Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дәстүр 2142 14 пікір 3 Қазан, 2023 сағат 12:28

Домбыраға шабуыл һәм интернет «шейхтардың» қаупі

Соңғы уақытта жат діни идеологияның уағызшылары әлеуметтік желіде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын «дінге жат» деп ашық дәріптеп жүргенін көзіміз көруде. Сондай бір солақай уағыздың бірі – қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыраны «харам» дейтін шетелдік дін уағызшысының айтқандары. Оның бұл уағызы қазақ қоғамында ызу-қызу талқы тудырды. Қуантарлығы – шетелдік дін уағызшысының бұл айтқандарына наразы болып, қарсы сөз айтушы есті азаматтардың қарасының көптігі. Өкініштісі – қазақтың ұлттық құндылықтарын жоққа шығаратын бұл сөздерге сенушілер де табылып жатты.

Сол себепті де біз дін ұстаушы, имам Әріпжан Жожанұлын аз-кем әңгімеге тарттық.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ИНТЕРНЕТ «ШЕЙХТАР» ШАБУЫЛДАП ЖАТЫР

Әріпжан Қожанұлы, Шығыстағы Бородулиха аудандық Қарбай мешітінің имамы:

- Амал не, өкінішке қарай, шетелдік немесе отандық интернет «шейхтардан» пәтуа алып жүрген кейбір жастарымыздың осындай сауатсыздықтың құрбандығына айналып, «ислам дінінде шекті аспаптарда ойнауға тыйым салынған. Сондықтан, домбыра тарту күнә» деген сыпсың нағыз пікірталасқа айналады дегенді бұдан біраз жыл бұрын ойымызға алып көрмейтін де едік.

Дін иесі болғандықтан қасиеті Исламға жасалған әрбір кері әрекетті БАҚ беттері мен жазбаларынан қалт жібермей шолып отырамыз. Осыдан сәл бұрын әлеуметтік желіде белгісіз қыздың домбыра тартудың күнә екенін айтқан бейнежазбасы тарады. Аталмыш видеоға қатысты белігілі айтыскер Айшолпан Тілеутай пікір білдірген.

Бейнебаяндағы қыз: «Ақыркетте ұлтымызбен, ұлтшылдығымызбен өтпейміз, иманымызбен, некемізбен өтеміз. Мен домбыраға 5 жыл қатыстым. Домбыра тартқаным YouTube желісінде бар. Мектеп кезінде дін туралы білген жоқпын. Күні кешеге дейін домбыра тарттым. Бірақ домбыра – харам. Жүрекке тиді, кір екенің білінеді», – дейді.

Айшолпан Тілеутай желіде отырып үкім шығаратын адамдардың жауапқа тартылуын сұрап:

«Мына қыз секілді әркім келіп, не білімі, не өмірде көргені жоқ өзге ағымдағы азғындаушы адамдардың сөзін жаттап алып, халыққа өтірікті шындай айтатын адамдарға мемлекеттің құзырлы органдары неге жаза қолданбай отыр?.. Кейінгі кезде жанымыздың бір бөлшегі, домбырамызға жан-жақтан шабуылдар көбейді. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы. Қазақтың рухын алу үшін бірінші домбырасын алу керек. Ал біз рухымызды, ұлтымызды, домбырамызды ешкімге бермейміз, таптатпаймыз», - деп өзінің жүрекжарды пікірін айтады.

Шетелдік, отандық интернет «шейхтар» ІТ жетістігін теріс пиғылда пайдаланып, санамызға ойран сала бастады. Біздің өзгелерді кәпір өзін шын мұсылманбыз деп санайтындар салтымыз бен дәстүрімізді мансұқтап, астамшылыққа бой алдырып, шектен шыға бастады. Бұл туралы Abai.kz сайты біраз жарияланымдар жасады.

Шындығында бұл дін саласында бір ортақ ұлттық идеология болмағандықтан дүмшелік таным-түсініктер белең алып, соның нәтижесінде қоғамымызды жайлаған шала сауатты діндарлық түсініктің 70 жылдық атеистік тәлім-тәрбие топырағына тамыр жайып өзінің жемісін берудің бір көрінісі исламдық кертартпа ортада қалыптасқан «музыканы харам» деген пәтуаға сүйене отырып, ұлттық қасиеті аспабымызды, яғни, «қазақтың қара домбырасын» да харам деушілердің қатары күн сайын көбейіп, өздерінің ауызына келген лаққан пікірлерін жұрт алдына жайып, жұртымызды ала тайдай бүлдіріп отырғаны да жасырын емес.

