Қырғызстан 2021 жылы да WPS индексінде 97-орынға түсіп, Орталық Азиядағы әйелдер үшін ең қауіпті ел болып танылған.
Баяндамада Қырғызстанда әйелдердің биліктегі орны 20% аспайтыны, 13% әйелдер жақын адамдары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны жазылған.
Индексте Өзбекстан 94-орынға жайғасса, Тәжікстан 90, Қазақстан 80-орында тұр. Түркіменстан Орталық Азиядағы әйелдер үшін қауіпсіз деп саналған ел ретінде 58-орынды иеленген.
Аталған индексте 170 елдегі әйелдердің ахуалы қамтылған. Әйелдер ахуалын Норвегияның сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Джорджтаун институтының Гендерлік мәселелер, қауіпсіздік және бейбітшілік орталығы 13 категория бойынша - әйелдердің қоғамдағы, еңбек нарығындағы орнын, саясаттағы ахуалын, әлеуметтік қауіпсіздігін зерттеген.
WPS индексі бойынша Еуропадағы тоғыз: Норвегия, Дания, Финляндия, Исландия, Швеция, Швейцария, Люксембург, Австрия, Нидерланды және Жаңа Зеландия әйелдер үшін ең қауіпсіз, Оңтүстік Судан, Конго, Орталық Африка Республикасы, Ауғанстан және Йемен өте қауіпті елдер қатарында.
Қырғызстанда ресми мәлімет бойынша, әрбір төртінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Елдің ішкі істер министрлігі соңғы екі жылда тұрмыстық зомбылықтан 20 әйел қаза болғанын мәлімдеді.
Фото: ғаламтордан
Abai.kz