Футбол клубтарын 2-3 жылда жекеменшікке өткізу керек
Қазақстандық футбол клубтарын 2-3 жылда толық жекеменшікке өткізу керек. Биыл 4 клуб жеке инвесторға сатылады. Бұл жайында Қазақстан футбол Федерациясы Кәсіби жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр «Түйін» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
- Осы жылдың өзінде 4 футбол клубы жеке инвесторлардың қарамағына кетіп жатыр. Күні кеше ғана Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жеке кәсіпкерге берілді. Ол инвестор 2 жылда 12 млрд теңгеге жаңа Академия құру жайында жүктеме алды. Яғни футболдың негізі – балалар футболына және бапкерлерді дайындауға ерекше назар аударылады. Уақыт өте барлық өңір осы жолмен жүріп өтеді. Менің ойымша 2-3 жылда командаларды толықтай жекеменшікке өткізу керек. Инвесторлардың клубты алуына барлық жағдай жасалған, - деді ол.
Қазақстанда 32 кәсіби футбол клубы бар. Оның 35%-ы жекеменшік клуб. Жекешелендіру арқылы клубтағы басқару жүйесі өзгереді. Клубқа келген инвестор біріншіден нәтижені және табыс табуды алға қояды. Осы негізде футбол клубтарындағы барлық жүйе өзгереді.
ҚФФ 2025-2030 жылдарға арналған 11 бағыттан тұратын стратегиялық жоспарын әзірлеген. Алдағы мақсат - 2030 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен өту. Былтыр ҚФФ ел аумағындағы жарыстарды ұйымдастыру құқығын қайта алды. «Қайрат» ФК келер жылы Еуропа чемпиондар лигасында өнер көрсетеді.
Abai.kz