ЖОҚ ІЗДЕП ӨТКЕН ЖІГІТ (Сағыныш сазы)
Дабыл ұрсын жүрегім, дабыл ұрсын,
Жоқ іздеген жігітті бәрі білсін.
Көшпелі алтын секілді көз алдымда,
Қара түнде жоғалтқан Жарығымсың...
Қайрат Әлімбек.
Дабыл ұрсын жүрегім, дабыл ұрсын,
Жоқ іздеген жігітті бәрі білсін.
Көшпелі алтын секілді көз алдымда,
Қара түнде жоғалтқан Жарығымсың...
Қайрат Әлімбек.
«Сенің жарқын бейнең жүрегімізде мәңгілік сақталады...» – дейміз қаралы жиындарда күңіреніп тұрып. Бұл сөз тіпті жиі айтылатындықтан байыбына бармай, қалыпты қабылдай салатын кездеріміз де аз емес. Қайраттың қазасына барғанда да солай дедік. Бірақ бұл жолы осы сөздің шынайылығына ешкім шек келтірмеген. Себебі, Қайрат Әлімбек өзінің ешкімге ұқсамайтын бөлек жаратылысымен жанына бір сәт жолаған жандардың жүрегінде мәңгілік өшпейтін із қалдырар еді. «Жаратушыға да жақсы адамдар керек» – деп жатады жұрт. Осы сөз Қайратқа қаратып айтылған сияқты көрінеді. Өйткені, айналасына шуағын шашып, алыс-жақынға қол ұшын беруге құлшынып жүретін ол азғана ғұмырында барынша жақсылық жасауға асыққан екен-ау.
Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай десеңші. Бәрі де күні кеше сияқты еді. Қайратпен тұңғыш рет Ақсу ауданында жылма-жыл өтіп тұратын «Ілиястың ізбасарлары» атты жыр мүшайрасында ұшырасқанбыз. Қаратал ауданынан келген жас ақын өрнекті өлеңдерімен оза шауып, жүлдегерлер қатарынан көрінгені есімде. Араға уақыт салып ҚазМУ – дың қалашығында қайта жолықтық. Бөрілітөбе аудандық газетінде бірге қызмет жасап, журналистік жолыма бағдар берген ақын Жомарт Игіман екінші рет таныстырған. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін оқуға түскен мен үшін Қайрат тәжірибелі, үлкен көрінді. Адам баласына қылдай қиянаты жоқ, ақжарма жүректі ақынмен арамыздағы алғаусыз достық алғашқы сәттен басталды деп топшылаймын. Олай дейтінім, сол бір өзара сыйласым мен бір-бірімізге деген құрметке бір сәт көлеңке түскен емес.
Жалпы, ақындықты Алланың адамға берген сыйы деп жатады. Олар былайғы жұрттың назарына іліге бермейтін, көзіне шалынбайтын жайларды көңіл терезесімен аңғарып, тылсым түйсігі арқылы сезінеді дейтіндер де бар. Ол жағын анықтап айта алмаспын, алайда ақындарға дархан жүрек пен даладай көңіл тиесілі екеніне күмәнім жоқ. Қайратқа осы қасиет ерекше мол дарыған еді. Әлгінде айтқандай, ол сол студент кезінің өзінде бәріне қамқор болып, үнемі біреулердің мәселесіне көмектесу үшін алашапқын болып жүретін. Ондайда өз шаруасын да жиып тастаудан тайынбайды. Адамдарға осыншама іңкәр көңілмен, ыстық ықыласпен қарайтын екінші бір жанды кездестірдім деп айта алмаймын. Жасы кіші болса да жоғарғы курстың студенті ретінде мені де қамқорлығына алып қояды. Ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырғанда өлең оқитындардың тізіміне іліктіріп, «жас перілердің» жанына қосуды да ұмытпайды. Ондайда: « Сенің жасың үлкен болса, менің жолым үлкен» – дейтін әзілдеп.
Бір жолы маған келіп: « Тоқтасын Сүгірбеков деген ақын ағамыз сессияға келіп жатыр. Сені сырттай таныстырып қойғанмын, жүр барып жолығайық» – деген. Тоқаңмен таныстық. Талдықорғанда облыстық радиода коментатор болып қызмет жасайды екен. Нағыз серілердің қандай болатынын көргенім осы. Бірер күн ғана жолдас болуға жарадық. Алайда сол күннен бастап аға-інідей араласып кеткеніміз анық. Қайраттың өзі таныған жақсылармен өзгелер де жуыс жүрсе деген ізгі ниетіне өмір бойы тәнті болып өттім десем, артық айтқандық бола қоймас.
