Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 6036 13 пікір 5 Қазан, 2023 сағат 16:23

Брежнев кезінде КСРО. Маскүнемдер елі...

1964-1982 жылдар аралығында КСРО-ны Брежнев басқарды. Оның билік еткен жылдары кеңес одағының ең гүлденген кезі деп есептелді. Бірақ билік шеше алмаған, мүмкін, атқаруға онша құлшыныс танытпаған бір мәселе бар еді. Ол мәселе – маскүнемдік.

Брежнев жылдары, материалдық тұрғыдан алсақ, салыстырмалы түрде гүлденген уақыт болды. Брежнев «нан және елдің қауіпсіздігі» оның басты мәселесі екенін айтты. КСРО азаматтары ашқұрсақ болмады және әдемі болмаса да, жақсы киім-кешек, сапалы аяқ киім киген.

Кейбір кеңес азаматтары жылына бір рет жеңілдік жолдамалармен курорттарға баратынбыз, балаларды пионер лагерлеріне демалуға жіберетін еді. 1980 жылға қарай КСРО өнеркәсіп өнімдерінің барлық маңызды түрін өндіретін әлемдегі бес елдің бірі болды, бұған қоса өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі бойынша екінші орында болды. Ендеше, осы Брежнев кезінде совет адамдары неге көп ішкен?

Адам көбіне өмірдің мәнін жоғалтқан кезде немесе өзін бақытсыз сезінгенде араққа салынады. КСРО тұрғындарын араққа байлап-матап берген де осы бақытсыздық болса керек.

Хрущев 1961-жылы, КОКП-ның XXII съезінде, халыққа: «1980 жылы КСРО-да коммунизм, яғни, жердегі экономикалық жұмақ орнайды» деп уәде берген болатын. Қалың бұқара сол ұшпаққа шығатынына кәміл сенді, сеніп қана қоймай, жан аямай еңбек етті. Халықтың тұрмыс-ахуалы белгілі бір деңгейде жақсарған да шығар, бірақ үміт ақталмады.

Одақ тұрғындары өлермендене ұмтылған коммунизмді сарсыла күтті, таусыла қызмет етті, алайда аспандағы Ай кеңес билігі уәде етті екен деп жерге түсе қойған жоқ. Кеңес адамдары нұрлы болашақты күтуден шаршады. Олар тіпті бұл туралы әзілдей бастады.

Мысалы: «Коммунизм кезінде ақша бола ма? Болады, бірақ барлығында емес».

Немесе: «Торта балықа (вобла) дегеніміз не? Бұл коммунизмге жүзген кит».

Брежневтің билік еткен жылдары әдетте тоқырау жылдары деп аталады. Бұл аралықта не болды? КСРО бірте-бірте батпаққа бата бастады. Экономиканың дамуы біртіндеп баяулайды, сыбайлас жемқорлық пен жасырын инфляция өсті, мұның бәрі жалғасып жатқан қару-жарақ жарысы аясында жүріп жатты. Бірақ үкіметтің асыранды газеттері мен теледидарлар бақытты ел жайлы ертегілерді насихаттауын тоқтатпады. Тот басқан идеологиялық машина өмірден алшақтап, мағынасыз және аяусыз айнала берді. Кеңес азаматтарының әл-ауқаты тауарлардың жалпы тапшылығы аясында ғана көрінді.

Бірақ Брежневтің кезінде алкоголь тапшы тауар болған жоқ, сонымен қатар оны қолдану саны үнемі өсіп отырды. Жаңа Бас хатшы келгенге дейін, 1960 жылы, алкогольді сату көрсеткіші жан басына шаққанда 3,5 литрді көрсеткен. Ал Брежнев билік құра бастағанда елдің бір азаматына жылына 4,2 литр алкоголь келді. 1970 жылы бұл көрсеткіш 8,45 литрге дейін өсті. Ал Брежнев билігінің соңына қарай статистика жан басына 10,6 литрге дейін сатылатынын мәлім етті. Бұл шамамен 53 бөтелке арақ немесе 118 бөтелке шарап. Аталмыш көрсеткіштің бесіктегі баладан бір аяғы көрдегі қарттарға дейін есептелгенін ескерсек, алкогольге қатысты мәселенің қаншалықты күрделі болғанын аңғару қиын емес.

Алкоголь одақ бюджетіне пайда түсіріп тұрған «маңызды тауарлардың» бірі еді. Алкогольді ішімдіктерді сату КСРО-ға азық-түлік саудасынан түскен кірістің үштен бірін немесе бүкіл кеңестік тауар айналымының алтыдан бір бөлігін берді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Брежнев кезінде алкогольді сату 100-ден 170 миллиард рубльге дейін өсті. Бас хатшының өзі алкогольді жақсы көретін, бірақ оны теріс пайдаланбаған деп саналады. Бірақ ішімдік ішкендерге және арақкештерге «түсіністікпен» қарады.

Алайда, коммунизмнің барлық құрылысшылары банкеттерде жақсы коньяк пен шарап ішуге мүмкіндік алған жоқ. Кеңестік маскүнемдер құрамынла спирт бар сұйықтықтың бәрін ішті. Сондықтан дүкендерде сатылатын алкоголь ғана емес, сонымен қатар самогон, одеколон, шыны тазалағыш және басқа сұйықтықтар да кеңінен қолданылды.

Әрине, КСРО-да маскүнемдікті ресми түрде ешкім қолдаған жоқ. КСРО-да ішімдікке қарсы плакаттар шығарылып, әңгімелер жүргізіліп, топ-топ болып жолдастық соттар жүргізілді.

Сонымен қатар, елде азаматтарды алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеу жүйесі болды: санау пункттерінен бастап еңбек емдеу орталықтарына дейін. Маскүнемдер сот шешімімен 6 айдан екі жылға дейінгі мерзімге диспансерлерге жіберілді.

Бірақ Горбачев маскүнемдікке басқаларға қарағанда қатал қарады. Кезеңдегі алкогольге қарсы науқан жаңа Бас хатшы билікке келгеннен кейін екі айдан кейін басталды. Одан кейін аз ғана уақыт ішінде бірден бірнеше қаулылар, оның ішінде КОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы 7 мамырдағы «Мастық пен маскүнемдікке қарсы күрес шаралары туралы» қаулысы шықты. Оны жүзеге асыру аясында Болгариядан коньяк пен Алжирден құрғақ шарап жеткізуге жасалған келісім-шарттар бұзылды, спирт зауыттары күшті алкогольдік сусындардың өндірісін күрт қысқартты, елдің оңтүстік аймақтарында жүзімдіктер кесілді.

Соның салдарынан КСРО-да ішімдік тапшылығы туындап, оған деген асығыс сұраныс туды. КСРО тұрғындары алкоголь сататын дүкендердің алдында ұзын-сонар кезекке тұрды. Ең қызығы, келмеске кеткір кеңестік жүйені аңсайтындар Горбачевті Одақты сақтап қала алмағаны үшін және... және арақ-шарапқа тосқауыл қойғаны үшін де айыптайды.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5240