек. Бұл туралы Сейітқасым Байбеков «Жас Алашта», № 21, 19.03.2013 тамаша дәлел келтірген. Қазақ тілі ұлы әдебиет, компьютер, ғылым мен жаңа техника тіліне айналады. Бүкіл қазақстандықтар әлемдік мәдениетке тікелей шыға алады. Келешекте түркі халықтары бізден үлгі алып, үйренуі мүмкін.
Үкімет пен парламентте, бизнесте жалпы билік құрылымында көбісі қазақ тілін біле бермейді, латынға өту үрдісіне олар едәуір қарсылық көрсетеді. Сондықтан, латынға өту кезге шейін, ең алдымен қазақтың өзін ана тілін білуге мәжбүрлейтін, қазақ үшін мемлекеттік тіл туралы шұғыл түрде заң қабылдап, тіл полициясын енгізу қажет. Бір ұлт – бір тіл, бұл ұлылық пен өркениеттіліктің белгісі мен көрінісі. Ана тілді, мемлекеттік тілімізді түпнегіздемей, түбегейлендірмей біз қазақ ешқашан шын мәнінде тәуелсіз, өркениетті, еркін, Ұлы ұлт бола алмаймыз.
Қазақтың өзіндік санасының деңгейі Үлкенкісінікімен барабар. Ана тілімізді тұғырға тұрғыза алмай жүргенімізге әрбір қазақ, қазақстандық интеллигенция, патриоттар, оппозиция, биліктегілер бәріміз жауаптымыз, кінәліміз. Өзіміздің енжарлығымыз, жігерсіздігіміз, өзіндік санамыздың деңгейінің төмендігі, бір Үлкенкісіге, билікке ауыз ашып, қарап отырмыз. Өзімізге де сол керек, бізде өжеттілік, ұлылық пен намыс жоқ. Халық рухы өлген жоқ, ол үрейде, ұйқыда. Үлкенкісі, билік ерігі жасасын! Nietzsche: «Философ мырза, шындықты айтудан, сақтан. Қазір ешкім жойқын ақиқаттан өлмейді, өйткені залалсыздандырудың көптеген амал-қайласы бар». Zarathustra осылай деген.
Abai.kz