Қайратпен бірге журналистика факультетінде кілең мықтылар оқыды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, професор, Қазақ энциклопедиясының директоры Бауыржан Жақып, «Бақты» кедені бастығының орынбасары, кеден полковнигі Бекен Нұрахметов, Қазақстанның Қырғыз республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев, «Білім» телеарнасының бас редакторы Аязби Бейсенқұлов, Л.Н. Гумилев атындағы Евразия университетінің баспасөз орталығының жетекшісі Кенже Жұмағұлов, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Жүніс Омаров, жазушы – сатирик Базарбек Түкібаев, қаламы қарымды журналистер Мұратбек Оспанов, Төрехан Даниярлар болашақта елге танымал азаматтар боларын сол кездің өзінде-ақ аңғартып тастаған. Олармен қатар Бауыржан Омаров, Сбетқали Нұржан, Бауыржан Үсенов, Айсұлу Рүстемовалар өлең өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасымен қалыптасып келе жатты. Бүгіндері олар елдік мұратты ұстанған азаматтар екенін дәлелдеп үлгерген. Міне, Қайраттың да жүрек лүпілі осылармен қатар соғып, бар қазақтың баласын құшағына алғысы келіп жүруші еді-ау.
Қайрат жаратылысынан ақын болатын.Және ол өлеңді ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәнермен жазатын.Ұйқастың да күрделісіне ұмтылып, қиыспайтын сөздерді қиыннан әкеліп қиюластрғанда еріксіз сүйсінесің. Бір жолы «Сүйем сені» деген сөздің түрлі тілде қалай айтылатынын жинап алып:
Басқа жанға өзіңді қайда қию,
Басталады сен кетсең, Аида, күю.
Англияға ассаң да жетіп барам,
Ай ля вью!– деп сосын,– Ай ля вью!
Сүйгеніңе жақсы ғой үңілу төне,
Сүйіктіңнен жаман ғой түңілу тегі.
Россияға барсаң да жетіп барам,
Люблю тебя,– деп сосын,–Люблю тебя!
Сөзіменен сепсе де сұхит духи,
Өлең деген мен үшін – мүхит құт үй.
Арабияға барсаң да аңсап жетем,
Ухиб– буки!– деп сосын,– Ухиб – буки!
Ұсындым деп айтпаймын сый еңселі,
Шетсіз – шексіз көңілдің күй өлшемі.
Жүрсең дағы қазақтың қай жерінде,
Сүйем сені!– деп өтем, – Сүйем сені!–
деп өлең шығарғаны бар. Бұл өлең көпке дейін қатарластарымыздың арасында әзілге арқау болып жүрді. Немесе «ЖенПИ – дің жатақханасы» деген өлеңі де көпшіліктің аузында жүргені есімде.
...Көзіңнен ұшып күлкі өтті,
Бұлдырық құстың тобындай.
Жүрегім сол сәт бүлк етті,
Гол кірген қақпа торындай...
...Адыра қалған арманнан,
Ойларым менің бар түйер.
Қақпашы емес алданған,
Болайын жақсы жанкүйер! –
деген жолдар еріксіз езу тартқызыды емес пе. Қыстың күні де малақай кимей жүретін кең маңдайындағы моншақ терлерді алақанының сыртымен сыпырып тастап, шабыттана өлең оқитын Қайраттың тұлғасы әлі күнге дейін көз алдыма келеді де тұрады.
Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауысқаннан кейін біз көп ұзамай жаңа орталыққа қоныс аудардық. Талдықалаға көшпей, Алматыда қалғандардың бірі Қайрат болатын. Үй-күйі жайлы, жағдайы дұрыстау болғаннан кейін қозғалмаған шығар деп топшыладық. Өзі судағы балықтай сезінетін әдеби ортаны қимауы да мүмкін еді. Қалай десек те Қайрат жылы орнын суытқан жоқ. Онысы біз үшін де теріс болған жоқ. Алматыға анда-санда келгенде алдымыздан жарқырап Қайрат шығатын. Сүйекке сіңген әдет қала ма, шаруаларымызға қолғабыс жасап, Жазушылар одағына апарып ондағы ағалармен таныстыратын. Өлеңдерімізді газет-журналдарға өткізіп, жарық көруін қадағалап жүретін де өзі.
