Сенбі, 23 Қараша 2024
1698 0 пікір 11 Қазан, 2023 сағат 14:46

Құмар ойынның жарнамасына тыйым салынуы мүмкін

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Қазақстанда ажырасқан әр он отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан болатынын, құмар ойындарға жарнама жасалып жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni.

Қазір елімізде 350 мыңнан аса адам құмар ойынның «инесіне» отырған.

«2019 жылмен салыстырғанда, былтыр құмар ойындарға бәс тігу елімізде 40 есе көбейген. Букмекер кеңселерінің бір жылдық қаржы айналымы 1 трлн теңге болған. Лудомания дертіне шалдыққан 174 мың жас қазақстандық 36 млрд теңгеге бәс тіккен.

Бүгінде құмар ойынның шырмауына түскендер шетінен қылмыскер болып жатыр. Былтыр 157 мыңнан аса қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құнныққандардың мойнында.

Суицид жасаған 3 676 отандасымыздың әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген дерек бар. Бұл лудомания бір адамның тағдырын емес, тұтас отбасыларды бүлдіреді. Елімізде ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шыққан. Біз осымен қалай күресеміз? Елімізде қоғамдық көліктердің сыртын, тұрғын үйлердің қасбетін түгелдей құмар ойындардың жарнамасына бердік, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ол ұлттық спорт алаңдары, көкпар мен бәйгенің барлығы тотализатордың орнына айналғанын жеткізді.

«Ұлтымызды сақтаймыз деп жүргенде, ұлттық спортымызды құмар ойынның алаңына айналдыру кімге керек болғанын сұрағым келеді. Ұлтымызды, жұртымызды құртып жатқан құмар ойындарды түгел тоқтататын кез келді ғой?!» - деді депутат.

Сұраққа премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді.

«Бұл – өте өзекті мәселе. Ойын бизнесі туралы заң 2007 жылы қабылданған. Ондағы нормалар қазіргі өзгерістерге жауап бере алмайды. Мәселен, жарнамаға қарсы, балалардың ойынына ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан Парламент депутаттарының бастамасымен енгізіліп жатқан түзетулердің барлығын құзыретті органдармен бірге қарап шықтым.

Бизнеске тиісті шектеу салатын 16 ұсынысты Ұлттық экономика министрлігімен пысықтап жатырмыз. Бұл тұрғыда 8 шектеу бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Қалған 8-і келер айда қаралып болады. Осының бәрін жинақтап, Парламентке келеміз.

Негізгі мәселе неде? Қазір шетел тәжірибесін зерттеп шықтық. Жалпы, ойын тәртібі бар екен. Оған сәйкес ойынның уақытына, ставка деңгейіне қатысты лимиті болуы керек. Сондықтан бұл бағытта тиісті шектеулерді қойып жатырмыз», - деді ол.

Тамара Дүйсенова құмар ойынның жарнамасына тыйым салынуы мүмкін екенін де атап өтті.

«Шетел тәжірибесіне қарасақ, бірде-бір сыртқы жарнамада құмар ойындарын көрсетпеуі керек. Сондықтан жарнамаға шектеу жөнінде тиісті норманы белгіледік. Енді тек букмекерлік кеңсенің ішінде, сондай-ақ спорт телеарналарында жарнама жасауға болады деген ұсынысты қарастырып отырмыз. Сондай-ақ олардың жұмысында көлеңкелі жағдай бар. Әрбір тотализатор Қаржы министрлігіне интеграциялануы керек. Осылайша, қанша адам (құмар ойынын) ойнап жатыр, қанша қаржы түсті, қанша салық түсуіне қатысты түзетулерді жасадық. Әрине, бизнеспен келісу қиындау болды. 4-5 ай бизнестің өзімен айтыстық. Қазір Ұлттық экономика министрлігі бізді қолдап отыр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511