ЖАТ АҒЫМ ИДЕОЛОГТАРЫ ДІНИ САУАТЫ ТӨМЕН АДАМДАРДЫ ІЗДЕЙДІ

Арыға бармай-ақ қоялық. Өз басым «Домбыраны харамдаушылар неге сүйенеді?», «Неге бұндай ойларды бет-ауыздары қисаймай жұрт арасында неліктен жаяды?» деген сауалға жауап іздеп, ғаламторды кезген шағымда, Тіпті, инернеттен:

«Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын. Менің сауалым мынадай: Әйелім өнер колледжін тәмәмдап, ұлттық аспаптар ішінен домбыраны тартады. Қазір жұмыссыз. Бес уақыт намазын оқиды. Енді, сол мамандық бойынша жұмыс істей ала ма? Жалпы, апаптармен үйде өзі тартуының шариғатымызда үкімі қандай?», «Әссәләмуғалейкум! Сұрайын дегенім, домбыра тартудың харам еместігін нақты көрсететін дәлел болса, айтыңыздаршы! Әлсіз де болса, айтылған бар ма?», «Әссәләмуғалейкум! Домбыра тартуға бола ма?», «Әссәләмуғалейкум қыздарым домбыраға қатысатын еді. Ал, ұлым гитараға. Шариғатқа қайшы емес пе?» тәрізді сауалдарды кезіктіріп, таң қалғаным жасырын емес.

Шындығында осындай сауалдар қойылғаннан кейін біреу оған оң, енді біреу оған теріс жауаптар беретіні түсінікті. Соның ішінде тіркелмеген, заңмен тыйым салынған діни ағымдар үшін бұндай сауал қоюшылар табылмайтын қазына десек артық айтпаймыз. Олар өз идеяларын қазақ арасына жаю үшін діни сауатты төмен жандарды іздейді. Іздеп тапқан соң, олардың санасын аярлықпен уландырады. Оларға жоғарыда біз сөз еткен сауалдар зәмзәм суы. Әрі ғасырлар бойы ұлтымыз қастерлеген домбыраны харам ету олар үшін түкке тұрмайды. Олар үшін түкке тұрмайтын дүниелер біз сияқты дәстүрлі дінді тұтынушылар үшін Алланың бізге берген қасиетті сыйы саналады.

ЛейләНің «Әссәләмуғалейкум қыздарым домбыраға қатысатын еді. Ал, ұлым гитараға. Шариғатқа қайшы емес пе?» деген сауалына қалай жауап беріліп жатыр. Бұған билік пен ҚМДБ тарапынан тосқауыл қойылуы керек. Дәстүрлі ата-баба дін уағыздаушылар өздерінің оң жауаптарын берсе, мен басында айтқан отандық интернет «шейхтардан» пәтуа алып жүргендер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «харам» деп жауап береді. Одан кейін осы жауап әлеуметтік желі арқылы тарап мұсылмандарды жікке бөліп шыға келеді.

ДІН НЕ ДЕЙДІ? ДОМБЫРАНЫ ХАРАМ ДЕГЕН ТЕРІС ПІКІР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Осылайша, «Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» дегендей, жұрт арасында «ислам дінінде шекті аспаптарда ойнауға тыйым салынған. Сондықтан, домбыра тарту күнә» деген еді. Расында, домбыра тарту харам ба?» деген сауалдар соңғы кезде көптеп айтылып, олар сөздері орынды болуы үшін атеистік дәуірдің ырқымен жазылған қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларындағы «домбыраны харамдау» эпизодттарын дәлелдері ретінде алға тартыла бастады. Осындайда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының:

Діні бар да, ұлты жоқ,

Сақалы бар да, мұрты жоқ.

Теке сақал, қырма мұрт,

Елдің түбіне сол жетер..., – деген хакімдік сөзі ойымызға оралады.

Домбыраға қатысты айтар болсақ, Шафиғи ғұламасы Имам Харамейн «ән-Ниһаятуль Матлаб» еңбегінде «Сенімді тарихшылардан жеткен дерек бойынша, сахаба Абдулла ибн Зәбәйрдің «уд», яғни, «лютня» аспабында ойнайтын күңдері бар едді. Абдулла ибн Омар оның үйіне кіргенде қасында «уд» тұр еді».

Мәселен, Сахих әл-Бұхариде риуаят етілген бір хадисте пайғамбарымыздың (с.а.с.) даңғара тартып, Бәдір соғысында қаза тапқан әкелерін жоқтап жылап жатқан қыздарға тыйым салмағандығы (Сахихул-Бухари. Т. 4/1469-б. «Дәру Ибни Кәсир» баспасы, Бейрут, 1987 ж.)