Журналистік қабілет-қарымы мықты Қайрат мақала, очерк жазудың да шебері-тұғын. Қалам ұстап, қағазға шұқшиып отырғанын да көрмейсің. Қолындағы бір жапырақ қағазға қарап қойып, үлкен суреттемелер мен жауапты мақалаларды бірден машинистка қыздарға оқып тұрғаны. Шабыттың шаужайына жармасқанда сөйлемдер түйдек-түйдегімен төгілетін. Оны өзі: «Маған мақаланы «диктовкамен» жазуды Қаратал аудандық газетінде істеп жүргенде Ордаш Кендірбаев пен Әміре Әріндер үйретті!»– деп мақтана айтатын. Шын мәнінде Қайраттың ауызба-ауыз айтқан мақалалары сәтті шығатынына талай куә болдық. Бәлкім өзіне-өзі сенгендіктен болар, ол бір жерде көп тұрақтап жұмыс істемеді. Алматыдағы жаңадан ашылған барлық басылымдарда бірінші болып Қайрат еңбек ететін. Жұмысын жолға қойып, таралымы көбейген сәтте басқа жұмысқа ауысқанын еститінбіз.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде қазақ қоғамына арақ деген дүние дендей енді. Бұл ақындарды да айналып кетпегені белгілі, тіпті сүйікті шәрбатына айналды десе болғандай. Сыраханаларда тұрып өлең оқу дәстүрі қалыптасқан. Біз де осыған біраз еліктедік. Қайрат осы әдеттен өз ықтиярымен бас тартқандардың бірі. Имандылыққа бет бұрып, адамдарға жасар жақсылығын жандандыра түскен.
Осындай күндердің бірінде мен тағы бір Алматыға келдім. Хабарласып едім, дереу үйге жет деп өтінді. Шабыт үстінде екен. Екеуіміз түн жарымына дейін сұхбаттасып отырғанымыз есімде. Ертеңіне шаруаларыммен жүрмек болып едім, қояр да қоймай Қазақ радиосына алып келді. Бірден арнаның президенті Нұрлан Өнербаевтың бөлмесіне жетелеген. Сәлем-сыйласымы дұрыс болуы керек, оны өзімсініп, мені таныстырып жатыр: «Бұл Қуат Қайранбаев деген ақын. Сазгерлігі мен әншілігі де бар. Өзі келіп тұрғанда дауысын жазып алмасаңдар, ертең өкініп қалуларың мүмкін...» – дейді екпіндетіп. Қосып мақтап жібергеніне қысылып тұрған мені қаперіне алатын емес. Басшы бірден ыңғай таныта қомады білем, Қайрат дауысына салмақ қосып: «Қуаттың тірі дауысын жазып алсын деп жолынан қалдырып алып келдім. Енді Қазақ радиосы керек етпесе орыс радиосына баруымыз керек пе?» –демесі бар ма. Нұрекең орыбасарын шақырып, үш-төрт бағдарламаға жазып алуды тапсырған. Кейіннен оларды радиодан естіп, Қайратқа алғысымды жаудырғанмын.
Бұл оқиғаны мен жайдан-жай еске алып отырған жоқпын. Себебі бұл менің Қайратты соңғы көруім екен. Көп ұзамай ол жол апатынан көз жұмды. Өмірден баз кеше қоятын жан емес еді. Шығармашылық жоспары да көп болатын. Өмірге деген құштарлығы да ерекше-тұғын. Менің жанды дауысымды ұрпақтарға қалдыруды ойлап жүргенде Қайрат өзінің ғұмыры келте үзілетінін ойламаған да болар. Бір тәубә дейтініміз, артында жары Қуаныш пен балалары қалды. Қайраттың жарқын бейнесін жадында мәңгі сақтайтын қалың жұрты қалды. Талай жүректерде поэзия шоғын тұтататын отты жырлары жасауда. Ендеше Қайрат Әлімбек өлген жоқ, ол әлі де бізбен бірге, арамызда, жүрегімізде, миымызда өмір сүруде!
Қуат Қайранбаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.