Еңбекпен өткен есіл ғұмыр
«Еңбегі бардың өнбегі бар», деп дана халқымыз тегін айтпаған ғой. Адам бойындағы құлшыныс пен қажырлық таудай биікке де шығарады, ойлаған мұратқа да жеткізеді.
Ұлтымыздың сан қатпарлы тарихында бір қолымен жарты әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен асыл аналар ердің тірегі, берекенің ұйтқысы бола білген. Осындай сан қырлы даналығымен көпке ортақ бақыт жаратқан ақ жаулықты аналар ортамызда баршылық.
Пейілі қазақтың дархан даласындай кең, мейірімі күннің нұрындай жылы Сәйіпжамал апа көпке үлгі боларлық нағыз абзал жандардың бірі. Еселі еңбегімен өнегелі іс тындырған ақ жаулықты ақпейіл жан биыл сексеннің сеңгірін бағындырды.
Талайлаған ыстық пен суықты басынан өткеріп, өткенге салауат, бүгінге шүкірлік айтып, айналасын немере мен шөбереге толтырып отырған абзал ананың құтты шаңырағына жолымыз түскен еді.
«Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, сонау балалық шақтың қызығына тоймай, ес білгеннен тартып, есіл күнін еселі еңбекпен өткізген асыл апаның нұрлы дидарын көзбен көріп, көңіл толқытар сыр шертісуді көптен бері ойлап жүрген болатынбыз.
Бізді жылы жүзбен қарсы алған ардақты ана үйге кірісімен-ақ әңгіменің тиегін ағытты. – Мен 1943 жылы 10 айда ҚХР, Күнес ауданы, Түрген ауылы, Қаратерек қыстағында дүние есігін аштым. Әке-шешем алысты болжай білетін өте көреген жандар болды. Сол үшін де мені оқытуға барынша күштерін салды. 1951 жылдан 1955 жылға дейін Түрген бастауыш мектебінде білім алдым. 1955-1959 жылдар аралығында Күнес ауданы 1 орта мектепті тамамдадым. 1960 жылдан, 1963 жылдар аралығында Құлжа қаласындағы Іле педегогикалық колледжін үздік нәтижемен бітірідім. Ол кездегі оқудың шарт-жағдайын қазіргі кезбен салыстыру мүмкін емес. Десе де, қызығы мен шыжығы мол сол күндер қашанда көңілімнен өшкен емес, - деп өткен күнге тереңнен көз жіберіп, күлімдеген нұрлы жүзінен әлдебір сағыныштың лебі білініп тұрғандай болды.
Жоғары оқу орнын үздік нәтижемен тамамдап, ауылға оралған соң мамандық бойынша жұмысқа бірден бел шешіп кірісіп кетеді. Ол кезде оқыған адамдар санаулы, әсіресе, қыз балалардың жоғары оқу оқып, әр салада қызмет істеуі сирек кездесетін. Осындай қатып қалған көзқарастарға қарамастан ата-анасының айрықша қолдау білдіргеніне ерекше риза болып жүретін. Сол үшін де артынан ерген қазақтың өрімдей ұл-қыздарын білім нәрімен барынша сусындатуға құлшынды. 1963 жылдан бастап бұл күнде әлемге әйгілі Нарат қалашығының мектебінде мұғалім болып жұмыс жасайды. Иә, ол кездегі Нарат қалашығының бейнесін қазіргі күнмен салыстыруға мүлдем келмейтін еді. Қараша халық толығымен отырықтасып болмаған, тау сағалап, су жағалап тіршілік көретін еді. Ондағы мектептің де материалдық жағдайы толығымен кемелденбеген кез еді. Осындай қат-қабат қиыншылықтарға қарамастан ұрпаққа білім беру ізгі ісін үздіксіз жалғастыра берді.
Жоғары оқу орнын бітіріп, мектеп жұмысына алғаш арласқан күннен бастап Дәулетбек Тоққазыұлымен танысып, көп өтпей тұрмыс құрады. «Тең теңімен» деп қазақ тегін айтпаса керек... Құдай қосқан қосағы да көзі ашық, көкірегі ояу, жоғары оқу орнын үздік нәтижемен бітіріп, өзі секілді мектепке мұғалім болып жұмыс жасайды. Ардақты ана Нарат қалашығы мектебінде 1963 жылдан 1975 жылға дейін еңбек етеді. 1975 жылдан 1982 жылға дейін Түрген мектебінде қызмет атқарған. 1982 жылдан 1994 жылға дейін өзінің туған жері Қаратерек мектебінде оқытушы болған. 1994-1997 жылдар аралығында Қаратерек мектебінің меңгеруші қызметін атқарған. 1997 жылы бастауыш мектеп мұғалімының жоғары дәрежесі атағын алып, пенсияға шыққан.
Ардақты ананың айтуынша ол жылдары декрет, демалыс деген атымен жоқ. Таңның атысы, күннің батысы тек қана еңбек болатын. «Ащы менен тұщыны татқан білер» дегендей, мектепте оқушыларға білім беріп, әртүрлі жұмыстарымен айналысса, жұмыстан соң үйдің шаруасы да жетіп артылатын еді. Өйткені, келін болып түскен жері үлкен қара шаңырақ еді. Үй шаруасын істеп, ата-енеге келіндік қызметін атқарып, алғысын алуды ешқашан ұмыт қалдырмаған. Балалардың да тапсырмасын орындатып, бабын таба білген ардақты ананың қажырлығына қайран қалмасыңа амал жоқ. Иә, осындай жан-жақты іскерлігінің нәтижесінде сан рет үздік оқытушы 8 март қызыл тушысы болып, марапат биігінен көрініп, бала тәрбиелеудің майталман маманы болып сыйланып, даңқ төрінен орын алған қадірменді ана атанып, ел алқауына бөленді.
Сәйіпжамал апа ұрпақтарының келешегін ойлап, 1999 жылы 11-ші айдың 11-і күні бір жола атамекенге қоныс аударады. Сәйімжамал апаны нағыз алтын құрсақты ана деп айтуға болады. Бес ұл, үш қызды өмірге әкеліп, адам қатарына қосады. Ардақты ананың балалары бұл күндері еліміздің әр өңірінде, қоғамнның әр саласында ел үшін қызмет атқарып жүр. Қазіргі күнде 30-ға жуық немере, 10-нан астам шөбере сүйген ақ жаулықты ананың өмір жолы мен береке ұялаған қара шаңырағы әр қазаққа үлгі болары анық.
Сәйіпжамал апа зейнетке шыққан соң да еңбекқорлығын дүйім елге әйгілеп келеді. Таяуда ғана өлеңдері мен естеліктерінен құрастырылған «Ана Тілегі» атты кітабы жарық көрді. Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы бір сөзінде: «Сарайдағы патшамыздан, сайдағы қойшымызға дейін ақындыққа талпынуымыз керек», - деген еді. Ақ ниетімен, пәк көңіліменен ұрпағының тілеуін тілеп, қолына қалам алған ардақты ананың адал жүрегіне тең келетін мына әлемде не бар екен деші?! Сәйіпжамал апаның 80-ге келген мерейтойы сүбелі жаңалықтармен дүйім жұртты қуантуда. Ардақты ананың қос бірдей қуанышына құтты болсын айта отырып, тек қана жақсылық, баянды ғұмыр тілейміз.
Алаш Тұрсынәлі
Abai.kz