Украинадағы соғысты тоқтатудың 5 шарты қандай?
Лондонда маңызды геосаяси белес орнады. Ұлыбритания, Германия, Франция және Украина лидерлері (E3 + Украина форматында) Ресеймен соғысты тоқтатудың «әділ әрі баянды» 5 негізгі шартын жариялады.
Бұл жай ғана келіссөз емес, бұл — Еуропаның болашақ қауіпсіздік архитектурасының жаңа жобасы. Еуропа бұл жолы «бізсіз ештеңе шешілмейді» дегенді ашық білдірді.
Бейбітшіліктің 5 ТАЛАБЫ:
- Дереу отты тоқтату: Владимир Путин әскери қимылдарды толықтай тоқтатуға келісуі тиіс.
- Шекараны күшпен өзгертуге жол жоқ: Қазіргі майдан шебі — келіссөздердің бастапқы нүктесі ғана. Украинаның егемендігі мен оның кез келген одаққа (соның ішінде НАТО-ға) қосылу құқығы толық сақталуы шарт.
- Халықаралық әскер мен кепілдік: Отты тоқтату туралы келісім күшіне енген сәттен бастап Украинаға заңды қауіпсіздік кепілдіктері беріліп, ел аумағына халықаралық бітімгершілік күштері орналастырылуы керек.
- Ресейдің бұғатталған ақшасы: Ресей келтірілген барлық шығынды толық өтеп бермейінше, Батыстағы ресейлік активтер бұғаттаудан босатылмайды.
- Еуропалық мүдде: ЕО мен НАТО-ға қатысты кез келген келіссөз тек осы ұйымдарға мүше мемлекеттердің мақұлдауымен ғына жүреді. Еуропа өзін ойыннан тыс қалдыруға жол бермейді.
Бұл кездесуден не ұқтық?
- Майдан даласындағы жаңа трендтер: Лидерлер Украинаның дрон технологияларын сәтті қолданып, аумақтарды азат етудегі жетістіктерін ерекше атап өтті. Енді НАТО Украинаның осы соғыс тәжірибесін өзіне сіңіріп, өз қорғаныс өнеркәсібін күшейтпек.
- «Орешникке» жауап: Мәскеудің «Орешник» зымырандарымен жасаған шабуылдары мен Ресей дрондарының НАТО әуе кеңістігін бұзуы Батысты сескендірген жоқ, керісінше, оларды анағұрлым тығыз бірігуге мәжбүр етті.
- Дипломатиялық қадам: Батыс көшбасшылары Зеленскийдің 4 маусымда Путинге жазған хатындағы келіссөздер арқылы соғысты тоқтату шақыруын жоғары бағалады. Киев дипломатиялық козырлерді өз қолына алып жатыр.
Владимир Зеленский: «Бастысы — біздің соғыстағы қорғанысымыз, әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚ) саласындағы ынтымақтастық және ортақ дипломатиялық көзқарасымыз: Еуропа келіссөздерге қатысуы тиіс және ол мықты болуы керек».
Айтпақшы, Зеленскийдің бұл сапары тек саяси форматпен шектелмейді — ертең оны Ұлыбритания Королі Карл III қабылдамақ. Бұл да үлкен символикалық қолдаудың белгісі.
Әбілсерік Әлиакбар
Abai.kz