Әлемдік дін болғандықтан Исламның музыка қатысты өзге діндерден бөлек өз ұстанымы бар. Сол себепті, ең әуелі осы музыкаға қатысты көзқарастарға қысқаша ғана тоқтала өтейік. Бір сөзбен айтқанда кейбір мұсылман ғалымдарының музыканың харам екендігіне қатысты алға тартқан аят-хадистер оның харамдығын кесімді түрде білдірмейді әрі музыканың рұқсат етілетіндігіне де қатысты пайғамбарымыздың (саллалуһу алейхи уә сәлләм) кейбір хадистері бар екенін естен шығармауымыз керек.

Өз заманы мен тарихи дәуіріне қарай ғалымдардың «музыканың харам әм харам еместігіне» қатысты көзқарастары әр түрлі сипатта көрініс тауып отырады. Осы орайда, белгісіз қыздың дәлелге алған дерек көздеріндегі музыканың харам екендігіне қатысты алға тартқан аят-хадистерге қысқаша ғана көз жүгіртіп өтейік: «Адамдардың арасында ешбір (дәлелге сүйеніп) білімге жүгінбестен елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын (немесе ақиқатпен айырбастайтын) әрі Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар. Оларға Алланың қорлайтын азабы болады» (Лұқман: 6). Осы аятта қолданыллған «ләһуал-хадис» («бос сөз») деген сөз тіркесін кейбір ғалымдар «ән»/музыка деп тәпсірлегенімен, оның басқа да мағыналары бар. Яғни, ғалымдардың кейбірі ғана сол мағыналардың бірін таңдаған. Сол себепті, бұл аят кесімді, нақты үкім емес, ол жорамал жасауға ашық. Ал харамдықты білдіретін аят-хадистер нақты/кесімде түрде келуі керек. Аяттың мазмұнына үңіліп қарар болсақ, оған не үшін тыйым саланғаны нақты көрініп тұр. Мысалы, «Алланың жолынан адастыру, «Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар..» деген сөздер мұны айқындап тұр.

Өзім алға тартпақшы тағы бір уәжә Имам Бұхаридің сахихында «Үмбетімнің арасынан әйелдің жыныс мүшесін (яғни, зинаны), жібекті, арақты және музыка аспаптарын адал санайтын қауым (топ) шығады. Шын мәнінде олар таудың етегіне орналасып, жайғасып отырады. Кешке оларға бақташы олардың малдарын алып келеді. Олардың қасына пақыр-міскін қажетін сұрай келгенде олар: «Ертең кел» дейді. Алла тағала олардың басына (өздері етегінде орналасқан) тауды құлатады. Ал олардың арасында тірі қалғандарын қияметке дейін маймыл мен доңызарға айналдырады» (Бұхари, Сахих. Т.4, 1794-б.) деген хадис музыканың харамдығын білдіретін ең қуатты дәлел ретінде алға тартылып келеді.

Тағы бір хадис те: «Үмбетімнен кейбір адамдар арақ ішеді де оны басқа атпен атайды. Жандарында музыка аспабы ойналып, әйел әншілер ән айтады. Алла тағала жерді олардың үстіне төңкереді және олардың кейбіреулерін маймыл мен шошқаға айналдырады» (Ибн Мажа, Сунан). Музыкаға тыйым салған осы және өзге де хадистерге жіті назар аударар болсақ, оның қандай мақсатта қолдынылған музыкаға қатысты екенін байқау қиын емес.

Ата дініміз Ислам шариғатында қандайда бір келелі дүниеге қатысты пәтуа берер кезде бүкіл дәлелдерді бір тұтастық шеңберінде алып қарастырып барып қана пәтуа беріледі. Дәл осы тағантасқа сүйеніп айтар болсақ, домбыраны харам деп айту дінге де, қисынға да сай келмейді дер едік. Бізге бұл пікірді айтқызып отырған жайт: домбыра – қазақтың болмысын, мәдениеті мен тарихын, оның қуанышымен қатар қайғысын, халықтың жан дүниесін бейнелейтін нағыз ұлттық аспабы болып табылады. Қазақтың қара домбырасымен даңқты ақын-жырауларымыз ислам құндылықтары мен барша адамзатқа ортақ құндылықтарды хылықтың санасына сіңірді.

Амал не, кейбір өнердегі қандастарымыз дінге бет бұрған соң шетелдерден келген немесе сол жақтарда тәлім алып келген уағызшылардың айтағына еріп, еріп, «домбыра тарту – харам» деп, өнерді тастап кеткені орны толмас өкініш болса, енді бүкіл ұлтты харам деп добырадан бездірушілерді жауапқа тарту керек, дінді бетперде қылып, ұлттық құндылықтарымзды лағнеттеу Алланың да, адамның алдында кешірілмейтін күнә.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592